20 Тамыз, 2010

Орақ-2010

534 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Экспорттық әлеует сақталады Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев жұмыс бабымен Ақмола облысының Бурабай ауданында болды. Министр әуелі “Бурабай-2007” ЖШС-нің егістік алқаптарын аралап, жұ­мыс барысымен танысты. Биыл серік­тестік 29345 гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын сепкен екен. Соның 21 мың гектары би­дай. Ораққа кіріскен бір апта ішін­де 3200 гек­тар алқаптың астығы басты­рыл­ды. Алымдылығы жоғары шетелдік жеті жатка тәулік бойы ты­ным­сыз жұмыс істеуде. Кана­да­лық “Макдо­наль­дс” фирмасы­ның алымдылығы 12 метрлік жат­ка­сы­ның өнімділігі тәулігіне 240 гектар алқаптын егінін дес­теге салуға мүмкіндік береді. Бұл “Енисей” комбайнының көр­сет­кішінен екі есеге артық. Ал­дын-ала деректер бой­ын­ша, “Бу­рабай-2007” ЖШС әр гектардан 12 центнерден өнім алуға сенімді. Бұдан кейін министр биылғы астық орағының ерекшеліктері туралы журналистермен сұхбат өткізді. Оның айтуынша, жаз ай­ла­рындағы қуаңшылыққа қара­мастан, елімізде астық жеткілікті дәрежеде болады және өткен жыл­дардағы деңгейде астықты экспортқа шы­ғаратын әлеуетіміз бар. Биыл еліміз бойынша жал­пы көлемі 13-14 мил­лион тонна астық жиналады деп болжамда­нып отыр. Оған қоса, элева­тор­ларда өткен жылдан қалған 6,1 миллион тонна астық тағы бар. Соны есепке алғанда, биылғы ас­тық қоры өткен жылдардағы дең­гейден кем түспейді. Үстіміздегі жылғы ауа райы­ның ерекшеліктері егін өсірудің озық тех­нологиясын қолданудың артық­шы­лықтарын анық көр­сетіп берді. Қазір еліміз бойынша 11,2 миллион гектар егіс алқабы ылғал үнемдегіш технология бой­ынша өңделді. Бұл жалпы егіс көлемінің 67 пайызын құрайды. Ал­дағы уақытта мұндай алқап­тар­­дың ауқымын онан әрі көбейту қажет. Ауыл шаруашылығы ми­нистрі астық мониторингін өт­кі­зудегі өзгерістер туралы да айтып өтті. Бұ­рын астық түсімі туралы ақпа­раттар жергілікті әкімдіктер арқы­лы жинақталатын. Биыл мұн­дай мәліметтерді статистика органдары жүргізеді. Себебі, шаруашылықтар астық түсімі жө­ніндегі ақпараттар­ды дәл бермей, көбіне кемітіп көр­се­тіп жататын. Биылғы жаңа ере­жеге сай, жал­ған ақпарат берген ша­руашы­лық­тар заң шеңберінде жауапкер­ші­лікке тартылып, алдағы жылы ала­тын субсидиядан қағыл­мақшы. Ақылбек Күрішбаев сондай-ақ, астық экспорты мен биылғы ас­тық­тың бағасына да тоқталып өтті. Би­ыл күзде әлем елдерінде жалпы көлемі 645 миллион тонна астық жиналады деп күтіліп отыр. Бұл өт­кен жылмен салыс­тыр­ғанда 35 мил­лион тоннаға кем. Ресейдегі және бірқатар ТМД елдеріндегі егіннің күйіп кетуіне орай, Қазақстан ас­тығын іргелес елдерге шығару мүм­кін­дігі туып отыр. Ауыл шаруашы­лығы министрінің айтуынша, биыл алдын-ала жасалған келісім бой­ынша Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға 4 миллион тон­на, Қап тауы елдеріне 2 миллион тонна ас­тық шығарылады. Қалған астықты негізінен іргелес достастық елдеріне шығаратын боламыз. Әлем рыно­гында астық бағасы уақыт өткен сайын көтеріліп келеді. Бұның өзі диқан қауым үшін тиімді екендігі белгілі және бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет. Ақылбек Күрішбаев еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де жан-жақты тоқталып өтті. Азық-түлік келісім-шарт кор­по­рациясы биыл шаруалардан 1,5 миллион тонна астық сатып ал­мақшы. Оған қоса, өткен жылдан қалған 2 миллион тонна астық бар. Бұл еліміздің ішкі рыногын астықпен толық қам­тамасыз етіп, оның бағасының тұрақтылығын сақтауға ықпалын тигізеді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.