Бұл туралы кеше Үкімет отырысында мәлім етілді
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда еліміздің 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы көрсетіп отырғанындай, Қазақстан экономикасы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан кейінгі серпінді даму баспалдағына қадам басты. Оған есепті кезеңде еліміздің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) өсу деңгейінің 8 пайызды құрағандығы толық дәлел бола алады. Мұндай жоғары көрсеткішке ел экономикасының негізгі базалық 6 саласындағы оң жетістіктер мүмкіндік беріп отыр. Яғни, осы кезеңде республикамыздың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, сауда, байланыс және құрылыс салаларында экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны жоғары болды. Бірінші жартыжылдықта бұл индикатор 8,8 пайызға өсті.
Ел экономикасының дағдарыстан кейінгі даму кезеңінде мұндай жоғары жетістікке жетуіне сөз жоқ, Мемлекет басшысының баламасыз бастамасының нәтижесінде Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде қабылданған шаралар және дағдарыстан кейінгі стратегиялық даму тұғырын жасау мақсатындағы кешенді шаралардың шешуші ықпалы болды.
Үкімет отырысында баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың айтуынша, бірінші жартыжылдықта өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,8 пайызды құраған болатын. Өнеркәсіп өндірісіндегі мұндай сапалы алға жылжуға негізінен қайта өңдеу өндірісінің 18,3 пайыз өсімге қол жеткізуі игі ықпал етті. Қазақстанда мәшине жасау саласы жоғары даму жолына шықты. Бұл саладағы өндіріс көлемінің өсімі есепті кезеңде 67,8 пайызға жетті. Ал химия өнеркәсібіндегі қосымша өндіріс өсімі 67,5 пайызды құрады.
Өткен 6 ай ішінде агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары да өндіріс өсімінің 14,6 пайызға артуын қамтамасыз етті. Негізінен, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу өнеркәсібінің өнімдері ішкі және Кеден одағы елдерінің рыноктарына бағытталған. Министрдің айтуынша, осы есепті мерзімде Үкімет тарапынан ірі жобаларды қолдаумен қатар, кәсіпкерлікті дамыту және бизнес ахуалды жақсарту үшін кешенді шаралар жүзеге асырылған. Дағдарысқа қарсы жасалған іс-қимыл бағдарламасының шеңберінде еліміз бойынша 2515 шағын және орта бизнес субъектілеріне коммерциялық банктерден 144,7 миллиард теңге оңтайлы несие берілді. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап кәсіпкерлік секторды сауықтыру және жаңа бизнес бастамаларға қолдау көрсету мақсатында “Бизнестің жол картасы—2020” бағдарламасы іс жүзіне асырыла бастады. Сонымен бірге Үкімет тарапынан шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болатын әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған оң шаралар жүзеге асырылды. Міне, осындай шынайы қолдаудың нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің шығарған өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6,1 пайызға артты.
Биылғы жылы елімізде тұтыну тауарларына сұраныстың күрт өскендігі байқалады. Атап айтқанда, жыл басынан бері бөлшек сауда көлемінің өсуі 13,1 пайызға жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8,6 пайыз мөлшерінде болған. Еліміздің экспорттық әлеуетінің өсуіне әлемдік рыноктағы баға конъюнктурасындағы қалыптасқан оң құбылыстар да жағымды әсер етті. Мәселен, Brent маркалы мұнайдың әлемдік рыноктағы бағасы 2009 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 17 долларға қымбаттап, бір баррелі 78,9 АҚШ долларын құрап отыр. Әлемдік рыноктағы алюминийдің бағасы 465 долларға қымбаттап, әрбір тоннасы 2130 долларды құраса, мыстың әлемдік бағасы 2 мың долларға қымбаттап, әрбір тоннасы 7121,5 доллардан айналып отыр. Дүниежүзілік рыноктағы баға конъюнктурасының жағымды жағдайы Қазақстан тауарлары экспортының көлемін 74 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік берді. Жалпы, еліміздің сыртқы сауда айналымы өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 40 пайызға өсіп, 34,4 миллиард АҚШ доллары көлеміне жетті. Сауда айналымының артуына үстіміздегі жылы өмірге келген үш мемлекет – Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері арасында құрылған Кеден одағының оң ықпал еткендігін де атап көрсеткен жөн.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерін саралаған Үкімет отырысында өнеркәсіп саласымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінде, қаржы және әлеуметтік салаларда да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгендігі атап көрсетілді. Жыл басынан бергі ел экономикасының басты салаларындағы даму нәтижелері туралы отырыста Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау, “Самұрық-Қазына” қоры басшысының орынбасары Арман Дунаев, “ҚазАгро” холдингі басшысының орынбасары Берік Бейсенғалиев және басқалар баяндама жасады.
Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылап, Қазақстанның биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерінің болашаққа берік тұғыр жасап, Мемлекет басшысының тапсырмаларының ойдағыдай орындалып отырғандығын атап көрсетті. Өмір одан әрі жалғасуда, – деді Үкімет басшысы – сондықтан біз қол жеткізген бұл жоғары көрсеткіштерді місе тұтпай, жаңа биіктерден көрінуіміз керек. Алдымызда әлі де асқаралы міндеттер межеленген алты ай бар. Сенім биігінен көріну үшін осы қарқынмен жұмыла еңбек ете беруге тиіспіз.
Үкімет отырысынан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.