Өткен жартыжылдық FTSE 100 тізіміне және KASE-нің беделді тізіміне енетін ENRC үшін тек жаңа өндіріс қуаттарының ашылуы мен тартымды сатып алулармен танымал болған жоқ. Корпорацияның есебі ENRC кәсіпорындарының толық өндірістік қуат күшінде жұмыс істейтіндігін және барлық бөлімшелер бойынша өндіріс көрсеткіштерінің өскендігін көрсетті.
Сонымен, ферроқорытпалар өндірісі 56 пайызға, ал феррохром 47 пайызға ұлғайды. Маусым айының соңында өткізілген Металлургия және минералды ресурстардың халықаралық конгресінде компанияның бас атқарушы директоры Феликс Вулис Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақтөбе ферроқорытпалар зауытында қуаты жылына 440 мың тонна болатын төртінші балқыту пешінің құрылысы жайында әңгімелеп берді. Бұған қоса, компания Ақсу ферроқорытпалар зауытында қуаты жылына 350 мың тоннаға жететін агломерациялық цехтың бірінші кезегі құрылысының біткендігі туралы хабарлады. Аталған цех агломерат, хром және марганец рудаларын өндіретін болады.
Бүгінгі таңда феррохром шығару бойынша әлемдегі ірі өндірушілердің бірі болып табылатын ENRC өз өндірісін толық қуат күшінде жүргізуді жоспарлап отыр. Ағымдағы жылдың екінші тамыздағы Credіt Suіsse болжамы бойынша феррохром өндірісінің көлемі осы жылы тағы бес пайызға артпақ.
Топтың темір рудасын өндіру көлемі 46 пайызға ұлғайған. Бастапқы темір рудасы және темір түйіршіктері өндірісі сәйкесінше 41 пайызға және 107 пайызға артты. Маусым айының соңында “Соколов-Сарыбай” кен байыту өндірістік бірлестігінде жылына 75 мың тонна металл прокатын шығаратын зауыт іске қосылды. Компанияның баспасөз хабарламасында былай делінген: “жаңа өндіріс металлпрокаты саласындағы серпінді жоба болып табылады. Металлпрокаты зауыты іске қосылған соң, ССКӨБ тау-кен өндіруші кәсіпорындар қатарынан металлургиялық кәсіпорындар тізіміне еніп, жаңа сатыға көтерілді”. Қазіргі таңда темір рудасын өндіру бойынша бірқатар жобалар қарастырылу үстінде. Солардың бірі – құны 440 миллион АҚШ доллары және қуаты жеті миллион тонна болатын байыту зауыты.
Кластерлік сипаттағы даму компанияның глинозем және алюминий секторында да көрініс тапқан: алюминий өндіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан электролиз зауытының негізінде жылына 150 миллион күйдірілген анод шығаратын цех құрылысы жүргізілуде. Қазір таңда анодтар Қытайдан импортталуда. Компания ағымдағы жартыжылдықта 103 мың тонна алюминий өндірді. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 69 пайызға жоғары. Боксит пен глинозем өндірісі сәйкесінше жеті пайызға және үш пайызға өскен. Сонымен қатар, компания глинозем өндіруді 1,7 миллион тоннаға арттыру жұмыстары туралы да хабарлады. Бұл жобаға 305 миллион доллар инвестиция тартылған. Жоба 2011 жылға қарай толық жүзеге асырылады. 2010 жылы мамыр айында Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегі құрылысының аяқталуы алюминий өндіру көлемін біршама ұлғайтты. Нәтижесінде, 2010 жылдың мамыр айында кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 250 мың тонна бастапқы алюминий шығаруға жетеді. Салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауытты серпінді жоба деп атап, ол “Қазақстанның “қанатты металл” өндіруші мемлекеттер қатарына қосылуына жол ашады” деді. Зауыт құрылысына шамамен 900 миллион доллар қаражат жұмсалған.
Энергетика бөлімшелері ферроқорытпа, алюминий және темір рудалы кәсіпорындар өндіріс қуаттарының өсуіне сәйкес өз өндірістерін де ұлғайтты. Кәсіпорындардың электр энергиясына деген үдемелі қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қуаты 325 МВт болатын екі энергоблокты жөндеу үшін компания шамамен 460 миллион доллар қаражат жұмсамақ.
Өнімдер портфелін ілгері әртараптандыру және географиялық қатынасу мақсатында топ бірінші жартыжылдықта M&A бойынша бірнеше келісімдерге қол жеткізді. Замбиядағы мыс пен кобальт өндіруші Chambіshі кәсіпорнының активтері, Оңтүстік Африкадағы көшбасшы платина өндіруші кәсіпорын Northam Platіnum акциясының 12,2 пайызы сатып алынды. Бірінші жартыжылдықта мыс пен кобальт рудасы өндірісі сәйкесінше 729 және 479 мың тоннаны құрады.
Британдықтарды FTSE 100 индексіне енетін компаниялардың операциондық қызметі алаңдатса, қазақстандықтарды компанияның отандық индустрия мен әлеуметтік салаға көрсететін көмегі қызықтырады. Топтың барлық кәсіпорындары аймақтардағы ірі әрі қала құрушы кәсіпорындар болып табылады. Феликс Вулистің айтуынша, алдағы жылдары 5,9 миллиард доллар көлемінде күрделі шығындар жоспарланған. Оның 5,3 миллиарды Қазақстанға инвестицияланады. Жылдың соңына дейін күрделі шығындар шамамен жарты миллиард долларды құрайтын болады.
Жыл басында таратылған ENRC-дің баспасөз хабарламаларында компания Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыстарының әкімдіктерімен жиынтығы 4,8 миллиард теңге болатын қарым-қатынас туралы Меморандумға қол қойды. Меморандумда тұрғын үй құрылысы, медициналық және білім беру мекемелерін салу, инфрақұрылымды дамыту, мәдениет пен спортты қолдау қарастырылған.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың екінші тоқсаны мен тамыз айының басында жарияланған жартыжылдық нәтижелері бойынша британдық, қазақстандық және ресейлік талдамашылардың компания акцияларының тартымдылығы туралы пікірлері дәл келеді. Ресейлік Юникредит Секьюритиз бесінші тамызда былай деп жазады: “ENRC 2010 жылдың 2-тоқсанында жақсы нәтижелер көрсетіп, кәсіпорындардың толық өндірістік қуатта жұмыс жасайтындығын хабарлады. Сондай-ақ, компания өндіріс көлемінің ұлғаюына қол жеткізді”. Беделді Morgan Stanley 18 тамызда жариялаған шолуында компания акцияларын сатып алуға кеңес бере отырып, былай деп жазады: “ENRC тұрақты қаржылық баланс көрсетеді. Біздің болжамдарымыз бойынша, компанияның өсуі жалғасын табуы мүмкін”. Сонымен қатар, 18 тамызда Cіtіgroup былай деп жазады: “ENRC – өзіндік құны ең төмен хром және алюминий өндірісінің иесі. Өзіндік электр энергиясының болуы баға үшін артықшылықтар береді. Біз ENRC күшті баланс пен оперциялық икемділікке ие деп санаймыз. Бұл нарық өзгерістеріне тез бейімделуге жол ашады”.
Шынында да, компания өнім құнын әрі қарай төмендету туралы бірнеше рет хабарлаған. Айталық, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында логистика мен жұмыс үдерісін оңтайландыру арқасында энергетикалық шығындарды алты пайызға қысқартып, өндірісті үш пайызға арттыруға қол жеткізді. Осындай игі бастамаларды басқа да ферроқорытпа зауыттарында жүзеге асыру жоспарлануда.
FAІRFAX төртінші тамызда жарық көрген есебінде былай дейді: “ENRC барлық өндіріс саласында сәтті жұмыс жүргізуде. Ферроқорытпалар бөлімшесінің елеулі түзелуі сатылымға жағымды әсер етуі тиіс. Жалпы, ENRC аталған нарықта өзінің стратегиялық тиімді позициясын пайдалануға ерекше мүмкіндікке ие”.
Ілияс ОРАҚБАЙ.