Ыстамбұлда І-халықаралық опера фестивалі өтті
Ыстамбұл қаласы 2010 жылы Еуропа қауымдастығының мәдени және өнер астанасы болып ресми аталды. Осыған байланысты қалада жыл бойы 600-ден астам мәдени шаралар өткізілмек. Солардың бірі “І-Ыстамбұл халықаралық опера фестивалі” жуырда көне қаланың ең көрікті жерлеріндегі тарихи архитектуралық кешендер мен ашық аспан астында өтті.
ФЕСТИВАЛЬ ТЫНЫСЫ
І-Ыстамбұл фестивалінің бағдарламасына ұйымдастырушылар жанрлық, стильдік, кезеңдік жағынан әр алуандылығымен ерекшеленетін композиторлардың 8 опера спектаклін таңдап алыпты.
Опера туындыларын таңдау барысында ұйымдастырушылар Ыстамбұл қаласының, Осман империясының, көне түріктердің және бүгінгі түрік халқының тарихымен, өнерімен, мәдениетімен тікелей байланысты әлемдік опера репертуарының үздік үлгілерін таңдап алған. Осындай шығармалар қатарына Г.Гендельдің “Именео” (Измир опера және балет театры), итальян композиторы Дж.Россинидің екі операсы “Маометто ІІ” (түрікше атауы “Фатих Сұлтан Мехмет” (Ыстамбұл опера және балет театры) мен “Севиль шаштаразы” (Берлин опера театры), веналық композитор В.А.Моцарттың екі операсы “Заида” (Анталия опера және балет театры) “Похищения из сераля” (түрікше атауы “Сарайдан қыз қашыру” (Ыстамбұл және Самсун опера және балет театры), Людгер Фоллмердің “Дуалға қарсы” заманауи операсы (Бремен опера театры), Дж.Вердидің “Аида” (Анкара опера және балет театры) және әзірбайжан композиторы У.Гаджибековтің “Көроғлы” (ТҮРКІСОЙ түркі халықтары опера театрлары) спектаклі түрік тілінде қойылды.
Халықаралық фестивальдің географиялық картасына қарасақ, аса үлкен де емес. Ыстамбұл фестиваліне сырт елдерден екі неміс театры және ТҮРКІСОЙ түркі халықтары мәдени ұйымының жеті республикасынан өнерпаздар келген. Ал қалған спектакльдер Түрік Республикасының опера және балет театрлары және жекелеген шетелдік әнші-орындаушылар мен дирижерлердің қатысуымен болған қойылымдар. Ұйымдастырушылар өздеріндегі барлық шығармашылық ұжымдарды фестиваль аясындағы іс-шараларға толық тартқан. Өнер мерекесі репертуардағы спектакльдердің әралуандығы және түрік халқының тарихымен, мәдениетімен тығыз астасып жатуына мән берілуі ерекше назар аударуға тұрарлық.
“КӨРОҒЛЫНЫҢ” ЕУРОПА МӘДЕНИ АСТАНАСЫНА САПАРЫ
Еуропа операсының төрт ғасырдан астам тарихы бар. Оның қасында түркі халықтарының кәсіби театрдағы жасаған қадамы беріде, Орталық Азия мен Қазақстанға қарағанда Түрік Республикасында кәсіби сахна өнерінің тарихы жастау болып келеді. 85 жылдық қазақ театр тарихымен салыстыра қарағанда, түрік театры өзінің 60 жылдық мерейтойын былтыр ғана атап өтті.
Міне, осындай салыстырмалы түрде қарастырған мәдени кеңістіктер арасында өзара байланысқан жолдар бізді, біздің халықтардың ортақ опера өнерін 2010 жылы Еуропаның мәдени және өнер астанасы Ыстамбұл қаласына алып келіп түйістірді. Бұрынғы әзірбайжан азаматы, түркиялық Э.Нейматзаденің режиссурасында әзірбайжан халқының композиторы У.Гаджибековтің “Көроғлы” операсын түрік тілінде қою идеясын Түркі халықтары мәдениеті мен өнерінің халықаралық ұйымы – ТҮРКІСОЙ-дың алғашқы қадамы ретінде дұрыс таңдап алған.
Операны қоюдағы басты мақсат – әзірбайжан классикалық музыкасының негізінде барлық түрік халықтарының орындаушылық құрамдарын қамтыған спектакль жасау болатын. Бұл қойылған талап деңгейінен шыға алған секілді. ТҮРКІСОЙ ұйымына кіретін халықтардың мықты орындаушылар құрамы жинақталды. Өзара шығармашылық байланыстар орнатып, жаңа есімдер ашылды. Әрбір шығармашылық құраммен, жеке әншілермен жеке-жеке дайындықтар жүргізу барысында мақсат ойдағыдай орындалған сыңайлы. Осы арада бұл операны қай елдің сахнасында көрсетсін, көрермен қауым өте жылы қабылдағанын баса айтқан жөн. Әрине, шығармашылық, ұйымдастырушылық қиыншылықтар Д.Қасейіновтің білікті басшылығы арқасында шешімін тез тауып отырған. Қорытындысында Ыстамбұлдың ең үлкен Халич Конгресс сарайында опера фестивалінің “Көроғлы” операсымен салтанатты жабылуы өтті. Бұл ТҮРКІСОЙ ұйымдастыру ұжымының және барлық жобаға қатысушы елдердің ірі жеңісі болатын.
“Көроғлы” операсымен жұмыс барысында көптеген өнер ұжымдары мен туысқан халықтардың өнерпаздары танысып, білісті. Әр түрлі жағдайлармен бөлшектеліп кеткен түбі бір туыстарды жақындастырып, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару” жетпей жататын. Сол үдеріс осы жоба арқылы іске асты. Операның әр партиясына әр елден бір әншіден тағайындалып, бәрі өз өнерін ортаға салды. Операдағы Нигар сұлу, Көроғлы, Гасан хан, т.б. басты партияларды қазақ, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан, түрік, татар бауырлардың бүгінгі таңда бетке ұстар мықты деген әншілері сомдады. Солай болғанның өзінде қай өнер саласында да бәсекелестік сөзсіз көрініс беріп отырады және бұл өнерді өшірмейді, керісінше өсіретін бәсекелестік. Бұл жобада бір сахнада, бір шығармада әр елдің әртістер құрамы өздерінің әншілік, актерлік, орындаушылық мектептерімен өзара бәсекеге түсіп, өздерінің жоғары жетістіктерімен танылғандары қаншама. Бауырлас халықтар өнерпаздары арасында қазақ орындаушылық өнерінің де жұлдызы осы операны қою барысында жарқырай жанды.
Бұл сапарда орындаушылар құрамынан операның басты партиясы Ровшенді (кейін Көроғлы атанады) орындаған қырғызстандық әнші Садырбай Жұмашов болды. Сахнаға көпшілік қауымның қаумалауымен шыға келгенде жыр-аңызда сипатталатындай эпикалық сырт келбеті келісті, екі иығына екі адам отырғызардай зор денелі, дауысы ашық та Көроғлын көрдік. Әнші өзі сомдаған образды орындау барысында жауыз Гасан ханнан әкесінің кегін қайтарумен бірге халқының үлкен аманатын арқалаған, батырлығымен бірге, сауыққой өнерпаз, сал-серілік құруға жаны құмар көңілді жанды көреміз. Оның тар аспабынан төгілген жеңіл, ойнақы әуеннің ырғағына қосыла “Көрген сәтте” әнін ашугтардың дәстүрінше орындап, жаман хабарды естігенде кілт өзгерер көңіл-күйін (1 көрініс) әнші нанымды бере білді. Жалпы, өте күрделі жазылған бұл партияны орындаушыға қойылар басты талап: күшті, кең диапозонды драмалық тенор дауысы бар нағыз әншінің труппада болуы. С.Жұмашев мұны абыроймен атқарып шықты. Өткен жылғы қойылымда көрсеткен өнерімен салыстыра қарағанда, әншінің бұл жолғы сапалық, шеберлік қырларының өскендігін аңғаруға болатыны қуантты.
Ровшеннің сүйіктісі Нигярды орындау осы жолы қазақстандық әнші Гүлзат Дәуірбаеваға жүктелген. Әнші бұған дейінгі қойылымдарда және өзге операларда да басты партияларды орындауымен кең танылған әншілердің бірі. Операда кейіпкердің жан-дүниесі автор тарапынан ерекше өріліп, әр алуан көңіл-күйдегі қалпымен көрсетіледі. Ашу-ызаға толы “Гасанхан қатал” ариозасында, сүйіктісінің келісті келбетін ойлап, арманымен сырласатын “Ровшен, менің сүйіктім” ариясында (1 көрініс), сағынышты жүрек лүпілімен бөлісетін “Жеңіл тұман секілді” ариясында (2 көрініс), көзінен от пен жалын атқан “Сіздер – қанішер тобырлар” монологінде орындаушы жоғары деңгейдегі вокалдық шеберлік қырынан көрінді. Әнші бойындағы драмалық актрисаға тән шеберлік қырлары тамаша әншілік дауысының бояу-бедерімен әдемі үйлесіп, барлық сахналарда халқының баһадүр ұлы Көроғлының сүйікті жары боларлықтай Нигярдың көп қырлы бейнесін жасады. Г.Дәуірбаеваның орындаушылық қыры жайлы операның дирижері Р.Абдуллаевтың: “Қазақ вокалдық мектебінің деңгейі өте жоғары деп айтудан қорықпаймын. Күрделі опера партиясының қыр-сырын жетік меңгерген ол (Гүлзат) автордың әншіге қояр музыкалық талаптарын толығымен шебер игерді. Бұл әншімен музыкалық тұрғыда жұмыс жасау мен үшін өте қызықты әрі жағымды сәттер сыйлады” – деп ағынан жарылғанын естігенде мәртебеміз өсіп қалды.
Операдағы күрделі жазылған партиялардың ішінен Көроғлының қарсыласы Гасанхан ерекше орын алады. Бұл жолы Бішкек театрының белді әншісі Бақытбек Ібікеевтің Гасанханы жан-жақты, толымды бейне болып көрермен есінде қалды. Қатыгездікпен, жауыздықпен айналасына жаман аты шыққан бұл ханның келбетін Б.Ібікеев өзіндік бояумен вокалдық тұрғыдан көркем суреттеді. Сахнадан өзінің қол жетпес биікте тұрған келбетіне масаттанған паңдығына, айлакерлігіне, көкірегіне нан пісірген даңғойлығы қосылып шын мәнінде ақылды, батыр Көроғлымен дәрежесі тең қарсыласқа айнала алды. Орындаушының вокалдық мол мүмкіндіктері партияға қажетті шеберлік үрдісінен шығып, спектакльдің шырайын келтірген образдың бірі болды.
Сарай сайқымазағы Телхекті орындаған түркиялық әнші Эмрах Сөзер сарайдың айлакер, қулығына құрық бойламайтын, өзгелерге мүлдем ұқсамайтын бейненің қыр-сырын терең ашуға тырысқан. Әнші сайқымазақтың орындайтын “Көроғлыда Қыр ат бар” ән шумақтарын сарай адамдары арасында біресе оларды жұмбақтай шымшып, біресе келемеждей қағыта жүріп, ойнақы бере алды. Десек те, сахнадағы әншіге толықтай еркіндік беретін бұл партия әлі де болса тосын пластикалық қимылдармен шешіле түсуді талап етеді.
Астана театрының жас әншісі Жұлдызбек Өтешқалиев өзінің жастығына қарамастан, шығармадағы ең жасы үлкен қарияны, кейін көр соқыр болып зарлап қалатын Ровшеннің абзал әкесі Алының рөлін орындады. Алайда партияның төменгі ноталары одан әлі де болса орындаушылық шеберлік қырларын ұштай түсуді қажет етеді.
Алматылық Дина Хамзинаның орындауындағы “Шарап өртеп бокалды” атты махаббат туралы ән-операдағы Сарай әншісінің жалғыз ғана музыкалық нөмірі. Ханның төңірегінде жиналған ақсүйектер мен қонақтарының буындарын балқытып, аяқтарына жем түскендей еліткен әсем ән мың бұралған қыздардың әдемі биімен қатар өрілді. Сілтідей тынған сарайдағы жиынның сәнін өзінің сызылта салған тамаша әуезді әнімен келтірген орындаушы алыстан келер махаббатын ынтыға күткен сұлулардың әдемі бейнесін жасады. Еркін қалықтаған әншінің қою, меццо-сопрано дауысы атшаптырым залға жиналған көрермендерді ерекше тебірентіп, спектакльдегі оқиға желісі, уақыт деген ұғымдарын бір сәтке ұмыттырғандай тамаша әсер сыйлады.
Астаналық әншілер Берікхан Халеловтың Эйвазы, Бейбіт Таңарықовтың Гамзабегі мен Ғани Беймұрзаевтың Ибрагим ханы да эпикалық полотноның сахналық тұтастығын қамтамасыз еткен шынайы образдар ретінде сахналық қойылымды толықтырып тұрды.
Көрермен қауым өздерінің аңызға айналған өткен тарихы негіз болған опера шығармасы арқылы түркі халықтарының өткен тарихымен жүздесіп, бір серпіліп қалған секілді. Мұны көрерменнің орындарынан тік тұрып әртістерге ұзақ уақыт қол соғып, қошемет көрсетуінен білуге болатын еді. Фестивальдің қорытынды спектакліне келген қонақтарға Түрік Республикасының Мәдениет және туризм министрі сахнаға шығып, ұйымдастырушылар атынан алғысын білдірді.
Бұл спектакль-жобаның бауырлас халықтар театрлары шығармашылығының дамуына тигізер ықпалына келсек, елеулі жаңалықтардың куәсі болады екенбіз. Өткен жылғы спектакльден кейін бауырлас елдер опера театрлары директорларының алқалы жиынын өткізу күн тәртібіне еніп, алғашқы отырыс үстіміздегі жылдың қаңтарында Түркі халықтары музыкалық театрларының директорлар кеңесін құрумен аяқталған. Бұл құрылымға келген театрдың басшылары бір-бірімен етене танысып, ортақ репертуарлық саясат, бағыт-бағдар желілерін айқындады. Дүйсен Қорабайұлы: “Бұған дейін үлкен театрлар директорлары өзара араласпақ түгілі, кімнің кім екенін білмейтін. Енді, біздің ұйымның көмегінсіз-ақ қызу қарым-қатынас орнатып, түсіністікпен жұмыс жасауда. Бізге оларды қадағалап, қолдарынан жетелеудің қажеті жоқ. Шығармашылық мәселелерді өздерінің шешіп жатуы біздің де ортақ қуанышымыз.
Осы “Көроғлы” операсы жобасының үш әншісін Түркия елі Дж. Вердидің “Аида” операсына арнайы шақырды. Басты партияларда Аида-Г.Дәуірбаева /Қазақстан/, Амнерис-Әсел Бекбаева /Қырғызстан/, Радамес-А.Агадиді /Санкт-Петербург/, дирижері Р.Салаватовты /Қазақстан/ шақырып, өнерпаздар тобын көрермендер жақсы қабылдады. Ендеше, түркілік құрамның кәсіби орындаушылық деңгейі өзге итальяндықтардан кем болмағандығы. “Түрік театрларының Бас директоры Ренгин Гокмен хабарласып, фестиваль репертуарындағы күрделі “Аида” операсына осы құрамдағы әншілер мен дирижерді сұрауынан-ақ біздің ұйымның өз айналасына үздік өнерпаз топты жинағанын, олардың шығармашылығын әлемге таныта алғанын көрдік” – дейді.
Бұл жоба әрі қарай жалғасын табар болса, келер жылы Аспендес қаласында өтетін театр фестивалі осы “Көроғлы” операсымен басталмақ. Өзара байланыстар, шығармашылық алыс-берістер көбеймек. Келесі жылы қазақстандық композитор Е.Рахмадиевтің “Алпамыс” операсы Әзірбайжанның Ұлттық опера театры сахнасында қойылмақ. Мұны Әзірбайжан Республикасы Мәдениет министрі Абулфаиз Гараевтің өз аузынан естіп қуанып қалдық. Түрік композиторы Керімнің “Однана саймуна” операсын қазақ опера театры қолай көрсе, ал қырғыз композиторы Қ.Молдабасановтың Ш.Айтматов шығармасы негізінде жазылған “Ана – Жер ана” оратория-балеті түрік театры репертуарына енбек. Қорыта айтқанда бұл өте пайдалы, жаңа шығармашылық қарым-қатынас орнатудың көпірі болды.
Ал театрлар болса осы көрсетілім барысында өздеріне ұнаған талантты орындаушылармен келісім-шарт жасауға асығулы. Бұл жоба аясында батыс театрларындағы “әншілердің жәрмеңкесі” болғанын айта кеткен жөн. Көптеген талантты әншілеріміздің шығармашылық өсуіне, келісім-шартқа отыруына мүмкіндік те осы жоба аясында жүзеге асқан секілді. Әсіресе, олардың арасында күміс көмей әншіміз Гүлзат Дәуірбаеваның есімі ерекше аталды. Бір сөзбен айтқанда, Гүлзатымызға құда түсушілер көп. Түрік ағайындардан келесі жылы Агра қаласында қойылатын операның басты партиясын орындауға ұсыныс түскенін де айта кеткен жөн. Жерлесіміздің озық орындаушылық өнері осынша назарға ілігуі қазағымыз үшін де мақтанып айта жүрерліктей жағымды жаңалықтардың бірі болғаны сөзсіз.
“Көроғлы” операсымен бірге Анкара қаласында Түркі елдерінің ұйымына қатысатын жеті республика консерваторияларының студенттерінен құралған ТҮРКІСОЙ камералық студенттер оркестрінің алғашқы репитициясы басталды. Оның музыкалық жетекшісі – алматылық музыкант, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Әнуар Акбаров. Оркестр тамыз айының басындағы Анкара, Ыстамбұл қалаларындағы концерттерінен соң, Германияда Студенттік жастар оркестрінің фестиваліне қатысып, екі концерт бермек. Кейін Еуропа студент жастарының құрама оркестрімен қосылып, ұзақ гастрөлдік турға қатысады. Бұл оркестр де түркі халықтарының музыкалық мұраларын, кәсіби композиторлардың камералық оркестрге арнап жазылған шығармаларын насихаттайды. Камералық оркестрдің Анкара қаласында өтетін алғашқы тұсаукесер кешін жақында дүниеден озған жерлесіміз, қазақ музыкасының үлкен жанашыры һәм насихаттаушысы, тамаша музыкант, дирижер Фуат Мансұровтың аруағына бағыштауды жөн көріпті.
Бұл сапардан көңіліміз марқайып қайтты. Себебі, биылғы жылы Еуропа қауымдастығының мәдени астанасы болып табылған Ыстамбұл қаласындағы көп үнді, көп бояулы өнер мен мәдениетті өркендетуге арналған шаралар ішінде түркі халықтарының операсы мен камералық аспапты музыкасы орындалып отыр. Сол көп дауысты орындаудың ішінен қазақ үнінің де анық естілгені мерейді өсіреді.
Аманкелді МҰҚАН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, театртанушы.
Алматы – Ыстамбұл – Алматы.