Фото: legal-business.ru
Адвокатура мәртебесінің Ата заңда айқындалуы азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау сапасын жаңа деңгейге көтереді. Сөз болып отырған норманың кәсіби жүйе мен қарапайым азаматтар үшін атқаратын өзге де негізгі функциясын Бақыт Нұрлықұл толық айтып берді.
– Бақыт Ғалымжанқызы, жаңа Ата заң жобасында адвокатура мәртебесінің алғаш рет айқындалуы сала мамандары үшін қандай мәнге ие?
– Адвокатураның мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту – оны жай ғана кәсіптік бірлестік емес, құқық қорғау жүйесінің ажырамас институционалдық элементі ретінде тану деген сөз. Бұған дейін адвокатура қызметі салалық заңдармен реттеліп келгенмен Конституцияда адвокатураның құқықтық табиғаты мен рөлі нақты көрсетілмеген еді. Енді ол Ата заң деңгейінде бекітілсе, адвокатураның мемлекеттік билік тармақтарымен тең дәрежедегі құқықтық маңызын айқындайды. Оның тәуелсіздігін конституциялық кепілдікке айналдырады және азаматтың қорғану құқығын институционалдық тұрғыда нығайтады.

– Осы орайда бұған дейін адвокатура мәртебесінің Конституциялық деңгейде белгіленбеуі жұмыс барысында қандай қиындықтар туғызғанын айтып беріңізші?
– Бұрынғы құқықтық модельде бірқатар жүйелік мәселе байқалды.
Адвокаттардың тәуелсіздігі заң жүзінде жарияланғанымен, конституциялық деңгейде бекітілмеген және мемлекеттік органдардың адвокат қызметіне жанама ықпал ету тетіктері сақталған еді. Сондай-ақ адвокаттың процессуалдық теңдігі іс жүзінде әрдайым қамтамасыз етілмегені мен адвокат мәртебесінің қоғамдық салмағы жеткілікті деңгейде институционалданбағаны назар аударуды талап ететін. Бұл олқылықтар адвокат қызметін толыққанды тәуелсіз құқықтық институт ретінде қабылдауға кедергі келтіріп келді.
Алматы жастары мен IT қауымдастық конституциялық реформаны қолдайды
– Жаңа норма адвокаттың қоғамдағы рөліне қалай әсер етеді?
– Конституциялық мәртебе – символикалық емес, мазмұндық өзгеріс. Адвокат енді тек қорғаушы ғана емес, құқықтық мемлекет қағидаларын жүзеге асыратын конституциялық субъект ретінде танылады. Бұл қоғам сенімін арттырып, адвокаттың пікірін кәсіби ғана емес, институционалдық деңгейге көтереді. Сонымен қатар, азамат пен мемлекет арасындағы тепе-теңдікті нығайтады.
– Заң жобасы адвокаттардың тәуелсіздігіне қалай ықпал етеді?
– Егер заң жобасында адвокаттың тәуелсіздігі, адвокаттық құпияның мызғымастығы, адвокатты жауапқа тартудың ерекше тәртібі, кәсіби қызметке араласуға тыйым салу секілді нормалар нақты бекітілсе, бұл тәуелсіздікті шынайы күшейтеді. Тәуелсіздікті күшейтетін ықтимал тетіктер: адвокатқа қатысты тінту, алу, тыңдау әрекеттерін ерекше рәсіммен шектеу, адвокаттық құпияны абсолюттік қорғау, кәсіби қызметіне кедергі келтірген тұлғалардың жауапкершілігін нақтылау, өзін-өзі басқару органдарының дербестігін арттыру.Мұндай нормалар мемлекеттік органдардың ықпалын азайтып, адвокаттың еркін кәсіби позициясын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Бибісара Асаубаева: Еліміздің тұрақтылығына арналған реформаларды қолдаймын
– Ал енді Ата заңдағы жаңа норма шапағатын қарапайым азаматтар қалай сезінеді?
– Адвокат мәртебесі өскен сайын, азаматтың қорғалу деңгейі де артады.
Қысқаша айтқанда, тәуелсіз адвокат – батыл қорғау, қорғалатын адвокат – қорғалған азамат, конституциялық мәртебе – сенімді құқықтық кепілдік.
Азамат сотта өзін жалғыз сезінбеуі керек. Адвокаттың институционалдық салмағы артқан сайын, әділ сотқа деген сенім де күшейеді деуге болады.
– Сала маманы ретінде жаңа нормада екіұшты қағидалар бар-жоғын айқындай алдыңыз ба?
– Кез келген реформада тәуекел болады. Егер мәртебе берілгенімен нақты кепілдіктер жеткіліксіз болса, бұл декларативтік сипатта қалуы мүмкін.
Сондай-ақ адвокатураның өзін-өзі басқару жүйесіне шамадан тыс мемлекеттік бақылау сақталса да конституциялық мәртебенің мазмұны әлсірейді. Сондықтан заң жобасының мәтіні тек идеялық емес, практикалық кепілдіктерге толы болуы қажет деп санаймын.
– Сөз соңында заң саласының өкілі ретінде жаңа Ата заң жобасын қалай бағалайсыз?
– Адвокат ретінде мен бұл бастаманы құқықтық мемлекетті нығайту жолындағы маңызды әрі символдық қадам деп бағалаймын. Адвокатура – заң үстемдігін қолдайтын институт. Егер жаңа Ата заң жобасында адвокат мәртебесі нақты кепілдік, тәуелсіздік және кәсіби еркіндікпен бекітілсе, бұл тек адвокаттардың жеңісі емес, әрбір азаматтың жеңісі болмақ.
Құқықтық мемлекет адвокатсыз толық болмайды. Ал адвокаттың мәртебесі биік болған жерде азаматтың құқығы да биік тұратынына сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!