Футбол •

Мбаппе мен Дембеле: Францияны жартылай финалға шығарды

3 мин
оқу үшін

Осыдан тура бір ай бұрын басталған футболдан әлем чемпионатының аяқталуына санаулы күн қалды. Әу баста 48 мемлекеттің өкілдері бақ сынаса, олардың дені елдеріне оралды. Бұл күндері жарыс жолында таңдаулы сегіз құрама ғана қалды. Олардың барлығы да – Америкадағы аламанда өздерінің мықтылығын мойындатып, миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулаған әккі командалар.

Мбаппе мен Дембеле: Францияны жартылай финалға шығарды

Сурет: ua.tribuna.com

Ширек финалдық ойындар сериясын Франция мен Марокко бастады. Бұл командалар ойынға мынадай құрамда шықты: Франция – Майк Меньян, Люка Динь, Дайо Упамекано, Жюль Кунде, Вильям Салиба, Куадио Коне, Адриен Рабьо, Усман Дембеле, Килиан Мбаппе, Майкл Олисе, Дезире Дуэ. Марокко – Яссин Буну, Ашраф Хакими, Нуссаир Мазрауи, Исса Диоп, Аннас Салах-Эддин, Аюб Буадди, Чемсдин Талби, Азеддин Унаи, Билал Эль-Ханнус, Нейл Эль-Айнауи, Браим Диас.

Бостондағы «Джиллетт Стэдиумда» өткен бәсеке қарт құрлықтан келген команданың қарқынды шабуылымен басталды. 4-минутта Килиан Мбаппе сол жақ бұрышқа қақырата соққы жасаған еді, Яссин Буну созылып барып допты ту сыртына шығарып жіберді. Дәл сол мезетте бұрыштамадан әуелете берілген допты Дайо Упамекано баспен ұрды. Қақпашы тағы да керемет сейв жасады. 25-минутта Нуссаир Мазрауи өз айып алаңында ереже бұзды. Көмекшілерімен ақылдасқаннан соң Факундо Тельо Марокконың қақпасына пенальти белгіледі. Нүктеге Мбаппе келді. Алаңдағы «ырду-дырду» басылғанша төрешіге ойынды біраз уақыт тоқтата тұруына тура келді. Арада 3 минут 12 секунд өткеннен кейін барып қана бас қазы пенальти тебуге рұқсат берді. Ұзаққа созылған кідіріс Килианға кері әсер етсе керек,  оның тепкен добын Буну өткізбеді.  

Үзілістен кейін де Франция футболшылары жиі шабуылдады. Бірақ оған қарап Марокко құрамасы тегістей қорғанысқа көшті  деген ой тумауы керек. Олар да ара-тұра алға ұмытылды. Алайда «Атлас арыстандарының» шабуылы қарсыластарына айтарлықтай қауіп төндірген жоқ. Арада бір сағатқа жуық уақыт өткенде Дидье Дешамның командасы ойынды толықтай өз бақылауына алды. Айналасы алты минут аралығында олар екі рет марокколықтарға матчты алаңының ортасынан бастауға мәжбүр етті. Ол голдардың авторлары – Мбаппе (60-минут) мен Дембеле (66-минут). Кездесудің соңына дейін 2:0 есебі сақталды. 

Сөйтіп, Франция жартылай финалға жолдама алды. Олардың бұл межеде кіммен кездесетіні АҚШ-тың Инглвуд қаласында Испания мен Бельгия құрамалары арасында өтетін бәсекеден кейін белгілі болады. Ал өзге ширек финалдық са­йыстарда Норвегия мен Англия, Аргентина мен Швейцария шеберлік байқасады.