Үкімет Елбасының құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға кірісті
Жуықта Ақордада еліміздің құқық қорғау саласын реформалауға арналған кеңес өткені белгілі. Сонда Елбасы Үкіметке осы мәселеге қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Үкімет Елбасының осы тапсырмаларын дереу жүзеге асыру ісін қолға алды. Осы мәселеге байланысты өткен Үкімет отырысында тапсырмаларды орындаудың нақты тетіктері анықталып, оларды қаржылай қамтамасыз етудің жолдары қарастырылды.
Аталған мәселеге байланысты Президент Жарлығында Үкіметке Президент Әкімшілігімен және Қауіпсіздік кеңесімен бірлесе отырып тапсырмаларды орындаудың шаралар жоспарын 1 айдың ішінде қамтамасыз ету міндеттелген еді. Осыған орай Қаржы, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Көлік және коммуникация министрліктері бір аптаның ішінде жекелеген мемлекеттік органдарды қайта ұйымдастыру ісін қамтамасыз етіп, қаржыларды бөлудің, штаттан тыс қызметтердің тәртіптерін айқындап, осыған сәйкес қаулының жобасын әзірлеп үлгеруі керек. Соның ішінде Премьер-Министр Ішкі істер министрлігіне құқық бұзушылықтың алдын алу салалық бағдарламасын әзірлеуге кірісуді, ал Әділет министрлігіне өтпелі кезең ішінде сот шешімдерін орындауды қамтамасыз етуді жүктеді.
Құқық қорғау саласын реформалау ісі осы мәселеде нақтылық пен айқындықты қалыптастыруы тиіс. Әзірге салалар бойынша қызметтерді атқару тәртібі әртүрлі заңдар бойынша реттеліп жүр. Соған сәйкес қызметкерлердің құқықтық мәртебесі, еңбек жағдайы, жеңілдіктері мен зейнетақылық төлемдері де әртүрлі заңдармен реттелген. Әділет министрі Рашид Түсіпбековтің айтуынша, “Құқық қорғау қызметі туралы”, “Құқық қорғау қызметінің мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларының қабылдануы саладағы міне, осындай проблемаларды жоятын болады. Жаңа нормативтік-құқықтық актілерге қызметкерлердің негізгі функцияларын, әскери және арнаулы дәрежелерін, атақтарын айқындайтын ережелер енгізіледі.
Әрине, саланы реформалауға қатысты осындай өзгерістер қосымша қаржы шығындарын қажет ететіндіктері түсінікті. Осыған байланысты Рашид Түсіпбеков республикалық бюджетке енгізілуі тиіс ақшалай қаражаттардың көлемі мен бөліну тәртібін ұсынды. Осы бойынша қызметкерлердің зейнетақылық қамту деңгейін теңестіру үшін 2012 жылға – 4 миллиард 84 миллион теңге, 2013 жылға – 3 миллиард 805 миллион теңге, 2014 жылға 3 миллиард 794 миллион теңге қажет болмақ. Мұның сыртында қосымша сәйкес шараларды жүзеге асыру үшін тағы да 6 миллиард теңге керек.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы отырыста айтылған мәселелерді ескере отырып Елбасы берген тапсырманы барынша жедел және нақты жүзеге асыру қажеттігін тағы бір еске салды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.