Құрылтай • Бүгін, 10:00

Реформаның мәні мен қоғамдық маңызы

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сыр еліндегі алқалы басқосу Ұлттық құрылтайдың миссиясын қорытындылады. Бұл жолы жиында өткен кезеңнің нәтижесі таразыланып ғана қойған жоқ, мемлекеттің ұзақмерзімді даму философиясы нақтыланды. Мұнда басты назар «не істедік?» деген сауалдан гөрі, «алдағы онжылдықтарда қандай ел болуы­мыз керек?» деген стратегиялық пайымға ойыс­ты. Осыған орай қоғам қайраткерлері арасында сауал­нама жүргізген болатынбыз.

Реформаның мәні мен қоғамдық маңызы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бір палаталы Парламент елдің саяси тұрақтылығы мен басқару тиімділігін қалай арттырады?

к

Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ,

саясаттанушы:

– Бұл реформаны қысқаша әрі қарапайым тілмен айтсақ, әңгіме билікті аздап түзету туралы емес, мемлекетті басқарудың бүкіл жүйесін жаңарту туралы болып отыр. Еліміз 1995 жылғы үлгіден біртіндеп бас тартып, заманға сай, тұрақты әрі түсінікті ережелерге негізделген жаңа модельге өтуді көздейді. Негізгі мақсат – елдің тұрақтылығын кү­шей­ту, билікті бір адамға ғана тәуелді етпеу және президенттік басқаруды сақтай отырып, оны институционалдық тұрғыдан жетілдіру.

Парламент бір палаталы болады, яғни заңдар тезірек қабылданып, әр депутаттың жауапкершілігі артады. Сенаттың орнына өңірлердің дауысы жоғалмауы үшін мәслихаттар сақталады, өңірлер мен қоғам өкілдері кіретін Халық кеңесі құрылады. Сонымен бірге Парламент соттар мен бақылау органдарын қалыптастыруға қатысып, Үкімет пен басқа да институттарға нақты бақылау жасай алады.

Жалпы алғанда, Президент бұрынғыдай күшті болып қалады, бірақ Парламент ықпалдырақ, ал Үкімет есеп беретін болады. Конституция тек заңдар жиынтығы емес, елдің ортақ құндылықтарын көрсететін құжатқа айналады. Бұл өзгерістердің бәрі Қазақстанды заманауи, тұрақты және болашағы берік мемлекет етуге бағытталған.

 

б

Ермұрат БАПИ,

Мәжіліс депутаты:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен алда өтетін парламенттік ре­фор­маға байланысты қоғамда жиі қоз­ға­лып отырған мәселе – партияда жоқ аза­мат­тар­дың сайлану құқына қатысты. Егер елде 8 миллионға жуық партияда жоқ сайлаушы азамат бар екенін ескерсек, бұл сұрақты жылы жауып қоюға болмайды.

Бірден айтайын, мен өзім бір мандатты сайлау жүйесі бойынша сайланған депутат бола тұрсам да, Президент Қ.Тоқаевтың өткен күздегі халыққа Жолдауында айтылған партиялық сайлау жүйесін қолдаймын. Бұл – елді партиялық негізде жұмылдыру мен қоғамда орын алуы мүмкін түрлі тәуекелдерге төтеп беретін, әсіресе бүгінде теңселіп тұрған геосаяси әлемде біздің елдің ішкі тұрақтылығын сақтауға, жекелеген сепаратистік пиғылдарға тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін жүйе екенін мойындау керек.

Дегенмен қоғамда партияда жоқ­тар­дың сайлау және сайлану құқын қалай қамтамасыз етеміз деген сұрақ бар. Осы орайда парламенттік реформа жөніндегі жұ­мысшы тобы мен Ұлттық құрыл­тай­дың хатшылығына мынадай ұсыныс айтқым келеді. Қолданыстағы сайлау туралы заңнамаларда сайлауға түсетін саяси ұйымдардың партиялық тізімдеріне квота енгізу мүмкіндіктері туралы нормалар бар. Мәселен, жастар квотасы, гендерлік квота және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың пайыздық квотасының мөлшері белгіленген. Бүгінгі Парламенттегі партияларда бұл квота қатаң сақталған. Ендеше, ел Прези­денті белгілеген референдумнан кейін, Парламентте талқыланатын бір палаталы Парламентке байланысты заңнамаларға партияда жоқ азаматтардың квотасын енгізу мүмкіндігі тура­лы норманы неге енгізбеске?

Мұндай жағдайда, сайлауға түсетін әр партия өз қатарына партияда жоқтарды жария түрде шақырып, партияішілік праймериз арқылы таңдаудан өткен азаматтарды партиялық тізімге енгізу мүмкіндігі туар еді. Партияда жоқтарды мемлекеттік мүдде жолында партияларға тарту және саламатты қоғам белсенділерін өкілетті билікке саяси интеграциялау мүмкіндігі арқылы қоғамды ортақ ықыласқа жұмылдыру ықтималдылығы артады. Қоғамдағы жекелеген топтардың протестік қызуын басуға және партияда жоқтар өкілдерінің қатысуымен елде қордаланған проблемаларды бірлесіп шешу мүмкіндігі Әділетті Қазақста идеяларына сәйкес келеді деп ойлаймын.

 

а

Жақсыгүл МАХАНБЕТ,

«Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры:

– Биылғы Құрылтай нәтижесінде еліміздегі саяси институттардың  трансформациядан өту  кезеңінің куәгері болып отырмыз. Қазіргі таңда Парламент пен Сенат тек заң қабылдайтын орган ретінде емес, қоғамдық сұранысты еске­ретін, ашық пікірталас жүргізетін саяси алаңға айналды. Заң шығару үдерісінде азамат­тық қоғамның, сарапшылардың және өңір өкіл­де­рі­нің пікірі көбірек ескеріле бастады.

Парламент пен Сенат – институционалдық тұрғыда, Қазақстан халқы Ассамблеясы – тарихи миссиясы тұрғысынан, ал Ұлттық құрылтай – мазмұндық және идеялық жағынан өз міндетін атқарып, жаңа сапалық кезеңге өтуі, еліміздегі саяси жүйенің эволюциялық даму жолының айқын көрінісі.

Бір жағынан бір палаталы парламенттік жүйе Қазақстанда заң шығару үдерісін жедел­де­тіп, бюджет шығынын азайтады. Бүгінде әлемде ұлттық заң шығарушы орган­дар­дың алпыс пайызға жуығы бір палаталы. Олар өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп үлгерді. Елі­міздегі институционалды реформа елдегі бюро­кратияны азайтып, демократияны күшей­тетініне сенемін. Әрі Үкіметке шұғыл шешім­дер қабылдауға мүмкіндік береді деп ойлай­мын.

Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу парламентаризмнің жылдам және техно­ло­гия­лық тұрғыдан дамыған моделіне қарай жасалған қадам десе де болады.

 

Дайындаған –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар