Қоғам •

Сахада қазақ өнерін дәріптеді

2 мин
оқу үшін

Ықылым замандағы жы­раулардың көптеген ­туындысын жатқа ­біле­тін Бекарыс Көштаев Саха ­Республикасын­­да қазақ өнерін ­дәріп­теді. Ол ЮНЕСКО ­ұйымы­ның қол­дауымен өткен «Ысыах ­олонхо» ­мере­­­кесі ­аясында ұйым­дас­­­­ты­рылған «Әлем ­ха­­лық­­­тарының ­эпос­тары» ­жо­ба­сында өнер көр­­­­сетті.

Сахада қазақ өнерін дәріптеді

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияда еңбек ететін Бекарыс талай мәрте халықаралық және республикалық байқауларда топ жарғаны мәлім. Халықаралық жобаға қатысқан ол қазақтың дәстүрлі жыршылық өнерінің терең мазмұны мен көркемдік құрылымын жаһан жұртына жан-жақты таныстырып, бауырлас ел өкілдерінің алғысына бөленіп, құрметке ие болды. Іс-шара барысында «Киелі көлдер одағы» ұйымының бас­тамасымен мәдени және рухани жобаларды өткізу туралы келісімдерге қол қойылды. Бұл бастама түркі және әлем халықтарының рухани мұрасы мен мәдени байланысты бекемдеуге бағытталып отыр.

Халықаралық жобаға белсене қатысқан жерлесіміз қазақтың дәстүрлі өнерін кеңінен насихаттағаны үшін Саха (Якутия) Республикасы үкіметі төрағасының орынбасары Сергей Местниковтың қолынан арнайы Алғысхатпен марапатталды. «Жоба аясында Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевтың алдында қазақтың дәстүрлі жырын орындадым. Сол сәтте өзімді емес, ғасырлар бойы үзілмеген қазақтың жыраулық мектебін таныстырып тұрғанымды сезіндім. Көрерменнің ыстық ықыласы мен шексіз құрметі қазақ өнерінің зау биікте екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды», дейді Бекарыс өз ойымен бөлісіп.

Эпостық жырлардың қайнар бұлағынан қанып ішіп, домбыра үнімен әрлеп жүрген өнерпаздың қоржынында үш жүзден астам түрлі бағыттағы туынды бар. Талай додада төл өнерді дәріптеп, жеңістің биік тұғырынан көрініп жүрген ол өз білгенін кейінгі толқынға да үйретіп жүр.

 

Тараз