Пікір • Кеше

Құрылтай қуаты

100 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел де адам мен қауым секілді өседі, өзге­реді, өркендейді. Түрлі сын-қатер оны шың­дайды, ширықтырады. Осыған сай елдік жоба-жос­парлар да толығып толысады. Тарихи атаулар, құндылықтар қайта жаң­ғырады. Әлемдік қағидат аясында жаңашыл таныммен, мазмұнмен сапаланады.

Қазір елімізде жүріп жатқан саяси рефор­маның негізгі мақсаты – қоғамды игілікке, әділеттікке, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, жауап­кершілікке, мейірбандылыққа, үйлесім­ділікке қарай табиғи, сапалы өзгерту. Бұл – өз қолымыздан келетін, күшіміз жететін іс. Барлық саланы (экономика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, саясат, құқық, мәдениет, әлеуметтік институттар) терең, сапалы, іргелі, жан-жақты реформалау – мемлекет, жауапты орындар маңдай терінің өлшемі. Оңай емес, бірақ қайтарымы мен қайыры мол жұмыс. Озықтармен теңелу, елдік тегеурін осы жолда.

Тарихи жолайырық – 2019 жылы жұмысын бастаған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де, Қаң­тар­дың қатаң сабағынан соң 2022 жылы іске кіріскен Ұлттық құрылтай да ел Президенті жанынан құрылды. Қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай деңгейіне өсті десек, ақылға сыйымды. Қоғам сенген зиялы тұлғалар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйым көшбасшылары, азаматтық сектордың сарабдал өкілдері енген бұл елдік құрылымның қуаты – халыққа жақындығында, өзекті мәселенің мәні мен шешілу жолын жүйелі байыптауында, ең бастысы, билік пен қоғам арасында алтын көпір бола білуінде.

Әрине, әлем мен айнала толы қайшылық. Бірақ Қазақстан қоғамының құндылығы, құрылы­мы, пішіні, қордаланған зәрулігі көбімізге мәлім. Сондықтан Ұлттық құрылтай мен басқа да қоғам­дық ұйымдар қажетті өзгерістің тетігін, мәселені шешудің амалын қарастыруға әлеуеті жетеді.

Шежірелі Ұлытауда, тұғырлы Түркістанда, Ұлық ұлыс жұрты Атырауда, хан-сұлтан қонысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай жиынының әрбірі тарих өлшемімен қарасақ та, бүгінгі жаңарған ұлт пайымымен сараласақ та елеулі нәтижеге қол жеткізді.

Президент Қ.К.Тоқаев Ұлытаудағы Құрыл­тайда жалпыұлттық бірлікті нығайту, саяси реформалардың мән-маңызы, жаңа техноло­гияның мүмкіндіктері туралы айта келіп, жаңа­шылдық пен әділеттіктің, елді ұйыстыратын тарихи жад пен заманауи ізденістердің жөн-жобасына тоқталды. Құрылтай секцияларында да осы бағдарда өзекті мәселелер талқыланды. Жиыннан соң жұмыс комиссиялары қоғаммен байланыс­ты жандандырып, қаншама игі істер атқарды. Түркістандағы Құрылтайда Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан мен адал азамат ұғымын, құндылығын талдап-таразылады. Елдік нышандарды жетілдіру, тарихи сана-сезімді жаңғырту, мәдени мұрамызды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, тиімді ақпарат саясаты мен креативті индустрия, саяси талдау мен сараптаманы сапаландыру, стратегиялық аумақтарды дамыту, мемлекеттік қызмет жауапкершілігі жан-жақты байыпталды. Басқосуда келелі ойлар ортаға салынды. Құрылтай мүшелері мен атқарушы биліктің Түркістанға рухани зияраты қасиетті мекенде елшілдік пен елдік дәстүр алдында берген серті деп қабылданды.

Көне Сарайшық жұртында (Атырау) шақы­рылған Құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы адалдық құндылығын жауапты адаммен, еңбек­пен, табыспен байланыста сөз етті. Руханият, тіл, кітап оқу, академиялық тарих көптомдығы, дәстүрлі дін мен діл, қаһармандар өнегесі, қоғам кеселдері (лудомания, құмарпаздық, вейп, вандализм, буллинг т.б.), экономикалық ізденіс пен серпіліс, коммуналдық-инженерлік жүйені оңдау, сауатты логистика т.б. жаңарудың өзекті міндетін түсіндірді. Секцияларда қор­даланған ой-ұсыныстар қоржыны рет-ретімен талқыланды.

Мемлекет басшысы Бурабайдағы Құрыл­тайда жаңа тұрпатты өзгерістердің бастапқы нәтиже­лері, әділетті салық реформасының мәні, әлеуметтік желі мәдениеті, заманауи өнер қуаты, еңбек нарығындағы бәсеке, есірткіге қарсы шаралар, тұрмыстық зомбылыққа қарсы заң, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын «Адал азамат» қағидаты мен атауына сәйкестендіру, «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы, Ономастика мен марапаттағы бірізділік пен сауаттылық, Ішкі сая­сат тұжырымдамасының зәрулігі, Абайдың 180 жылдығы мен дана хакім институтының өзектілігі, «Әлем жады» қорының қазақ мазмұны, ұлт тарихы мен жаһан өркениетін үйлестіру, серпінді экономикалық, индустриялық, инвестициялық, логистикалық жобалар, ел өңірлерін тең дамыту, ІТ бастамалар мен жобалардың жаңа кезеңі секілді мақсат-міндеттерді айқындады. Құрылтай мүшелері үкімет пен заң шығарушы құрылымның жа­уапты тұлғаларымен бірлесе отырып, маңызды мәселерді шешудің жолын қарастырды.

Қазақ елінің тарихи төрт тарапы арасы мыңдаған шақырым жер болса да, ел бірлігі мен шежіресі, ортақ мұрат пен мүдде оларды жақын­дастырып, жалғастырып тұр. Прези­денті­міз Ұлытауда: «Бабаларымыз  маңызды мәселе­лерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық ақыл­даса отырып, бір тоқтамға келген» деп өткеннің тағылымын еске алса, былтыр Бурабайда: «Біздің идеологиямыз қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһандағы аса күрделі геосая­си ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау деген сөз» деп, бүгінгі ұлттық миссияның бағдарын анықтап берді.

Ендігі Құрылтай жиыны – ежелден ел бере­кесіне ұйытқы, сан орданың жоқшысы Қызыл­ордада. Орта толсын, ой қазынасы өремізді биіктетсін.

Соңғы жаңалықтар