Қоғам •

Кітапқа құштар ұрпақ

1 мин
оқу үшін

Баланың қиялын қанаттандырып, дүние­­таны­мын байытатын ең асыл қазына – кітап. Кейінгі жылдары елімізде жас ұрпақтың кітап оқу­ға қызығушылығын арттыруға бағыт­­­талған жұмыс жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

Кітапқа құштар ұрпақ

Кітапханалар жаңартылып, кітап қорлары толықтырылып, балалар әдебиетін қолдау мен оқырман мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр. Атап айтсақ, бүгінде елімізде балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсететін ­300-ден астам кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында ­­7 миллионнан астам кітап жинақталған. Ал тұрақты оқырман саны 1,7 миллионнан асады. Бұл көрсеткіш кітаптың бала тәрбиесіндегі орны әлсіремегенін, қайта жас буынның рухани азыққа деген сұранысы артып келе жатқанын аңғартады.

Жас оқырмандардың ең көп сұранысқа ие кітаптарының қатарында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа»,  «Балалық шаққа саяхат» повестері, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» шығармалары бар.

Мемлекет балалар әдебиетінің қолжетімділігін арттыруды да назардан тыс қалдырмай келеді. Биыл кітапханалар қорын балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 мың жаңа кітаппен толықтыру жоспарланған. Бұл оқырман қауымның әлемдік және отандық әдебиеттің таңдаулы үлгілерімен кеңінен танысуына жол ашады.

Кітапқа деген қызығушылықтың артуы кітап саудасынан да байқалады. Жыл басынан бері еліміздің кітап дүкендерінде балаларға арналған 200 мыңнан астам кітап сатылған. Бұл – ата-аналардың да, балалардың да кітапты білім мен тәрбиенің сенімді серігі ретінде бағалай бастағанының айқын көрінісі.