17 Тамыз, 2010

Дүбірге толы дүние

384 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Көршілер қашанда бір-біріне қарайды Бір нәрсенің бағасын білу үшін оны екіншісімен салыстырады. Салыстырғанда, соған ұқсас нәрсемен. Артықшылық немесе кемшін жағы сонда аңғарылады. Елдердің қаншалықты дамығанын әдетте көршілермен салыстырып айтады. Өйткені, онда жағдай ұқсас, мүмкіндік шамалас. Осы ретте біз өзімізді кіммен салыстыра аламыз? Әрине, көршіле­рімізбен. Көрші болғанда, атам за­маннан тағдырлас, тарихымыз сабақ­тас Орталық Азия­да­ғы елдердегі жағ­дай да, мүмкіндік те бізбен деңгейлес. Басқасын былай қойғанда, жаңа тарихтың өзі үнемі бұл елдердің мүмкіндіктерін теңестіріп отырды. Жалпы алғанда, Ресей патшасының боданында бір дәуірде болдық. Одан кейін ке­ңестік дәуірдің игілігін де, зұлым­дығын да бірге көрдік. Игілік дегенде, айталық, бұл елдердің барлығының жаппай сауаттылыққа қолдары бірдей жетті. Енді КСРО-дай алып держава күйрегенде, тәуелсіздіктің туын да бір мезгілде көтеріп, дамудың жаңа даңғылына бір мезгілде түстік. Осы тұрғыдан алғанда, бұл елдерді салыстыру әділетті, негізді деп айтуға әбден болғандай. Жақында АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ОББ) 2009 жылдың нәтижесі бойынша осы Орталық Азия елдерінің даму барысына, экономикалық жағ­дайы­на талдау жасаған баяндама әзірлеп, жария етті. Біреу өзі туралы айтса, онда көңіл-күйдің әсері көрініс табады деуге болар, ал сырт көздің зерттеуінде көбіне шындық, ақиқат негізге алынады. Сондықтан да АҚШ ОББ-ның баяндамасына назар аударған жөн көрінеді. Экономиканың негізгі көрсет­кіші ретінде әдетте ішкі жалпы өнімнің көлемі алынады. Бұл жер­де адам факторы да айтарлықтай рөл атқарады. Шаруашылықты жүргізудің жолы дұрыс таңдалып, өндіріске қатысатын адамдардың санымен қатар біліктілігі жоғары болса, көлемі де жоғары. Сон­дықтан да жалпы экономиканың дамуын сөз еткенде, демография­лық жағдайға да мән беріледі. Соны ескеріп, АҚШ ОББ ай­мақтағы елдердің демографиялық есебін де келтіреді. Бұл аймақтағы ең халқы көп ел – Өзбекстан, қазір халық саны –27606007, 2005 жылы 26,2 миллион болған. Екінші орын­да – Қазақ­стан, оның халқы – 16149000, 2001 жы­лы 14,2 мил­лион еді. Тәжік­станда 7349145 адам бар, бұдан он жыл бұрын 6,43 миллион бол­ған екен. Қыр­ғыз­дардың халқы қазір 5431747 болса, бес жыл бұрынғы көрсеткіші – 5,2 миллион. Халқы аздау ел Түркіменстан, онда – 4884887, бес жыл бұрын 4,76 миллион болыпты. Әдетте жағдайы бірдей елдерде, оның ІЖӨ көлемі халқының санына орайлас келеді. Олай болмай жатса, ол ең алдымен экономикаға басшылықтың, даму жолын таңдаудағы ерекшелікке байланысты. Қазақстанда ІЖӨ көлемі өткен жылдың қорытын­дысы бойынша 182,3 миллиард доллар болыпты, Өзбекстанда – 77,55 миллиард, Түркіменстанда – 33,58, Тәжікстанда – 13,8, ал Қырғызстанда 11,6 миллиард доллар болыпты. Айырмашылық өте үлкен. Қисынға салғанда, халқы көп Өзбекстанда ІЖӨ көлемі жоғары болуға тиіс, бірақ керісінше олардың ІЖӨ көлемі Қазақстандағыдан 2,36 есе төмен. Дамудың тағы бір көрсеткіші – ІЖӨ жан басына шаққандағы көлемі. Ол Қазақстанда 11,66 мың доллар екен, ал Түркіменстанда – 6900, Өзбекстанда – 2800, Қыр­ғызстанда – 2100, Тәжікстанда – 1800 доллар. Жағдайды осы цифр­лар айтып тұр. Бір елде халық­тың қоғамдық өнім өндіруге қатысы шектеулі болса, екіншісінде жо­ға­ры. Бұл сол елдердегі саяси өмірге, тұрақтылыққа тікелей қатысты. Кейде біздің еліміздің же­тістігін айтқанда, ол өздігінен келгендей, ол тек біздің еліміздің табиғи байлығына ғана қатысты деп байбалам салатындар бар. Өзбекстан да, әсіресе Түркімен­стан табиғи байлықтан кенде емес. Әңгіме сол ресурстарды тиімді пайдалануға келіп тіреледі. Барыңды бағалай білгенің де, еліңнің жетістігіне қуана білгенің де жөн. Оны өзің айтпай, басқалар айтып жатса, мерейің екі есе өсетіні және бар. Айыбы үшін кешірім сұрау – білгеннің ісі Жапонияның премьер-министрі Наото Кан өз елінің отаршылдық қанауынан Кореяның айтарлықтай зиян көріп және қасірет шеккені үшін шын жүректен өкініш білдіріп, кешірім сұрағаны талай адамды тебірентті. Бұл үкімет билі­гін жақында ғана ұстаған Наото Кан­ның атына тікелей байланысты болып отыр. Әйтпесе бұған дейін де қырықтан астам үкімет бас­шы­сының орын­та­ғына отырғандар болды, бірақ біреуі де мұндай қадамға барған емес. Оның бұл мәлімдемесі үкімет кабинетінің отырысында талқы­ла­нып, бекітілген көрінеді. Демек, үкімет басшысының мәлімдемесі жапон халқының атынан жасалды деп қабылдаған жөн. Және бұл мәлімдеме Жапонияның Кореяны басып алып, отарға айналдыруы­ның 100 жылдығы қарсаңында жасалғаны да атап айтарлық. Енді сол мәлімдемеден үзінді келтірсек жөн болар. “Корейлердің еркіне қайшы келетін отарлық билік орнықтыру оларды отаны мен мәдениетінен айырды, ұлттық намысын қатты қорлады. Отарлық билік туғызған аса зор қиянат пен қасірет үшін шын өкініш сезімімді білдіріп, шын жүректен кешірім сұраймын”. Мұндай сөз айту үшін де ба­тыл­дық керек болар. Бұл елде де ұлтшылдықтың уын ішкендер жетіп артылады. Наото Кан бұрын бас­қалардың айта алмағанын айтты. Әр халықтың өмірінде, тари­хын­да талай оқиғалар болған. Бірі­не мақтануға болар, біреуін еске алғанда, өкініш сезім жаныңды қинайды. Халықтар сол жағымсыз жайлардан өкінішін білдіріп, кешірім сұрап арылған. Екінші дүниежүзілік соғыстағы неміс фашистерінің қаныпезерлік әрекеттері үшін Германияның қа­зір­гі ұрпағы әлем халықтарынан кешірім сұрап, немістердің ұлттық қадір-қасиетін арашалап қалды. Жоңғарлардың басқа көрші халық­тарды жаулап, талан-таражға салу­ды кәсіп еткеніне де тарих куә. Соның салдарынан олардың өздері де, мемлекеттігі де жойылды. Жалпы соғыс, отаршылдық, ұлт­тық өктемдіктің қан­дай көрінісі болса да – үлкен айып. Сондай жағ­дайға себепші болғандардың бар­лығы да екінші жақтың алдында үлкен айыпкер. Ол айыптан ке­шірім сұрап қана арылады. Кеші­рім сұраудың өзі де өркениеттіктің көрінісі. Соның бір мысалын жапондар көрсетіп отыр. Соның арқасында ғана енді жапондар ко­рейлердің бетіне тіке қарай алады. Әйтпесе жапондардың корейлерге жасаған қорлығы, азабы жайында айтылған әңгімелерден жан түрші­гер еді. Бұлар түрі ұқсас халық, кейде ажырату қиын. Сонда корей­лердің тілі келмейтін бір сөзді айтқызып, содан оларды анықтаған соң, іштерін жарып жіберетін де кез болған дейді. Тарих талай халықтардың бір-бірінен кешірім сұрайтын оқиға­лар­ға толы. Ресей патшалығының боданында да талай халық болды, отаршылдықтың азабын шекті. Сол халықтардан Ресей кешірім сұрап жатса, жарасар еді. Бірақ орыс шо­винистері өздерінің басқыншылық лас тарихы үшін ұялмайды. Тіпті сол халықтарға жақсылық жасадық деп шіренеді. Күні кеше сербтік фашистер Босния мен Герцеговинаның Сребреница қаласында сегіз мың мұсылманды қойша қырғаны бар. Сол православиелік фашистерді бүгінге дейін қолдап келген елдер болды. Рас, жақында ғана Сербия­ның қазіргі басшысы сол зұлым­дық үшін кешірім сұрағанын да ерлікке балағың келеді. Оның алдындағылар олай ете алмаған. Жамандық жасамаған жөн. Қате­лік­пен жасай қалған екенсің, есің кірген соң, сол үшін кешірім сұрау – ар алдындағы парыз іс. Мамадияр ЖАҚЫП.