* * *
Жастарымыз жарап тұр
Сенбі күні Олимпиялық қалашықтағы Қазақстан делегациясының штабына Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасөспірімдер Олимпиадасының тұңғыш чемпионы атанған Жәнібек Қандыбаевтың атына құттықтау хат келді. Онда жас талант иесін шын жүрегімен құттықтаған Сенат Төрағасы оның жеңісі барлық Қазақстан халқының мерейін өсіргенін, осы жеңіс арқылы ол спортта үлкен табысқа жетіп, баршамызға үлкен сыйлық жасағанын жеткізіпті. Алыстағы Отанымыздан Олимпиада өтіп жатқан жерге келетін құттықтау хаттар қай кезде болсын спортшыларды қайрап, жігерлеріне жігер, мінездеріне мінез қосып отыратыны белгілі ғой. Осы жолы да Олимпиялық қалашыққа Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан хат келіп түскенде жасы 20-ға да толмаған кешегі мектеп партасында отырып, спорт залдарында жарыстарға дайындалып жүрген іні-қарындастарымыздың көзінен ұшқын көрініп, келесі жарыстарға білек сыбана дайындалып кеткендерін өз көзімізбен көрдік. Сол күні ескек есуде Тимофей Емельянов (Олимпиялық даярлау орталығы, Астана) жаңа қашықтыққа жарысып, медаль үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Ал дзюдода 66 кг. дейінгі салмақта қарағандылық Қайрат Ағыбаев екі жекпе-жек өткізіп, соның біреуін жеңіп, бесінші орында қалды. Осыдан кейін боксшылар айқасы басталды. Қазақстан құрамасы сапынан бірінші болып шаршы алаңға шыққан ШҚО өкілі Әділет Рақышев 75 кг. дейінгі салмақта венгрлік қарсыласына 1:6 есебімен есе жіберіп алды. Дегенмен, спорттың басқа түрлерінде отандастарымыз алғашқы ойындарын жақсы бастады. Гандболдан қыздар құрамасы 12 тамыз күні Доминикан Республикасында аяқталған әлем чемпионатынан Сингапурге бірден келісімен, қызуы басылмаған темірдей Австралия құрамасын 45:16 есебімен ойсырата жеңді. Бірақ келесі ойынында қыздарымыз Дания құрамасымен кездесіп, 15:40 есебімен жеңіліп қалды. Ал кеше кешкісін олар Ресей командасымен ойнады. Осы матчта жеңген команда финалда Бразилия мен Дания арасында өтетін ойынның жеңімпазымен кездеседі. Ал ұтылған командалар үшінші орын үшін таласады. Осы күні қазіргі бессайыста алматылық Диляра Ілиясова лайықты деңгейде өнер көрсете алмады. Ол жарысқа қатысқан 24 спортшының ішінен 19-шы орында қалды. Келесі күні ат спортынан өткен жарысқа Тимур Патаров шықты. Мұнда ол өзімен бірге бәсекеге түскен қарсыластары сияқты барлық кедергілерден қиналмай өтіп, медаль үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Ескек есуден Тимофей Емельянов ширек финалда румыниялық спортшымен жарысты. Өкінішке қарай, оның қайығы орта жолда толқынға шыдай алмай аударылып қалды. Оның бұл жеңілісінің себебін кейін білсек, спортшыларға қайықты өздері таңдап беретін ұйымдастырушылар Емельяновқа салмағы 75 кг. адамға арналған қайықты берген екен. Ал Тимофейдің салмағы 90 кг. екені белгілі. Ұйымдастырушылардың осы жағын ескермей біздің спортшыға өзінен жеңіл адамға арналған қайықты ұсынғаны қынжылтады. Дегенмен, қазір оған өкініп отырған Емельянов жоқ. Ол енді каноэ жарысының басқа түрінен бағымды сынап көремін деп білегін түріп жүр. Бокстан жарыстар одан әрі жалғасуда. Қазақстан құрамасында бірінші кездесуінде ұтылған Әділет Рақышев енді бесінші орын үшін жасөспірімдер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы, ирландық боксшымен қолғап түйістіреді. Жексенбі күні зілтемірші, Олимпиаданың күміс жүлдегері Зулфия Чиншанло елге аттанды. Ол алдағы кезде ересектер арасында өтетін халықаралық жарыстарға дайындалатын болады. Әзірше Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс және бір қола медальмен жалпы командалық есепте 205 елдің арасында 8-ші орында келеді. Бұл жасөспірімдер үшін жаман көрсеткіш емес. Біздің спортшылар ішінен грек-рим күресінен Жәнібек Қандыбаев пен ауыр атлетикадан Жазира Жаппарғұл алтын медальді иеленсе, таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев пен зілтемірші Зулфия Чиншанло күміс жүлдені, ал қола медальді ауыр атлетикадан Рүстем Сыбайдың еншілегені белгілі. Соңғысы боксшы Рустам Сыбаевтың туған інісі. Ардақ ТОҒЫМОВ, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Сингапурден.* * *
Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы
Алматы. Абай даңғылы, 44 Сонымен, күн санап жақындай түскен 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындары бағдарламасының басым бөлігі Алматыда өтпекші. Спорттық жарыстардың 8 түрі оңтүстік астананың еншісінде. Бұлар – шаңғы жарыстары, биатлон, тау шаңғысы, спорттық фристайл, тұғырдан шаңғымен секіру, әйелдер арасындағы шайбалы хоккей және Қазақстан өзінің қожайындық құзырымен қосқан допты хоккей (бенди) мен шаңғыдағы спорттық бағдарлау. Астана мен Алматыны қатар қамтитын Қысқы Азиада бұрын-соңды Қазақстанда өтіп жүрген жарыстардың ең ауқымдысы екенін тағы бір рет қаперге салып қойған артық болмас. Аймаңдай қос қаламызға отыз елден 1100-ден астам спортшы, 600-ге қарайлас ресми адамдар мен құрметті қонақтар, 1000-ға жуық БАҚ өкілдері, сондай-ақ бірнеше мың турист ат басын тірейді деп күтілуде. Сонымен қатар ойындарды өткізу аясында 45 азиялық елдің спорттық қозғалыстарының басшылары қатысатын Азия Олимпиялық кеңесінің кезекті Бас ассамблеясы бас қоспақ. Алматыда осынау айтулы жарыстар кезінде 2500 еріктіні жұмысқа тарту көзделген. Бүгінде солардың 2300-ден астамы ресми тіркеуден өтіп, қыркүйекте жан-жақты дайындыққа кіріспекші. Азия ойындарының бәсекелік рухына сай мұз бен жалын тайталасқан қар ұлпасы және толассыз қозғалысты бейнелейтін көшпенді арбасының доңғалағы түріндегі эмблемасы бекітілді. Оның оң жақ жоғарысындағы сәуле шашқан күн барлық спортшы қауымның ынтымақ-бірлігін бейнелейді. Азиада алауының 2011 жылдың 12 қаңтарында Алматыға жеткізілуінің өзі де рәсімді қуанышты мереке болмақ. Алау салтанатпен қарсы алынғаннан кейін көшелерде эстафеталатып жүріп өтіп, содан соң аймақтарға аттанып кетеді. Азиаданың алматылық бөлігінде ел назары Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына көбірек аумақ. Себебі, мұнда шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы жарыс жалауы желбіреумен бірге VІІ Қысқы Азия ойындарының жабылу салтанаты да өтпек. Осынау маңызы зор рәсімді өткізу үшін ең лайықты таңдаулы орын ретінде “елу бір пұт кірдің тасын көтерген”, қазақтың халықтық спортының көш басында тұрған Балуан атамыз атындағы көз қуандыра жаңаланған, көркейген, кеңейген Спорт сарайының таңдалып алынғандығы да сүйінішті жайлардың бірі дер едік. Мұндай шешімнің өткен шілде айының жетінші жұлдызында кешенді ғимаратқа Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, аралап көргеннен кейін бекем нақтылықпен тұжырым табуы Алматы жұртшылығының асқақ көңілін одан әрі өсіре өрлетіп, мерейлендіре түскен еді. Осы реттегі жұмыстар жайында Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының директоры Юрий Захарин былайша әңгімелейді: – Спорт сарайының бұрын қандай болғандығын сіздер білесіздер. Қазіргі келбет-кескінін, мінеки, көріп тұрсыздар. Айырма жер мен көктей. Ең алдымен, Спорт сарайын қайтадан жаңартып салу жайына келер болсақ, мұнда әрі спорттық, әрі мәдени тұрғыдағы барлық шараларды өткізуге боларлықтай жағдайлар түгел ескерілді. Көмекші орынжайларды кеңейтуге баса көңіл бөлініп, соның нәтижесінде олардың жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге ұлғайтылды. Бұл дегеніңіз киім ауыстыратын жерлер, спорт залдары, баспасөз орталығы және басқалар. Сондай-ақ мінбердің отырғыштары ауыстырылып, ондағы көрермендердің орын саны айтарлықтай көбейді. Бұрын 3800 орын болса, енді 5 мың болмақ. Қазір отырғыштарды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы аптада осы жұмыс толық аяқталған кезде орынның нақпа-нақ дәл санын да айтып бере аламыз. Егер бұрын мінбердің жайлылығы талапқа сай келмесе, отырғыштар тар болса, енді ол жағынан ешкім сын таға алмайды. Спорт сарайының жалпы ауданы 22 мың шаршы метр десек, оның 2000 шашы метрін негізгі арена алып жатыр. Негізгі аренадан басқа көмекші орынжайларға тоқталар болсақ, олар – жоғарыда айтқанымызға қоса, душқа түсетін жайлар, сауналар, жаттығу залы, хореографиялық зал, төрешілер бөлмелері, журналистерге, мүгедектерге арналған орындар, т.б. Осының бәрі Спорт сарайын қайта жөндеу кезінде әуел бастан мұқият ойластырылды. Қазіргі уақытта реконструкция мәреге жетіп қалды. Яғни, осы айдың аяғына дейін біз қалған жұмыстардың барлығын аяқтауға тиіспіз. Қазір алынған жаңа жабдықтарды реттестіріп, құрастырып, орнату қолға алынды. Табло, жарық, дыбыс. Бәрі талап деңгейінде. Жалпы жұмыс барысында ешқандай қиыншылық туындап көрген жоқ. Қаржыландыру көзделген көлемде жүріп тұрды. Бірінші кезектегі 14,5 миллиард теңге игеріліп, іс жүзінде жұмыс жеріне жеткізілді. Кешеннің екінші кезегі – жабық жаттығу мұз айдыны мен 650 мәшинеге лайықталған 7 қабатты паркингтің құрылысы бұл күндерде қарқын ала түсті. Мұның бәрін желтоқсан айына дейін аяқтауға тиіспіз. Жұмысты “Алматы” құрылыс-монтаж кәсіпорны өз мойынына алып, атқаруда. Күн сайын 800-ге дейін адам еңбек етеді. Әрине, жұмыс ауқымы күнделікті өзгеріп тұрады. Жұмыс қолы жеткілікті. Материалдар уақтылы келіп түсуде. Сондықтан, кідіріс, бөгесін жоқ. Технология тұрғысындағы жабдықтарды да түгел алып болғанбыз. Спорт сарайының келбет-көркі тамаша. Қасбеті де, жалпы қай жағынан қарасаңыз да жарқырап, еңселеніп көрінеді. Ішкі жайлары да ғажап, заманауи үрдіс-үлгіге әбден сай. Фойесі, киім ілетін орындар айнадай жалтырап, жайнап тұр. Былайша айтқанда, бұл сарай әмбебап спорттық ғимаратқа жатады. Спорттың барлық түрлерінен дерлік жарыс өткізуге болады. Қысқы түрлерін алсақ: хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, одан қала берді: бокс, күрес, волейбол, баскетбол, т.б. Қала басшылығы, спорт басқармасы Спорт сарайының жаңаланып салынуына көп күш-жігер жұмсауда. Ойындардың осында өтетін жабылу салтанатының сценарийін де осы бастан әзірлеп, ол үшін не қажеттің бәрін жасауымыз керек. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының бас инженері Ескендір Зулуфов: –Иә, міне, өзіңіз көріп тұрсыз, Балуан Шолақ атамыз атындағы Спорт кешенінің тұтастай бейнесі танымастай өзгерді. Осы замандық ғажайып жаңа түрге енді. Мұнда іске қосылған барлық технология да осы замандық, әлемдік озық деңгейде. Республикамызда ғана емес, дүние жүзінің басқа елдерімен салыстырғанда да сирек кездесетін жағдай. Жарықты музыка, жарықтандырудың алуан түрлі тетіктері, спорттық ойындардың үдесіне орайласу, телехабар таратуға оңтайлылық және басқалары осындай жұмыстардың соңғы технологиялық нұсқасына негізделген. Бұлар әу бастан осылай ойластырылған. Мұның жоспары Туризм және спорт министрлігі деңгейінде бекітілді. Жалпы, Азиадаға дайындық орайында біздің қала бойынша көп жұмыстар тындырылды. Бір жағынан, бұл өзі қаладағы бірден-бір осындай жалғыз жер. Балалар мен жастар конькиді қайда теппек осы Спорт сарайы болмаса? Бұл, енді, тұрақты пайдалануымызға, өз игілігімізге қалады емес пе. Қасында 2500 көрермен орындық жабық стадион салынып жатыр. Осының бәрі болашағымыз үшін жасалып, халыққа арналған. Бұл – өте жақсы, ізгілікті іс. Себебі, спорт әрқашан жеңіп шығады. Жастар мен балаларымыздың жансерігі спорт болса, еліміз ұтылмайды. Адамның жасы спортпен ұзара түспек. Алматы осындай аса көрікті ғимаратты сыйлыққа алмақ. Аз ғана жұмыс қалды. Азиадаға уақытынан бұрын дайын боламыз. Қыркүйектен бастап мұнда жарыстар өткізе бастаймыз. Әуелі дзюдошыларды, сосын бес жұп кәсіпқой бокс саңлақтарын қабылдаймыз. Қысқасы, аренамыз кез-келген жарыс түрін өткізуге әзір. Технологиялық орынжайларды, мәжіліс залын, баспасөз орталығын, күллі медицина, есірткі тексеру өткелегі, тағы басқаларын қосып алғанда, алдағы Азия ойындары сияқты ірі ауқымды, мәртебелі жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін не қажеттің бәрі қарастырылған, барлық керекті нәрселер сақадай-сай ұйымдастырылған. Ең бастысы, Спорт сарайымыз қай жағынан алғанда да сапалы әрі көз тартарлықтай көрікті етіп салынды. Иә, өз ісінің білгір маманы Ескендір Османұлы айтса айтқандай, Балуан атамыз атындағы Спорт сарайының көрік-келбетіне көз тойғандай. Ал, оған қосымша, Азиаданың жабылу салтанатының осында өтуі атақты Сарайдың мәртебесін одан әрі асырып, көрер көзге сүйкімділігін де арттыра түскендей. P.S. Сөз соңында бір ғана жайды ескерткіміз келеді. Қастерлі есімді ала тұрса да, Спорт сарайында әлде де болса Балуан Шолақтың өзі ұмыт қалдырылған сияқты. Мұнда келетін көрермен жұртшылыққа, әлемнің әр елінен тоқайласатын спортшы қауым мен қызығушы туристерге Балуан Шолақтың кім екендігінен мағлұмат берерлік мәселелер осы бастан ескеріліп, қолға алынуы керек-ақ. Фойенің көрнекті жеріне ұлттық ән өнерінің ғана емес, ұлттық спортымыздың да ұлы тұлғасының бейнесі салынып, әйтпесе портреті ілініп, Балуан атамыз туралы буклет шығарылса, тіптен, музей сипаттас бір бұрыш ұйымдастырылса, құба-құп дер едік. Ал, Балуан Шолақтың аруағы алдағы Азиадада біздің спортшыларды қолдайтыны, есімі ел мерейін асыруға қызмет етері кәміл дей беріңіз. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы. ---------------------------------- Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.