БАҒДАРЛАМА БАЯНДЫ БОЛСЫН
Асылы, тілді адамдар арасындағы қатынас құралы деп түсіну жеткіліксіз. Өйткені, тілдің артында бүтіндей бір ұлт тұр. Яғни, тіл – қай халықтың болмасын баға жетпес мұрасы, байлығы. “Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас...” деп ұлы Абай атамыз тәнті болып, тағзым етіп кеткен ана тілімізді сақтау, құрметтеу, ардақтау – міндетіміз, парызымыз. Жуырда халықтық талқылауға ұсынылған Тіл бағдарламасының жобасы – бүгінде тілдің мәртебесін арттыруға қызмет жасайтын маңызды құжат екендігіне дау жоқ. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тіл саясатын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда үздіксіз еңбек сіңіріп, осынау қиын істің әрдайым басы-қасында жүріп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, шынайы жанашырлық танытқан азаматтардың алғы сапында жүрген қайраткер ғалым, бүгінде Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының бастығы, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжановқа жолығып, жаңа жоба жайында ой бөліскен едік.
– Кенжехан Ісләмжанұлы, тіл шаруасының көшін түзеуге бағдар болатын басты құжаттың жобасы кімді болса да бейжай қалдырмайтыны белгілі. Тіл саласында көптен еңбек етіп жүрген ғалым-маман ретінде пікіріңізді білгіміз келеді...
– Бағдарлама жобасынан Мәдениет министрлігі мамандарының біраз тер төгіп, ыждаһатты жұмыс істегені көрініп тұр. Алдыңғы бағдарламалардың барлығының дайындалуы мен қабылдануына бір кісідей атсалысқанбыз. Ойымыздағыны өткізе алмай, жадымыздағыны жаза алмай бармақ тістеген сәттеріміз де аз болмаған. Ал мына бағдарламаның бітімі олардан бөлектеу деуге болады. Әрине, қазір заман басқа, талап бөлек, бағдарламаны жасаушылар сол заманауи сұраныстардың үдесінен шығуға тырысқан.
– Сонда қандай өзгешеліктерді байқадыңыз?
– Ең алдымен, бағдарламаның құрылымы мен жазылу стилі басқаша. Соған сәйкес, оның мақсат мұраты мен міндеттері, мазмұны-мәні де жүйеленіп, қисынды ретке келтіріліп, жұмырлана түскен. Мәселен, бағдарлама 10 жылға жоспарланған, алдыңғы он жылдық бағдарламадан аузымыз күйіп қалғандықтан, бұл мерзімге біразымыз күмәнмен қарағанбыз. Соны ескергендіктен бағдарлама жасаушылар он жылды үш кезеңге бөліп, күдікті сейілткен. Меніңше, бұл – оңтайлы шешім. Тек осы үш кезеңде атқарылатын шаруалар әлі де нақты көрсетілуі керек.
Сол сияқты, “...мемлекеттік тілдің кең ауқымды қызметін қамтамасыз ететін үйлесімді тілдік саясат” қалыптастыруды көздейтін бағдарламаның басты мақсатының: “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі кепілі”, “Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын көпшілікке тарату”, “Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты”, “Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту” деп аталатын төрт арнаға жіктеліп берілуі де бағдарламаның бағдарын таратып, айқындай түскен.
11 тармақтан тұратын міндеттер жиынтығында да осы мақсаттарды жүзеге асыруда атқарылатын шаруалар барынша нақты, шегеленіп көрсетілген. Жұрттың жалықпай айтып, талмай көтеріп келе жатқан мәселелері жобада жүйеленіп, бағдарламаның арқау-өзегіне айналған. Мәселен, олардың қатарында “Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру және стандарттау”, “Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіршілік қызметінің барлық саласына араластыру”, “Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту”, “Қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу”, “Мемлекеттік тілді қолданудың дәрежесін арттыру”, “Қоғамның тіл мәдениетін көтеру” сияқты т.б. аса өзекті мәселелердің айқын белгіленуі соның дәлелі.
Жаңа жобадағы тағы бір артықшылық – осы көзделген мақсаттардың индикаторлық көрсеткіштерінің берілуі. Егер бағдарламада көрсетілгендей, біз “мемлекеттік тілді меңгерген мектеп түлектерінің үлесін және мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының көлемін 100 пайызға жеткізетін болсақ” ілгеріде тіл тағдыры жөнінде алаңдаудың қажеті болмас еді.
Бағдарлама төлқұжатында белгіленген бұл мәселелер жеті тарауға бөлініп, одан әрі тарата талданады. Солардың ішінде бағдарламаның алтын арқауы болып тұрған 5-ші және 6-шы тарауды ерекше бөліп айтуға болады. 5-тарауда бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері, мақсатты индикаторлары, оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері рет-ретімен көрсетілген. Ал 6-тарауда бағдарламада қойылған мақсаттарға қол жеткізудің негізгі бағыттары сараланып, жолдары мен шаралары белгіленген. Мәселен, “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің кепілі” деп аталатын бірінші мақсат бойынша “Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқыту жүйесін әзірлеу және енгізу”, “Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының аккредиттелген желісін құру”, “Мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру жүйесін құру” деп аталатын үш бағытта жұмыстар жүргізіледі. Әр бағыт бойынша ондаған шаралар кешені белгіленген. Оларда, негізінен, көптен бері шешімін күтіп жүрген аса өзекті тақырыптар қамтылған. “Тілді үйретуді балабақша мен мектептен бастау керек” деген аксиоманы қанша қайталағанымызбен, осы уақытқа дейін оны жүзеге асырудың нақты бағыттары мен жолдары жүйелі жолға қойылған емес. Бағдарламада осы мәселеге үлкен басымдылық берілгені қуантады.
– Кенжеке, тілді оқытуды қолға алғанымызға да жиырма жыл болып қалды емес пе?
– Бар гәп сонда болып отыр ғой. Есіңізде болса, алғашқы Тіл бағдарламасы қабылданғанда бүкіл елді он жылда мемлекеттік тілге көшіру көзделді. Біздің асығыс көңіліміз соның өзін ұзақ мерзімге санап, жеделдетуді қалағанбыз. Міне, жиырма жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Демек, біз сол кезеңдегі тілдік ахуалды жете бағамдап, басым бағыттарды дұрыс айқындай алмағанбыз. Мәселен, алғашқы кезеңде қаншама тіл үйрету үйірмелері құрылды, мекемелерде қаншама курстар жұмыс істеді. Қазір де оқытып жатырмыз. Республикада 100-ден астам тіл оқытатын орталықтар бар. Солардың нәтижесі қандай? Ал орыс мектептерінде қазақ тілін он жыл бойына оқып, жоғары оқу орындарына барғанда қайтадан сәлемдесуден бастап тіл үйрене бастайтын жастар қайдан шығып жатыр. Меніңше, бағдарламада осы келеңсіздіктерді жоюдың жолдары қарастырылған. Жобаның басқа бағыттарынан да осындай уақыт алға тартып отырған келелі мәселелердің түйінін тарқатуға талпыныс байқалады.
Бағдарламада тіл саясатының жиырма жылдық төл тәжірибесімен қоса, халықаралық өнегелер де кеңінен ескерілген. Ол құжат дайындаудың болмыс бітімінен көрініп тұр. Сондықтан бағдарламаның “Халықаралық тәжірибелер” деп аталатын тарауындағы шетелдердің тілге қатысты заңнамаларын тізбелеудің қажеті жоқ еді. Өйткені, ол құжат дайындаушылардың халықаралық тәжірибеге сүйенгендігін дәлелдегеннен басқа ешқандай мағыналық реңк үстемейді. Тіпті, қажет болып бара жатса, халықаралық тәжірибелердің үздіктерін жинақтап беру керек еді, әлемдегі бар мемлекеттердің заңдарын тізіп шыққаннан ештеңе ұтпаймыз.
– Бағдарламаның осындай олқы тұстарын айта түссеңіз. Бұл жоба болғандықтан ұсыныстар айтылуы тиіс қой.
– Қазақта: “Біткен іске сыншы көп” дейтін де сөз бар. Министрліктің жобаны осындай ашық талқыға салуының өзін қолдауға тұратын өнегелі іс деп санаған дұрыс. Бағдарламаның айқын мақсаттар мен нақты шараларға құрылған негізгі қаңқасы бар, оны жетілдіру мен толықтыруға әлі болады. Осы тұрғыдан келгенде, тіл шаруасына етене араласып жүрген адам ретінде кейбір ойларды ортаға салсам деймін.
Бағдарламада келтірілген халықаралық тәжірибеге көз салсақ, әлем мемлекеттерінің барлығында дерлік тіл саясаты Заңмен реттеледі. Біз талқылап отырған бағдарламадағы мәселелерді жүзеге асыру үшін де Тіл туралы заңнан бастап көптеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру қажет. Сондықтан жобадағы ақпараттық мәні ғана бар “Халықаралық тәжірибелер” тарауының орнына Тіл туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде арнайы тарау енгізсе жөн болар еді. Екіншіден, бағдарламада көтеріліп отырған қыруар шаруаны оңтайлы атқару үшін кадрлық, материалдық-техникалық, ғылыми-әдістемелік базасы бар құрылымдар қажет. Шетелдерде тіл саясатын осындай маманданған орталықтар атқарады. Мәселен, тек Ресейдің өзінде жүздеген университеттерді айтпағанда, орыс тіліне арналған 4 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Ал біздегі қазақ тілінің теориясы мен тарихын зерттейтін А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты бар мен жоқтың арасында тұр. Ал әлеуметтік лингвистика, қолданбалы лингвистика, терминология мен тілдегі жаңа қолданыстарды жүйелеу, ресми іс қағаздар тілін қалыптастыру, орфографиялық ережені жетілдіру, тіл үйрету әдістемесі, аударма теориясы мен тәжірибесі сияқты тілдің күнделікті қолданыстағы даму өрісі мен бағыт-бағдарын зерттеп, жүйелеп отыратын маманданған құрылымдар жоққа тән.
– Сөзіңіз аузыңызда, Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті, облыстық тіл басқармалары, Мемлекеттік терминологиялық, ономастикалық комиссиялар бар емес пе?
– Бар ғой, бірақ түсініктірек болу үшін бір мысал келтірейін. Мәселен, мектеп, оқу орындары мен мұғалімдер армиясы болмаса, Білім министрлігі білім беру ісін жолға қоя алар ма еді. Сол сияқты, Тіл комитетіндегі жиырма шақты адам мен облыстардағы он шақты маман мен қоғамдық негіздегі комиссиялардың білікті маман-ғалымдарынсыз тілдің қыруар шаруасын дөңгелентіп әкетуге пәрмені жете бермейді. Олардың “қара жұмысын істейтін” білікті ғалым-мамандарды жұмылдыратын құрылымдары болуы керек. Айталық, республикадағы тілдік ахуалды оқтын-оқтын зерделеп, басым бағыттарды айқындап отыратын әлеуметтік-лингвистикалық орталықты баяғыда-ақ құру керек еді. Олар әр аймақтағы тілдік жағдайды терең зерделеп, соған сәйкес өңірлік бағдарламалар әзірлеп отырса, бүгінгі жинаған жемісіміз әлдеқайда қомақты болатын еді.
– Сіздіңше, осы бағдарлама аймақтардағы тілдік ахуалды қамти алады деп ойлайсыз ба?
– Мен де осы мәселені айтқым келіп отыр еді. Бұл бағдарламада тек республика көлемінде атқарылатын шаралардың негізгі бағыттары көрсетілген. Бұрынғы бағдарламада әр екі жыл сайын облыстарда атқарылатын жұмыстардың өңірлік бағдарламасы қабылдансын деген бап бар еді. Бұл жобаға да дәл осындай тұжырым қосқан жөн. Өйткені, әр өңірдегі тілдік ахуал әр түрлі, жұмыстар соған сәйкес жүргізілуі тиіс. Және оны бағдарламаның кезеңдеріне орай үш жыл сайын жаңалап отырған жөн. Міне, осы жұмыстардың барлығын ғылыми тұрғыдан үйлестіріп, тіл саясатының барысын оқтын-оқтын зерделеп, оны жедел жүзеге асырудың ілкімді жобасын жасап, өмірге енгізумен арнайы айналысатын Республикалық қолданбалы лингвистика орталығын аймақтардағы филиалдарымен қоса құрса, тіл саясатын оңтайлы да, тиімді жүргізуге ұйытқы болар еді.
Сондай-ақ, қазіргі қазақ тілінің бас сұға алмай отырған жерлері – мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдар, коммерциялық ұйымдар мен сауда үйлері, т.б. Міне, бағдарламада осыларға мемлекеттік тілді енгізудің тетіктерін жасақтап, мемлекеттік тілде іс жүргізуді міндеттеудің жолдарын қарастыру керек.
Сондай-ақ “Бағдарламаны іске асыру кезеңдері” деп аталатын соңғы тарауды мүлде қайта жазған жөн сияқты. Өйткені, “Бірінші кезеңде (20011-2013) тілдерді одан әрі қолдану мен дамытудың нормативтік-құқықтық және әдіснамалық базасын жетілдіруге бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу болжанады” дегеннен үш жыл бойына тек қана осы шаруалармен айналысып, басқа жұмыстарды тоқтатып қоямыз ба деген сауал туындайды. Сондықтан да бағдарламада белгіленген шаралардың қай кезеңде, қалай атқарылатындығы, оған жауапты ұйымдар мен қаражаты айқын көрсетіліп жазылғаны жөн. Бұрынғы бағдарламада солай болатын, сол дәстүрді сақтаған дұрыс. Сондай-ақ бұрынғы бағдарламада облыстар мен қалалардың, министрліктер мен ведомствалардың іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірудің кестесі берілген-ді. Өкінішке орай, ол кесте толық орындалмады, енді ол қалай жалғасады? Оны да ойланған абзал.
Сонымен қатар, қоғамдық ортада қазақ әліпбиін жетілдіру, соның ішінде латын әліпбиіне көшу мәселесі де көптен талқыланып келеді. Бағдарламада оған байланысты жұмыстар да көрініс тапқаны жөн болар еді. Сондай-ақ, жоба мәтіні орысшадан аударылғандай әсер қалдыратын қасаңдау тілмен жазылған. Мысалы, “Көрнекі ақпаратты көркем безендіру туралы НҚА жетілдіру” деген сөйлем мүлде түсініксіз. “Жұртшылықты және сарапшылар қауымдастығын тарта отырып БАҚ үшін марапат сыйлықтар (әшкере сыйлықтар) ұйымдастыру” дегендегі ой орашолақтығын былай қойғанда, “әшкере сыйлықтың” қандай сыйлық екендігі белгісіз. Сондай-ақ, сыйлықты “ұйымдастырмайды”, тағайындайды немесе белгілейді емес пе? Ол үшін “жұртшылық пен сарапшылар қауымдастығын тартудың” қажеті қанша? “Мемлекеттік тілдің проблемаларымен айналысатын мерзімдік басылымдарды мемлекеттік қолдау” деген сөйлемнің де қиюы қашып тұр. Біріншіден, қазақ тілді басылымдардың мемлекеттік тіл мәселесін көтермейтіні жоқ. Олардың жігін қалай ажыратуға болады. Екіншіден, “проблема” деген сөзді “мәселе” деп алмаған күннің өзінде, олар “проблемамен айналыспайды”, “көтереді” немесе “қозғайды” емес пе?! Жобада мұндай бұлыңғыр сөйлемдер аз емес, Тіл туралы бағдарламаның тілі түсінікті, жатық, тіпті, көркем болғаны жөн емес пе?!
Тұтастай алғанда, жоба – кең талқылауға негіз болатын, тыңғылықты жасалған, Қазақстандағы бүгінгі тілдік ахуалы барынша ескерілген, оны шешудің заман ағымына лайық жолдары қарастырылған құжат деуге болады. Ең басты мәселе, бағдарламаны жеделдете қабылдап, оның толықтай жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу керек.
– Қауіпіңіз бар ма?
– Қауіптің ең үлкені – осы жақсы құжаттың қағаз жүзінде қалып қоймауы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
* * *
ТІЛІ БІРДІҢ ТІЛЕГІ БІР
Жақында Жамбыл облысының әкімдігінде “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жобасын талқылауға арналған “Тіл тұтастығы — ел тұтастығы” деген тақырыпта қоғамдық тыңдау болып өтті.
Облыста іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу барысы 4 жыл бұрын 56,5 пайыз болса, бұл биылғы жартыжылдықта 97,7 пайызға жетіпті. Кейінгі 5 жылдың ішінде облыстағы қазақ мектептері мен балабақшаларының саны да едәуір өсе түскен. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, өзге ұлт диаспораларының 4 мыңға жуық сәбиі қазақ балабақшаларында тәлім-тәрбие алуда. Облыс орталығы – Тараз қаласында осыдан 20 жыл бұрын жалғыз қазақ мектебі болса, қазір оның саны 21-ге жетіпті.
Дегенмен, атқарылып отырған бұл игі істер облыста мемлекеттік тілдің тағдырына байланысты мәселелер жоқ деген түсінік тудырмайды. Байланыс, денсаулық, түрлі органдар мен саясат, бизнес, технология салаларында қазақ тілінің көсегесін көгертетін кез жеткені біліне бастады. Бұл тұрғыда Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді қолдануға үстірт қарап отырған басқармалар, департаменттер, акционерлік қоғамдар мен органдар бойынша тексеру жұмыстарын қатайтып, одан қорытынды шығаруға ұйытқы болса, нұр үстіне нұр.
Талқылауға жиналғандар алдында Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Б.Омаров баяндама жасап, мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейту, оны қоғамдық өмірдің барлық саласына кіріктіру тұрғысында талқыланып отырған жобаның алар орнына тоқталды. Төрт мақсаттан тұратын мемлекеттік бағдарлама тілдің төрт құбыласын түгендуге негізделген екен.
Сонымен жоба талқылауға ұсынылды. Енді осы жоба бойынша ел арасынан ойлы ұсыныстар айтылуы қажет. Әйтпесе, ертең кеш болады. Осы қоғамдық жауапкершілікті дұрыс түсінген жамбылдық тіл жанашырлары аянып қалған жоқ. Мысалы, А.Бекбосын бағдарлама жобасында айтылған “жауапты мемлекеттік органдар” қатарына Қорғаныс және Ішкі істер министрлігін де қосу қажеттігін ұсынды. Онысының жөні де бар. Өйткені, әскердегі сардарлар мен сарбаздардың қатарында мыңдаған жастар жүр. Демек, мемлекеттік тіл айбынының қарулы күштер мен ішкі істер саласындағы тілдік ортадан да көрінуі тек қана абыройлы іске жетелейді. Қазақ тілін насихаттауда Қазақстан халқы Ассамблеясының жауапкершілігін күшейту туралы ұсыныс та орынды болды. Өйткені, Елбасы Н.Назарбаев “Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек” дегені есте. Сондай-ақ, “Мемлекеттік тілдің жағымды бейнесін қалыптастыру” деген сөйлемдегі “жағымды” деген сөзді “тартымды” деген сөзбен алмастыру туралы ой да дұрыс деп білеміз. Өйткені, қазақтың бай тілінде бұл сөздің, сонымен бірге, “ұнамды”, “сүйкімді” деген сияқты тағы басқа да көптеген баламасы бар.
Тараз қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының мұғалімі Н.Штомпель облыстық “Абай оқулары” байқауында жеңімпаз атанған ұстаз. Сондықтан оның “Меніңше, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді өз ана тіліндей білетін деңгейге жету үшін оларға қазақ тілін үйренуді міндеттеу де қажет деп ойлаймын” деген ойына түсіністікпен қараған жөн сияқты.
Жамбылдық Ә.Исақтың ұсыныстары да көпшіліктің көңілінен шықты. Ол бағдарламаны іске асырудың механизмін әзірлеу кезінде бастауыш сыныптарда (қазақ мектептерінен басқа) оқушылар қазақ тілін негізінен меңгеруі шарт болуына, ол үшін кейбір пәндер қазақ тілінде оқытылып, қазақ тілінің сағат саны оқу бағдарламаларының 20 пайызынан кем болмауына, аралас мектептерде тарих, география, қоғамтану сияқты т.б. пәндерді қазақ сыныптарымен қосып оқытуды тәжірибеге енгізуге, орыс тілді балалар бақшасында міндетті түрде қазақ әндерін, билерін, ертегілерін, салт-дәстүрлерін үйретуді міндеттеу сияқты ұсыныстар айтты. Мемлекеттік органдардағы ресми жиындар мен басқосуларды міндетті түрде екі тілде жүргізуді бірте-бірте доғаруға айрықша назар аударуды ұсынды. Ол, сондай-ақ, ел облыстарын тәуелсіздік тұсында Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан деп 4-ке бөлудің көңілге қонбайтынын айта келіп, оларды ендігі уақытта жер жағдайына қарай Қаратау (Түркістан), Есіл, Жайық, Ертіс облыстары деп, ал Алматы қаласымен шатастырмау үшін Алматы облысын “Жетісу облысы” деп атау дұрыс екенін айтып өтті. Сондықтан жобаны талқылау барысында мұндай ойлардың да тілге тиек болып жатқаны артық емес сияқты.
Қоғамдық тыңдауда бұлардан басқа тіл жанашырлары да өз ой-пікірлерін ортаға салып, сонымен бірге бағдарламадағы “креативтік”, “контенттік” деген сияқты орыс тілді қауымның өздері де түсіне бермейтін қаптаған “кірме” сөздерге қарап, талқыланып отырған бағдарлама түпнұсқасының қазақша дайындалғанына күмән келтірушілер де болды. Қазақ тілді газеттердің ақша төледі екен деп орыс тіліндегі жарнамалар мен хабарландыруларды, шұбырған тізімдерді мемлекеттік тілді құрметтеп, мемлекеттік тілдегі газеттерге жазылған оқырмандарының азаматтық құқықтарын аяққа таптап отырғаны туралы ой да айтылды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.
* * *
ТІЛІМІЗ ДАМЫСЫН
Өмірзақ Айтбайұлы бастаған бір топ тіл жанашырларының қатысуымен өткен жиында бағдарлама жобасы жөнінде “шын мәнінде ел болашағына, ұлт руханиятының өсіп, өркендеуіне үлкен үлес болып қосылатын жүйелі бағдарлама жобасы жасалған” деген ой айтылды.
Бағдарлама жобасын талқылауда Қазақ қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаева ханым: “Бағдарлама жобасында шет елдердің тәжірибесі зерттелді делінген. Онда алыс-жақын шет елдердің мемлекеттік тілді реттеуге байланысты нормативтік құжаттарының атаулары беріліпті. Қарап отырсақ, бұл мемлекеттердің көпшілігінде мемлекеттік тіл туралы арнайы заңдары бар. Тіпті Ресейдің өзінде де “Мемлекеттік тіл туралы” Заңы, “Орыс тілі” деп аталатын федеративтік бағдарламасы бар. Ал біз неге жасқаншақтаймыз. Бізге де “Мемлекеттік тіл туралы” заң қажет. Басқа ұлт өкілдері мұны дұрыс түсінеді. Бізге бүкіл әлем қолданып отырған тәжірибені неге қолданбасқа? Жер иесі, ел иесі – кіндік ұлттың тілі дұрыс болса, осындағы басқа ұлт өкілдеріне де жақсы болады. Аталған бағдарламада мемлекеттік тілдің басымдығына назар аудару керек. Ол үшін мемлекеттік тілге қажеттілік тудырып, әрбір азамат 2-3 айда үйренетіндей болуы керек. Бағдарламада ауыл мектебіне, қазақ мектебіне мемлекеттік қамқорлық көрсету, сапалы техникалармен, жаңа технологиялармен қамтамасыз ету, оқулық дайындау, жоғары оқу орындарына арнайы қазақ тіліндегі оқулықтар дайындау және оқулық жазатын мамандарға жағдай жасау мәселелері айқын көрсетілуі керек. Қоғамда мемлекеттік тілді меңгеруге деген қажеттілікті тудыру қажет” деп өз ұсынысы мен пікірлерін ортаға салды.
“Егемен-ақпарат”.