14 Тамыз, 2010

Ақ тілеулі абзал ана

879 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Адалдықты ту етіп, бір Аллаға қараған, Әділдіктің жолында табаны таймас сарадан. Қаріп пенен қасердің күніне қиын жараған, Ақ тілекті анадан, намыстан, ардан жаралған. Бекболаттай арданы ақ сүтімен емізіп, ынсапты, ақ алмастай қажырлы етіп тәрбиелеп шығарған Айнагүл анамызбен көзі тірісінде әңгімелескен едік. Жедел жарияламай, елім дегенде елжіреп сала беретін сезімі сергек абзал анамен әлі де біраз сырласып, кітап етіп шығарсам дегенмін. Алланың жазуымен еске алу ретінде ұсынуға тура келіп отыр. – “Кісінің атын мәңгі-бақи өшірмейтін оның тірлікте тапқан абыройы болса керек”, деген екен Абылай хан. Екі ғасырдың, табанының бүрі жоқ талайларды тайғақ кешуде тура жолдан тайдырып та жіберген екі бірдей өтпелі кезеңнің, ерді етігімен су кештірген Ұлы Отан соғысының да тауқыметін тартқан куәгері болып қана қоймай, халқымызға әрқайсысы бір қауым ел болып отырған, “қазақты көргің келсе дәл осы деп көрсетсе дүниеге ұял­май­тын” он азаматты, оның ішінде “Ертөстігім бір бөлек” дегендей ұл­ты­мыздың намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүр­ген Бекболатты берген өзіңізбен әңгімені сәл әре­гі­ректен қозғасам деймін. “Алып – анадан” деп ананы аса бағалаған біздің қазақта “тек” деген ұғым бар. Бастаулардың бастауы – тегіңізді тарата отырсаңыз. – Арғынның ішінде Сай­далыдан тараймын, келген жерім Тоқа болады. Бекболаттың әке­сімен екеуміз нағашылы-жиен­діміз. Әкем ұлы болмаған себепті апасына: “Сен ұлыңа менің Ай­нагүлімді ал, сонда ол өз ұлым­дай болады”, дейді. Әкемнің сөзі құлағына тигеннен кейін өзі пысық, әсіресе қалың қолаң шашы тобығына түсетін көрікті қыз болып өскен маған Бекболаттың әкесінің де көңілі кетеді. Сөйтіп әкем себеп болып, екеуміз қосылдық. Тұң­ғышым – алпыс екіде, кенжем – Бекболат қырық үште. Осы екі арада он төрт құрсақ көтердім. Төртеуі кішкентайында шетінеп кетті. Онын өсіріп, бәрі де жоғары білім алды. Бекболаттан үлкен Бекзат деген балам жиырма үшінде жол апатынан қайтыс болды. Анаға баланың бәрі бірдей. Атақты күйші Сайдалы Сары Тоқаның тұқымдарымыз. Балала­рымның бәрі де нағашы жағына тартқан домбырашы. Әсіресе үлкенім Мұхаметжан – Тоқаның күйшілік мектебін насихаттап жүрген, талай сайыста бәйге алған дәулескер күйші. Тоқаның төрт толғауын ондай тартатын ешкім жоқ дейді күй танитын адамдар. Бекболат – кенжем, “кісі жығатын балуанның аяғы қисық болады” дегендей, жасынан қасиетті болатыны кісі танитын адамға белгілі болды. Үлкенім – Мұхаметжан Жәнібек Кәрменовпен жолдас болып, алғаш Жәнібекті ауылға алып келгенде Бекболат төрт жаста ғана еді. Олар ән айтса, төрт жастағы бала отыра қалып тыңдайды. Сонда Жәнібек Кәрменов төбесінен бес саусағымен басып ұстап тұрып; “Мынау нағыз Маркс, әнді зер салып тыңдайды. Үлкен адамдардың көбі бұлай тыңдай алмайды. Бұл болайын деп тұрған бала”, деді. Әкесі де әнші еді. Бекболаттың даусындай сұмдық биік болмағанмен, құлаққа өте жағымды әдемі дауыс болатын, оған Ботаның даусы айнымай тартқан. Басында солай бастағанмен, өсе келе Бекболаттың дауысы аса биік, бояуы қанық ерекше болды. Жұрт солай бағалап жүр ғой. Менің балам деп иемденгенмен, исі қазақ біздің баламыз, Бекболат көпке ортақ, дейді. Лайым халық тілегін тілейтін қазақтың ортақ баласы болғанына қуанамын. Оның бер жағында дінге жуықтығы да көпшілікке сүйікті етіп кетті. Артық сөйлеп кетем бе, жұрт ұлтшыл дейді. Ұлтшыл екені де рас, қазаққа, ұлтым дегенге, дінге бұрып тұратыны да рас. Біреу мін дер, біреу азаматтық борыш дер, оны қалай айыратынын өздері біледі. “Алланы сүй, Алланың хикметін сез, дүниеде не қызық бар одан басқа!?” депті Абай аталарың. Сол сияқты барша халықты сүйіп, жалпы елмен қарым-қатынас жасап, баршаға қызмет етуге үлкен жүрек керек. Осы қасиет Бек­болатта бар. Уақыты жеткенінше, шамасы келгенінше халыққа қызмет етуге тырысады. Қазағым дегенде, дін дегенде, өнер адамы дегенде жүрегі ерекше. – Бекболаттың әншілігі әкеден, күйшілігі мен сазгерлігі нағашыдан, өзім көріп, пайымдауымша, шешендігі мен көсемдігі шешеден берілген қасиет секілді. Ал өзіңізге кімнен дарыған? – Арғы жағымызда Иса қажы деген би атамыз болған. Аса ақылды, ержүрек, білгірлігіне ешкім тең келмейтін, елді аузына қаратқан шешен әрі көсем болғанмен, ашуы қатты, алдына шыққанды кешір­мейтін аса қатал да адам болған екен. Болыстыққа сайлауға түскенде әрбір елу үйден сайланатын елубасын ел не дейтінін білуге барлауға жібереді екен. Ел: “Иса қажы қанша дауыс алса да оны сайла­маймыз” дегенін естігенде: “Жұрт дұрыс айтады. Көп қорқытады, терең батырады – онда мен сайлауға түспеймін”, деп сайлауға түспей қалады екен. Осындай мықты атамыз болған. – Кеудеге салмай, халықпен санаса білу нағыз көрегендік. Текті атаның ұрпағы, өнерпаз ұл тәрбиелеген тәлімді ананың кейінгі ұрпағына айтары бар ма екен? – Ел біздің тілегімізді қалай тілесе, біз де елдің тілегін солай тілеп отырамыз. Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі де сондай кең. Сол ниетімізге қарай барлық елдің ішінде ешқандай қантөгіссіз еге­мендігімізді алып отырмыз. Алла сайын дала, шалқар көл, кең байтақ мекенді қазақтың көңіліне қарай берген деп мақтанамын. Шыны да солай. Егемен­ді­гіміз баянды болсын. Халқымыздың ұлтым деп соқ­қан жүрегі аман болып, бейбітшілікті қалаған тілегін сауаптан жаза берсін. – Бекболаттың елжандылығының негізі қайдан екенін топшылап отырған секілдіміз. Бекболат көбіміз секілді айтып түсіндіріп қоюмен іс бітті демей, бәрін өзінен бастайды. Айтқан сөзінің үдесінен шығып, бір басыма өнерім де, беделім де, атақ-абыройым да, нәпақам да жетеді деп жан рахатын күйттемей, адасқанға тікелей жол көрсетуге асығады. Заманның күрт өзгерісіне ілесе алмай тығырыққа тіреліп, шаңырағы шайқалып, арақ ішіп құлдырап бара жатқан қаншама адамды, тіпті үйіне жатқызып алып, кеудесіне үміт отын жағып, болашаққа сенімін арттырып, жан дүниесін тазарту арқылы тура жолға салып, кейбірін өзі үйлендіріп, отау тіктіріп жібергеніне өзім куәмін. Осы қазаққа ғана тән, бірақ соңғы кезде сирек кездесетін ерекшелікке айналып бара жатқан көпшілдігінің қайнар көзі туған шаңырағында көріп, бойына әбден сіңген қасиетте екенін де өздеріңізбен тығыз араласқалы түсінгендеймін. Бұрын да өнер адамдарынан сіздің үйдің белдеуінен ат, төрінен қонақ кетпейтінін естіп жүретінбіз. Күндіз-түні қонақ күте жүріп он баланы ұқыптылыққа тәрбиелеу қиын да болған шығар? Сіздің замандастарыңыздың бәріне үлгере жүріп, өзіңіз секілді сексеннен асса да ажарын да сақтай алатынының сыры неде деп білесіз? Сіздің сексеннен асқандағы әдемі сақталған ажарыңыз, ақыл-парасатыңыз, киім киісіңіз мен үшін үлкен өнеге мектебі секілді. Қазір қонағын мейрамханада күтіп, айналдырған бір-екі баласын күтуші жалдап бақтыратын, соның өзінде не күйеуінің жағдайын жасауға, не өз басын күтуге шамасы келмей жүретін келіншектерге айтарыңыз... – Мен соғыс уақытысында он жеті жасымда тұр­мыс­қа шықтым. Ол өте қиын кез еді ғой. Егін орағы кезінде таңертең жейтін бір уыс бидайымызды үгіп жасырып алып келеміз. Сталин­нің заңы қатал. Ұстап алса соттайды. Пысығымыз келе қол диірменге тар­тып, нан пісіріп жі­береміз. Диірмен тапсақ қуа­намыз. Не айлық бермейді, не өзіміз теріп жүрген егіннің ма­са­ғын да алдырмайды. Неге бұ­лай деп те айта ал­маймыз. Сон­да да он баланың біреуі аш, бі­реуі жа­лаңаш болған жоқ. Алла өзі жасаған адамына ри­зы­ғын өзі береді. Менің бір мінезім – өзімнен жо­ға­рыға қарап, осын­дай болсам, деп еш ойламай­тын­мын. Жолдасым екеуміздің еңбегімізбен тапқаны­мызға қанағат еттік. Балаларымның бә­рі де оқып білім алды. Басы­мыз­дың амандығына шүкірлік еттік. Осы күні сендер дағдарыс келе жатыр, ол екі жыл болады, зардабы тағы бір жылға созы­ла­ды екен дейсіңдер. Мен қа­зақтың пейіліне дағдарыс болады деп ойламаймын. Өйткені, бір жапырақ наны болса, жетпей жатқанға бөліп береді. Қырық екінші жылы немістерді Қазақстанға аударғанда бір отбасы немісті біздің үстімізге кіргізді. Үш баласы бар жесір әйел. Әлгілер берген тамағымызды ішпейді. Ішіңдер десек, беретін ақшамыз жоқ, дейді. Ей, түк төлеме, іш, дедік. Сөйтіп, отбасымыздың мүшесі етіп қосып ал­дық. Сонда жаңағы неміс: “Ой, шіркін, мұндай да мейі­рімді ұлт бар деп кім ойлаған, бір күн жұмыс істе­мей, қазақ арасында ертеңіңе еш қамсыз өмір сү­руге болады екен”, деп таң қалатын. Сол немістерді түгелдей асырап, кейінірек үй алып бердім. Немістер қайтатын уақыт болды ғой, кетерінде сол үйге бір тиын ақша алмай: “Сізден көрген жақсылығымызды қалай ұмытамыз” деп үйді тегін тастап кетпек болды. Кезінде өзім алып берсем де, шығысымнан шығарып жіберген үйді қалай тегін алып қалам, содан сол үйді бір қайныма алып беріп, тиынын қолдарына ұстатып жібердім. Барғаннан кейін де араласып тұрдық. Солар қазақ арасында тұрған кездерін әлі күнге аңсайды. Аллаға шүкір, сол пейілімізге беріп отыр. Шүкірлік етіп, барды бағалай білген жөн. Көшеге шықсаң жаяудан мәшине көп. Неғылған дағдарыс? Осындай заманда баға алмаймыз деп бала санын шектеу – барып тұрған күнә, екіншіден ұлтымызға қиянат. Аз ұлт әлсіз болады. Көп баланы баға алмаймын деген де сылтау. Алдыңғылары жеті-сегізге келген соң-ақ бірін-бірі бағып, жетіліп кетеді. Бір-біріне бауырмал болып өседі. Өсіңкіреген сайын қолғанатың да көбейеді. Әлгі бір-екі баласының өзін кісі жалдап бақты­ратындар кейін соның тауқыметін тартады. Ата-әже, әке-шеше көкірегінің жылуын сезінбеген балада қан­дай мейірім болады. Келіндеріме айтарым: туыңдар. Бала туған сайын, оның бала кездегі қылығын, өскендегі қызығын көрген сайын адам жасара түседі. Бояумен жасарам демей, балаларыңмен жасар. – Сізбен сырласып, түпкі ойыңызға терең бойлай түскен сайын ұлт болашағына байланысты Бекболатты толғандырмайтын еш нәрсе жоғын; тіл үшін де, мектеп оқулындағы кемшіліктер үшін де, төлқұжат жасауда кеткен қателік үшін де шыр-пыры шығып жүретіні, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған, бауыр­малдық қазақы қасиетті қалпына келтіру үшін қазіргі заманғы тиімді насихат құралы – киноның мүмкіндігін пайдалану үшін, халықтан лайықты бағасын алған “Жетімдер”, “Ағайындылар” фильмін жасап, жастар санасына сәуле түсіруге тырысаты­нының да бастауында өзіңіз тұрған секілдісіз. Енді қандай келін болғаныңыздан сыр суыртпақтай отырсақ... – Жоғарыда айттым, енем өзімнің апам болды. Ол кісі жайбасарлау болды. Мен келе салып, еденді қырып, қара қағаз төсеп, тақтайдай тегістеп, төсенішін жуып-шайып жайнатып қойдым. Қай жерде ұқыпты қолды тілеп тұрған жұмыс іздеп тауып жүретінмін. Енем нан да жая алмай, қолымен үзіп салады екен. Нан жая алмайтын қандай қатынсың, сені де қатын деп алды ма деп әзілдейтінмін, туған апам ғой, ренжімей, “тақылдамай қойшы, менің байым да сенің байыңнан кем болған жоқ, Тікіжан-Тікіжан атанған ерке Тікіжанның алақанына салған әйелі болдым”, деп күліп алып, баламды бағатын. Еттің нанын қағаздай ғып жаямын, көмген наным қандай, көршілер сенің наның ұлпадай жұмсақ, дәмді деп сұрап жейтін. Балаларым тап-тұйнақтай таза Айнаш, Айнаш атанған пысық келін болдым. – Қандай ене болдыңыз? Қыздарыңызды қалай тәрбиеледіңіз? Күйеуіне өкпелеп келсе, қалай қарсы алдыңыз? – Келген келінге білгенімізді үйретіп, өз қызы­мыздай үйірімізге қосып аламыз. Үш қызды абырой­лы тәрбиелеп ұзатқан адамға жұмақтың есігі ашық дейді ғой. Біз төрт қызды салтымызға сай абыройлы тәрбиелеп ұзаттық. Не біреуі күйеуден айрылысқан жоқ, не біреуі шағым айтып келген жоқ. Себебі, мен қызды өте қатты ұстадым. Кешкілік ешқайда шыққан емес. Қазір күйеубалаларым айтады ғой: “Сіздің үйге бару қиямет еді, үйлеріңіздің маңайына жолай алмайтынбыз” деп. Сосын ұзатыларда: “Бұл үйден кеттің. Енді қайтып келмейсіңдер. Барған жерлеріңе тастай батып, судай сіңесіңдер” дейтінбіз. Сөзін сөйлесең бәлеге қалдың ғой, қазіргі жастар сөзін сөйлейтінін білсе, арқа сүйерім бар деп билікке ұмтылады. Қашанда әйел өз орнын білгені дұрыс. Жаңаарқа жұрты: “Балаларыңның жетіп тұрғаны сенің арқаң ғой” дейді. Әй, Рамазанды генерал жасау, Бекболатты депутат жасау менің қолымда ма, өздерінің еңбегі ғой десем, “Бастан қатырып тәрбие­леп тастағансың ғой” дейді. Құдайға мың шүкір, балаларыма ризамын. Бала­ларымның да көңілінің адалдығы болар, ешбіреуі алдыма шығып көрген жоқ. Рахатын көріп келемін. Алланың берген жасына да, көрсеткен қызығына да ризамын. Енді осы балалардың алдында иманымды бұйыртса деп отырған жайым бар. – Алла тұқым-тұқияныңызды осы қасиеттен айырмасын. Әлі де көрер қызығыңыз көп болсын. Сол қызықты рахаттанып көру үшін тәніңізге қуат, деніңізге саулық берсін. Әңгімелескен Зәмза ҚОҢЫРОВА, жазушы.