14 Тамыз, 2010

Ауылға білікті мамандар ауадай қажет

1480 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Толғандырар тақырып

Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақ­ты дамуы және өндірілетін өнім­дер­дің бәсекеге қабілеттілігі көп жағ­дайда өндірісті білікті кадр­лар­мен қамтамасыз етуге тәуелді. Бү­гінгі таңда бұл мәселе күрделі жағ­дайда қалып отыр. Себебі, еліміздің жоғары және арнаулы оқу орын­да­ры ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандарын даярлауды едәуір қыс­қартты. Мұның өзі ауылды кадр­лармен қамтамасыз етуді анағұр­лым қиындатты. Облыстағы аграр­лық сектор үшін мамандар даяр­лайтын жалғыз оқу орны – Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінде он екі мамандық бойынша оқы­тады. Колледж жанынан ұйым­дас­тырылған курстарда жыл сайын ауыл шаруашылығы құрылым­да­ры­на қажетті мамандар қайта даяр­ланады. Оларға Ақтөбе тәжірибе стансасының ғалымдары, облыстық ауыл шаруашылығы мамандары дәріс береді. Жыл сайын осы колледж­дің қабырғасынан шыққан кадрларды ауылдық жерлерге жұ­мыс­қа орналастырудың өзі үлкен проблемаға айналуда. Шаруа­шы­лық басшылары өздеріндегі білікті кадрларға зәрулікке қарамастан, жас кадрларды жұмысқа орналас­тыруға ықыласты емес. Өйткені олардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларын қанағаттандыруды басы артық шаруа санайды. Сөйтіп, өздеріне келетін көптеген тиімді­ліктерден ұтылуда. Алдағы уақытта бұл мәселені шешіп, кадрларды ауылдарға тұрақтандырудың батыл шараларын алатын кез жетті. Ауыл шаруашылығы секторы­ның өнім өндіру және қайта өңдеу салалары ел экономикасының басым­дылықты саласына айналып келеді. Мемлекет жыл сайын ауыл шаруашылығын өркендетуге қар­жы­ны анағұрлым көбірек бөлуде. Соның бір мысалы – еліміздің аграрлық секторы 2010 жылы мем­лекеттен 1 млрд. 429 млн. теңге қар­жылай көмек алмақшы. Әрине, мұндай қомақты қаржының ауыл шаруашылығын қарқынды дамы­туға ықпалы болары түсінікті. Де­мек, алдағы уақытта салаға кадрлар даярлау мәселесін ойдағыдай ше­шуге толық мүмкіндік туады деген сөз. Қазір ауыл шаруашылығының басым бағыттары бойынша, оның ішінде ғылыми білім және әдіс­те­мелерді тарату саласында кадр әлеуе­тінің жеткіліксіздігі байқала­ды. Әлі күнге экономикаға қажетті мамандықтар бойынша мониторинг өткізілмеуі де кедергі болып отыр. Жоғары білікті кадрлардың ком­мерциялық салаға кетуі де тоқта­мауда. Ауыл шаруашылығы өндірі­сін­дегі жұмыс орындарының әлеу­меттік тартымдылығының нашар­лығы да білікті кадрларды тартуға кедергі болуда. Сондықтан ауыл ша­руашылығына қажетті маман­дарды даярлайтын оқу орын­дары­мен байланыс орнату, агроөнер­кәсіп кешеніне қажетті кадрлардың саны мен сапасына талдау жүргізу, оларға қажеттілікті анықтау қажет. Ауыл шаруашылығы құрылым­дарының қажеттілігіне байланысты мамандардың кәсіптік-техникалық, арнаулы білімнен кейінгі аграрлық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында білім алуларына мем­лекеттік тапсырыстар бөлу, ірі және орта ауыл шаруашылығы кәсіп­орын­дарының штат кестесіне қа­жетті мамандықтарды кіргізу және олардың жалақыларының мөлше­рін біліміне, еңбегіне сай белгілеу, мемлекет-жекеменшік әріптестігі және сұраныспен кадрлар даярлау мәселелері бойынша түсінік жұ­мыстарын жүргізу керек. Ауыл ша­руашылығы мамандықтары бойын­ша бітірген түлектерді ауылдық жер­лерде жұмысқа орналасу ша­раларын алу, кәсіптік тәжірибеден өтулерін ұйымдастыру ұтымды болар еді. Колледж, кәсіптік-тех­никалық мектеп және лицей бітір­ген түлектерге, мал ұстауға және оның жем-шөбін, арзандатылған отын бөлуге көмек беруді де ой­лас­тырған жөн. Мал шаруа­шы­лығындағы қол еңбегін көп қажет ететін буындарды механикалан­дыру үшін қазіргі заманғы ауыл шаруа­шылығы техникалары мен құрал-жабдықтарын лизингке бөлуді қа­растыру да күн тәрті­біндегі мәселе. Әйтпесе, қазір ауылда білікті ма­мандарды күндіз майшаммен іздесек те таба алмауға айналдық. Бұл жағдай әлі де жалғаса бере ме деген қауіп те жоқ емес. Жастар ауыл шаруашылығы мамандық­та­рына даярлайтын оқу орындарына бармайды. Бітіргендердің өзі ауылға жоламайды, қалаға қалуға тыры­са­ды. Оның себептері әртүрлі. Бірін­ші­ден, ауыл шаруашылығына қажетті мамандарға мемлекеттік тапсырыстың төмендігі, екіншіден, тар шеңберлі мамандандыру және шаруашылықтардың ұсақтығы, егіншілік пен мал шаруашылығы саласының мәдени деңгейінің төмендігі дер едім. Ауыл зәру болып отырған мамандар қата­рында мал дәрігерлерін, агроном­дарды, жерге орналастырушы­лар­ды, технологтарды атап айтуға бола­ды. Мысалы, облыс бойынша 2010 жылға 35 жоғары және 46 орта арнаулы ауыл шаруашылығы маман­дарына сұраныс бар, алайда, олар­ды қалай, қайдан, қайтіп келтірудің жолдары анықталған жоқ. Қазір Үкіметтің ауылды түлетуге деген қадамдары үміттендіреді. Соңғы жыл­дары, ауылдықтарды қаржылай қолдаудың сан-тарау тетіктерін қолдану, сондай-ақ тауарлы несие беру, лизингтік әдіспен техника пар­кін жаңартуға, науқандық жұ­мыстарға жанар-жағармайдан же­ңілдік жасау қалыпты жағдайға ай­налды. Дегенмен ауыл шаруашы­лығы мамандарын тұрақтандыру­дың ең осал буын болып отырға­нын жасырудың реті жоқ. Үкі­меттің қаржысымен квота бойынша оқығандардың өзі қайткенде де ауылға бармаудың жолдарын тауып кетіп жүр. Сондықтан бұл мәселені үкіметтік деңгейде шешу қажеттілігі туындайды. Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының түлектеріне барған жерлерінде әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу, көтерме ақы беруді қарастыру қажет. Әйтпесе, қаланы да, даланы да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауылға маман кадрлардың жетіспеушілігі бұрынғыдан да арта түседі. Ал, бұл өз кезегінде шетел рыногына шығатындай қабілетті, сапалы азық-түлік өндіруге кедергі болып қана қоймайды, өзімізді өзіміз қамтамасыз етуді де қиындата түсері сөзсіз. Лаура НҰҒЫМАНОВА, “Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасы” ММ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің жетекші маманы. Ақтөбе облысы.