17 Тамыз, 2010

Орманды қасақана өртеушілер бар

523 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Үкіметте селекторлық кеңес болып өтті. Онда еліміздің өңірлерінде өртке қарсы күрес шаралары және биылғы кейбір өңірлердегі құрғақшылық жағдайына байланысты нан бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, соңғы аптада елімізде 26 орман және 56 дала өрті орын алған. Осы мәселеге арналған өткен селекторлық кеңестен кейін барлық облыс әкімдіктерінде өртке қарсы күрес штабтары құрылған. Жер-жерлерде орман алқаптары мен өрт қаупі бар далалық аймақтарды жан-жақты бақылау және тексеру жұмыстары қолға алынған. Республикалық штабтың тікелей бастамасымен барлық өңірлердегі орман шаруа­шы­лықтарының өртке қарсы дайын­дығы тексеріліп, қолда бар тех­никалардың есебі жасалды. Еліміздің барлық өңірлерінде өрт апатының алдын алуға байланысты жан-жақты шаралар жүзеге асы­рылуда. Солай бола тұрса да, өрт оқи­ғаларын мүлде болдырмаудың орайы келмей  тұр. Тіпті орман алқап­тарын қасақана өртеу оқиға­лары да орын алуда. Мәселен, 10 тамыз күні “Ертіс орманы” орман шаруашылығының аймағында 5 рет қасақана өрт қою оқиғасы тір­келген. Апат кесірінен оңай пайда түсіргісі келген қаскөй орман алқа­бының әр жеріне от қойып жүрген жерінде көзге түсті. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жауапты хатшысы Евгений Аманның мәлімдеуінше, биылғы жылғы ауа райының жағдайына байланысты егіннің пісуі әдеттегі­ден 10-15 күн бұрын болды. Соған байланысты елімізде егін орағы ерте басталған. Қазіргі ахуал бой­ын­ша, еліміздің негізгі астықты ай­мақтарында қуаншылыққа қарамас­тан біршама тәуір астық жиналуда. Осыған байланысты еліміздің ішкі қажеттігін толық қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін сақтауға жететін астық жиналады. Ендеше, барлық өңірлерде нан бағасының қымбаттауына ешбір негіз жоқ. Қазір мемлекеттік қорда 1 миллион тоннадан артық астық сақталған. Азық-түлік келісім-шарт корпорация­сы тағы да 2 миллион тонна астық сатып алу жөнінде шарт жасасты. Еліміздің ішкі қажетін өтеу үшін барлығы 3 миллион 400 мың тонна астық қажет. Құрғақшылыққа ұшы­раған батыс өңірлердің әкімдіктері астықты аймақтың өкілдерімен меморандум жасасып, өздеріне қажетті ұн қорын жасауға тиіс. Тағы бір айта кететін мәселе, бүгінгі ішкі рыноктағы нан бағасы, астық және ұн бағасы қазіргіден 2-3 есе жоғары болып тұрған 2008 жылы белгіленген баға болатын. Одан кейінгі кезеңде астық және ұн бағасы арзандаса да, нан бағасы сол деңгейде қалды. Яғни нан зау­ыттары мен наубайханалар ондаған есе пайдамен жұмыс істеп келді. Мемлекет қорындағы белгіленген бағамен босатылатын ұн қоры нан бағасының алдағы уақытта да ешбір өзгеріске ұшырамауына толық мүмкіндік береді. Селекторлық кеңесті қорытын­ды­лай келіп, Өмірзақ Шөкеев өңір­лердегі өрт қаупінің алдын алуға осы міндет жүктелген әкімнің орын­басарлары тікелей жауапты екендігін атап көрсетті. Сонымен бірге ол тиісті орталық органдар  мен облыс әкімдіктерінің ішкі рыноктағы ұн және нан бағасын тұрақтандыру үшін қолдан келген­нің бәрін жасауға міндетті екендігін қатаң ескертті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.