Ата Заң айшықтары
Көп жылдар бойы адамның құқықтары мен бостандықтары түсінігінің сипаттамалық белгілері боямаланып келді. Қоғам мүшелеріне құқық – бұл пролетариат пен партия мүддесі деп санаға құйылды. Шынында құқық адам табиғатына тән бостандық нормалары екендігін тәуелсіздік алғаннан кейін ұғынғанымыз рас.
“Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы”, – деп басталатын біздің Конституциямыздағы осы сөздерде жаңа ашық азаматтық қоғам орнатуды мақсат еткен халқымыздың тарих сабақтастығы тоғысып жатыр. Ол елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен бейбіт өмірін қамтамасыз ететін және кепілдік беретін өте маңызды құжат. Осы Бүкілхалықтық референдумда қабылданған қолданыстағы Ата Заңымыз елімізде экономикалық және әлеуметтік, саяси реформаларды жүзеге асырып, қоғамды демократияландыру ісінде өзінің жасампаздығынан Қазақстан халқына қызмет етіп отыр.
Осыдан он бес жыл бұрын елімізде демократиялық бастауларға сүйенген Конституциялық құрылыстың қалыптасу үдерісі басталып, жаңа мемлекеттік институттар құрыла бастады. Конституция мемлекеттік құқық жүйесін реформалаудың базасы болды. Қоғам, мемлекет және тұлғаның өзара байланысының конституциялық-құқықтық ауқымы кеңейді. Мемлекеттік институттарды конституциялық реформалау адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталып, жоғары халықаралық-құқықтық стандарттардың саяси-құқықтық тәжірибесіне ене бастады.
Тұлға құқығының басымдығы енген демократиялық конституциялық құрылыс философиясы әлеуметтік құндылық болып саналады. Конституция қоғам демократиялық құрылысының негізі болып табылғандықтан, ол демократияны реформалаудың басты кепілі. Сондықтан ол мемлекет пен қоғам тарапынан ерекше қорғалуы тиіс. Мемлекеттің Негізгі Заңы – бұл құқықтық жүйенің ядросы, бүкіл заңнамалық құжаттар негізделетін фундамент, мемлекеттің демократиялық дамуының тірегі мен мемлекеттік құқық өзгерістерінің процесі. Ол қоғамдағы тұрақтылықтың негізі.
Саяси режім, әлеуметтік-экономикалық дамудың деңгейі, саяси басқарудың дәстүрлері мен құрылымдарына қарамастан барлық елдердің негізгі міндеті саяси тұрақтылықпен қамтамасыз ету болып табылады. Адамзат қоғамының даму тарихы көрсеткендей, саяси тұрақтылыққа жетудің міндеттері мемлекеттік деңгеймен қатар, мемлекетаралық қатынастар жағдайында да шешіледі. Осы мәселелерді шешудегі ең басты фактор болып мемлекет және оның құқықтық, моральдық нормаларына сүйенген институттары саналады. Саяси тұрақтылық мәселесі қоғамның модернизациялануы үдерісінде маңызды орынға ие. Өйткені, осы жолда жүрген мемлекет әлеуметтік қайшылықтар мен көптеген қақтығыстардың пайда болуына ықпал етеді.
Мемлекеттің дамуына әсер етуде қоғамдық өмір-салттың барлық салаларына тұрақтылық қажет. Себебі, тұрақтылық орын алған саланың жағымды сапалық көрсеткішін өзге сала тұрақсыздығымен сипаттау мүмкін емес. Еліміз мемлекеттіліктің негізі ретінде тұрақтылыққа жетуді міндет етіп бекіте түсті. “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауда Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей: “Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді”. Сондықтан Ата Заңымыз саяси тұрақтылықтың Қазақстандағы модернизациялық бағыты мен әлеуметтік-экономикалық реформаларының негізгі шарты болып табылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев осыдан он жыл бұрын Ата Заңымыздың бес жылдығында: “Халық өзінің егемен құқын пайдаланып, қабылдаған Конституция қол сұғылмас қасиетке, жоғары заңдық қана емес, рухани-адамгершілік киеге ие болады, сөйтіп ол қазақстандық патриотизмді тәрбиелеудің іргетасына айналады”, – деп айтқан болатын. Осыған байланысты қазіргі Қазақстандағы қоғамды біріктірудегі негізгі фактор және тұрақтылықты қамтамасыз ету мен мемлекеттілікті бекітуде патриотизмнің орны зор. Сондықтан бүгінгі күндегі патриоттық тәрбие қазақстандық азаматтардың саяси санасындағы ең негізгі мәселе болып табылмақ.
“Патриотизм” түсінігіне кең түрде анықтамалар берілгенімен, оның жалпы сипатына қатысты нақты анықтамалар жоқ. Мәселен, С.И.Ожеговтың редакциясында жарық көрген сөздікте: “Патриотизм – өз Отанына, халқына деген адалдық пен махаббат”, – деп анықтама берілген. Философиялық сөздікте: “Адамгершілік және саяси принцип, әлеуметтік сезім. Оның мазмұны – Отанға сүйіспеншілік, оған адалдық, оның өткені мен қазіргісіне деген мақтаныш, Отан мүддесін қорғауға құлшыныс”, – делінген. Дегенмен, “патриот” түсінігіне біз түрлі мазмұнда анықтамалар берілгендіктен, “патриотизм” сипатына жан-жақты нұсқадағы түсініктемелер ұсынылады. Бұл аталмыш құбылыстың күрделі табиғатымен түсіндіріліп, мазмұнының көп қырлылығымен сипатталады. Сонымен бірге, патриотизм мәселесін білім берудің барлық салаларын қамтыған және Отанға деген қатынастағы авторлардың тарихи, әлеуметтік-экономикалық, саяси шарттарындағы азаматтық көзқарастары негізінде қарастырылады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: “Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім”, – деп пайымдайды. Сонымен қатар, Елбасымыз қазақстандық патриотизм сияқты ұлт табысының маңызды құрамдасына тоқталады. “Бұл өз Отаның мен жеріңе деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет, әркімнің өз күш-жігеріне деген сенімі мен барша қоғамның топтасуы. Бұл бүгін тұрғызылып жатқан өз еліңнің тарихына қатыстылықтың және оның болашағы үшін жауаптылықтың жоғары сезімі. Бұл әрбір қазақстандықтың табыстары үшін мақтаныш және қандай тұрғыда болғанына қарамастан өз салаңда табыстарға қол жеткізу ниеті. Және бұл табысты әркім Отанына бағыштап, әлемде оның даңқын асыруы, беделін көтеруі тиіс. Патриотизмді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек. Біздің әр азаматтың табысы және халықаралық тұрғыда мойындалуы – бұл баға жеткізгісіз капитал, барша қазақстандықтардың мақтанатын нәрсесі және байлығы екендігі сөзсіз. Осындай үлгілермен ұлттың рухын көтеру керек! Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату. Мен сіздерді осыған шақырамын”.
Бүгінгі шарттарда мемлекеттілікті патриотизм негіздерімен қалыптастыру қоғамның модернизациялануына ықпал етуімен қатар, оның қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Бірақ, ұлттық құндылықтары айқындалған мемлекетте ғана ұлттың өзін-өзі тану, ұлттық мақтаныш сезімдері туындайды. Сондықтан осы үдерістегі жетекші рөл патриоттық тәрбие берудегі нормативтік-құқықтық базаларға толықтай сүйенген мемлекет институттарына жүктеледі. Қоғамдық ұйымдар патриоттық жұмыстар жүргізуде ұйымдастырушылық, құқықтық және экономикалық қиыншылықтарға ұрынатыны жасырын емес. Оларға мемлекеттің тікелей белсенді көмегі қажет. Көптеген қоғамдық ұйымдар мәселені өзіндік көзқарастармен бағалап, көп бөлігі патриоттық тәрбие беру жүйесіне араласпайды. Осыған сәйкес мемлекет патриоттық тәрбие беруде азаматтық қоғам институттарын араластыруы қажет.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында” атты Қазақстан халқына Жолдауында қолданылып жүрген Конституциямыздың әлеуетін одан әрі пайдалану жөнінде былайша ой өрбітеді: “Біздің Конституциямыздың әлемде демократиялық қоғамның негізгі міндеттеріне сәйкес келетіні танылып отыр. Егер атына сын айтылып жүрсе, оның ережелерінің орындалуына қатысты болып жүр. Бүкіл әлемде демократия мен заңды сақтау ажырағысыз болып танылады”.
Жалпы еліміздің Конституциясы жинақы түрде, қысқа тұжырымдалған, еліміздің негізгі сипаттамасын, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік негізін, демократиялық бастамаларын көрсетіп берді. Ол еліміздің негізгі құндылықтары – тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі. Әрбір ел азаматының ендігі парызы – осы құндылықтарды сақтау. Ата Заңымызды қадірлеу, заңдарын орындау, Елбасымызға қызмет ету баршамыздың қастерлі міндетіміз. Ол еліміздің саяси және этносаралық тұрақтылығымыздың негізі болып табылады.
Мұрат НАСИМОВ, Қызылорда “Болашақ” университеті тарих және филология кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдардың кандидаты.