14 Тамыз, 2010

Қоңырау қағылар шақ таяу

532 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана уақыт қалды. Білім беру мекемелері жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын осы айда қайта-қайта пысықтап жатса, оқушылардың ата-аналары да ұл-қыздарының дәптер-қаламдарын түгендеп, киім-кешектерін жаңартып, жаңа оқу жылына қызу дайындалып жатыр. Мұндай дайындық жұмыстарынан Білім және ғылым министрлігі де қалыс қалмағаны анық. Жаңа міндеттер мен тапсырмаларды, жауапкершілікті сезінген білім ведомствосы жаңа оқу жылын қандай жағымды жаңалықтармен қарсы алмақшы? Еліміздің білім және ғылым саласында қандай өзгерістер болды? Білім беру сапасы, оқулықтардың толық шешілу мәселелері қандай деңгейде сынды қоғамдық сұрақтарға жауап беру үшін, бір жағынан, 2010-2011 жаңа оқу жылының дайындық жұмыстарын бұқараға таныстыру мақсатында кеше Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Астана, Алматы қалаларының және облыстық білім басқармаларының бастықтарымен республикалық кеңес өткізді. Жоғарыда аталған барлық мәселелер осы республикалық кеңесте қызу талқыға түсті. Кеңестің ең негізгі түйіні 2010-2011 жаңа оқу жылының дайындығы болды. Министр Ж.Түймебаевтың жасаған баян­да­ма­сына сүйенсек, 1 қыр­күйекке дейін жаңа 67 мек­теп, олардың ішінде 28 мектеп – респуб­ли­калық бюд­жет қаржысы есебінен, 39-ы – жергілікті бюджет қаржысы есебінен іске қосылады. Апат­ты жағдайдағы мектептердің санын 58-ге, үш ауысыммен оқи­­тын мектептерді 14-ке азай­туға және 29 мектепте оқушылар орындарының тап­шылығын қыс­қар­туға мүм­кіндік туды. Өткен жылғымен салыстырғанда, биыл бірінші сыныпқа баратын мектеп жа­сындағы балалардың саны 60 пайызға өскендігі, яғни 297778 бала бірінші сыныпқа бара­тын­­ды­ғын тілге тиек етті ми­нистр. Бұл, әрине, демогра­фиялық жағдайы­мыз­дың жыл­дан жылға жақсарып келе жат­қанының шынайы көрі­нісі. Сонымен қатар 650 мектепте жалпы құны 14,9 млрд. теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Ал 10 тамызға дейін орындалған жұмыстардың көлемі 71 пайыз болса, 5238 мек­теп, яғни жалпы сомасы 4 млрд. 967 млн.-нан астам теңге ағымдағы жыл­дың жөндеу жұмыстарымен қам­тылды. Бұл дегеніміз – мектеп­тердің 85 пайыздан астамы жаңа оқу жылына сақадай-сай отыр деген сөз. Жаңа оқу жылына дайын­дық жұмыстарының ішіндегі ең өзектісі білім беру ордала­рының жылу маусымына дайындалу жұмыстары болып табылады. Бұл мәселелер әлі толық шешімін тап­паған еді. Оны қалайда шешу ке­рек­тігін жақында Үкімет басшысы К.Мәсімов те айтып өткен бо­ла­тын. Жалпы, еліміздегі мек­теп­тердің 82 пайызы жеке жылыту жүйесіне қосылған. 1051 мектеп пешпен жылы­ты­лады. 883 млн.тонна қатты отын, 53,5 мың тонна сұйық және 9 млн. текше метрден ас­там газ қажет. Отынды сатып алу және жеткізу жөніндегі мәселелер, мектептердегі қа­зан­­дық­тардың ескіргендігі рес­пуб­лика көлемі бойынша мек­теп­тердің жылу маусымына дайын­дық жұмыстарының нәтижесін сәл ақсатып отыр­ғаны жасырын емес. Республикалық кеңес ба­ры­­сын­да Білім және ғылым ми­нистрі “Балапан” бағдар­ламасын жүзеге асырудағы жұ­мыстарға да кеңінен тоқталды. Аталмыш бағ­дарлама шең­берінде 17 374 орын­дық 384 мек­теп жасына дейінгі ме­кеме, соның ішінде 4490 орын­дық 38 балабақша бұрын жеке­ше­лендірілгендерін қайтару, бос тұрған коммуналдық меншік­тегі ғимараттарды босату, ба­лабақ­ша­ларын ашуға жарамды ғимараттар мен бөлмелерді беру, 1295 орын­дық 25 жеке балабақшаны және 5787 орындық 173 шағын орта­лық­тар есебінен іске қосыла­тын­дығына министр арнайы тоқ­талды. – Үстіміздегі жылдың 1 та­мызынан 30 қыркүйекке дейін “Мектепке жол” рес­публикалық акциясы жүргі­зіліп жатыр. Мұның мақсаты – әлеуметтік жағдайлары на­шар және көп балалы отба­сы­ларға қолдау көрсету. Былтыр бұл акцияға мемлекеттік қыз­меткер­лер, депутаттар, меце­наттар бел­сенді ат салысқан. Бірлесіп іс-әрекет жасаудың нәтижесінде 200 мыңға жуық балалар 1 млрд. тең­геден астам сомаға қажетті мектеп фор­масымен, спорт киімдерімен, аяқ киімдермен, оқу-жазу құ­рал­дарымен қамтамасыз етілді, – деді өз сөзінде Ж.Түй­ме­баев. Сондай-ақ, мектептерге “Өзін-өзі тану” сабағын ен­гізуге бай­ланысты және басқа да көкейкесті мәселелер кеңінен талқыланды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.