Бірігуге шақырды
КХДР-дың шекара аймағында артиллериядан оқ атқанына байланысты Оңтүстік Кореяның президенті Ли М¿н Бак әскери арандатушылықтан бас тартып, екі мемлекеттің де өркендеуі үшін экономикалық байланысты қайта жалғастыруға, ұлттық бірігуге шақырған мәлімдеме жасады. КХДР бұдан кейін Сеулдің АҚШ-пен бірігіп өткізген жаттығуы үшін әлі ядролық жаза тартасыңдар деп қорқытты.
Серттен тайған кім?
Кремльдегілер Белоруссия президенті Александр Лукашенконың Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тану жөнінде уәдесі болғанын айғақтайтын стенографияны тапқандарын және оны жариялайтын ниеттері барлығын айтқанда, Беларусь басшысы тым қатты кетті. Ресей президенті Дмитрий Медведевке ұятты ұмытпаңдар, сөзді бұрмаламаңдар, деді. Мұндай ырың-жырың айтыс, ұсақтық екі жаққа да жараспайды-ақ.
Құбырды жарды
Ирак мұнайын Түркияға жеткізетін Киркук-Жейһан құбырында жарылыс болып, ол біраз уақытқа істен шықты. Түрік үкіметі бұл әрекетті Курдстан жұмысшы партиясынан көріп отыр. Қалай болғанда да, оның саяси астары бары анық. Бұл құбыр арқылы, сондай-ақ Баку-Жейһан құбыры арқылы да Батыс елдеріне мұнай жеткізіледі. Түркияның мұнай тасымалдаушы ретіндегі беделіне айтарлықтай нұқсан келетіні өз алдына, енді бұл елдегі курд мәселесі бұрынғыдан да шиеленісе түсу қаупі бар.
Әдепті білмейтіндер
Иранның вице-президенті Мухаммед-Реза Рахимидің ағылшындарды “мафия басқаратын нақұрыстар тобыры” деп атағанын Британия сыртқы істер министрлігі қатты айыптап, бұл британдықтарды қорлағандық деп мәлімдеді. Әдептен, әсіресе, дипломатиялық әдептен озбау өркениетті елдерге тән. Иран басшылығы мұны білуге тиіс қой дейсің.
Крест үшін дау
Варшавадағы президент сарайының алдында мыңдаған адам қатысқан митинг болды. Олар сол сарай алдындағы алаңдағы президент Лех Качиньскийдің құрметіне қойылған ағаш кресті алып тастауды талап етуде. Олар мемлекет зайырлы, крестің орны шіркеу дейді. Бұған қарсылар да алаңға шығып, крестке тиюшілікті күпірлік санайтындарын мәлімдеді. Қарсыластарды ажыратуға полиция араласуға мәжбүр болған. Ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшыраған Лех Качиньскийді Краковтағы ұлылар қорымына жерлегенді де біраз жұрт артық көрген.
Кезекті сандырақ
Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының вице-спикері Владимир Жириновский ақылға сыя қоймайтын кезекті мәлімдемесін жасады. Ресей Белоруссияға, басқаларға да көмек бермеуге тиіс деп байбалам салған ол, қыза келе, Кеден одағы да керек емес дегенді айтты. Ресейдің ресми қайраткері саналатын оған мұның орынсыз ғой, ақылға сыймайды, елдің саясатына қайшы дейтін де ешкім жоқ. Кейде осындай сандырақты оған әдейі айтқызатындай көрінеді.
С-300 – Абхазияда
Ресейдің атышулы С-300 зенитті зымырандық жүйесі Абхазия республикасының аумағына орналастырылды. РФ Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Александр Зелиннің мәлімдеуінше, бұл жүйе осындағы ресейлік әскери база мен республика аумағын қорғауға арналған көрінеді. Мұны Ресейдің милитаристік саясатының бір көрінісі деп тұжырымдауға болғандай.
Қалдықтар – Ресейге
Германия өзіндегі радиоактивті қалдықтарды Балтық теңізі арқылы Ресейге жіберетіні айқындалып отыр. Оған 12,8 миллион доллар қаржы төленбек. Қалдық дегенде, 1957 жылы КСРО-ның араласуымен салынған, 1991 жылы жұмысын тоқтатқан ядролық зерттеу реакторында пайдаланылған 951 отындық өзек көрінеді. Оны Ресейге жеткізуге үш кеме керек екен.
Даңғойлық бәсекесі
Финндердің Хейнола қаласында сауна бойынша әлем біріншілігінде ресейлік Владимир Ладыженский қаза тапты. Финн Тимо Каукенен екеуі 110 градустық ыстықта алты минөттей отырғаннан кейін, ресейлік жан тапсырыпты, финн аса ауыр жағдайда ауруханаға түсіпті. Спорттың басқа түрінен де адамдар қаза тауып жатады ғой, бірақ сауна жарысын ақылға сыйдыру қиын. Сыра ішуден, ет жеуден де жарысып, жұрттың ақымақ болып жататыны бар, бірақ отқа түсіп жарысу, сірә, даңғойлықтың шегі болар.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.