27 Наурыз, 2015

Қалдырған ізің мәңгілік...

753 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Безимени-1Иә, «Өмір-өзен күркірейді, өтеді, кім келеді белгісіз, кім кетері», деп күні кеше ғана өмірден өткен белгілі ақын Әбілда Аймақ жырлағандай мына фәни, бес күн жалғаннан кім­нің өте­тіні немесе келетіні бір Ал­лаға ғана аян. Бұл бәрі­мізге тән өмір­дің қатал сынағы. Нұр жүзінен әрқашанда мейірім мен иман төгіліп тұратын Алма Мұғ­жанова апайымызды бүгінде сағым болып әлдеқашан артта қалған бала кезімізден бері біледі екенбіз. Ондаған жылдар өте достары да, шәкірттері де «Қосылған қос өзен секілденіп» деп сүй­сіне жырға қосқан екі жас сонау 1953 жылы Семей қа­ласында жолыққан еді. Оқу озаты Құрманбай Әлшериев Семей педагогикалық институты физика-математика факультетінің 3-курс студенті болса, «Арқаның ерке сұлу – Көкешетауындағы» халқымыздың ар­дағы әйгілі Ақан серінің өзін ғашық еткен Ақтоқты сұлудың ауылынан шыққан, аққу­дың көгілдіріндей Алма Мұғжанова атал­­­мыш институттың 1-курс студенті еді. Міне, сол кезден басталған өмірлік жұп күллі ғұмырын бірге өткізді. 1955 жылы институтты бітіре салысымен жас мамандар сол кездегі Павлодар облысы, Бес­қарағай ауданы, Семьярск орта мектебіне жіберілді. Естеріне түссе әлі күнге дейін жандары түршігетін жағдай сонда болып еді. Тура 1955 жылы 5 қараша күні атом бомбасы, 10 қараша күні сутегі бомбасы ашық аспан ас­тында сыналды. Бұл Семейдегі әйгілі Абыралы ауданына тиіп тұрған жер болатын. Жүздеген үйдің есік-терезесі қирап, 20-30-ы жермен жексен болғанын көз­дерімен көргендері өмір бойы естерінде қалыпты. Екеуі де терең білімді физик болғандықтан атом бомбасының күллі зардабын егжей-тегжейлі білетін. Сонымен, сонау 1962 жылы Құрман­бай ағайдың туған жері – Шымкент (Оңтүстік Қазақстан облысының) бұ­рынғы Қызылқұм, қазіргі Отырар ауданы Шәуілдір селосында еңбек жолдарын бастаған, өз пәндерін өте терең білетін бі­лімді де іскер ұстаздар көп ұза­май-ақ ел құрметіне бөленді. Алма апайымыз 1962 жылдан 1991 жылға дейін аудан орталығындағы ең іргелі Жамбыл, Ленин (қазір Ш.Қалдаяқов)атындағы мектептерде дирек­тордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болса, Құрекең де көп жылдар бойы мектеп директоры болып абыроймен қызмет етті. Бүгінде есімдері елімізге таны­мал Ақтау, Өскемен университеттерінің рек­торы болған Әшім Ах­метов, Қазақстанның Бразилиядағы елшісі Бақыт Ордабаев, Қ.А.Ясауи атындағы Ха­лық­аралық қазақ-түрік университетінің профессоры Құлбек Ергөбек, белгілі сатирик Көпен Әмірбек, жазушы-тарихшы Жарылқап Бейсенбаев, педагогика ғылымдарының докторы Ұлжан Есназарова, Қазақ-Ресей университетінің профессоры Дүйсенкүл Үркімбаева, «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» АҚ вице-президенті, Президент сыйлығының лауреаты Еркін Қыдыр бір кездері осы қос ұстаздан тәлім алған сүйікті шәкірттері еді. Сәби көңілімізбен риясыз жақсы көрген ұстаз­дарымызға деген құрмет өмір бойы үзілмей келеді. Терең білімді физик Құр­манбай Әлшериев екеуінің абырой мен беделі ауданға, облысқа кеңінен танымал болып ұстаздардың ұс­тазы атанды. Өзекті өрттей шарпыған өкі­нішке қарай, осыдан 2 жыл бұрын өмірден өткен сүйікті ұлдары, кенжелері Палымның қайғысы асыл анасының әзиз жүрегіне ауыр салмақ салған-ды. Енді, міне, аяусыз ажал қармағы асыл апайымызды да алып кетіп отыр. Бәрі де жоғары білімді Сайран, Ғалым, Палым (марқұм) сынды үш ұл-қыз тәрбиелеген, мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатқан қос ұстаз сексеннің сеңгіріне де қанаттаса бірге жетіп еді. Шаңырақ көтергеніне алпыс жыл тол­ған еді. Қос мерекені әріптестерімен, шәкірттерімен бірге атап өтеміз деп ниеттеніп жүрген еді. Амал не? Ұстаздық жолда барлық атақ-абыройға жет­кен асыл апайымыз Алма Мұғ­жанованың жүрегі осыдан қырық күндей бұрын соғуын тоқтатты. Алланың ақ нұры аспаныңызда шалқып, топырағыңыз торқа, жа­ныңыз жәннатта болсын асыл апай! Ш.Қалдаяқов атындағы мектепті 1979 жылы бітірген шәкірттері. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы.