Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ ,«EQ»
Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбеков, сондай-ақ жеті ауыл әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған болатын көктемде. Содан бергі аралықта құзырлы органдардың не себепті ешқандай ақпарат таратпай отырғаны беймәлім. Ресми ақпараттың болмауынан қарапайым жұртшылық арасында әрқилы әңгімелер туындап отыр. «Итің ұры» десе өлердей қорланып, намыстанатын ұлттың ұрпағы ақиқатты білгісі келеді. Онымен тұрмай, облыста бір мезгілде бір аудандық әкімдіктің бірнеше қызметкерінің қылмыс жасады деген күдікке ілігуі бұған дейін кездескен емес. Осы орайда мәселенің мәнісі облыстық Әдеп кеңесінде мәлім болғанын айта кетелік.
Аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен бірнеше ауыл әкімінің ісі облыстық Әдеп кеңесінде қаралып, оларды атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде ұсыныс берілген еді. Кеңестен шыққан шенеуніктерді ҰҚК-нің қызметкерлері алып кетті. Сайрамдық атқамінерлер тәртіптік істерін жеңілдету мақсатында Мемлекеттік қызмет істері департаментінің лауазымды қызметкерлеріне пара бермек болған да екен. Ал қозғалған тәртіптік істер жерге қатысты. Сайрам – халық тығыз қоныстанған әрі жерге сұраныс жоғары аудандардың бірі. Жер саласындағы заң бұзушылықтарды көтеріп жүрген қоғам белсендісі Қаныбек Өмірбекұлының айтуынша, былтыр облыстық прокуратура Сайрамдағы жерге қатысты қабылданған шешімдерге тексеру жүргізген. «Қазан айында облыс прокурорының бірінші орынбасары С.Келдібеков облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолдайды. Осы хатқа қарағанда, облыста жерге қатысты былық-шылықтың басым бөлігі Сайрам ауданында орын алған. Шамасы осы кезден бастап Ұлттық қауіпсіздік комитеті сайрамдық шенеуніктерге қатысты жасырын тергеу амалдарын жүргізген деген әңгіме бар. Кім біледі, атқамінерлердің мәселені ақшамен шешетінін алдын ала сезген шығар», дейді Қ.Өмірбекұлы.
Кейінгі екі жылда облыс көлемінде әкімдіктер жалпы көлемі 6 112 гектар болатын 190 жер учаскесін заң талаптарын бұза отырып берген. Жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту, жерлерді бөлшектеу, аукцион рәсімдерін айналып өту, мемлекеттік жерлерді түрлі тәсілмен жеке айналымға шығару фактілері жүйелі сипат алған. Бұл деректер облыс прокурорының бірінші орынбасары С.Келдібековтің былтыр қазан айында жолдаған қызметтік хатында келтірілген.
Аталған заң бұзушылықтардың елеулі бөлігі Сайрам ауданында анықталған. Нақтырақ айтсақ, Манкент ауылдық округінде 2024–2025 жылдары тұрғын үй құрылысына арналған мемлекет меншігіндегі 27 жер учаскесі жалған шешімдер арқылы рәсімделген. Аудан және ауылдық округ әкімдері 300 гектардан астам жердің нысаналы мақсатын заңсыз түрде кәсіпкерлік мақсатқа өзгерткен. 40 гектар елді мекен жері кәсіпкерлік мақсатқа ауыстырылып, кейін 276 учаскеге бөлшектелген. Қызметтік хатта нақты мысалдар да бар. Соның бірі – З.Эргешовтің пайдалануындағы 6,26 гектар ауыл шаруашылығы жері. Құжатқа сәйкес, бұл жердің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертіліп, кейін жер учаскесі 49 бөлікке бөлінген. Оның бірқатар бөлігінің мақсаты тұрғын үй құрылысына қайта өзгертіліп, сатылып кеткен. Прокуратура бұл ретте жердің сатып алу құны мен басқа да міндетті төлемдер толық өтелмегеніне қарамастан, шешім қабылданғанын атап өткен.
Ал аудандық жер комиссиясының кейбір мүшелері демократияның жаңа үлгісін ойлап тапқанға ұқсайды. Өз мәселесін өзі қарап, өзі дауыс беріп, өзі мақұлдайды. Ақсукент ауылдық округінің әкімі 2024 жылғы тамызда аудандық мәслихат депутаты әрі жер комиссиясының мүшесі М.Жолшыбековке 0,4511 гектар жерді бау-бақша шаруашылығын жүргізуге уақытша пайдалануға берген. Арада екі ай өтпей жатып, сол жер учаскесінің нысаналы мақсаты «жеңіл конструкциялы спорт кешені мен балалар ойын алаңын салу үшін» деп өзгертіліп, кейін жекеменшікке сатылған. Прокуратура бұл жерде мүдделер қақтығысының белгілеріне назар аударған. Өйткені сол жер комиссиясының құрамында М.Жолшыбековтің өзі де болып, өзіне қатысты мәселеге дауыс берген.
Сайрам ауданында шамамен 65 мың азамат жер кезегінде тұр. Соған қарамастан, сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік мақсатындағы жерлердің басым бөлігі ашық аукционға шығарылмаған. Керісінше, кейбір жер пайдаланушыларға іргелес аумақ ретінде қосымша жер беру тәжірибесі қолданылған. Прокуратура дерегіне сәйкес, 2023–2025 жылдары аудан әкімдері жалпы көлемі 13,7 гектар болатын 70 қосымша жер учаскесін осындай тәсілмен берген. Бұл орайда қоғам белсендісі Қ.Өмірбекұлы жақында ауданда 24 жер телімінің нысаналы мақсаты кәсіпкерлікке заңсыз ауыстырылғанын анықтағанын, шешімдер былтыр желтоқсанда, биыл қаңтарда қабылданғанын айтады.
Осы арада айта кетелік, Сайрам ауданының әкімі қызметіне Мадияр Оразалиев өткен жылдың қазан айында кіріскен болатын. Дәлірегі – ұзақ жылдар Сайрам ауданы әкімінің орынбасары болған ол бұл лауазымға сайланды. Жерге қатысты заңсыздықтар әлі де жалғасып жатқанына қынжылған жергілікті жұрт, «халықтың өзі дауыс беріп, сайланған әкімнің сиқы осы болды», дейді көңіл толмаушылық білдіріп.
Сайрам ауданындағы оқиғаның ақиқатын сот анықтар. Дегенмен, ауданда жер дауларының жиі шығуына не себеп? Бұл халық тығыз орналасқан өңірде жер тапшылығының салдары ма, әлде бақылаудың әлсіздігінен бе? Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің пайымдауынша, бұл жағдайлар жер тапшылығынан орын алып отыр. «Сайрам ауданы – Шымкент қаласына жақын орналасқан халық тығыз орналасқан аймақтың бірі. Облыс әкімдігі тарапынан Сайрам ауданы бойынша жер учаскелеріне түгендеу жүргізу, заңсыз иелену мен өз бетінше тұрғын үй құрылысы деректерінің нақты санын анықтау мақсатында жұмыс тобы құрылып, ауқымды жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде аудан аумағында мемлекет меншігіндегі және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тұрғын үй құрылысын жүргізген заңсыз құрылыстар анықталып, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе Жер кодексінің талаптарына сәйкес тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», дейді басқарма басшысы Е.Тілеген.
Кейбір шенеуніктердің басты мәселесі – заңды білмеу емес, заңды айналып өтуді жөн санайтынында жатқан сияқты. Кейбірінің ісі ұлы Абайдың: «Арын сатып, ант ұрып іздегені – Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас» дегенін еске түсіреді. Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінің бұрынғы әкімі Хасан Муслимов «пара алмаймын» деген челлендж таратып, оның түсірген ролигі әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қызу талқыланған болатын. Қызық болғанда, арада бір жыл өтпей жатып «пара алмайтын» Муслимов ауылдағы бір тұрғынның жерге қатысты мәселесіне оң қорытынды беру үшін 2 миллион теңге алу барысында ұсталды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті...
Айта кетелік, Түркістан облысында барлық жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Биыл мақсатына сай пайдаланылмаған 40 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Бүгінгі таңда 47,6 мың гектар жер учаскелері қайтарылыпты. Облыс бойынша 87 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаларда 4527,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі тіркелген. Жыл басында елді мекендерде 531,1 мың гектар қоғамдық жайылым тапшылығы анықталған. Биыл елді мекендерді қоғамдық жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдардың 161,9 мың гектарын ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым үшін бекіту жоспарланып, 165,6 мың гектар жер қоғамдық жайылым мақсатында бекітілді. Бүгінгі таңда қоғамдық жайылым тапшылығы 365,5 мың гектарды құрап отыр.
Түркістан облысы