Фото: ЖИ
Балаларды ой жұмысына баулу мектептен басталады
Министрлік жолдаған жауапқа сүйенсек, елімізде оқушылар мен студенттердің ғылыми-зерттеу және жобалық қызметке ерте жастан араласуына жүйелі жағдай жасалған. Ведомство оқушылар арасында зерттеу дағдысын қалыптастыру мақсатында 2-7-ші сынып оқушыларына арналған «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсын дәстүрлі түрде ұйымдастырады. Аталған ғылыми бәйгеде бүгінге дейін 26 338 білім алушы бақ сынап, бойында іздену алғышарттарын қалыптастырған. Ал 5-6-шы сынып оқушылары үшін «ProEco» экологиялық ғылыми жобалар байқауы тұрақты түрде өтеді. 8-11-ші сынып білім алушылары қарым-қабілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатысып шыңдай алады.
«Конкурс жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарды қамтитын 19 секция бойынша өткізіледі. Ғылыми жобалар жарысына жыл сайын мектепішілік кезеңде шамамен 30 мыңға жуық оқушы тіркеліп, аудандық және облыстық кезеңдердің нәтижесінде іріктелген 1 000-ға жуық оқушы республикалық кезеңге жолдама алады. Аталған жобалар негізінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік сипатта болады», делінген министрлік мәліметінде.
«Самұрық-Қазына» ғылыми жобаларды қаржыландыру арқылы өндірістің тиімділігін арттырады
Салаға деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы жоғары болып, жүзден жүйрік шыққандарға жобасын тереңірек зерделеуге мүмкіндік беріледі. Үздіктер халықаралық деңгейде Қазақстанның атынан өнер көрсету мәртебесін иемденеді. Биылдан бастап 6 авторға АҚШ-та 80-ге жуық мемлекет өкілдері бас қосатын Regeneron ISEF дүниежүзілік ғылым және техника көрмесінде жобаларын таныстыруға жолдама беріледі. Оқу-ағарту министрлігі ендігі жерде аталған көрмеден жүлделі оралған оқушылар мен олардың ғылыми жетекшілеріне біржолғы сыйақы төлеуді көздеп отыр.
Министрлік оқушылардың ғылыми жобалары, көбіне зерттеу және прототиптік деңгейде іске асырылса, колледж студенттерінің стартап-жобаларының бір бөлігі өндіріс пен бизнеске кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанына назар аударды.
Астаналық студенттер өкпе обырын ерте анықтайтын жүйе ойлап тапты
Колледж студенттерінің өнертабысын коммерциялаудың жолы көп
Колледж студенттерінің жобалық және кәсіпкерлік әлеуетін дамыту елімізде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады. Осы құжатқа сәйкес студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру мақсатында 100 «Business Startup» студенттік орталығын құру мақсаты қойылған. Министрлік дерегінше, бүгінде өңірлерде әлеуметтік серіктестердің қатысуымен 60 колледждің базасында осындай орталық құрылып, олар студенттерді жобалық қызметке тартуға, стартаптарды құру мен ілгерілетуге қолдау көрсетіп отыр. Орталықтардың жұмыс бағыты сан саланы қамтиды.
«Орталықтардың 20%-ы ақпараттық және цифрлық технологиялар саласында жұмыс істейді, ал 15%-ы өндірістік жобаларға маманданған. Бұдан бөлек, жобалар ауыл және мал шаруашылығы, білім беру, қызмет көрсету, әлеуметтік кәсіпкерлік және өзге де экономика салаларын қамтиды», делінген министрлік мәліметінде.
Мектеп оқушылары адамға даусын қайтаратын құрылғы ойлап тапты
Орталықтарда пісіп-жетілген жобаларды іріктеу мен әрі қарай ілгерілету үшін объективті таңдаудың маңызы зор. Сондықтан құрамына кәсіпкерлер мен кәсіби мамандар біріккен қазылар алқасы колледжішілік және өңірлік турнирлерде сұраныс пен ұсынысы тең тартымды жобаларды таңдауға ден қояды. Сондай-ақ жобаның практикалық маңызы, инновациялық сипаты, іске асыру мүмкіндігі, әлеуметтік әсері негізгі критерий ретінде ескеріледі. Осы аталған сатылардан сүрінбеген стартап-жобалар «Мен – кәсіпкермін» грандтурниріне және «Мисс Бизнес – 2025», «ТОП – 100 студент» конкурсына жолданады.
«Бүгінге дейін аталған байқаулардың республикалық кезеңіне 925 жоба келіп түсті. Олар өндіріс, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік кәсіпкерлік, сауда, мәдениет және өнер, дизайн және креативті индустриялар, білім беру, медицина, туризм, цифрлық технологиялар, көлік және логистика, экология сияқты бағыттарды қамтыды. Сонымен қатар халықаралық серіктестер тарапынан 14 шетелдік жоба ұсынылды. Қорытындысы бойынша елдің 20 аймағынан 72 жоба (137 қатысушы) іріктеліп, олардың бірқатары қызмет көрсету, әлеуметтік және отбасылық бизнес форматында пилоттық кезеңнен өтіп, нақты нарықта іске асырылып жатыр», делінген министрлік жауабында.
Ал оқушы және студент жобаларының авторлық құқығы еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес қорғалады.