24 Шілде, 2010

Ұлы трансформация

687 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік валюта туралы ойлары хақында Ойдың жақұт жарқылы Адам баласының ойы – сарқылмас қазына-байлық. Ол тек рухани байлық қана емес. Шынтуайтына келгенде, ойды жүзеге асыратын болса, ол өлшеусіз материалдық байлықты да дүниеге келтіруге қабілетті. Оны айтасыз, ойдың жақұт жарқылы тұтас дүниені адам танымастай өзгертіп жібере алатыны адамзаттың мыңдаған жылдар бойы үзілмей келе жатқан тарихынан белгілі. Тіпті, классикалық ойшылдардың қа­ра­пайым қағидаға айналып кеткен тұжы­рымын сәл өзгеше өзгерте айтсақ: “Адамды адам еткен – ой”. Және де тарихтан белгілі, адамзат қоғамдық дамудың бірнеше сатысынан біртіндеп аттап өтті. Сонау жабайы қалпынан кәдімгі адам қалпына келіп, алғашқы қауымдар құруы, сосын құлдық дәуірге өтуі, одан барып феодалдық заманды бастан кешіруі, капиталистік қарым-қатынастардың нәтижесінде капиталистік қоғам орнатуы, ең ақыры социализмнің дәмін татуы – осының бәрі адам баласының ми қатпарларындағы көзге көрінбейтін құбылыстардың нәтижесінде мүмкін боларлық өзгерістер. Қазіргі заманда бастауыш мектеп оқу­шысы да білетін осындай жаттанды көрі­нетін ақиқаттарды айтып отырғанымызға не себеп? Ең ақиқаты сол – адамның ойлау қабілетінің өзі сатылы дамудан өтеді. Оған осы қазір, қас-қағым сәтте, көз алдында өтіп жатқан оқиғаларды бірден түйсіне қою қиын. Ал енді ол өте күрделі қоғамдық құбылыс болса, оны қабылдау үшін біршама уақыт қажет. Айталық, қазіргі жаһандық құбылыстарды екінің бірі түсіндіріп айтып бере алмаса керек. Жаңа формация табалдырығында Қазіргі заманның алғыр ойлы адамдары айтып жүргеніндей, бүкіл өркениетті адамзат қоғамдық дамудың жаңа формациясының табалдырығында тұр. Екі алып жүйенің – капитализм мен социализмнің антогонистік сипаты біртіндеп жойылып (екеуінің бәсекесінде капиталистік қарым-қатынас жеңіске жетті деп жүрсек те), қабысуға жақындаған сыңайлы. Шамасы, дамудың қай сатысы болса да, өзінің шарықтау шегіне жетіп барып, одан әрі басқа түрге көшуге ыңғайланатын болса керек. Өйтпеген жағдайда жүйе өздігінен сүріне бастайды, тіпті, омақаса құлауы мүмкін. Бес жүз жыл бойы қалтқысыз қызмет еткен нарықтық экономиканың соңғы ғасырда дағдарыстарға түсе бастауына не себеп? Демек, жүйенің бір жерінен ақау шыққаны ғой. Ол қандай ақау? Және де ол бір ақау ма, әлде бірнешеу ме? Ол ақаулар тү­зетуге келе ме, келмей ме? Мүмкін, жүйе­ні тұтас өзгерту керек шығар. Бұған бүкіл әле­м­нің ең озық ойшылдары да, дүние тұт­қасын ұстаған мықтылары да бас қатыруда. Оларды әлемдік қаржы дағдарысының жер бетіндегі барлық мемлекеттерді шарпып өткені, тіпті, кейбіреулерін банкроттық жағдайға жеткізгені қатты ойландырды. “Сасқан үйрек артымен жүзеді” дегендей-ақ, қолында капиталы барлар небір амалдар жасауда. Бұған дейін таза пайдасының есебін ғана алып, дағдарыс түгіл, титтей бөгеліп қалуды білмей келген небір алып компаниялар әйтеуір аман қалуды ойлап, фабрикалар мен зауыттарын жабуда немесе жұмысшыларын қысқартуда. Осыған дейін дамыған санатындағы алпауыт елдердің өзі миллиондаған жұмыс орындарының қысқа­руына байланысты әлеуметтік ахуалды ушықтыруға жол бермеуді ойластыруда. Айтып-айтпай не керек, соңғы он жылдың көлемінде дағдарыстың екінші қайтара соғуы, соққанда да, бүкіл дүниенің күйзе­лісіне әкелуі әлем елдерінің басшыларын “таң-тамаша” қалдырып отыр. Алайда, көптеген саясатшылар мен сарапшылардың нақ осы дағдарысты ғана еңсеру жолдарын ойластырып отырғанындай, одан арғы тереңдерге бара алмайтындай көрінеді бізге. Ал жаһандық дағдарыстың шығу себебі неде? Бір елде басталған түпсіз тоқыраудың барша елдердің тек қаржы жүйесін ғана емес, бүкіл экономикасын қамтуы неліктен? Сөйте тұра, әлемнің барлық елдерін жаһандық дағдарыстан шығару жолдарын бірлесе ойласуға не кедергі деген сұрақтар жауапсыз қалып отыр. Экономикасы қаншалықты мықты болса да, әлем елдерімен байланысы соншалықты дұрыс болса да, дағдарыс ол елді сырт айналып кетеді деп ойлаудың еш қисыны жоқ. “Өгіздің басына туған күн бұзауға да туады” дегендей, даму заңдылығының әңгімесі осындай. Сондай-ақ қазіргі уақытта ешбір елмен ешқандай саяси-экономикалық, экологиялық және тағы басқа да қарым-қатынастарға түспей, дербес даму деген тіпті ақылға сыйымсыз. Әлемнің бір түкпірінен шыққан дағдарыс дауылы екінші түкпіріне көзді ашып-жұмғанша жетіп келетіні түсінікті. Басы ашық ақиқат – жаһандық дағдарысты еңсерудің ең сенімді әдісі әлем елдерінің бірлескен әрекеті. Жүгі ауыр міндет Әлбетте, Жаңа әлемнің қандай болмағын ойластыру, бұдан әрі қалай даму керектігін таңдау әлемдік деңгейдегі саясатшылардың, мемлекет басшыларының міндеті. Міне, осы міндетті мойнына жүктеген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ұшар биікті шалатын ұшқыр ойлылығын, тереңнен толғай білетін парасат-пайымын көрсете отырып, жаһан­дық дағдарыстың сипатын нақты айқындап қана қоймай, оның себебін де ашып берді. Және әлем елдерінің жасайтын қадамдарын белгілеп, бірлесе қимылдауға ұсыныс жасап, жаппай адамзатқа үндеді. “Бүгінде елдер мен континенттерді тітірентіп тұрған жаһандық дағдарыс – бұл адам­зат әлі біліп болмаған айрықша құбы­лыс. Оның әлем тарихында теңдесі жоқ және әлемдік тәртіпті, барлық экономи­калық бастауларды түбегейлі өзгертетін құбылыстар санатына жататыны анық. Сондықтан да оны талдауға, ой елегінен өткізуге және еңсеруге барлық ескі догмалар мен стереотиптерді қайта қарастыратын жаңаша көзқарас қажет”, – деп атап көрсетті ол 2009 жылғы 2 ақпанда “Россий­ская газетада” жарияланған “Дағдарыстан шығу кілті” атты бағдарламалық мақаласын­да. Бұл ретте Мемлекет басшысы “осыған байланысты айыптылар мен кінәлілерді іздеу қажетсіз іс” екенін атап өтеді. Шы­нында да, “бүлдіргілердің” соңына шырақ алып түскеннен гөрі, “қазір осындайлық қуатты әлемдік катаклизмді туындатқан жүйенің терең ақаулықтарын анықтауға, ең бастысы – оларды толық жою жолдарын іздестіруге жұмылу маңыздырақ”. “Бұл үшін біздің түбегейлі жаңа, әлемдік экономика­ның, саясаттың және жаһандық қауіпсіздік­тің басқаша құрылған моделін жасау шебінде тұрғанымызды мойындаудың батылдығы болуы керек”, – деп тұжырым жасайды Қазақ елінің басшысы. Ұлы транзит әлемі Бұдан әрі Елбасымыз “егер біз Ескі әлемнің жетілмеушілігін еңсерудің бірегей мүмкіндігін тиімді пайдаланып, Жаңа әлем құрудың шынайы ниетінде болсақ, басқаша жол жоқ” екенін мәлімдейді. Әрине, ниет бар да, оны жүзеге асыру бар. Сондықтан да, “бұл үшін бүкіл әлемдік қоғамдастықтың орасан зор күш-жігерін, интеллектуалдық және материалдық ресурстарды жұмылдыруға және көп уақыт қажет”. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының ойынша, әлем елдеріне “түбегейлі жаңа қисынды құру және әзірге шартты түрде жаһандық (немесе ұлы) Транзит әлемі деп атауға болатын осы өткел бойынша ортақ жаңа “қозғалыс ережесін” әзірлеу қажет болады”. Осылайша негізгі ойын тұжырымдаған Елбасы алдымен осынау жаһандық дағда­рыс­тың, оның бастауларының алғашқы себеп­терін белгілеп алуды дұрыс көреді. Оның аса байыпты тұжырымдауынша, “қазіргі жаһандық дағдарыс – бұл мүлде қандай да бір табиғи апат емес және жағдай­лардың кездейсоқ қиылысының нәтижесі емес, бәзбір терең ішкі ақаулықтың заңды сыртқы салдары”. Міне, сол ішкі терең ақаулықты нақты айқындап, белгілемейін­ше, дәрігердің ауруға нақты диагноз қойып алмай, жалпылама емдегенімен бірдей тірлік болатыны түсінікті. Немесе моторы бұзыл­ғалы тұрған ескі мәшиненің сыртқы қора­бын ғана жаңартып алып жүре беруі сияқты “дағдарыстың өзі бастау алған әлемдік валюта-қаржы жүйесін жөндеу жөніндегі біздің бүкіл күш-жігеріміз тек косметикалық сипатта ғана болады”. “Бұл жағдайда біз жоймаған ақау кейін де жиілей түсетін және салдары әлдеқайда ауыр болатын жаңа дағдарыстарды туындата береді”, – деп ашып көрсетеді Мемлекет басшысы. Суреткерлік көзқарас Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев осыншалықты терең құбылыстың сипатын түсіндіру үшін мазмұны терең мақаласына суреткерлік көзқарасты да шеберлікпен өріп жібереді: “Солай болып отыр, бүкіл біздің әлеміміз күтпеген ретте және байқаусызда жаһандық дағдарыс туннелінің “кіреберісі­нен” өтіп кеткен, ал одан “шығар есік” бү­гін­де ешкімге дерлік көрінбей тұр. Бұл, бәл­кім, біз бүгінгі әлемге, сол секілді болашақ Жаңа әлемге бұрынғыша ескі ойлау құрал­да­рының оптикасы арқылы қарайтынымыз­дан орын алған болар”. Ал түбегейлі жаңа­руды бастау үшін бізге бүкіл ойлау жүйемізді, тиісінше барлық ұғымдарды, категорияларды, теорияларды, кестелерді, ойлау тұжырымдарын және жаңа дүниенің деректері мен құбылыстарын белгілейтін терминдерді жаңарту керек, деп есептейді Елбасы. Әрине, бұл жаңа формацияға көшкенде болатын табиғи құбылыстар. Өзіңіз ойлап қараңыз, жоғарыда аталған даму сатыларының арасы жер мен көктей емес пе? Бұл жерде бізге салыстырмаға жүгініп жатудың өзі артықтау сияқты. Жауабы жоқ сұрақтар Қазақ елінің басшысы “Әлемдік даму­дың негізіне не алынған?” деп төтесінен сұрақ қоя отырып, “оның дамуының ядросы мен моторы – бұл туындаған әлемдік бай­лық ретіндегі әлемдік капитал” екенін тұжы­рымдап, ойшылдардың терең пікірта­ластарына азық боларлық философиялық, экономикалық тұрғыда тосын пікір айтады (бұл жерде біз оның тереңіне тоқталып жатпауды жөн көрдік). Қош, ал бұл капиталдың негізіне не алынған? Жауап – әлемдік валюта жүйесі. Ал әлемдік валюта жүйесінің негізіне не алынған? Оның негізінде туындату және айналу тетіктері – заңдар, ресімдер, эмитенттер, арналар, пайдаланушылар және с.с. жатыр. Президент пирамидасы Осылайша Елбасы сұрақтан сұрақ ту­дыра отырып, өзі “біздің ойлануымызды тү­бе­гейлі жаңартуды, мәселен, әлемдік валюта жүйесін сауықтырудың мәнін барынша айқын және түбегейлі түсіндіретін жеті қарапайым сұрақ” деп атаған риторикалық, яғни, жауабы жоқ немесе өздігінен туындай­тын сұрақтар қояды. Ол қандай сұрақтар? 1. Қазіргі де-факто бар әлемдік валюта заңды де-юре болып табыла ма? 2. Әлемдік валюта эмитентінің қызмет ресімі шынайы демократиялық болып табыла ма? 3. Әлемдік валютаның сұранысы мен ұсынысының баланс тетігі бәсекеге қабілетті және еркін болып табыла ма? 4. Әлемдік валюта рыногы өркениетті болып табыла ма? 5. Әлемдік валютаның туындату жүйесі және эмиссиясы оның негізгі пайдаланушы субъектілерінің (елдердің, компаниялардың және азаматтардың) және тұтастай алғанда әлемдік қоғамдастықтың бақылауында болып табыла ма? 6. Әлемдік валютаның туындатушы жүйе­сі және эмиссиясы оның негізгі пайда­ланушы субъектілерінің (елдердің, компа­ния­лар мен азаматтардың) және бүкіл әлемдік қоғамдастықтың алдында жауапты болып табыла ма? 7. Әлемдік валюта жүйесі тиімді де нәтижелі болып табыла ма, яғни оның жұмысының нәтижелері адамзатты және тұтастай әлемді дамыту мақсаттарына қаншалықты сай келеді? Әлемдік жеті қадам Жоғарыдағы сұрақтарды қоя отырып, Мемлекет басшысы терең толғанысты қажет ететін мәселелердің тиегін ашады. Сөйтіп, ол әлемдік валюта жүйесін өзгертуге нақты ұсыныстар жасайды (оны “Әлемдік 7 қадам” деп атаса да болады): 1) Жаңа әлемнің валютасы әлемнің көптеген елдерінің басшылары қол қойып, әлемнің көптеген парламенттері ратифика­ция­лайтын Әлемдік валюта туралы бүкіләлемдік заңның негізінде жүзеге асуы тиіс және арнайы құрылған бүкіләлемдік Эмиссия орталығы оның эмиссиясы қағидаттарын жасақтайды. 2) Әлемдік валюта туралы заң оның эмиссиясын және қатаң демократиялық ре­сім­дер бойынша әрекет ететін эмитенттерін басқарудың демократиялық органдары арқылы жаңа әлемдік валютаны пайдалану­шыларды – барлық негізгі субъектілерін қорғауы тиіс. 3) Рыноктың барлық қатысушыларының бәсекелі қызмет ережелерін белгілейтін және бақылайтын әлемдік институттары, мәселен, Бүкіләлемдік монополияға қарсы валюта комитеті және Бүкіләлемдік рынок еркіндігі комитеті құрылуы тиіс. 4) Жаңа әлемдік валюта рыногында ойын ережесі заң бойынша белгіленіп, оның барлық қатысушыларының (сатушылар мен сатып алушылардың) ортақ шарты негізінде сақталуы тиіс. 5) Жаңа әлемдік валютаның барлық негізгі субъектілерінде – пайдаланушы­ларын­да (елдерде, компаниялар мен азамат­тарда) оның туындатылуын, эмиссиясы мен айналымын аталған заңмен арнайы көзделген тұрақты әрекет ететін бақылаушы құралдарын жасауға құқығы болуы тиіс. Эмитенттің қызметі сондай-ақ биліктің барлық үш тармағының: заң шығарушы да, атқарушы да, сот та тармақтарының бақылау шегінде болуы тиіс. 6) Әлемдік валютаның барлық жария және заңды эмитенттері оның негізгі пайдаланушы субъектілерінің (елдердің, компаниялар мен азаматтардың) алдында және бүкіләлемдік қоғамдастықтың алдында өз әрекеттері (немесе әрекетсіздігі) үшін толық мәнінде жауапты болуы тиіс, оны заң бойынша іс жүзінде, мәселен, Бүкіләлемдік валюта арбитражы қамтамасыз ете алады. 7) Жаңа әлемдік валюта жүйесінің бүкіл тетіктері ғасырдың, әлемнің және адамзат­тың алда болатын сынақтарын озық мониторингтеудің арнаулы негізінің жүйесінде құрылуы тиіс. Осы ұсыныстардан кейін ойын қорыта келе, Қазақ елінің басшысы былай түйін­дейді: “Тек осылай ғана әлемдік валютаның жаңа жүйесі әрдайым заманауи және ақаусыз бола алады, жаһандық дағдарыстар­дың емес, әлемнің тұрақты дамуы мен бүкіл адамзаттың өркендеуінің жемісті бастауы бола алады”. Әрине, бұл ұсыныстар өте құнды, сал­мақты және әлемдік түрлі құрылымдардың барлық санаттарында тек қаржы-экономи­ка­лық қана емес, ғылыми, мәдени, эколо­гия­лық тұрғыда талқылауды қажет етеді. Дерттің айқын диагнозы Сонымен қатар міндетті түрде атап өтілуге тиісті бір маңызды сәт – Елбасы әлемдік валюта жүйесінің қатып-семіп қалған дертіне айқын диагноз қойып отыр: “Өткен ғасырдың ортасынан бастап біздің әлем түбегейлі өзгерді және бұл өзгерістер­дің қарқыны күн өткен сайын өсіп барады. Тек әлемдік валюта ретінде пайдаланылатын валютаның туындату және айналым тетіктері ғана өзгермей қалып отыр, оның жаңару қарқыны әлемнің өзгеру қарқыны­нан апаттық жағдайда қалып қойған. Яғни, әлемдік валюта жүйесі әлдеқашан және қайтпастай болып ескірген, мұны жаһандық әлемдік дағдарыс та қуаттайды”. “Ауруын жасырған өледі” дейді атамыз қазақ. Қазақ елінің басшысы алпауыт елдер басшыларының алдында “біреулердің көңіліне тиеді-ау” деп жалтарып, жалтақта­май-ақ, төтесіне көшіп, ашық әңгімеге батыл барып отыр. Және де бұл сынампаз­дық та, сын да емес, ғаламды ортақ үйі санайтын әлемдік санаттағы саясаткердің шын көңілі, ниеті, тілегі. Мұндай ой жар­қылы тек бекзат адамдардың басына ғана келетіні сөзсіз. Мүмкін, бұл қазақ халқы, қазақстандықтар үшін зор мақтаныш та болар. Қалай десек те, Нұрсұлтан Назарбаев адамзаттың асыл ой-қазынасына үлкен үлесін қосып отыр. Ганди ғаламаты Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, адамдардың тым күрделі оқиғаны һәм ақпаратты бірден қабылдауы қандай қиын болса, қалыптасқан дағдыдан, ұғымдардан тыс ойды да “ә” дегенде қабылдауы да сон­ша­лықты ауыр. Бұл турасында Үндістанның ұлы ойшылы һәм саяси қайраткері Махатма Ганди былай деген екен: “Алдымен сені көзге ілгісі келмейді, сосын айтқаныңды күлкіге айналдырғысы келеді, одан кейін саған қарсы шыға бастайды, ақыр соңында сен жеңіске жетесің”. Гандидің өзі заманауи өзгерістердің бел ортасында жүріп, әлемдік отаршылдық жүйенің күйреуіне үлкен үлес қосқан қайсар күрескер болғаны жаңа заман тарихынан белгілі. Енді осы заманның заңғар философының қанатты сөзіне салсақ, әлем қазір Қазақ елі басшысының ұсыныстарын ауыр қабылдау үстінде. Басқаша айтқанда, Жаңа әлемнің дамуы туралы тосын ойды тосырқай қабылдап, сіңіре алмай, қорыта алмай, әуреге түсуде. Елбасының Делиге барған сапарында әлемдік ой құндылықтарының алтын бесігі болған Үндістанның қасиетті топырағын басып тұрып, ең алғаш рет әлемге ортақ валюта енгізуді ұсынуы соншалықты терең мәнге ие сияқты. Бұл биылғы жылдың 26 қаңтарында болған еді. Саяси сауаттылық Елбасының идеясы шын мәнінде түбегейлі бағдарлама болып шықты және де оның Ресейде жариялануының өзінде үлкен мән бар. “Төсекте басы, төскейде малы қосылған”, ағайын-туыстай араласатын көршіңмен ой “сыбағасымен” бөлісудің өзі саяси тұрғыдан алғанда, сауатты қадам болғаны сөзсіз. Және де Қазақстан 2003 жылдың өзінде-ақ ЕурАзЭҚ аясында бірыңғай ұлтүстілік мемлекетаралық валюталық-есептік бірлік енгізудің бастамасын көтерген. Сол кезде оны Елбасы “алтын” деп атауды ұсынған еді. Таяуда ғана Астанада екінші рет өткен халықаралық экономикалық форумда Мемлекет басшысы бірыңғай ұлтүстілік мемлекетаралық валюталық-есептік бірлік енгізуді қайта ұсынып, оның атын “еураз”, “еуразий” немесе бұрынғыша “алтын” деп атауға болатынын айтты. Дегенмен, біздің ойымызша, “алтын” сөзі еуразиялық ортақ кеңістікте аса ұғынықты болғандықтан, осы атауды қабылдаған дұрыс тәрізді. Ертедегі орыс тарихында бұл атау үйреншікті және алты деньганы (теңгені) білдіретін болған. Ендеше, еуразиялық кеңістіктегі ортақ валютаның негізгі жүгін көтеретін ресейліктер үшін бұл атау жат емес. Көз бен пирамида Жалпы, өңірлік ұлтүстілік мемлекет­аралық есептік бірлікті әзірлеу мен құру үрдісі бүкіл әлемде жүріп жатқанына бірне­ше онжылдықтар өтті. Мұндағы алғашқы қарлығаш еуропалық валюталық-есептік бірлік экю (ecu – European Currency Unіt) болды, ол уақыт өте келе толық мәнді еуро­па­лық ұлтүстілік валюта – еуроға айналды. Мұндай үрдістер қазір барлық жерде – Азияда (acu – Asіan Currency Unіt), Парсы шығанағы ауданында (динара немесе бәлкім, халиджи немесе джуман), Латын Америкасында (sucre есепті бірлігі бар ALBA ұйымы, испанша Sіstema Unіtarіo de Compensacіon Regіonal-дан) жүріп жатыр. Сондай-ақ Африкада біраз уақыттан бері афроны енгізуге әзірлік жүргізілуде. Мұның бәрі осы уақытқа дейін де-юре емес, яғни, заңды түрде емес, де-факто, яғни, іс жүзінде әлемдік валютаның рөлін атқарып келген көз бен пирамиданың суреті бар америкалық “көк қағаздың” – долларизмнің күні бітуге таяу екенін білдіретін белгі болса керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы былай ой түйеді: “Алдымен осы кезге дейін Ескі дү­ниенің моторы және жан-жүрегі жаһан­дық жеті есе генетикалық ақауы бар әлемдік валютаға негізделген әлемдік капитал болып келгенін еске салып өтейік. Бұл әлемді әдет бойынша біз “әлемдік капитализм” дейміз. Ақаулы валютаға негізделген жаңағы ақаулы капиталды шынайы атымен, мәселен “дефектал” деп атау дұрысырақ әрі адалы­рақ болатынын түсінсек те, әлемдік капитализм деп келеміз. Жуырда бүкіл әлем бойынша жүздеген миллиардерлер санаулы айлардың ішінде олардың бүкіл “ақаулы капиталы” кенеттен бірқыдыру дерлік құлап түскенде, өздерінің қиялдағы капиталда­рының бүкіл нақты ақаулығын іс жүзінде бастан кешірді. Енді олардың өздері де бұл нағыз “дефектал” екенін айқын көріп отыр”. “Акметал” – ақаусыз, ақ, таза металл Қош делік, олай болса, алдағы Жаңа әлем­нің даму моторы мен жан-жүрегі қан­дай түбегейлі әлемдік капитал болмақ, “де­фекталдың” орнына әлем нені пайдаланбақ? Оны Елбасы былай негіздейді: “Ертедегі гректер дамудың жоғары кезеңін “акме” деген әдемі сөзбен белгілепті. Біздің ұрпақтарымыз бір кездері осынау жаңа ақаусыз және жоғары “ендігі жерде капитал емеске” дұрыс атау таңдап алатын болады. Бірақ та қазірдің өзінде өз бойына осынау жоғары сапаны – “акмені” қамти алатыны түсінікті: мәселен, акме-капитал немесе – “акметал”. Сол кезде мұндай түбегейлі жаңа әлемдік “акметал” қозғалысқа келтіретін түбегейлі Жаңа әлемнің осынау болашақ укладын ендігі жерде капитализм деп емес, “акметализм” деп атау дұрыс болар еді”. Дегенмен, Мемлекет басшысы әлемдік валюта жүйесін қайта құрудың ұзақ үдерісін түйсіне отырып, оның эволюциялық даму жолын пайымдайды. “Жаңа әлемнің біз енді ғана қадам басқан өсу кезеңінің жаңа қасиетін айқындайтын шешуші сөз ретінде “транзит” сөзін алуға әбден болады, – дейді Елбасы. – Онда ішінара ақаусыз әлемдік валютаға негізделген транзиттік әлемдік байлықтың осынау жаңа түрін біз әзірше “акметал” деп емес, “транзитал” деуімізге келеді. Соған сәйкес транзит уақыты укладының өзін әзірше “акметализм” деп емес, жаңа тұрпаттағы жаңа сападағы әлемдік қаржы инфрақұрылымымен бірге “транзитализм” деп белгілеуге болар еді. Бұл транзиттің басты міндеті мен миссиясы – бүкіл әлемнің ескі жеті есе залалды валютадан әлемдік акме-валютаның жаңа жеті есе ақаусыз жүйесіне экологиялық көшу үшін жағдай әзірлеу”. Ой пирамидасы Әрине, уақыт өте келе Нұрсұлтан Назар­баевтың әлемдік экономиканы сауықтыру мақсатында ғана емес, дүниежүзілік қоғам­ның жаңаша дамуын болжап айтқан осынау аса құнды ой-пікірлері дәл осы атаулармен болмаса да, осыған ұқсас атаулармен іске асуы әбден ықтимал. Елбасының тұжырым­дамасы әлемдік ойлау жүйесінде жаңаша бір толғаныс толқында­рына бастары анық. Қалай болған күнде де, қазіргі қалыптасқан қарым-қатынас жаңа немесе жаңаланған капиталдың болуын талап ететіні секілді, болашақтың валютасы әлемдік қоғамды жаңаша қалыптасты­ратыны сөзсіз. Қазақ елі басшысының ой жарқылы тек жаһандық әлемдік дағдарыстан шығу үшін ғана емес, әлем экономикасының келешектегі дамуына тигізер әсері сонша, оны қазақ өркениетінің әлемдік өркениетке қосқан өлшеусіз үлесі, адамзаттың мыңдаған жылдар бойы салынған ой құрылысының ішіндегі Қазақстан Президентінің сүбелі сыбағасы деп сенімді түрде айта аламыз. Жангелді ЕСТЕНБАЕВ, Қаржы-банк менеджменті ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары.