Жаңа платформа жас оқырманға газет материалдарын оқумен шектелмей, шығармашылық әлеуетін шыңдауға мүмкіндік береді. Сайттағы «Хат жазамын» бөлімі арқылы оқушылар мақалаларын, өлеңдерін, эсселері мен өзге де шығармашылық жұмысын редакцияға онлайн жолдай алады. Белсенді авторлардың еңбегі ай сайын сараланып, үздік жас тілші анықталады.
Платформаның маңызды бағыттарының бірі – медиа білім беру. Осы мақсатта арнайы медиа мектеп бөлімі әзірленіп, онда журналистиканың негізгі қағидалары, ақпаратты іздеу мен саралау, мәтін әзірлеу, кәсіби этика талаптары балаларға қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіріледі. Бұл жас ұрпақтың ақпараттық мәдениетін қалыптастырып, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға жол ашады.
Жасөспірімдердің жан дүниесіне жақын мәселелерге арналған «Ержеттім... Бойжеттім...» айдары да платформаның мазмұнын байыта түскен. Мұнда редакцияға жолданған хаттар жарияланбай, әрбір өтініш пен пікір жеке қаралады. Бұл балалармен сенімді әрі ашық байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Жоба толықтай қазақ тілінде әзірленіп, балаларға арналған қауіпсіз цифрлық орта қағидаттарына сай жасалған. Сайтта сыртқы жарнама қарастырылмаған. Сонымен қатар пайдаланушылар редакция қызметі туралы мәлімет алып, тікелей байланыс орната алады және газеттің баспа мен PDF нұсқасына онлайн жазылу мүмкіндігіне ие.
Ұлттық басылымның жаңа цифрлық платформасы – балалар журналистикасын жаңа деңгейге көтеруге, қазақтілді сапалы контенттің аясын кеңейтуге, шығармашыл жас буынның қалыптасуына серпін беретін маңызды бастама.