Қоғам • Бүгін, 14:48

Қазақстанға шетелден көлік алып келу және оларды рәсімдеу тоқтатылды

2 мин
оқу үшін

Қазақстанда шетелден әкелінген жеңіл автокөліктерді кедендік рәсімдеуде қиындықтар туындады. Бұл мәселе 30 маусым күні кешкі сағат 19:00 шамасында басталған. Кедендік брокерлер KEDEN ақпараттық жүйесінде ақау туындағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, жүйе жеке тұлғалардың атына рәсімделетін жеңіл автокөліктердің кедендік декларацияларын қабылдамай жатыр. Декларацияны тіркеу кезінде экранда «Жеке тұлғаларға автокөлік әкелуге тыйым салынған» деген хабарлама пайда болған, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанға шетелден көлік алып келу және оларды рәсімдеу тоқтатылды

Кедендік рәсімдеумен айналысатын кәсіпкерлер мұндай өзгерістер туралы алдын ала ешқандай ресми хабарлама, бұйрық немесе түсіндірме берілмегенін айтады. Соның салдарынан көптеген автокөлік кеден қоймаларында рәсімделмей қалып қойған.

Мамандардың сөзінше, көліктердің рәсімделуінің кешігуі азаматтар мен кәсіпкерлерге айтарлықтай қаржылық шығын келтіріп отыр. Өйткені қоймада сақтау шығындары артып, жеткізу мерзімі созылып, клиенттер алдындағы міндеттемелердің орындалуы қиындаған.

Сондай-ақ брокерлер мұндай шектеудің ресми жарияланбай және өтпелі кезеңсіз енгізілуі заңдылық тұрғысынан күмән тудыратынын айтады. Олардың пікірінше, жолда келе жатқан, төлемі жасалған және қолданыстағы заң талаптарына сай рәсімделуге тиіс көліктердің тоқтатылуы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен жеке тұлғалардың құқықтарын бұзады.

«30 минуттық қуат»: BYD көліктерінің иелері неге дабыл қақты?

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін журналистер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүгінген. Алайда комитет өкілдері бұл шектеуді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі енгізгенін айтып, түсініктемені сол ведомстводан сұрауға кеңес берген.

Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мұндай шешімді қабылдамағанын мәлімдеп, мәселе бойынша қайтадан Қаржы министрлігіне жүгінуді ұсынған. Осылайша, екі мемлекеттік орган жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, қалыптасқан жағдай 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енген автокөлік импортын реттейтін жаңа талаптармен байланысты болуы мүмкін. Қолданыстағы ережеге сәйкес, жеке тұлғалар жылына бір рет жаңа немесе қолданыста болған бір автокөлікті жеке пайдалану үшін жеңілдетілген кедендік тәртіппен елге әкеле алады.

Айта кетейік, бұған дейін отандық тауарлар БАӘ нарығында кедендік жеңілдіктерге ие болатынын хабарлаған едік.

Еске салайық, елімізге жүк ұшақтарын әкелуге 12 жылдық кедендік жеңілдік енгізілетіні хабарланды. 

Соңғы жаңалықтар