14 Қазан, 2015

Жанармай жыры диқандардың бас ауруына айналды

352 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
жанармайКүзгі жиын-терін бел ортасынан асты. Ар жағында құлағы қылтиып көктемгі дала жұмыстары тұр. «Қыс шанаңды жазда сайла» дегендей, көктемде мол өнімнен дәмең болса қырау түскен күздің соңғы күндерінде жеріңді жыртып ал. Айтуға оңай. Қиын болып жатқан себебі, тракторлардың жанар-жағармайы күрт қымбаттап кетті. Ал, алқапты үлкен соқамен дыр-дыр айырса аяққаптай кеудесі бір сырылдамайтын К-700 сияқты алып трактор солярканы бөшкелеп қылқ-қылқ ішеді. Шөлін бас, жемісіңді же. ОҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы Үкіметтен жеңілдікпен бөлінетін жанармайға мемлекеттік сатып алу өткізген. Жеңіп алған операторлар да белгілі. Тендер кезінде айдарынан жел ескен операторлар нақты міндеттерін орындауға келгенде басын құмға тыққан түйеқұстың күйін кешіп отыр. Аудан орталықтарында жанармай апаратын базасы жоқ. Ауыл-ауылдағы диқандарға жеткізіп беретін жанар-жағармай тасымалдайтын көлік жоқ. Үкіметтің жеңілдетілген жанармайынан күдер үзген диқандардың алды Шымкентке келіп, нарық бағасымен сатып алуға мәжбүр. Осыған байланысты ОҚО кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен агро­кәсіптік кешені комитетінің кезекті мәжі­лісі өтті. Бірден басын ашып айтайық, жиынға шақырылған облыстық ауыл­ шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Полатбай Тастанов та «Мемлекет белгілеген бағадағы дизель отынының көктемгі дала жұмыстарына бөлінуі және оның ауылшаруашылық та­уар өндірушілеріне таратылу қорытындысы, күзгі егін жинау жұмыстарына бөліну жоспары мен ұйымдастыру шаралары туралы» хабарлауға тиісті ОҚО ауылшаруашылық басқармасының механизация бөлімінің бастығы Әбдіқадір Әбдікерімов те бұл кеңеске келген жоқ. Мемлекеттік сатып алуда «бәрін қатырамыз» деп жеңіске жеткен операторлар да келген жоқ. Құдды, өздеріне еш қатысы жоқ болғандықтан бойкот жариялағандай сезіледі екен. Жанар-жағармай облыстық комиссия тандаған операторлардың схемасымен жүзеге асады. Комиссияның жұмысы нормативті немесе басқа да жергілікті актілермен реттелмейді. Басқаша айтқанда, операторларды таңдауда анық критерийлер жоқ. Сонымен қатар, операторлармен бөлінетін облыс аудандарында жанармай бөлуде аудандық әкімшілік, ОҚО ауылшаруашылық басқармасы және оператор арасындағы үш жақты меморандум негізінде жүзеге асады. Бұл меморандум заңдық күші жоқ және ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне жанармай жеткізіп беруде операторларға заңдық жауапкершілік жүктелмеген. Сондықтан да жоғарыда айтылған себептерден қызмет түрін материалдық-техникалық базасы жетіспейтін АЖҚС (автожанармай құю стансасы) жүзеге асырады. Осы мәселені дәлелдеу үшін ОҚО кәсіпкерлер палатасы ауылшаруашылық басқармасымен бірігіп, 2015 жылдың көктемгі-күзгі дала жұмыстары қарсаңында облыстық мониторингтік топ құрған. Мониторинг барысында ОҚО кәсіпкерлер палатасына Отырар, Созақ, Мақтаарал аудандары мен Түркістан қаласы аграрлық шаруаларынан жанар-жағармай материалдарын бөлу үдерісіне шағымданып ұжымдық арыз түсті. Бірқатар ауылшаруашылық тауар өндірушілер жанармай бөлудің қолданыстағы механизмінен бас тартып, оны сатып алуға жұмсаған шығынды жабу үшін тікелей субсидиялауды ұсынуда. Жиынды жүргізіп отырған облыстық кәсіпкерлік палатасы әкімшілік кедергілерді төмендету департаментінің басшысы Тимур Нақыпбеков аудан, қалалардағы бүгінгі қалыптасып отырған жағдайларға талдау жасай келе, нақты шешімге келудің жолдарын нақтылаған. «Бақсам бақа екен» демекші, диқандар айтқан мәселелерден ұққанымыз, аудан, қала орталықтарында жанар-жағармай сақтайтын қоймалары жоқ, қырдағы ауылдарға көлікпен тасымалдауды шығынсынатын операторларыңыздың ұпайы түгел көрінеді. Ірі агрокешендер болмаса, ұсақ шаруалардың машина жалдап келіп, жанар-жағармай алуға мүмкіндігі жоқ. Мәселен, Отырардан 160 шақырым алыста жатқан Балтакөл ауылының шаруа­сына керекті азын-аулақ жағармай үшін аудан орталығына сандалғаннан гөрі, ауылдағы шағын жанар-жағармай бекетінен бес-он теңге айырмасына қарамай нақты ақшаға сатып алғаны әбден тиімді. Операторға тиімді жері де осы. Өз үлесін алмаған шаруалардың жанар-жағармайын кейінірек нарық бағасымен сатып, екі жеп биге шағады. Мәселен, ОҚО ӨКП Отырар ауданы бойынша филиал директоры Оралбай Бауыржан жыл сайын Үкіметтен ауданға бөлінетін 325-390 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайдың кей жылы 40 тоннасы ғана шаруаның қолына тиеді дегенді айтты. Мұны көп жыл өзі оператор болып жұмыс жасаған шардаралық шаруа қожалығының төрағасы Жәнібек Сембек те жілік-жілігімен таратып берді. Кәсіпкерлер палатасының Түркістан қаласы бойынша филиалының төрағасы Дәрібай Нәлібай да Түркістан, Кентау диқандарының жанайқайын жеткізді. Мұндайда операторлар өз міндетін орындап отырған жоқ. Кеңеске қатысушылар тығырықтан шығатын бір жол барын айтқан. Жеңіл­детілген жанар-жағармайды әр шаруаның жер үлесіне қарай субсидия түрінде беру ортадағы делдалдарға жем болудан сақтайды. Диқанның да еңбегі ақталмақ. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.