Қоғам • Бүгін, 15:02

Астанада мектеп директоры мен есепшісі 600 млн теңгеге жуық қаражатты жымқырған

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мектеп директоры С. мен бас есепші А.-ға қатысты үкім шығарды. Олар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде иемденіп, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланды және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деп танылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада мектеп директоры мен есепшісі 600 млн теңгеге жуық қаражатты жымқырған

Фото: Ашық дереккөз

Сотта анықталғандай, С. мектеп директоры бола отырып, бас бухгалтер А.-мен сөз байласып, 2015 жылғы қазаннан 2024 жылғы тамызға дейін оқу орнында іс жүзінде жұмыс істемеген 6 еден жуушыны табельге негізсіз енгізіп отырған. Соның салдарынан шамамен 29 млн теңге көлемінде қаражат жымқырылған.

Бұдан бөлек, С. 2015-2024 жылдары мектеп жарғысында көзделмегеніне қарамастан, жеке-дара шешім қабылдап, 501 оқушыға білім беру қызметінің ақысына жалпы сомасы 183 млн теңге көлемінде заңсыз жеңілдік берген. Аталған мектепте оқу ақылы негізде жүргізілген.

Сот С.-ның бұл әрекеттерін қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүддесіне қайшы пайдалану, өзге тұлғаларға негізсіз артықшылықтар беру және мекемеге елеулі зиян келтіру деп бағалады.

Оқушыларды жалған тіркеу: 2 966 мектепте заңбұзушылық анықталды

2018 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 мамырға дейін С. мен А. мектеп жанынан «0» сыныптарды ұйымдастырып, ата-аналардан ақылы қызмет үшін қолма-қол ақшаны бақылау-касса аппаратынсыз қабылдаған. Түскен қаражат мектептің есепшотына аударылмай, бухгалтерлік есепте көрсетілмеген. Осы кезеңде 305 млн теңге көлеміндегі қаражат жұмсалған.

Сонымен қатар С. 2021-2024 жылдары жазғы лагерь қызметінен түскен, КГУ есебінде көрсетілмеген 25 млн теңгені иемденгені анықталды.

Тағы бір эпизодта 2017 жылғы қазаннан 2024 жылғы мамырға дейін С. шетелдік мұғалімдердің жалақысын жасанды түрде көтеру арқылы делдалдар көмегімен 75 млн теңге көлемінде мектеп қаражатын жымқырған.

Тергеу материалдарына сәйкес, А. 2017-2024 жылдары қылмыстық жолмен алынған бюджет қаражатын заңдастыру мақсатында шамамен 176 млн теңгені жеке депозиттік шотына аударып, одан 9 млн теңге сыйақы алған.

583 млн теңгеден астам залал: Түркістанда мектеп қаржысын жымқырған 14 адам сотталды

Сотталушылар кінәларын мойындамады. Қорғау тарапы олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ екенін айтып, ақтауды сұрады. Алайда сот жәбірленушілер өкілдерінің, куәлардың айғақтарын, мамандар қорытындыларын және заттай дәлелдемелерді негізге ала отырып, айып толық дәлелденді деген тұжырымға келді.

Жаза тағайындау кезінде сот С.-ның 65 жаста екенін және А.-ның үш кәмелетке толмаған баласы барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Дегенмен, 2015-2024 жылдары жасалған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарының сипатын, аса ірі мөлшердегі өтелмеген залалды және заңсыз әрекеттердің ұзақ уақыт бойы жалғасқанын ескеріп, сот:

  • С.-ны 8 жылға бас бостандығынан айырып, екі қабатты тұрғын үйін, автотұрақ орнын және зергерлік бұйымдарын тәркілеу туралы үкім шығарды;
  • А.-ны 7 жылға бас бостандығынан айырып, автокөлігін, автотұрақ орнын және зергерлік бұйымдарын тәркіледі.А.-ның үш кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 1 жылға кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ сот 588 млн теңге көлеміндегі азаматтық талапты қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мектеп оқушыларын биыл қандай өзгерістер күтеді?

Соңғы жаңалықтар