Бүгінде бүкіл еліміз секілді Алматы облысы да индустрияландыру бесжылдығының алғашқы жылын қарқынды бастап, негізгі көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Тіпті Қазақстан ғана емес, басқа кемелденген мемлекеттердің өзіне зіл батпан салмақ боларлық Қызылағаш қасіреті де облыстың алғашқы даму қарқынын бәсеңдете алған жоқ. Ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығы арқасында, мемлекеттің және барша қазақстандықтардың нақты көмегі негізінде сойқан су тасқынының салдарынан тып-типыл болған ауыл бүгінде жаңадан салынды.
Қандай да болсын қиындықтарды жеңуге, көп болып жұмыла кіріссе биік межелерге жетуге болатындығын Алматы облысының ұйымшыл жұртшылығы іскерліктерімен, ізденістерімен, татулығымен, бірлігімен дәлелдеп отыр. Мұндайда басты да шешуші фактор ретінде рух беріктігін айтқан жөн болар. Елбасы сапарының бірінші күнгі бағытына назар аударсаңыз, сол рухты қайрай түсу, сөйтіп, берекелі бүгінімізді ертеңгі сенімділікке жалғау деген мақсатты аңдағандайсыз.
Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өңірдегі жұмыс сапарын Талдықорған әскери гарнизонының құрамалары мен бөлімдерінде болудан бастады. Авиация базасының әуежайында Нұрсұлтан Әбішұлы құраманың авиациялық техникасымен, оның жауынгерлік мүмкіндіктерімен танысты. Қазақстан әскерінің әуе шабуылынан қорғаныс күштерінің ұшқыштары ірі ауқымды халықаралық жаттығуларға әлденеше рет қатысқан. Қазір олар Қазақстан Республикасы Конституциясының он бес жылдығына арналған әскери парадқа әзірленуде. Әскери техникалармен танысып, ұшқыштармен кездесу барысына Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков түсінік беріп жүрді.
Жоғарғы Бас қолбасшы мерзімдік және келісім-шарт бойынша қызметтегі әскерилер парашютпен секіруге әзірленіп жатқан әуе десанты кешенінде болды. Қарулы Күштердің Аэроұтқыр әскеріне тиесілі бұл бөлім ТМД-дағы ең үздіктердің бірі болып табылады және ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет күштерінің құрамына кіреді. Берік рух пен темірдей тәртіптің әскерлері еліміздің бейбіт өмірін қырағы күзетеді.
Елбасы сондай-ақ әскери қызметшілер тұратын Талдықорған коттедж қалашығында болды.
Адамның рухты болуы оның бойына бала жасынан дарытылған білім мен тәрбиеге байланысты болса керек. Мемлекет басшысы және облыс әкімі Серік Үмбетов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин бастаған ресми адамдар қаланың шығысында бой көтеріп, жаңа оқу жылында шәкірттерге есігін айқара ашатын көп қабатты “Назарбаев зияткерлік мектебіне” келгенде ертеңгі күннің иелерін өзіміз тәрбиелеуге тиіспіз дейтін ұранның қалай іске асып жатқанына куә болдық. Мектеп ауласында Мемлекет басшысын бүлдіршіндер қуанышпен қарсы алды.
Жаңа оқу жылында арнайы іріктеуден өткен 600 оқушы жаңа мектептің табалдырығын аттауға дайын. Мектеп директоры Гүлайым Байжикенова мұнда математика мен физика пәндері тереңдетіліп оқытылатынын жеткізді.
Зияткерлік мектеп құрылысына бюджеттен 2,5 млрд. теңге жұмсалып, білім ордасы оқуға қажеттіліктермен толықтырылса, интерактивті құралдармен жабдықталған 59 пән кабинеттері, техникалық құралдармен толықтырылған 816 орынды мәжіліс жайы, конференц зал, электронды абонемент орнатылған кітапхана, зияткерлік тетіктерді үлгілеу мүмкіндігі бар роботтық техника зертханасы, шәкірттерді ғарыштық, медицина және басқа саладағы ғылыми-зерттеу жұмысына тартуға мүмкіндік беретін нанотехнология зертханасы, педагогтік ақпараттық технологияларды ықпалдастыру орталығы, дәрістік сабақтар аудиториясы шәкірттердің сапалы білім алуына деген барлық талаптарға жауап беретіндігін Елбасы жақсы бағалады. Шәкірттердің саламатты өмір салтын қалыптастыруына бағытталған екі бассейн, осыншама асхана, спорт залы мен шынығу алаңы, тағы басқа орындар көз тартады.
Мектеп жанындағы 90 орынға лайықталған балабақша үш бағытты тіл мәселесі бойынша 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің тіл сындыруына мүмкіндік туғызбақшы.
Қаратал шағын ауданындағы әсем ғимаратта ел ертеңі үшін қызмет ететін ұстаздардың білімді, білікті жеткіншек дайындауына толық жағдай бар. Аталған мектепте 7-сыныптан бастап шәкірттер Президент грантымен оқытылмақшы. Биылғы оқу жылында 240 баланың грантқа ие болу мүмкіндігі бар екен. Елімізді жаңа биікке бастайтын стратегиялық мақсатты жүзеге асыратын тәжірибелі ұстаздар арнайы іріктеуден өткен, мамандығының қыры мен сырын меңгергендер қатарынан жасақталғанының өзі алдағы мақсатты жұмыстың дәлелі деуге болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы зияткерлік мектептердің өмірімізге лайықты жан-жақты жетілген ұрпақ тәрбиелеудегі маңыздылығы мен оқу үрдісін әлемдік деңгейде оқыту мүмкіндіктері қарастырылған мектептегі ресейлік ғалым Олег Игорович Мухиннің жаңа электронды оқу бағдарламасын көрді. Бағдарлама әр баланың бойындағы қабілетін ашатыны және ата-ана мен ұстаздар арасында электронды байланыс орнатылатыны тамашаланды.
Шаһардың шығыс жағындағы қаз-қатар орналасқан әсем ғимараттар “Қаратал” шағын ауданын сәулеттендіре түскен. Олар бүгінде ел игілігі үшін қызмет етсе, биылғы көктемде тіл үйренем деушілерге есігін айқара ашқан Тіл сарайының сыртқы сымбаты көз қызықтырады. Мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы әрдайым жеткізе айтатын Мемлекет басшысы аталған нысанның тірлігімен танысуға уақыт тапты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Тәңірберген Қасымберкебаев Елбасына мұндағы жұмыс жайлы қысқаша мағлұмат берді. Екі қабаттан тұратын құрылысы жыл ішінде аяқталып, биыл ақпанда іске қосылған ғимараттың жалпы аумағы 1800 шаршы метр. Бірінші қабатта қазақ тілін оқытатын үш, орыс және ағылшын тілдері кабинеттері орналасқан. Екінші қабатта облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма қызметкерлері, “Мемлекеттік тілді оқыту орталығы”, әдістемелік кабинеттер бар. Сондай-ақ 32 орынға лайықталған ілеспе аударма жүйесі (қазақ, орыс, ағылшын), тиісті құрылғылар орнатылып, “дөңгелек үстел” өткізуге арналған кең мәжіліс, 70 орындық шағын жиын залдары қажетті құралдармен жабдықталып, қандай шараны болсын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік жасалған.
Ғимаратта бейнебақылау жүйесі, дербес АТС орнатылған. Елбасы осындағы тіл үйренушілермен пікірлесіп, соңғы үлгіде жабдықталған оқу ғимаратындағы мемлекеттік және басқа да тілдерді оқытудың маңыздылығын көрді. Тіл үйренушілердің кейбірі Елбасына Қазақстанда туып өссе де, әлі де қазақ тілінде жақсы сөйлей алмайтындықтарына ұятты екендігін жасырмай, осы олқылықтың орнын толтыруға бет бұрғандарын айтты. Ал дені қазақ тілінде еркін сөйлей алатынын көрсетті.
Мемлекет басшысы жер жаннаты Жетісудағы жұмыс сапарын екі жыл бұрын пайдалануға берілген Достық үйінде жалғастырды. Елбасын аулада облыстағы 23 этномәдени орталық өкілдері айшықты ұлттық киім мен сазды ән-биімен думандатып, емен-жарқын пейілде қарсы алса, қаладағы “Әжелер” ансамблі айтқан “Үшқоңыр” әніне Елбасы да қосылды. Қай ұлт өкілі болмасын Жетісуды мекен еткен ұлттардың мәдениеті мен тілінің, өнерінің дамуына жасалған жағдайға ризашылығын айтып, өздерінің Қазақстандай елдің тұрғыны болғанын Алланың сыйы ретінде қабылдайтындықтарын мақтанышпен жайып салды. “Ұлағат” ақсақалдар кеңесінің, “Бірлік” жастар бірлестігінің мүшелері ел болашағы, жастар тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрлердің бүгінгі жайын баяндап берді. Татар этномәдени орталығында болған Президент хореография, акт залдарын аралады. Өңірдегі этномәдени орталық көркемөнерпаздарының концертін тамашалады. Тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір көп ұлттарды біріктірген киелі шаңыраққа қош келдіңіз, деді олар тебірене.
Өркениетті қоғам құрудағы баянды бастама – тілдердің үшбағыттылығы нәтижесінде өмірге келген Тіл сарайында бүгінде үш тіл жан-жақты оқытылуда. Оған қоса, әсем конференц залда шетел қонақтарын ұялмай қарсы алатындай жағдай жасалған. Мұнда бір отбасының баласындай көп ұлт өкілдері тату-тәтті, салт-дәстүр, тілін, дінін сақтап, бас қосады. Осының нақты дәлелі ретінде олар облыс жұртшылығы атынан Елбасына ел игілігі жолындағы ізгі істеріңіз оңға бассын, Алла тағаланың Сізге деген ықылас-ниетінен бойыңызға күш-қуат құйылсын деген ізгі пікірлерін жаудырып жатты.
Достық үйінде орналасқан этномәдени орталықтар мен ұйымдар үшін барлық жағдай жасалса, бірінші қабатта мультимедиялық орталық, лингафон кабинеті, дыбыс жазу студиясы мен әкімшілік кабинеттері келгендерге қызмет көрсетуде. Үлкен жиынжай, әдістемелік кабинет, хореография, шағын мәжіліс залдары, Қазақстан халқы кіші Ассамблеясы кабинеттері екінші қабатқа орналасыпты.
Ғимарат құрылысына облыстық бюджеттен 496,3 млн. теңге бөлініп, оны салу барысында ұлттық-мәдени орталық жұмыстарының ерекшеліктері мен қажеттіліктері толық зерттеліп, ескерілгені де аңғарылады. Жалпы ортақ Отанымыздағы басты құндылық – достық, ынтымақ болса, оған аталған нысанның атауы да, атқаратын ісі де нақты дәлел болатынына тағы бір мәрте көз жетті. Жалпы алаңы 4217 шаршы метрді құрайтын нысанда мемлекеттік тілді, өзге ұлт тілдерін үйренуге арналған мультимедиялық және лингафон орталығы, дыбыс жазу студиясы, би және акт залдары, Ассамблея сессияларын өткізуге арналған үлкен жиын залы осындағылардың мәдени-тұрмыстық талғамына жауап беріп, қайтарыммен жұмыс жасауына жол ашып отырғанын айтқанның артықтығы жоқ. Демек, мемлекеттік тіл мәртебесі, болашағы жайлы мың айтқаннан осындай нақты іс атқарғанның әлдеқайда пайдасы зор екеніне баршаның көзі жетті деуге болады.
Күмісжан БАЙЖАН.
----------------------------------
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.