Спорт •

Жарыс күнделігі

3 мин
оқу үшін

Семейдің «Елімайы» Еуролигадағы тұсаукесер кездесуін Ереванда өткізді. УЕФА-ның Конференция лигасында олар Арменияның «Алашкертімен» күш сынасты.

Жарыс күнделігі

Сурет: dm-centre.ru

  • Тең дәрежеде өткен бәсекенің 60-минутында Арсен Әшірбек есеп ашты. Бірақ Андрей Карповичтің командасы бұл басымдықты сақтап қала алмады. 86-минутта Давид Тертеян таразы басын теңестірді – 1:1.
  • Ал Тиранада өткен Албанияның «Динамо Ситиі» мен «Астана» арасында матчта жерлестеріміз жеңіске жетті – 0:1. Ойындағы жалғыз голдың авторы – Рамазан Кәрімов. Ол 69-минутта нысананы дәл көздеді.
  • Ұлыбританияның «Boxing.media» порталы өз карьерасында ең көп жеңіске жетіп, жеңілістің кермек дәмін сирек татқан әуесқой боксшылардың рейтингін жариялады. Мықтылар тізімінде Геннадий Головкин екінші орында тұр. Кезінде әлем және Азия чемпионы, Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы атанып, көптеген халықаралық жарыстарда қарсылас шақ келтірмеген еліміздің мақтанышы 350 рет шаршы алаңға шығып, 345 бәсекеде өз пайдасына шешті. GGG бес рет қана ұтылды. Ал бұл рейтингтің көшін Василий Ломаченко бастап тұр. Украинаның дүлдүлі 396 жекпе-жекті өз пайдасына шешіп, тек бір мәрте ғана ұтылды. Сондай-ақ үздіктер рейтингінде украиналық Александр Усик (335-15), ресейлік Артур Бетербиев ­(295-5) пен Дмитрий Бивол (268-15) сынды саңлақтар бар.
  • Кеше Гаагада (Нидерланд) жағажай волейболынан жасөспірімдердің әлем біріншілігі басталды. Бұл жарыста еліміздің туы астында Әлихан Ағабек рен Оразалы Сағыныш өнер көрсетеді. «Е» тобына түскен жерлестеріміз Эстония, Чили, Литва құрамаларына қарсы ойнайды. Қыздар бәсекесінде Гаяна Галаш пен Мерей Қожахметке сенім артылды. Олар Латвия, Венесуэла және Канадамен сайысқа түседі.
  • Мексиканың танымал мәнерлеп сырғануашысы Донована Каррильо өз елінің Сантьяго-де-Керетаро қаласында «Passio Tour 2026» деп аталатын керемет шоу ұйымдастырды. Көптген жұлдыздың қатысуымен өткен шараға біздің елден Софья Самоделкина да қатысты. Ол өзінің «Чардаш» композициясын өте тамаша орындап шықты. Ал Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров АҚШ-қа аттанып, сол жақта дайындық жұмысын пысықтауда. Күні кеше ғана ол атақты канадалық хореограф Ше-Линн Бурнмен бірге жаттыққанын жария етіп, бірге түскен суреттерін ғаламторға салды.
  • Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» жанкүйерлерді маусым қарсаңындағы дайындық жұмысымен таныстырды. Олар 15 шілдеде Астанада бас қосады. Содан кейін 17–20 тамыз аралығында Уфада ұйымдастырылатын «Башқұртстан Республикасы кубогінде» бақ сынайды. Көп кешікпей Санкт-Петербургтегі Николай Пучковтың турниріне қатысады. Қорытынды оқу-жаттығу жиынын жерлестеріміз Астанада өткізеді. Ал ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігін «Барыс»
    7 қыркүйекте Новосібірдің «Сибирь» клубына қарсы ойынмен бастайды.