Мемлекеттік мәселе
Кеше Алматыда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Мемлекет басшысының “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлығында белгіленген қағидаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиналыс өткізілді.
Оның жұмысына Алматы қаласының әкімі А.Есімов, қала және Алматы облысының құқық қорғау, бақылау-қадағалау, атқару органдарының және соттардың, сондай-ақ “Нұр Отан” ХДП-ның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқалар қатысты.
Өз сөзінде Бас Прокурор 17 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткізген кеңесте Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау тұрғысынан жеті негізгі бағыт бойынша шаралар жүргізуді тапсырғанын және сол күні құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын, соған орай алдағы реформаның қазіргі уақыт талабына сай екенін атап көрсетіп, Жарлық уәкілетті органдардың ұйымдастырушылық құрылымын жетілдіруге, оларға тән емес функцияларды алып тастауға және олардың құзыретін неғұрлым нақты шектеуге, қызметкерлердің штат санын оңтайландыруға, қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталғанына баса назар аударды.
– Елбасы өз сөзінде құқық қорғау жүйесінің қазіргі құрылымының қоғамда қалыптасқан нарықтық қатынастарға сай келмейтінін қадап айтты, – деді Қайрат Мәми. – Біз бен сіздердің қызметтерімізде функционалдық қайталану, сапалық көрсеткішті сандық көрсеткіштен алмастырудың көп кездесетінін ескертті. Осының бәрі халықтың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейіне кері әсер туғызып отырғанын атап көрсетті.
Бұған дейінгі реформалардың күткен дәрежеде нәтиже бермегенін айта келе, Елбасы құқық қорғау органдары жүйесін реформалау жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатын, деп ескертті Бас Прокурор.
Сонымен қатар Жарлықта құқық қорғау органдарының шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне негізсіз араласу фактілерін болдырмау және бақылау-қадағалау функциялары бар мемлекеттік органдарды одан әрі қысқарту түрінде бизнеске қысым жасауды азайту шаралары қарастырылған.
Қайрат Мәми Президент Жарлығын бірнеше айқындаушы топқа бөліп қарастыруға болатынын жеткізді. Олар – ұйымдық-құрылымдық, функционалдық және заңнамалық шаралар. Реформаның шешуші мәселелерінің бірі құқық қорғау органдарының құзырын нақты шектеу және сот өндірісін жетілдіру болып табылады, деді Қайрат Әбдіразақұлы.
Атап айтқанда медициналық айықтырғыштар қызметін Денсаулық сақтау министрлігінің жүргізуіне, ал кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және оңалту орталықтарын Білім және ғылым министрлігінің жүргізуіне беру көзделеді. ІІМ-нің өкілеттігінен айрықша маңызды стратегиялық нысандардан басқа күзет қызметі алынады. Көлік құралдарын техникалық тексеру өткізу бәсекелестік ортаға беріледі. Бұл ретте оны өткізуге бақылауды Көлік және коммуникация министрлігі жүзеге асырады. Бұл жұмыстың жай-күйіне жауапкершілік Ішкі істер министрлігінен алынбайды. Демек қазірдің өзінде өзара іс-әрекеттің тетіктерін, бақылау тәртібін ойластырған маңызды болмақ. Көлік полициясы мен прокуратураның қарамағындағы үш өңірлік бөлімшелер бір бөлімшеге біріктіріліп, олардың жүйесінде де оңтайландыру жүреді.
Қайрат Мәмидің атап көрсеткеніндей, Ішкі істер министрлігінде Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті күшейтіледі, сондай-ақ Көші-қон полициясы комитеті құрылады. Мұның өзі есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтуге және көші-қон үдерістерін мемлекеттік тіркеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет жойылып, сот шешімдерін орындау жөніндегі функция Әділет министрлігіне беріледі. Әділет министрлігіне сондай-ақ ІІМ-нің әкімшілік тұтқындау түріндегі әкімшілік шараны атқару жөніндегі функциясы мен өкілеттігі де беріледі.
ІІМ-нің Криминалдық полиция комитеті мен Тергеу комитетін біріктіру жөнінде түбегейлі шешім қабылданды, деді Бас Прокурор. Сол арқылы қылмыстық процестің сотқа дейінгі кезеңін реттеуді өзгерту жөнінде маңызды қадам жасалды. Жарлықта көзделген бұл мәселелер қылмыстық істер бойынша өндірістерді жеңілдетуге және оның жеделдігін арттыруға әкеледі. Одан әрі олар сот өндірісінің жаңа моделін қалыптастырудың іргетасы қызметін атқарады. Мұндай жүйе көптеген дамыған елдердің практикасында өзін ақтады. Жаңа тергеу органы қызметінің қанатқақты жобасы облыстардың бірінде іске асырылатын болады.
Бас Прокурор функционалдық жетілдіруге, яғни құқық қорғау және арнаулы органдар арасындағы құзыретті шектеуге тоқталып, бұл мәселе Жарлықта толық шешім тапқанын атап өтті. Құқық қорғау органдарының құзырын практикада нақты шектеудің жоқтығы функцияларды қайталаушылыққа, саламатты емес бәсекелестікке ұрындырғаны белгілі. Басымдықтар мен құзырлылықтың ауысушылығы әсіресе Алматы қаласында байқалып отыр, мұндағы жекелеген арнаулы органдар өздеріне тән емес міндеттерді шешіп келген. Жарлықта ұсынылып отырған қылмысты баламалы тергеу моделі аталған проблеманы ойдағыдай шешеді және бұдан былайғы жерде құқық қорғау құрылымдарының іс-әрекетін келістірудің әлдеқайда жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, деп атап өтті Қайрат Мәми. Алдағы кезде Қаржы полициясы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрестің, ҰҚК – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмысқа қарсы күрестің жай-күйіне жауап береді. ІІМ есірткі қылмысына қарсы күресте қосымша өкілеттіліктерге ие болады.
Бірқатар жүйелік шараларды заңнамалық регламенттеу арқылы шешу көзделеді. Жарлықта азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, олардың конституциялық құқықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталған мемлекеттің құқықтық саясатының өзекті мақсаттары көрсетілген.
Осыған орай заңнаманы одан әрі криминалсыздандыру және ізгілендіру көзделеді. Қылмыстардың жиырмадан астам құрамын Әкімшілік кодекске аудару орын алмақ. Сонымен қатар олардың алдын алу мақсатында әкімшілік преюдиция, яғни бір жылдың ішінде қайталап қылмыс жасаса ол үшін қылмыстық жауапкершілік көзделмек. Ендігі жерде жеңіл-желпі қылмыстар үшін көлемі бірнеше есе көбейтілген айып салу қолданылмақ. Бетпе-бет айыптаудың, көпшілік алдында бетпе-бет айыптаудың қылмыстық істер санаты кеңейеді, сондай-ақ бітімгершілік ресімдерін қолдану, соның ішінде медиация мүмкіндігі артады.
Шағын және орта бизнеске қыспақты азайту үшін салықтың қылмыстық жауапкершілік басталатын төленбеген көлемін заңнама түрінде ондаған есе арттыру көзделеді. Тұтастай алғанда рейдерлікке сенімді тосқауыл қойылады.
Құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жай-күйіне, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарды сауықтыру және оңалту бойынша атқарушы билік органдарының жауапкершілігі едәуір арттырылады.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және соттардың жауапкершілігі айтарлықтай өседі. Олардың қызметтік жағдайын пайдалана отырып қылмыс жасауы жаза тағайындауда жазалауды ауырлататын жағдай ретінде қабылданатын болады.
Реформада жоспарланған іс-шаралар құқық қорғау органдарының неғұрлым тиімді ұйымдық-функционалдық құрылымын жасап, құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің қарқынды дамуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін барынша қорғауға септігін тигізетін болады.
Жиналыс барысында Алматы қаласы және Алматы облысындағы заңдылықтың және құқық тәртібінің жай-күйі қарастырылды. Қатысушылар құқық қорғау органдарының қызметіндегі кемшіліктерді атап көрсетті. Атап айтқанда, қоғамдық орындардағы ауыр қылмыстардың жасалу деректерінің жиі орын алуы, ұйымдасқан қылмыспен күрестегі шаралардың жеткіліксіздігі, алдын алу шараларының тиімділігінің аздығы, тергеу және жедел-іздестіру қызметі сапасының төмендеуі, қоғаммен тығыз байланыстың болмауына назар аударылды.
Бас Прокурор құқық қорғау органдарының басшыларынан атқарушы органдармен бірге Жарлықтың тиісінше жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, профилактикалық жұмыстың деңгейін және ұйымдасқан қылмыспен күрестің нәтижелілігін көтеруді, азаматтардың, әсіресе, бас бостандығынан айыру мекемелерінде ұсталып отырған адамдардың конституциялық құқықтарының бұзылуының әрбір дерегі бойынша жедел ықпал ету шараларын қабылдауды, қоғамдық институттармен іс-қимыл жасасуға және азаматтармен кездесуге ерекше назар аударуды талап етті.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар қарастырылған мәселелердің өзектілігін және құқық қорғау органдарының қызметіндегі орын алған кемшіліктерді дереу жою қажеттілігін атап көрсетті.
Елбасының Жарлығында бекітілген міндеттерді сапалы орындау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, деді Қайрат Мәми. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне қойылатын талаптарды тұрақты түрде арттыра отырып, өз жұмысымызды тиімді жүргізудің нәтижесінде халықтың біздерге деген сеніміне толық ие болуымыз қажет.
Жедел лебіз
Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ, Алматы облыстық сотының төрағасы:
– Бүгінгі өткен алқалы жиында Елбасы Жарлығының негізгі қағидалары мен мақсаттарының мәні талқыланып, Алматы қаласы мен Алматы облысы құқық қорғау органдарының алдағы міндеттері межеленді. Негізінде Жарлықта көзделген жәйттер құқық қорғау органдарының арасында көптен шешімін таппай жүрген мәселе еді. Міне, сол жағдайлар жан-жақты айтылып, соңғы нүктесі қойылғандай.
Баршаға аян, еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардан құқық қорғау реформасы кенжелеп жатқандықтан, аталмыш Жарлықтың өзіндік ерекшелігі, жөні бар. Онда құқық қорғау органдарының әрқайсысына өздеріне тиесілі жұмыстары айқындалып берілген. Яғни, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тек мемлекеттің қауіпсіздігі істерімен, ішкі істер ведомствосы тек нашақорлықпен айналысса, ал жемқорлық пен экономикалық қылмыстың барлық саласы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің құзырына беріліп отыр. Сондай-ақ сот жүйесінде де реформа болып жатыр. Біздегі сот шешімдерін орындау мәселесімен енді Әділет министрлігі айналыспақ.
Сонымен қатар жиында еліміздің Бас Прокуроры Қайрат Мәми барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тыңдап, жарияланған Жарлықтың дұрыстығына көз жеткізіп, алдымызға үлкен міндеттер жүктеді. Ендігі жерде сот органдары қызметкерлері мен құқық қорғау органдары арасындағы жұмысымыз жүйелі болып жатса, ертең сотқа келіп түскен қылмыстық азаматтық істердің шешілуі де ойдағыдай болады деп ойлаймын.
Ержан ҚОЖАБЕКОВ, Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуроры:
Елбасы Жарлығын орындау міндеттерін талқылау барысында прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз ой-пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік алды. Айта кетсек, биылғы жылдан бастап прокуратура өзінің құқық қорғау органдары арасындағы үйлестіру жұмыстарын нығайтпақ. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне қарасты кейбір құрылымдар Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктеріне берілгендіктен, олармен де тығыз байланыс орнатпақпыз. Және де Ішкі істер министрлігінің ішіндегі өзгерістер бізге жұмыс бабында тиімді болмақ. Өйткені, соңғы кездері қылмыстық істер дұрыс тергелмей, уақыты өтіп, созылып кетуде. Себебі, тергеуші қылмыстық іс бойынша өз-өзімен қалып, ведомстволық бақылау өте нашар жүргізіледі. Егер бұл істі тергеу және жедел іздестіру комитеттері бірігіп қолға алатын болса, онда тергеу жұмыстары жанданып, қылмыскерлер жазасын ертерек алмақ.