Қоғам •

Жексен көпестің дүкені

3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласының қақ ортасында 130 жылдан астам уақыт үзіліссіз жұмыс істеп тұрған бірегей тарихи ғимарат бар. Оны XIX ғасырдың соңында қазақ көпесі Жексен Бекжігіт салдырған.

Жексен көпестің дүкені

Толстой көшесінің бойында бүгінде бекіту бұйымдарын сататын дүкен орна­ласқан. Сырттай қарағанда бұл зама­науи қызыл кірпіштен өрілген кә­дімгі бір қабатты ғимарат қана. Тек оның ірге­тасына қарап, ғимараттың көне заманда салынғанын аңғаруға болар еді. Төңкеріске дейінгі жылдары павлодарлықтар сол заманның өлшемімен өте зәулім әрі сәулетті деп есептеген Жексен байдың дүкенінен сауда жасаған. Дүкеннің іргесінде қожайынның жеке тұрғын үйі бой көтеріп, қос ғимарат өзара жабық өтпелі дәлізбен жалғасып тұрыпты.

«Бұл тарихи ғимаратты XIX ғасырдың соңына таман (шамамен 1880–1890 жылдары) ірі мал саудагері, қазақ көпесі Жексен Бекжігіт салдырған. Төңкеріске дейінгі уездік Павлодарда ол өте танымал әрі ықпалды тұлғаның бірі болыпты. Орасан зор жайылымға, мыңғырған малға ие болған. Мал өнімдерін өңдеуді жолға қойып, өңірдегі барлық ірі жәрмеңкелерге белсене қатысқан», дейді өлкетанушы Людмила Баюшева.

Дәулетті көпес Жексен Бекжігіт туралы құнды мәліметтер аз. Дей тұрғанмен, оның есімі 1903 жылы жарық көрген «Семей облысы Павлодар уезі қазақтарының жерді пайдалануы мен шаруашылығын зерттеу материалдарында» және басқа да мұрағаттық құжаттарда кездеседі. Бел­гілі кәсіпкер 1918 жылы дүниеден озыпты.

Заман құбылып, өкімет ауысса да, аталған дүкен өзінің алғашқы бағытынан таймайды. Кеңес заманында бұл жерде №7 азық-түлік дүкені ашылды. Үлкендер оны «Жетінші» атап кетеді. Ал уақыт өте келе ғимараттың тұрғын үй бөлігі баспана ретінде жеке тұлғаларға сатылады. Бүгінде Германияда тұратын Владимир Конрадидің айтуынша, үйді 1953 жылы атасы сатып алған. Дүкен мен үйдің арасындағы өтпелі дәлізде балалар бөлмесі орналасады. Ол уақытта дүкенге шығатын жол әлдеқашан жабылып қалған болатын.

«Бірде атам аулада жер қазып жүріп патша заманының қағаз ақшалары оралған түйіншекті тауып алды. Ішінде семеновтық банкноттар, керенкалар, Колчактың қазынашылық билеттері бар екен. Атам бұл олжаны бірден музейге апарды. Ондағылар бұл ақшалардың аса бір тарихи құндылығы жоқ екенін айтқанымен, қабылдап алып, табылған қазына үшін 100 сом сыйақы төледі»,  дейді ол.

Ғасырдан астам тарихы бар, үш бірдей дәуірдің куәсі болған бұл ғимаратта бүгінде құрылыс материалдарын сататын дүкен жұмыс істеп тұр.

 

ПАВЛОДАР