14 Тамыз, 2010

Жаңарудың бастауында конституция тұр

535 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Конституция күні қарсаңында әрбір азаматтың өткенді байыптап, саралары және бүгін мен алдағы күн­дер туралы ой маздатары хақ. Мен де осындай жайды басымнан өт­кере отырып, көптен бері кө­кейде жүрген ойларымды ортаға сал­ғанды жөн санадым. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі өткен уақытты еске алар болсақ, алғашында бұ­рын­ғы социалистік қоғамға бейім­делген заңдар жаңарған нарықтық қоғамда тіршілік етіп, өмір сүруге біртіндеп кедергі бола бастады. Сондай бір кезең – 1995 жылы тәуелсіздіктің бал дәміне қоса жауапкершілігін де енді айқын се­зі­не бастаған, бірақ бұғанасы онша беки қоймаған Қазақстан үшін, оның ішкі тіршілік тіні саналатын заңнамасы мен экономикасы үшін сындарлы жылдардың бірі болғаны аян. Сол кезеңдегі заңи бұлың­ғыр­лықты сейілтіп, болашаққа нық қадам жасау үшін, әсіресе, мемле­кет құрылысының басты бағыт­та­рын айқындап, қоғамдық қарым-қатынастардың ара-жігін жаңарған қоғамға сай ажырату үшін жаңа үлгідегі Конституция қабылдаудың қажеттілігі күн өткен сайын ай­қын­дала түсті. Осы қажеттілікті көрегендікпен ертерек пайымдаған Елбасының бастамасымен әзірлен­ген жаңа Конституция жобасы жалпыхалықтық талқылауға ұсы­ны­лып, 1995 жылғы 30 тамызда ре­ферендум нәтижесінде Қазақ­стан Республикасының Консти­туциясы қабылданды. “Конституциялық реформа жа­самай-ақ, бұрынғыша жүре бер­генде, қазіргі жайымыз қандай бо­лар еді?”, – деген сауал кейде са­наңды сығалайды. Экономика­сы­ның даму деңгейі бізге қарағанда, тәуірлеу болған, бірақ тәуелсіз­дік­тің таңы атқаннан кейін өз конс­титуцияларын жаңа өмірге лайық­тап қабылдап, дұрыс саясат ұстана алмауының және саясатшылдыққа ұрынуының салдарынан алтын уа­қыт­тарын бекер өткізіп алған ағай­ын елдер өркениеттің ұлы көшінен біртіндеп кейінге ығысып, эконо­микасын кенжелетіп алды. Осы елдердегі саяси-экономикалық ахуал менің жоғарыдағы сауалыма нақты жауап сияқты болып көрі­неді. Кезінде біздің бұл ісімізге мұ­рын шүйіре, тіпті күле қараған сол ағайындар енді бізді үлгі тұтып, өнеге алуға тырысып бағуда. Олар­дың қазіргі осы қарекетін көрген кезде, “Міне, біздің Қазақстан, міне, біздің Конституция, міне, біз­дің Елбасымыз” деп, іштей мақ­та­ныш сезіміне бөленеріңіз хақ. Өткен 15 жыл ішінде қарқын­ды даму жолына түсіп, әлем ел­дерінің бізге жылы қабақ таны­туын, тіпті ЕҚЫҰ-ның төрінен орын берілуін біздің Ата Заңның елімізде демократиялық қоғам орнату үдерісіндегі ерекше рөл ат­қарып жатқандығының бір көрінісі деп түсінген абзал. Өзімнің төл мамандығым құ­ры­лысшы болғандықтан, мысал­да­рым да көп жағдайда осы саладан болып келеді. Кез келген күрделі жоба оның тиісті жобалау-смет­алық, т.б. құжаттарын алдын ала жан-жақты әрі тиянақты сараптап әзірлеуден басталып, одан әрі осылардың негізінде құрылыстың іргетасы қалана бастайтыны бел­гі­лі. Сол сияқты мемлекеттік құ­ры­лыстың қалыбын белгілеу консти­туция қабылдаудан басталады, яғни Конституция мемлекеттік құрылыстың бас құжаты болып саналады. Осы бас құжат негізінде және оған сүйене отырып, мем­ле­кеттік құрылыс жүйесі қалып­тас­ты­рылады, құрылысшылар тілімен айтқанда, мемлекеттің іргетасы сомдалады. Ал болашақ ғимараттың сенім­ділігі мен өміршеңдігі, беріктігі, орнықтылығы мен мызғымастығы оның іргетасының қалай қалан­ға­нына тікелей байланысты болаты­нын ескерер болсақ, мемлекеттің қуаты мен қауіпсіздігі, қоғамның ын­тымағы мен беріктігі Конс­ти­туцияға, оның бұлжымай орын­да­луы­на тікелей тәуелді. Мемле­кет­тің түгелдей нормативтік-құқық­тық актілері Конституцияға бек үйлесімді, оның тұжырымдары мен талаптарына еш қайшы келмеуі тиіс болғандықтан, оны Ата Заң, дәлірек айтқанда, басқа заңдардың бастауы, негізі деп атайды. Сон­дық­тан оған дейінгі барлық заң­намалық актілер және осы 15 жылдың ішінде қаншама заң жаңа Конституцияға сәйкестендіріліп өзгертілуде немесе жаңадан қабыл­дануда. Осылардың қатарында жер­гілікті биліктің қызметін рет­тей­тін заң жөнінде де айтуға болады. Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы жергілікті басқару органдарының қызметі бұ­рынғы кеңестік заң жүйесі негі­зін­де жүргізілді. 1993 жылы қабыл­дан­ған Конституцияға сүйене отырып 1993 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасындағы жер­гілікті басқару жүйесін, жер­гілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін, оларды ұйымдастыру тәртібі мен қызметін айқындайтын “Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 1994 жылы наурызда жаңа жүйедегі жергілікті өкілді ор­гандар – бірінші шақырылған мәс­лихаттар бес жыл мерзімге сайланды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес 2001 жылғы 23 қаңтарда жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін, жергілікті өкілді және атқарушы органдар­дың құзыретін, қызметінің ұйым­дас­тырылуын, тәртібін, сондай-ақ мәслихаттар депутаттарының құ­қық­тық жағдайын белгілейтін “Қа­зақстан Республикасындағы жер­гілікті мемлекеттік басқару ту­ра­лы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Жаңаша қалыптасып, дамып келе жатқан біздің еліміз жылдан-жылға жаңаруда, түлеуде, олай болса оның Конституциясының да уақыт ағымына қарай өзгеріп оты­руы заңды құбылыс. Конституция өткен 15 жылда біршама өзгеріс­терге түсті. Соның кейінгісі – “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” 2007 жылғы 21 мамырдағы №254-ІІІ Қа­зақстан Республикасының Заңы. Осы өзгерістер бойынша мемле­кет­тік басқару президенттік билік жүйесінен президенттік-пар­ла­менттік билік жүйесіне ауысты­рыл­ды. Осыған байланысты Пар­ламент Мәжілісінің өкілеттіктері біршама кеңейтіліп, оның 98 де­путаты ел тарихында алғаш рет партиялық тізім арқылы, ал 9 де­путаты елдегі тұрақтылық пен ұлт­аралық татулықты нығайтудағы ерекше рөлі ескеріле отырып, Қа­зақстан халқы Ассамблеясы арқылы сайланатын болды. Осындай біршама өзгерістер өзімнің қазіргі қызметіме тікелей қатысы бар “Жергілікті мемлекет­тік басқару және өзін-өзі басқару” деп аталатын VІІІ бөлімге де енгізілді. Осы өзгерістердің жер­гі­лікті өкілді органдарға қатысты­ларын қарасақ: мәслихат депутаттарының өкі­лет­тік мерзімі бес жылға ұзар­тыл­ды, мәслихат өкілеттігін мерзі­мінен бұрын тоқтату құқығы Пар­ламент Сенатынан Республика Президентіне берілді (86-бап); облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындалатын болды, мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін болды (87-бап); Конституцияның 89-бабының 2-тармағына енгізілген өзгерістерге сай: “Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғын халық тікелей жүзеге асы­рады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұра­тын аумақтарды қамтитын жер­гі­лікті қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін-өзі басқару орган­дары арқылы жүзеге асырылады. Жергілікті өзін-өзі басқару ор­ган­дарына мемлекеттік функция­лар­ды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін” болды. Осылардың негізінде “Жергі­лік­ті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Қазақ­стан Республикасының Заңына да тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістер қазір қа­лып­ты жүзеге асырылуда. Төртінші ша­қырылған мәслихат депутат­тары 2007 жылы 5 жыл мерзімге сайланды. 2008 жылы 12 мамырда облыстық мәслихаттың кезектен тыс VІ сессиясында республика Пре­зиденті облыс әкімін тағайын­дамас бұрын депутаттардың ке­лі­сімін алды. 2009 жылғы 26 мау­сым­дағы ХVІІІ сессияда Қызыл­орда облысында жергілікті қоғам­дастықтар жиналысын (жиынын) өткізу және шешімдер қабылдау ережесі бекітілді. Конституцияны басшылыққа ала отырып, еліміз бұдан әрі де осы даму жолынан бұлтармасына кәміл сенемін. Алдағы меже – әлемдегі дамыған 50 елдің қата­рына қосылу болса, осы межені бағындыру, бүкіл қазақстандықтар үшін абыройлы міндет. Осы мін­детті жүзеге асыру үшін ел эко­но­микасын әртараптандыру, индус­тр­ияландыру бағдарламалары қарқынды жұмыс істеуде. Біздің мемлекет жағдайында Елбасының әу бастағы әуелі экономика, содан кейін саясат деген қағидасына сәйкес экономиканы тереңдете дамытумен қатар, қоғамды демо­кра­тияландыру үдерісі де қалыпқа түсе бастады. Қызылорда облысында да жаңарудың айшықты нышандарын байқау қиын емес. Жаңа өмірге, жаңа қоғамға (жаңа заңдарға) жедел бейімделу оңай шаруа емес екені белгілі. Басында абдырап, не істерін білмей қалған халық қазір адымын үдете бастады. Оны тұр­ғындардың күнделікті тіршілігінен, тұрмыс жағдайының біртіндеп жақсара бастауынан, ертеңге деген сенімінің нығаюынан айқын көруге болады. Әркім өз қабілет-шамасынша тіршілік етуде. Жал­қау­лық пен жайбасарлық, маскү­нем­дік пен түрлі теріс әрекеттер келешегінің кемелдігін арман­да­ған, қатарынан кем болмауды ой­лаған азаматтың серігі емес. Қа­зақтың “Еңбек етсең – емерсің” дегені бұрын да орынды еді, ал енді бүгінгі тіршілікте одан асырып айту мүмкін емес. Қаламыз, кенттеріміз, ауылда­ры­мыз жаңарып, абаттануда. Мек­тептер, медициналық мекемелер, ауыз су желілері, жолдар салынып, инфрақұрылым біртіндеп жөнге келе бастады. Елбасы айтқандай, бүкіл республика құрылыс алаңы­на айналды. Көшеде келе жатып, жаңаша бой түзеген, бірінен-бірі өткен қаншама сәулетті ғимарат­тарды көріп, сүйсіне таңданасың, таң қаласың. Жыл өткен сайын жаңару да жақсылықпен жандана түсуде. Осы жағымды жақсылық­тардың бастауында Тәуелсіз Қа­зақстанның игі Конституциясы тұр. Нұрлан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы.