Реформа • Бүгін, 08:30

Әскери қызметшілерге конституциялық реформа таныстырылды

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде еліміздің жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Басқосуға мерзімді әскери қызмет сарбаздары, сержанттар, офицерлер және бөлімнің басшылық құрамы қатысты.

Әскери қызметшілерге конституциялық реформа таныстырылды

Әскери қызметшілер алдында депутаттар сөз сөйлеп, заң жо­басындағы негізгі жаңа­шыл­дықтарды жан-жақты түсін­ді­ріп, жеке құрамды ал­дағы ре­фе­рендумға қатысуға шақырды. Кездесуде Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов қолданыстағы Конституция 1995 жылы қабыл­данып, өт­пелі кезеңнің талаптарына сай болғанын атап өтті. Ал жаңа жоба депутаттың айтуынша, қоғамның әділеттілікке және нақты өзгерістерге деген сұранысын көрсетеді.

– Егер бұрынғы Ата заң мемлекеттің қалыптасу міндет­теріне жауап берсе, жаңа жоба – бұл шын мәнінде азаматтардың еркімен қалыптасқан халықтық Конституция, – деді ол.

Жиынды құжат 11 бөлім мен 96 баптан тұратыны ерекше айтылды. Жаңа Конституцияда «мемлекет адамға қызмет етуге тиіс» деген қағида бекітілген. Сондай-ақ спикер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті Құрылтай деп қайта атау бастамасын еске салып, бұл атаудың тарихи сабақтастығын атап өтті.

– Құрылтай – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Тағдырлы сәттерде дәл осы құрылтайларда маңызды шешімдер қабыл­данған, – деді Дәулет Тұрлыханов.

Жобаға сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрып, елдің жоғары заң шығарушы органы болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының өкілет­тігі мерзімінен бұрын тоқта­тылған жағдайда биліктің сабақтастығын қамтамасыз ететін вице-президент институтын енгізу қарас­тырылған.

Бұған қоса жаңа құжатта мәслихаттар, этномәдени бірлес­тіктер, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар өкілдері кіретін Қазақстан халқы кеңесін құру мәселесі де көзделген.

Әскери қызметшілерге үндеу жолдаған депутат қазіргі геосая­си тұрақсыздық жағдайында армияның рөліне ерекше тоқ­талды.

– Армия – мемлекеттің тірегі, ал Қарулы күштер – тәуелсіздіктің қалқаны. Әрбір кезекшілік пен әрбір жаттығу – ел қауіпсіздігіне қосқан үлестеріңіз, – деді депутат.

Жаңа Конституция жобасына қатысты түсіндірме жұмыс­тарын Астана қаласы мәслихатының депутаты Кенде­бай Адамбек те жүргізді. Ол 1995 жылғы Конституцияның қабылданғанына шамамен 30 жыл болғанын және осы уақыт ішінде құжатқа мыңнан аса өзгеріс енгізілгенін атап өтті.

– Тек 2022 жылдың өзінде 30-дан аса түзету енгізілді. Бүгінде жаңа Конституция мәтіні шамамен 84 пайызға өзгертілген. Құжаттың жаңа жобасымен танысып шықсаңыздар, көптеген баптың бірнеше рет қайта жазыл­ғанын көресіздер, – деді депутат.

Оның айтуынша, дәл осы себептен цифрландыру, жасанды интеллект институттарын дамыту, Құрылтай мен Халық кеңесін құру сияқты заманауи сын-қатерлерге жауап беретін Негізгі заңның жаңа редакция­сын әзірлеу туралы шешім қабылданған.

Депутат жоба 130 адамнан тұратын жұмыс тобы тарапынан дайындалғанын айтты. Комиссия 12 отырыс өткізіп, талқылаулар ашық түрде көрсетілді және барлық түскен ұсыныс қаралды. Ол мұның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың үлгісі екенін атап өтті.

Басқосу барысында Кендебай Адамбек сарбаздарға әскердегі қызметтің жас жігіт өміріндегі маңызды кезең екенін еске салды.

– Мемлекет әскери қызмет­шілер үшін жағдай жасайды. Жоғары оқу орындарына конкурстан тыс, тегін түсу мүмкіндігі бар. Бірақ ең алдымен, әр азамат өз еліне қызмет етуге тиіс. Біздің мемлекет әскер қатарында жүрген әр азаматқа қамқорлық көрсетеді, – деп атап өтті ол.

Құрылтай туралы айта келе, Мәслихат депутаты оның тарихи тамырларына тоқталды. Ежелгі заманда құрылтайларда маңыз­ды мемлекеттік шешімдер қабыл­данып, хандар сайланып, халық тағдыры талқыланғанын айтты.

– Бүгінде Құрылтай жоғары заң шығарушы органға айналып келеді. Бұл – дәстүрімізге оралу және ұлттық құндылықтарды нығайту, – деді К.Адамбек.

Сондай-ақ кездесуде заң шығару бастамасы мүмкін­діктерінің кеңейтілетіні айтылды. Бұрын заң жобаларын енгізу құқығы Үкімет, депутаттар мен Президентке тиесілі болса, енді мұндай мүмкіндік Халық кеңесіне де беріледі.

Бұған қоса жиында азамат­тардың саяси өмірге қатысу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

– 20 жастан бастап азамат мәслихат депутаты бола алады, ал 25 жастан бастап елде кемінде 10 жыл тұрған жағдайда Құрылтай депутаты болуға мүмкіндік бар. Сіздер де болашақта депутат болып, шешім қабылдауға қатыса аласыздар, – деп К.Адамбек әскери қызметшілерге үндеу жасады.

Кездесу соңында депутаттар жеке құрамды 15 нау­рызда өтетін референдумға қатысуға шақырды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Әскери қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жаңа Конституция жо­басы­­ның негізгі ережелері бойын­ша жан-жақты мағлұмат алды.

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық?

Ауа райы • Бүгін, 09:40

Ұстаздық ғұмыр белесі

Ұстаз • Бүгін, 08:43