17 Тамыз, 2010

Ақын мұражайы – рухани ордамыз

1042 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Абай –165 Қасиетті қарашаңырақ Абайдың “Жидебай - Бөрілі” мемлекеттік тарихи-мәдени және әде­би-мемориалдық қорық мұражайына осы жыл­­­дың ақпан айының басында филология ғы­лым­дарының кандидаты, доцент Жандос Әубә­кір директор болып тағайындалған еді. Білім мен ғылым саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізген жас басшы келе іске кірісіп, мұ­ражай төңірегінде топтасқан келелі мәселе­лерді шешуге қозғау салып, жүйелі іске кірісіп кеткен. Қолға алған іс-шаралардың барлығы мұражай­дың негізгі қызмет бағыты, өкілеттік мүмкін­діктері мен басым нысаналары белгілен­ген “2010-2014 жылдарға арналған даму тұ­жырым­дамасы” негізінде іске асырылып жат­қан­дығын айта кетуіміз абзал. Тұжырым­да­ма­да болашақ­та іске асырылып, дамыта беретін ғылыми-зерт­теу, қор жинақтау, музейлендіру мен та­қырыптық-экспозициялық жоспарлар құру, насихат жұмыстары айқындалған. “Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ”, “Бі­лектей арқасында өрген бұрым” өлеңдері бой­ынша әдеби-танымдық кештер, Б.Ердем­бековтің “Абайдың әдеби ортасы” кітабының тұсаукесері, “Абайдың әншісі – Әлмағамбет”, “Абай және тоғызқұмалақ, дойбы ойындары”, “Алаштың Мұстафасы” (М.Шоқайдың 120 жылдығына орай) және Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесу сияқты тағы да басқа шаралар әдебиетші-ғалымдардың, ақын-жазу­шы­лардың, Семей қаласының зиялы қауым өкіл­дерінің қатысуымен өткізілген-ді. Мұражай қызметінің басты бағытының бірі – көрмелер ұйымдастыру болса, ұлы ақынның қа­рашаңырағы бұл бағытта да елеулі нәтиже­лер­ге қол жеткізді. Еліміздің бас қаласы Астана­дағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президен­тінің музейінде 14 мамыр – 14 маусым аралы­ғын­да өткен “Ұлы тұлғалар бесігі” атты көрме­де қазақ халқының ұлы перзенттері Абай, Шә­кә­р­ім, Мұхтар әлемін ашатын сирек басылым­дар, архив деректері, құжаттар, фотосуреттер, этнографиялық заттармен таныстырды. Көр­мені жиыны екі мыңға жуық адам тамаша­лап­ты. Сонымен бірге “Гений казахов Абай и та­тары”, “Абай ұрпақтары – майдан шебінде” атты жылжымалы көрмелер, Риддер қаласын­дағы Семей күндеріне арналған “Абай, Шәкәрім, Мұхтар әлемінен” көрмелер және де мерейлі күндерге қатысты кітап көрмелері ұйымдас­тырылған. 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай “Музей түні” акциясы, балаларды қорғау күн­інде “Ашық есік күні” өткізілсе, қалалық “Абай оқулары” да қара шаңырақта ұйымдас­ты­рылды. 2010 жылдың 7 маусымында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Премьер-Министрі К.Мәсімов ар­найы келіп, Семейдегі бас мұражайда болған еді. Үкімет басшысы “Абай дәуірі”, “Абайдың шығар­машылығы”, “Жаз” бөлімдерімен та­нысып, “Алаш арыстары” экспозициясын аралап, Алаш қай­рат­керлерінің мемлекеттік, қоғамдық, саяси қыз­мет­терін көрсететін материалдар, фотосу­рет­тер, архив деректеріне қызығушылық танытты. Мұражайдың мәртебелі қонағы “Зерде” кітабына қолтаңба қалдырып, ізгі ниетін білдіре келе, ұжымға А.Байтұрсыновтың 1929 жылғы қолжазба өмірбаянын сыйға тартқан болатын. Мұражайдың бүгінгі шырақшысы Жандос Әубәкір сөз басын мұражай тарихынан бастады. – Абайдың әдеби-мемориалдық музейі 1940 жылы Қазақ ССР-нің Халық Комиссарлар кеңесінің 1 сәуірдегі №347-қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазан күні мереке үстінде ашылған. Қазақ елі тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай. Мұражай 1940-1944 жылдары Бекбай Байысов­тың үйінде ашылып, 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударады. Бұл екі үйдің Абайға үлкен қатысы бар. Ақын 1875-1904 жыл­дары Семей қаласына келгенде осы үйлерге түсіп жүр­ген. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерей­тойы қар­саңында мұражай қаладағы сәулет ескерт­кіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілді. 1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қаз.ССР Министрлер кеңесінің 05.04.1990ж. №141-қаулысы бойынша ақын мұражайы республи­калық дәрежедегі “Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық “Жидебай-Бөрілі” қорық-мұражайы” болып құрылды. – Қорық-мұражай болып қайта құрылған, 70 жылдық тарихы бар, тарихи-әдеби маңызы аса жоғары мұражайдың бүгінгі бөлімдері мен құрылымы туралы айта кетсеңіз. – Қорық-мұражай құрамына Семейде: бас мұ­ра­жай, “Алаш арыстары – М.Әуезов” мұражайы; Абай ауданында: М.Әуезовтің мұражай-үйі (Бөрілі), Абайдың мұражай-үйі, Шәкәрімге арналған “Саят қора” экспозициясы (Жидебай), Көкбай Жанатайұ­лының мешіт-медресесі (Тақыр), Шәкір Әбенұлы­ның мұражай-үйі (Құндызды); Үржар ауданында: Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы (Мақаншы); “Абай-Шәкәрім” мавзолей кешені және 16 мемориалдық ескерткіш кіретін 6400 гектарлық қорық алқабы (Жидебай) кіреді. – Биыл Абайдың туғанына 165 жыл толып отыр. Ұлы ақынның қарашаңырағы осы мерейтойға арнап қандай жұмыстар атқарды? – Жалпы мұражайлардың басты қызметінің түр­ле­ріне музейлік мұраларды жинау, есепке алу, сақтау, қор­ларды жүйелеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары, көр­мелер, экспозициялар ұйымдастыру, тақырыптық дә­ріс­тер өткізу жатады. Ал Абай мұражайы тарихи-мә­дени, әдеби-мемориалдық мұражай, әрі Абай, Шә­кәрім, Мұхтар бастаған дала данышпандарының қара шаңы­рағы болғандықтан, атқарылар жұмыстардың сал­­мағы да, жауапкершілігі де орасан зор. Яғни, қорық-мұ­ра­жайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығар­машы­лығына және оның айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жә­дігерлерді зерттеу, сақтау, молықтыру, қорғау болған­дықтан да, біз мерейтой мерзімін тоспай-ақ әр жылы да, әр айда да өзіміздің басты міндетімізді атқарып келеміз. – Жандос Мағазбекұлы, биыл ақынның мұра­жайы­­ның құрылғанына 70 жыл толады екен. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар? – Мұражай мерейлі мерекесін өзінің ашылған күні, яғни 16 қазанда тойлауды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жоспарлы істер атқарылуда. Мерейтой кезінде абайтану және музейтану мәсе­ле­леріне арналған конференция өткізуді жоспарлау­да­мыз. Осы қарсаңда “Абай мұражайының кітап­ханасы” сериясымен қордағы естеліктер мен құнды деректер топтасқан кітаптарды, “Абай музейінің жәдігерлері” атты топтаманың алғашқы кітабын, мұражайдың “Ахмет Риза мешіт-медресесі”, “Көкбай Жанатайұлының мешіт-медресесі”, “Шәкір Әбен­ұлының мұражай-үйі”, “Шәкәрімнің Саят қорасы” бөлімдері бойынша жолтанытқыш буклеттерді, “Абай мұражайының хабаршысы” журналының алғашқы санын жарыққа шығаруды мақсат етіп отырмыз. Болашақта қорда бар естеліктер мен құнды жаз­ба­лардың, түрлі туындылардың көрсеткішін де кітап етіп шығарсақ деп ойлаймыз. Ұлылар туған мекен Бөрілі, Жидебай жерінде өткізер шараларымыз бар. – Әрине, қазақ үшін Абай мұражайының маңызы да зор. Әйтсе де нарық билеген бүгінгі заманда қорық-мұражайдың алдында да шешуін күтіп тұрған күрделі мәселелер бар шығар? – “Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұ­расы – қазақтың ең қасиетті қазынасы”. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының осы қанатты сөзі ұлы ақынға қатысты барлық ұстанымымызды көрсетіп тұрған темірқазық десек, еш артық айтқандық емес. Ұлы Абайдың қазына қор кеніші – Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы екендігі ақиқат. Ақын қолданған, әрі сол замандағы жәдігерлер жинақталған мұражайдың экспозициясы ұлы ақынның 150 жыл­дық мерейтойы кезінде жаңартылып, осы кездері мұ­ра­жай көлемі де ұлғайтылған еді. Мұражай экспози­цияларын жаңа заман талабына сай жасау қажеттілігі де қазіргі кезде айқын көрінеді. Бас мұражайда және Жидебай, Бөрілі, Мақаншы жерлерінде орналасқан бөлімдерде реэкспозиция, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет-ақ. “Абай – Шәкәрім” кешені, оның амфи­театрының және де Абай, Шәкәрім күм­без­дерінің сырт­қы қаптама ақ тастарын жөндеу сын­ды жұ­мыс­тарын “Қазреставрация” арқылы істетіп ал­сақ, ұлылар алдындағы бір парызымызды өтегендей болар едік. Әрине, бұл жұмыстар орасан зор қаржыны талап етеді. Бірақ, дағдарыстан дамуға бет алған Үкіметіміз, Мәдениет министрлігі қаржы жағынан толығымен қолдайды деп ойлаймыз. Алда атқарылар жұмыстар сан алуан. Артылар жүк салмақты. Бірақ әр ісімізден бір нәтиже шығарамыз деген сеніміміз де жоғары. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.