Бүгінде шикізатты экспортқа шығаратын мемлекеттер ауыртпалықты сезіне бастады. Әсіресе, «қара алтынға» деген бағаның түсуі соңғы кезде жағдайды одан бетер ушықтыра түсті. Ал санкциялық қысымға тап болған көршіміз – Ресей бұл тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр. Сондай-ақ, Қытай валютасы – юаньның құнсыздануы, шынын айтқанда, көп мәселеден хабар беріп тұр. Міне, осы жағдайлар Ресеймен және Қытаймен едәуір көлемде сауда-саттық, алыс-беріс жасап келе жатқан біздің еліміздің де экономикасына әсер ететінін жасыра алмаймыз.
Африканың бірқатар елдерінен және «отты нүктелерден» ағылған мигранттар бүгінде Еуропадағы елдерді басып қалды. Олар сонда өз отанынан неге бас сауғалап қашады? Оның барлығы сол елдердегі әлеуметтік проблемалар мен экономикалық қиындықтарға байланысты болса керек.
Біздің елімізде халықтың көңіл-күйіне, тұрмыс жағдайына кері әсерін тигізетін жоғарыдағыдай мәселелер жоқ. Оның көрініс беруі мүмкін де емес. Себебі, Қазақстан басшылығы барлығын күні бұрын ойластырып, соған сәйкес ұзақ мерзімді қамтитын бағдарламалар мен жобаларды жасап қойған.
[caption id="attachment_73746" align="aligncenter" width="525"]
Three large gold bars on many dollar bills[/caption]
АҚШ экономикасы: сарапшылар уәдесі мен нақты жағдай арасындағы айырмашылық қандай?
Статистикалық мәліметтерді алмастыру, «керексіз» цифрларды жасырып қалу және есептеу әдістемесін өзгерту – бұл бүкіл әлем бойынша қаржылық және экономикалық тәсілдердің стандартты үлгілеріне айналып отыр.
Үкімет өздерінің қателіктері мен олқылықтарын қайткенде де бүркемелеп қалуға мәжбүр. Ал экономистер мен сарапшылардың үлкен тобы да олардан қалысар емес.
Америка экономикасы әлемдегі ең ірілердің бірі болып табылады, сондықтан өзін сыйлайтын әрбір сарапшы өз пікірін білдіріп қалуға ұмтылады.
Әдетте Bloomberg немесе Reuters сияқты танымал агенттіктер аса ірі инвестициялық банктер мен компаниялардың экономистеріне сұрау салады. Осы сауалнама негізінде консенсус-болжам жасалады. Белгілі болғанындай, бұл болжамдар шындықтан айтарлықтай алшақ болып шығып жатыр.
Консенсус-болжамдар жыл ішінде өте қатты өзгеріске түседі – көбіне-көп төмендеу жағына қарай өзгеріп отырады. Кей жағдайларда жыл қорытындысы бойынша өсу қарқыны сарапшылардың жыл басындағы болжамына қарағанда екі есе дерлік төмен болып шығып жатады.
Егер олардың болып жатқан жағдайларға еш байланысы болмаса, ондай болжамдардың мағынасы неде? Неліктен ондай сарапшыларға сұрау салынады және не себепті көптеген инвесторлар олардың пікірлерін өздері үшін бағдарға алады.
Оның сыртында тіпті, Федералдық резерв жүйесі де осы консенсус-болжамды ескеріп отырады. Әдетте ол «өсу қарқыны рыноктың күткенін ақтаған жоқ» деген сөздермен дәйектеледі. Мұндай схеманың бұған дейін жақсы жұмыс істеп келгенін ескергенде, 2015 жылы қандай да бір өзгеріс бола қояды деп айтудың өзі де қиын.
«Есептеу тәсілдерін өзгерту», «жаңа параметрлер», «модельдерге түзетулер енгізу» деген сияқты сөздер Америка экономикасының соңғы жылдардағы «жаңа шындығын» жасырып қала алмайды. АҚШ-тың мемлекеттік ведомстволары іс жүзінде статистикалық мәліметтерді өз қалауларынша сапырылыстыруда.
Бұл туралы жеке инвесторлар мен қаржы рыноктарына қатысушылар қазірдің өзінде ашық айта бастады. Дей тұрғанмен, көрсеткіштерді оқыстан және күтпеген жерден қайта қарау саны жыл өткен сайын өсе түсуде.
2008-2009 жылдардағы дағдарыс салдарынан жұмыстарынан айырылған америкалықтар саны 800 мың адамға кемітіп көрсетілген. Бірақ, ол туралы тек арада екі жыл өткен соң ғана хабарланып отыр.
2013 жылы АҚШ-та дәл президент сайлауы қарсаңында жұмыссыздық деңгейінің күрт құлдырауына байланысты үлкен жанжал туындады. General Electric компаниясының бұрынғы басшысы Джек Уэлч 2012 жылғы қыркүйек айының мәліметтерінің бұрмаланғаны туралы ашықтан-ашық мәлімдеме жасады.
2014 жылы АҚШ-та бірінші тоқсан бойынша ішкі жалпы өнімнің алғашқы және түпкілікті бағалануындағы айырмашылық 3 пайызды құрады. Алғашында +0,1 пайыз деген көрсеткіш хабарланған болатын, тек арада жарты жыл өткенде ғана АҚШ ІЖӨ-сінің іс жүзінде 2,9 пайызға құлағаны анықталды. Ойланып көрейікші, әлемдегі неғұрлым дамыған елдердің бірі үшін мұндай статистикалық ауытқушылық тым үлкен емес пе?..
Әлі күнге дейін АҚШ-тың қаржы рыноктарының статистиканың бұл сияқты қайта қаралуына ешқандай селт етпегенін де атап өткен орынды сияқты. Әңгіме әркезде де өткен уақыттардағы мәліметтер жөнінде болып отыр. Осылайша, әлемдегі жетекші акциялар рыногының әлемдегі жетекші экономика дамуының озық индикаторы бола бермейтіні жиі-жиі байқалып қалуда. Демек, өзіміз байқағандай, ойындар бірінші кезекте нақты мәліметтер төңірегінде емес, Федералдық резерв жүйесінің шектен тыс жұмсақ монетарлық саясаты аясында жүріп жатыр.
Сонымен бірге, Америка экономикасының өзі белгілі бір қара жәшікке айналып барады. Сыртынан қарағанда ол бұрынғысынша жып-жылтыр, бірақ оның ішінде не бар екені тек Экономикалық талдау бюросының мамандарына ғана мәлім. Мұндай көзарбаушылықтар АҚШ-тың экономикалық мәліметтерінің шынайылығына деген сенімге нұқсан түсірмей қала алмайды. Сондықтан да бұл мәселе қазірдің өзінде зерттелу үстінде.
Доллардың қауқары қаншаға жетеді?
Америкалық экономист және шолушы Уильям Энгдаль соңғы уақыттардағы алтын рыногындағы кейбір тенденцияларға назар аударған. Ал ол Ресей мен Қытайдың өздері үшін де, сонымен бірге, былайғы бүкіл әлем үшін де долларға деген тәуелділікті жою үшін жағдайлар жасамақ ниетте екенін көрсетіп берген. Өз мағынасы жағынан бұл мақсат, сөз жоқ, революциялық сипатқа ие. Оны жүзеге асыру қазірдің өзінде басталып та кетті. Энгдаль Ресейдің 2014-2015 жылдары алтын өндірісін қауырт ұлғайтқанын, сол арқылы әлемде бұл көрсеткіш бойынша екінші орынға шыққанын атап өткен. Сонымен бірге, үстіміздегі жылға белгіленген жоспар бойынша бұл ел 300 тоннадан астам қымбат металл өндіруі тиіс. Алтын өндірісі саласында көшбасшы саналатын Қытай ғана одан озық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Оның сыртында 171 тонна қымбат металды сатып алу арқылы ресейлік Центробанк өткен жылы бұрын-соңды болмаған белсенділік танытқан. Ал ол әлемнің орталық банктері сатып алған бүкіл көлемнің үштен бір бөлігі болып табылады. Осылардың бәрі Ресейдің алтын резервтерінің көлемін соңғы 20 жыл ішінде ең жоғары көрсеткішке жеткізді.
Қытай да дәл осындай жолмен келе жатыр. Алтын кеніштері мен металдың өзін сатып ала отырып Бейжің соңғы жылдары өзінің алтын қорын белсенді түрде толықтыра түсуде. Аспанасты елі өз қорын 10 мың тоннаға дейін ұлғайтуға ұмтылуда. Осылайша, ол қоры 8 мың тоннадан сәл ғана асатын АҚШ-ты басып озбақ. Мамыр айында Қытай әлемдегі ең ірі алтын инвестициялық қорын құрды. Қытайдың 2 ең ірі алтын өндіруші компаниялары көлемі 16 миллиард доллар тұратын қордың инвесторларына айналды. Олар Ресейді қоса алғанда, «Жібек жолы» бойындағы жобаларға қаржы салатын болады. Эндгальдың пікірінше, бұл сияқты іс-әрекеттер Ресей мен Қытайдың өз алтын рыноктарын құруына және мақсаты әлемдік резервтік валюта ретіндегі долларға төнетін қатерді болдырмау болып табылатын қымбат металл бағаларын бұрмалауға қатысты ағылшын-американ ауызжаластығынан құтылуға мүмкіндік береді.
Ресей мен Қытайдың бұл ойды жүзеге асыруға шындап кіріскен сыңайы бар және ондай қадамға жақсы өмірден емес, мәжбүрліктен барып отырғаны да белгілі. Бұл елдердің әрқайсысы олардың өсуі мен дамуын өзінің жаһандық үстемдігіне сын-қатер ретінде қабылдайтын АҚШ тарапынан қысымшылықты белгілі бір дәрежеде сезініп келді. Украинадағы дағдарыс пен оның зардаптары Ресейдің көзін ашты. Ал Қытай болса, юаньды әлемдік резервтік валюталар пулына қабылдаудан бас тартқан уақытта, сондай-ақ, америкалықтардың бұларды қатыстырмастан Транс-Тынық мұхиты әріптестігін құруға талпынып жатқанын байқаған кезде түсінді.
Осы орайда долларды негізгі резервтік валюта ретінде қолданудың АҚШ-қа және онымен жақын байланысқан елдерге күтпеген артықшылықтар бергенін айта кету қажет. Ойын ережелерін кім белгілесе, сол әркезде де ұтысқа шығып отырады. АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында өзінің экономикалық және саяси артықшылықтарын біліктілікпен пайдалана білді, сөйтіп, бүкіл әлемге өз валютасын күштеп таңудың орайын келтірді. 1944 жылғы конференцияда қабылданған Бреттон-Вудс келісімі алтынға бекітілген долларды халықаралық есеп айырысулар құралы ретінде бекітті. Белгілі бір тұрғыда оған негіз де жоқ емес еді. Жиырмасыншы ғасыр АҚШ-ты басты қаржы орталығы жасады, ал АҚШ экономикасы екі дүниежүзілік соғыстан кейін өзін өзгелерге қарағанда, жақсы сезіне түсті. Дегенмен, уақыт өте келе Штаттар, жағдайды пайдалана отырып, рынокқа ештеңемен қамтамасыз етілмеген ақша белгілерін молынан шығара бастады. Қалай дегенде де, дәл осындай күдіктің болғаны рас, бірақ өздерінің алтын қорының көлемдерін жария етуге АҚШ та міндетті емес болатын. Ақиқаттың анығын білу шарасын Франция президенті генерал Де Голль ұйымдастырды.
Экономистер Робер Триффен мен Жак Рюэффтің құпия баяндамаларынан президент Де Голль АҚШ Федералдық резерв жүйесіне бағынатын алтын пулына қатысудың өз елі үшін тиімсіз екенін білді. Ол доллар үстемдігін мойындамауды ұсынды және есеп айырысудың бұрынғы жүйесіне қайта оралуды жақтады. Қарапайым тілмен айтқанда, Де Голль алтын стандартына қайта көшуді қолдады. Ол АҚШ-тың өз міндеттемелері бойынша жауап беруге қабілетсіздігін көрсету арқылы өз идеясын жүзеге асыруға тырысты. 1965 жылы Де Голль 1,5 миллиард долларды алтынға айырбастауды ұсынды. Ал ол АҚШ үшін өте қауіпті оқиға болып табылды. Франциядан кейін іле-шала Германия, Канада және Жапония «жасыл қағаздарын» америкалық алтынға айырбастауды қалады. Бұл өте тамаша ойластырылған соққы болды. АҚШ орасан зор алтын қорын Еуропаға бере отырып, сын-қатерді еңсере білді. Бірақ, бұдан кейін Бреттон-Вудс келісімі жарамсыз болып танылды. Ал 1971 жылы АҚШ президенті Никсонның шешімімен Америка ешкімнен сұрамастан өзінің барлық міндеттемелерінен бас тартты.
1973 жылдан бастап қатаң айырбас бағамы жүйесі өзінің өмір сүруін тоқтатты. Ямайкада өткен халықаралық конференцияда валюта бағамдарын рынок заңдарына бағындыру туралы шешім қабылданды. Ал ямайкалық жүйе әлемдік экономиканы долларға байланыстыру сақталып қалғандықтан, оның есесіне алтынға еркін айырбастау туралы міндеттемелер жойылғандықтан, АҚШ үшін бұрынғыдан да тиімді болып шықты.
2001 жылы Малайзия премьер-министрі Махатхир Мохаммад ұсынған алтын стандарты идеясы нақты көрініске ие бола түсті. Әңгіме алтын динарды ислам мемлекеттерінің өзара есеп айырысу пулы ретінде қолдану жөнінде болған еді. Бұл идея да осы елдердің долларға деген сыртқы тәуелділігін төмендетуді көздеді. Бірақ, жоба жүзеге аспай қалды. Оның есесіне осы идеяны Африка аумағында Африка одағының көшбасшысы болған Муаммар Каддафи жүзеге асырмақ болды деген де пікір бар.
Әрине, Ресей мен Қытай Ливия емес, олардың әскери және экономикалық қуаты өздерінің кез келген ең батыл деген эксперименттерін қорғап шығуға қабілетті. Оның үстіне мұндай жаңашылдыққа деген сұраныс барған сайын арта түсіп отыр. Бәрін бірден түбегейлі өзгертуге деген қажеттілік те жоқ. Бастапқыда алтынмен өзара есеп айырысуға көшудің өзі жеткілікті. Осының өзі-ақ саламатты экономикалық үдерістер үшін тартылыс полюсін туғызбақ. Оның сыртында бұл барлық елдер үшін де қолайлы.
«Алтын өлшемін» енгізу қаржылық алыпсатар елдердің әлемдік экономикадағы көшбасшылыққа деген монополиясын жойып, алтынмен көрініс тапқан ұлттық байлықтары бар барлық елдерге адал бәсекелестікке және өркендеуге жол ашады. Өзінің де, өзгелердің де активтерін нақты бағалау, айқын координаттар жүйесінде өмір сүру мүмкіндігі туады. Қалай дегенде де, кез келген ұлттық валютаға қарағанда алтын бұрынғысынша неғұрлым түсінікті өлшем болып қала береді. Олай болса қандай түрде болмасын, ерте ме, кеш пе «алтын стандартына» ауысатын күн де онша алыс емес сияқты. Тек Ресей өзінің БРИКС бойынша одақтастарымен бірге осы үдерістің көшбастаушысы болуы тиіс.
Норвегиялықтар болашақ ұрпақ байлығын құрбандыққа шалмақ
Қаржы дағдарысы әлем экономикасын тізерлеткен тұста Норвегия одан іс жүзінде еш залалсыз шыға білді. Дегенмен, қазір, мұнай баррелінің бағасы 50 доллардан төмен құлдыраған кезде бұл ел де экономикалық тұрақсыздықтың алғашқы ауыртпалықтарын сезіне бастады.
Біріншіден, мұнай бағасының төмендеуі мұнай өңдеу секторындағы қызметшілер санын қысқарту тасқынын туындатты, соған сәйкес жұмыссыздар саны өсе түсті. 2010 жылы ол көрсеткіш 3,7 пайызды құраса, үстіміздегі жылдың мамырының өзінде ол 4,3 пайызға жетіп отыр.
Норвегиядағы жұмыссыздық деңгейі, мәселен, Польшадағымен (сол кезеңде – 10 пайыз жұмыссыз) салыстырғанда төмен болып көрінгенімен, соңғы 11 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш дәл осы Скандинавия елінде тіркелді.
Норвегияның мұнай өңдеу өнеркәсібінде 250 мыңға жуық адам еңбек етеді. Елдің Орталық статистика бюросының хабарлауынша, жиынтығында 2016 жылы аталған секторда жұмысшылардың жартысына жуығы өз жұмыстарынан айырылады. Сонымен бірге, дағдарыс экономиканың өзге де салаларын қамтымақ. Скандинавия мемлекеті шаруашылығының жүрек соғысының әлсіздігі туралы бүгінде жаппай жазылуда.
Қалыптасқан осындай жағдайда үкімет Норвегияның Ұлттық инвестициялық қорының қатысуымен белгілі бір шаралар қабылдамақ ниетте. 2016 жылға жоспарланған бюджетте қорда жинақталған қаржыларды пайдалану қарастырылған. Осы күнге дейін бірде-бір қаржы министрінің дәл мұндай түбегейлі шараға бармағанын ескергенде, ойға алынған істі тарихи оқиға деп атауға әбден болатындай.
Егер еске сала кетер болсақ, Норвегияның Ұлттық инвестициялық қоры әлемдегі мемлекеттік инвестициялық қорлар мен салымдардың ішіндегі ең ірісі болып табылады. Сондықтан да ол экономиканың және зейнетақымен қамтамасыз етудің кепілі болып саналады. Бұл қатарда норвегиялықтардың келешек ұрпағы да бар. Осы орайда айта кетер бір жайт, скандинав халқының ұлттық байлығы бүгінде шамамен 875 миллиард АҚШ доллары деп бағаланып отыр.
Дүние жүзін кезген дағдарыс
Қазіргі таңда жалпыәлемдік қарыздың мөлшері шамадан тыс артып кетті. Мұның басты себебі, қарызданушы елдер тым көп көлемде қаржы алып, енді соны қайтара алмай отыр. Оның салдары әлемдік экономикалық өсімге айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Қарызы артқан мемлекеттердің үкіметтері мен олардың орталық банктері тығырықтан шығудың әртүрлі жолдарын қарастырғанымен, жағдай одан әрі шиеленісіп кетті.
Бүгінде дүние жүзі бойынша активтердің көптеген бос кеңістіктері болуы мүмкін. Олардың арасындағы ең бастысы мемлекеттік облигациялардың нарығындағы кеңістік болып отыр. Ерте ме, кеш пе, оның да көбесі сөгіліп, іргетасына сызат түседі. Сол кездегі соққы әдеттегіден бірнеше есе ауыр болуы әбден мүмкін.
Экономикаға қызыққан кез келген адам үшін Еуропадағы қарыз дағдарысы жақсы таныс. Соңғы екі жылда ең басты қауіп-қатер де кәрі құрлықтағы осы жағдай болып отыр. Сонымен қатар, бүгінде көпшілікті Қытайдағы өсімнің баяу қарқыны мен АҚШ экономикасының бұлыңғыр келешегі алаңдатуда. Бұл екеуі әлемдегі ең ірі экономикалар болып саналады. Олар туралы мәліметтердің жеткілікті деңгейде айтылып, жазылатыны да сондықтан. Дегенмен, жер шарында тығырыққа тіреліп тұрған басқа да елдер бар.
Канада. Мұнай және шикізат нарығындағы жаппай келеңсіздік елді рецессияға итермеледі. Соның салдарынан Канада доллары 2008 жылғы дағдарыс кезіндегі деңгейден де төмен құлдырап кетті. Сондай-ақ, аталған нарықтарға тәуелділігі басым мұндағы Альберт және Ньюфаундленд аймақтары ең күрделі жағдайға душар болуда. Бір мәрте мұнай бағасындағы серпілісті өткерген олар сондай сәттің тағы да қайталанып, барлығы өз қалпына келеді деп болжауда. Барлық мәселе де осы болжамда болып отыр.
Торонто мен Ванкувердің баспана нарығындағы жағдайы да көкейге сенім ұялатпайды. Бұл мәселенің ушығып тұрғанын дәлелдейді. Соңғы алты айда Канада банкі пайыздық мөлшерлемесін екі рет төмендетуге мәжбүр болды. Жағдайдың қаншалықты қиын екенін ескерсек, оларға мөлшерлемені нөлге дейін төмендетіп, сандық жеңілдету бағдарламасын бастау керектігін аңғарамыз. Егер бұл әрекеттен де еш көмек болмаса, онда біз қиын жағдайға – пайыздық мөлшерлеменің теріс әсеріне куә боламыз. Қазіргі қарқынға қарап, бұл елдің ондай сәтке тым жақын қалғанын аңғару қиын емес.
Австралия. Соңғы 20 жылда Қытай әлемдік өсімнің басты қозғаушы күші ретінде қарастырылып келді және ол ақылға қонымды еді. Жылдық өсу қарқыны 8 пайыздан 15 пайызға дейін болатын Қытай экономикасы тауар мен шикізатты жалпақ тілмен айтқанда «шайнамай жұтып» жатты. Соған қарамастан, өзі де өндіруде белсенді қимылдады. Осыған орай, бұл елге өз өнімдерін жеткізуші мемлекеттер немесе компаниялар ақшаны «күректеп» тапты. Олардың қатарында Австралия да бар.
Ал қазір Қытайдың өсу қарқыны қатты баяулап қалды. Кейбір экономистердің айтуынша, нақты өсім бар болғаны 3 пайыздық көрсеткішке тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өте көп мөлшердегі құлдырау болып саналады.
Осы ретте Қытайдағы өсімнің тұралап қалуы және ол елдің қажетті қарқынды сақтау үшін жасап жатқан әрекеттері бүкіл әлемге айтарлықтай өз әсерін тигізетінін атап өткен жөн. Бірінші болып барлық ауыртпалықты жақын шикізат жеткізуші болып табылатын Австралия сезінеді. Сондықтан осы елдің үкіметі мен орталық банкі құлдыраудың алдын алу үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті жүзеге асыруға тырысуда.
Солардың бірі пайыздық мөлшерлеменің бұрын-соңды тіркелмеген ең төмен деңгейге дейін түсуі. Соған орай, Австралия доллары өткен жылға қарағанда 25 пайызға күрт арзандап кетті. Алайда, бұдан жағдайдың жақсаратын түрі байқалмайды.
Бразилия. Австралия секілді Бразилия да Қытайдың өсімінен көп нәрсе алып отыр. Сондықтан қазір бұл ел де құлдыраудың салдарын сезінуде. Елдің экономикасы 12 ай қатарынан қысқартылып келеді. Бұл соңғы 25 жыл ішіндегі ең ұзақ құлдырау ретінде тіркелді. Бұдан әрі қарай да жағдай ушыға түспек. Экономиканың қысқартылуына қарамастан, инфляцияның өсуі пайыздық мөлшерлеме секілді жалғасып келеді. Мәселен, Бразилия реалы 53 пайызға құлдырады! Сондықтан бұл ел толыққанды экономикалық күйреуге тым жақындап қалды.
Экономикадағы өсу қарқынының азаюы мен инфляцияның күрт көтерілуі 2004 жылдың І тоқсанынан бастап жайсыз үйлесім болды. Сондай-ақ, 2015 жылдың мамырындағы қазыналық тапшылық соңғы 11,5 жылдағы ең күштісі болып саналады. Бюджеттегі тапшылық 2004 жылдың қаңтарынан бастап ІЖӨ-нің 7,9 пайыздық деңгейінде ең жоғары көрсеткішке жетті. Соңғы 137 ай ішінде тек бес жағдайда ағымдағы шот тапшылығы қазіргі жағдаймен салыстырғанда сәл ғана көп болды.
Елдің қазіргі басшысы Дилма Руссефф 1985 жылы әскери диктатура аяқталған сәттен бастап демократиялық жолмен сайланған президенттердің ішінде ең белгісізі болып отыр. Оны жақтаушылардың рейтингі тек 8 пайыз болса, 71 пайыз халық Руссеффтің жұмысын қолдамады. Тіпті, сауалнамаға қатысушылардың үштен екісі президенттің қызметінен кеткенін қалайтынын айтқан.
Швеция. Бразилия мен Австралияға қарағанда Швеция Қытайға аз арқа сүйейді. Бірақ соңғы күндері ел экономикасы өзін жайсыз сезініп отыр.
Жалпы, әлемдік БАҚ-тан Швеция туралы мәліметті өте сирек кездестіреміз. Себебі, бұл елдің экономикасы күрт өсіп немесе құлдырап кеткен емес. Ол жай ғана қимылсыз тұр.
Қазіргі кезде Швеция еуроаймаққа кірмейді. Әйтсе де, елдің оған жақын орналасуының өзі өсімнің болмауына жеткілікті деңгейде әсер етуде.
Еуроаймақтағы қарыз дағдарысы апатты деңгейде. Оны енді тоқтату мүмкін бола қоймас. Ал дағдарыс еуроаймаққа кіретін, сондай-ақ, оған жақын елдердің экономикалық тіршілігін тұралатып барады. Өкінішке қарай, Швецияға да ол жағдай тым жақын тұр.
Қандай жолмен болсын экономикаға жан бітіру үшін орталық банк «баспа станогын» іске қосып, теріс мөлшерлеме енгізуді дұрыс деп шешті. Бұл, әрине, төбеден жай түсірер жайт. Мамандардың пікірінше, мұндай қадам компаниялар мен халықты өз әмияндарын босатып, қайта ақша жұмсауға мәжбүрлейді. Соған қарамастан, бәрі бұрынғыдан бетер нашар бола бермек.
Әлемдік дағдарыстың жағдайын есепке алсақ, Швецияның оған қарсы бір нәрсе істей қоюы екіталай. Жаһандық экономикалық құлдырау елді есеңгіретіп, ел ақшасы кронды да қатты әлсіретеді.
Еуроодақ босқындар тасымалына тосқауыл қояды
[caption id="attachment_73748" align="alignright" width="438"]
CREATOR: gd-jpeg v1.0 (using IJG JPEG v62), quality = 75[/caption]
Еуропалық полиция адамдарды заңсыз тасымалдаушыларға қарсы ауқымды іс-шара бастады. Соның арқасында Италияның Сицилия аймағындағы Катания қаласында мигранттарды елге заңсыз тасымалдау әрекеттерін ұйымдастырушылар қолға түсті. Қамауға алынғандардың арасында үш мароккалық, төрт ливиялық пен бір сириялық бар. Жергілікті билік өкілдерінің пікірінше, дәл осылар өткен сенбіде 49 мигранттың мәйіті табылған қайықты басқарған. Тергеушілер қайықтағы жаппай кісі өліміне күдіктілердің тікелей қатысы болуы мүмкін екенін айтады. Болжам бойынша, қайықтың астыңғы бөлігінде отырған босқындар ауа жетіспейтінін айтып шағымданған. Оны қаперіне де алмаған күдіктілер адамдарды қайықтың бетіне шығармай қойған, соның салдарынан соңғылары тұншығып қаза болған көрінеді.
Соңғы екі жылда Еуропаға беттеген мигранттар легі бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетті. Босқындардың басым бөлігі Африка құрлығының келімсектері үшін транзиттік ел саналатын Ливия арқылы қатынауда. Ал Еуропа жағалауларына жете алмағандар жергілікті босқындар лагерінде қалып жатады. Ұлыбританияның құқық қорғаушылары ұсынған деректерге қарағанда, ол лагерьлерде мигранттарға тамақ бермей, ұрып, кемсітіп жататын көрінеді. Халықаралық байқаушылардың айтуынша, бүгінгі таңда адамдардың заңсыз, жасырын тасымалдануындағы қауіп-қатер деңгейі бірнеше жыл бұрынғы жағдайға қарағанда едәуір артқан. Жолақысы көтеріліп, қауіпсіздік кепілі төмендеген.
Аталмыш мәселенің ауқымы жөнінде Еуропаның лауазымды шенеуніктері ашық айтуда. «Басты міндетіміз – заңсыз тасымалдаушылардың қайықтарын бірінен соң бірін құрту емес, біз осы бизнес моделін жоюымыз қажет», – деп мәлімдеді Еуроодақ дипломатиясының басшысы Федерика Могерини.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ақпары бойынша, қазіргі таңда Еуропаға адам тасымалдау нарығының жалпы мөлшері 135 млн. еуроны құрап отыр. Кәрі құрлыққа жеткізетін бір билеттің контрабандашылар белгілеген бағасы 1800-ден 10 мың еуроға дейін барады. Мәселен, бір ғана Францияның Кале қаласында мигранттарды тасымалдаушылар жылына 1,5 млн. еуро табыс табады екен.
Айқарма бетті дайындағандар Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, Айдар ӨРІСБАЕВ, Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».