Мәселе • 09 Қаңтар, 2026

«Сергекке» сенімсіздік неден туды?

80 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел тұрғындарының өмірін қолайлы әрі қауіпсіз етуді көздейтін «Сергек» камералары жүйесі туралы қоғамда көзқарас әрқилы. «Құрылғы түсірген жеке деректер өзге елге беріледі», «Компания айыппұлдардан түскен қаражатқа қалтасын қампайтып отыр» деген сынды пікірлер әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Ресми дереккөздерде жарияланған ақпараттарға қарамастан, ел арасында «Сергекке» деген күмән әлі де сейілмей тұр.

«Сергекке» сенімсіздік неден туды?

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Бейнебақылау камералары Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Семей, Түркістан, Қосшы қалалары мен Алматы облысында орнатылған. Камералар мақсатына қарай қоғамдық және жол қауіпсіздігі деп бөлінеді.

«Сергек» 2017 жылы іске қосылғалы бері Астана қаласын­да жол-көлік оқиғасы 43%-ға азай­ған. Былтыр наурыз айында әзірлеуші компания «Көр­кем Телеком» ЖШС-мен келісім­шарт мерзімі аяқталды. Елор­да жасанды интелектіге негіз­дел­ген шешімдерді қала инфра­құ­рылымына енгізу үшін БАӘ-нің Presight халықаралық компа­ниясының өнімін қош көрген.

Ал Алматы қаласында қазір 1641 «Сергек» жұмыс істейді. Ол мегаполистің бюд­жетіне бес жыл ішінде 94 млрд теңге түсірген. Алматы қала­сының мәслихат депутаттары әзірлеушілермен келісімді тағы бір жылға созуды жөн көрді. Соған орай, биыл қосымша 350 аппараттық-бағдарламалық кешен құру жос­парланып отыр.

Осындай оң көрсеткіштерге қарамастан неліктен «Сергекке» деген сенімге селкеу түсіп отыр? Бұл туралы автосарапшы Арсен Шакуовтың пікірін білдік.

«Бүгінде шетелде азаматтығы бар, халықты полицияға қар­сы қо­юды көздейтін «әсіребелсен­ділердің» кесірінен қоғамда жалпы полицияға қарсы көзқа­рас қалыптасқан. Бұл жол қозғалы­сының қауіпсіздігін сақтау жүйесінде де көрініс тауып отыр. Не үшін кей адамдар «Сергекті» қабылдағысы келмейді? Өйткені олар ережені, тәртіпті бұзып үйреніп қалған. Сөйте тұра заң алдында жауап беруді қаламайды. Бұл тұрғындардың заманауи ав­то­мобилизацияға толық да­йын еместігін білдіріп отыр. Сол се­бепті де осындай жүйелерге сенімсіздік туындайды деп ойлаймын», дейді А.Шакуов.

Мұндай үрдіске жоғарыда атап өткен дәйексіз пікірлердің де ықпалы бар. Сондықтан мәселенің мән-жайын сала мамандарынан анықтауға тырыстық.

 

«Сергектегі» деректер өзге елге беріле ме?

Жобаның негізін қалаушы­лар­дың бірі Әсет Ахметовтің сө­зін­ше, компания үшін қомақты қар­жыдан бұрын ұлттық қауіп­сіз­дік мәселесі бірінші ­орында тұрады.

«Қазір бізден басқа осы қыз­метті көрсететін басқа да компаниялар бар. Рас, сертификаттары да, аты да қазақша, бірақ бағ­дар­ламалары – өзге елдікі. Осы­ған байланысты еліміздегі дерек­тердің жат елдің қолына түсу ықтималдылығы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Олардың салығы да өндіруші елге кетеді. Ал «Сергектің» олардан басты айырмашылығы – бағдарламаны өзі жасайтындығы», дейді ол.

Барлық дерек отандық серверлерде сақталады. Сергектің жазбаларына тек құқық қорғау ор­гандары ғана қол жеткізе алады екен. Азаматтардың іс-әреке­тіне құқықтық баға беретін де – солар. Ашып айтар болсақ, жүйе құ­қық бұзушылықты тек қана тү­сіріп, өңдеумен шектеледі. Ал әрі қарайғы айыппұл салу не сал­мау мәселесі құқық қорғау ор­гандарының құзырында болады. Сонымен қатар әрбір дерек­ті өңдеу орталығы уәкілетті орган­ның тиісті тексерісінен міндетті түрде өтеді.

Сондай-ақ былтыр шілде айын­да «Сергек» компаниясы жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­та­масыз ететін TOR бірыңғай цифр­лық платформасын іске қос­қан. Платформа деректерді төрт негізгі көзден жинақтайды: қа­лалар мен тас жолдардағы ста­­­цио­­нарлық кешендерден, па­труль­дік полицияның мобиль­ді бекет­терінен, дрондардан, өзге де қосалқы жүйелерден. Жүйе өңір­лер, оқиға түрлері мен мерзімі бойынша талдау жа­сап, апат жиі бола­тын нүк­те­лерді анықтауға, қауіп­ті жүргі­зушілерді тіркеуге, сон­дай-ақ үзіліссіз сегіз сағаттан ар­тық көлік жүргізіп отырған тұлға­ларды бақылауға мүмкіндік береді.

«TOR – әртүрлі дереккөзден ақпарат жинап, жол жағдайының толық картинасын қалыптастыра алатын әмбебап цифрлық орта. Біз «Сергек» жүйесін әзір­леу және пайдалану бойынша жылдар бойы жинаған тәжіри­бе­міз­ге сүйендік. Сондықтан плат­форманың архитектурасы бас­тапқыда Қазақстанның ерекше­ліктерін ескеріп жасалды әрі біздің жағдайға оңай бейімделеді. Бұл барлық жол қауіпсіздігіне жауапты тараптарға арналған бірыңғай жұмыс стандартын қалыптастырады», деді «Сергек» компаниясы TOR платформасын әзірлеуші ұйымның бас директоры Евгений Ким.

Жоғарыда айтқандай, «Сер­гек» туралы пікір әрқилы. Brif Research Group маркетинг агенттігінің былтырғы желтоқсан айында жүргізген зерттеуінде ел тұрғындарының 79%-ы брендпен таныс екенін жеткізіпті. Сауалнамаға қатысқандардың 48%-ы жол қауіпсіздігін қамтама­сыз етуге тікелей осы камералар желісі ықпал етеді деп баға берген.

 

«Сергек» айыппұлдан ақы ала ма?

Бұл сұраққа автосарапшы Арсен Шакуовтан жауап ал­дық. «Қаражаттың 100 пайызы бюд­жетке түседі. Оның белгі­лі бір бөлігі «Сергек» құрған ком­­па­нияға кетеді деу – жаңсақ пі­кір. Ең алдымен, қаражаттың үшін­ші тұлғаларға берілуіне заң жол бермейтіні түсінікті. Біз сарапшы ретінде «Сергек» қызмет­керлерімен бұдан бұрын да сөйлестік. Олар айыппұлдан түсетін қаражаттың бір тиынын да алмайтынын растады. Сондықтан жүйенің ашықтығына күмән келтіру орынсыз. Бағдарламаны әзірлеушілердің сөзінше, олар бейнебақылау камераларын орнатқан соң, сол жолға иелік етуші мемлекеттік орган ақы төлейді. Мәселен, Алматы қа­ла­сында қызмет көрсетілсе, сәй­ке­сінше Алматы қаласының әкім­дігімен есептеседі», дейді сарапшы.

Ә.Ахметов те заңға сәйкес айыппұлдан түскен қаражат сол құқық бұзушылық жасалған жердің қазынасына тиесілі екенін айтады.

«Негізінен мемлекеттің мақ­саты – айыппұлды барынша азайту, қауіпсіздік деңгейін көтеру. Ал біздің миссиямыз – ақыл­ды, қауіпсіз, қолайлы қала­лар­ды құруға атсалысу. Камера­лардың бұзушылықтарды назарға алуы – шаруаның шеті ғана. Біз бүгінде ақылды қалаларға арнал­ған цифрлық шешімдер жасаймыз, трафиктерді талдаймыз, жолдардағы кептелістердің себебін анықтауға тырысамыз. Соған қарай оңтайлы шешімдер қабылдауға көмектесеміз. Біздің кешендердің қазіргі ұсына алатын ең құнды қызметі – талдау», дейді кәсіпкер.

Компания өз қаражатына бағдарламалық-аппараттық ке­шен­дерді орнатып, тек соның құнын ғана алады. Ал қала әкім­шілігіне осындай жүйелерді сатып алып, жол апатының, адам өлімінің, қылмыстардың санын азайту тиімді.

 

Дәулет ЖАДЫРАСЫН,

журналист 

Соңғы жаңалықтар