Астана қаласының саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен А вирустық гепатитіне шалдығудың алдын алу жөнінде конференция өтті. Оған қаланың емдеу мекемелерінде саламатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттаушы мамандар, эпидемиологтар, жұқпалы ауруды емдеуші дәрігерлер, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығының мәліметі бойынша, еліміздің әрбір өңірінде әр жылдың тамыз айында А вирусты гепатитіне қарсы он күндік шаралар өткізіліп тұрады. Себебі, жыл сайынғы көрсеткіш бойынша Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балалар арасында А вирусты гепатитіне шалдығушылықтың жоғарғы деңгейі тіркелген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде осы ауруға шалдығушылар 75-80 пайызды құраса, оның көпшілік бөлігін екі жастан тоғыз жасқа дейінгі балалар құрайды екен. Гепатитке шалдыққандардың жоғары деңгейі Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерінде кездесуде.
Ауру өзара қарым-қатынас арқылы тарайтындықтан, қыркүйек-қазан айларында күшейіп, қыс айларына дейін жалғасатыны жайлы, сондай-ақ, оның алдын алу шаралары конференцияда кеңінен сөз болды. “Вирустың алдын алу шараларына жаңа туған балаларға вакцинация, мектеп жасындағы балаларға ревакцинациялық екпе жасау, балаларды арнайы бөлінген жерлерде шомылдыру, елді-мекендердің санитарлық жай-күйін жақсарту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жатады”, – дейді Астана қаласының саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім бастығы Ж. Сәрсенбеков.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 1999-2000 жылдардан бастап Үкіметтің қаржылай көмегімен Маңғыстау облысында вирустың жоғарғы көрсеткішін құраған балаларға екпе жасау басталған. Ал кейінгі жылдары вирусқа шалдыққандарды емдеу ісін жергілікті бюджет қаржыландыратын болды. Бұл үрдіс 2001-2003 жылдардан бастап еліміздің басқа да өңірлерінде жүзеге асырылып келеді. Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығының мәліметтеріне сәйкес, аталмыш шара нәтижесінде 2000 жылы елімізде ауруды жұқтырғандар саны 23475 болса, бұл көрсеткіш 2009 жылы 5018-ге қысқарған. Атап айтқанда, ауруға шалдығушылар саны 4,7 есеге төмендеген.
А вирусты гепатитінің алдын алу стратегиясы ішек инфекциясының алдын алғандай, мұнда ауруды су арқылы жұқтыруға қарсы іс-шаралар көбінесе балаларға, әсіресе қауіп-қатер тобындағы, яғни екі мен тоғыз жас аралығындағы балаларға екпе жасау шаралары басымырақ болатыны конференцияда кеңінен сөз болды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.