24 Тамыз, 2010

Ғалым салған жол

539 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Академик Ғабдығапар Сейтқасымов туралы ой Бүгінде Астанадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін басқарып отырған академик Ғабдығапар Сейтқасымов туралы оның 70 жастық мерейтойы қарсаңында бір сәт ойланып көрдім. Сонда бұл азаматтың үнсіз жүріп көп шаруа тындырған ерен еңбегі, ғылымдағы жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұратын, жазып көпке жеткізсек жұртқа өнеге боларлықтай екендігіне көз жеткіздім. Жалпы, Ғабекеңнің еліміздің қаржы, экономика саласын дамыту мен жетілдіру жолындағы жемісті еңбегін және аталмыш жүйе бойынша көптеген білікті мамандарды даярлаған ұстаздық пен ғылыми-шығармашылық өнегелі істерін мен ғана емес, өз ұжымы, айналасы, шәкірттері мен әріптестері әрдайым жоғары бағалайды. Ол 1999 жылы бүгінде өзі басқаратын университеттің негізін қалап, Астанада экономикалық сапалы білім мен біліктілікті игерген жастардың өмірге жолдама алуына өлшеусіз көп үлес қосты. Академик Ғабекеңнің жазып, жарыққа шығарған жүздеген зерттеу мақалалары мен оқулық кітаптары тек оқу процесіне ғана емес, қаржы, экономика жүйесінің практикасы үшін де, онда қызмет етіп жүрген мыңдаған қаржыгер мамандар үшін де болашаққа бағыт сілтейтін шамшырақ іспетті аса маңызды екенін ерекше атап айту жөн. Олай дейтінім, оның жазған еңбектерінің ішінде банк сала­сының проблемаларымен қатар қаржы мәселелерін талдаудағы ұстанған бағдары мен жасаған тұжырымы саланың алға дамуына жол ашатындығымен, мамандар­дың біліктіліктерін жетілдіріп қана қоймай әркімнің өз ісінің шебері болуына баулитындығымен, әлем­дік үрдіске сай өсуімізге лайықты тетік болатындығымен ерекшеле­неді. Ендеше, осындай терең білімі мен өмірлік бай тәжірибесі бар және оны жас ұрпақты тәрбиелеу жолына арнап, жан аямай тер төгіп жүрген ғалым бауырымыз туралы айту парыз деп білдім. Қазақ айт­паушы ма еді “жақсы­ның жақсы­лығын айт, нұры тасысын” деп. Иә, Ғабекеңнің өмір жолы бір қарағанда өзге замандастары­мыз­дікі секілді қарапайым көрінгені­мен өзіндік өнегелі, үлгілі тұстары жетерлік. 1957 жылы Ғабдығапар Сағитұлы Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай орта мектебін бітіріп, бір жылдай Қызылқоға колхозында шопанның көмекшісі болып еңбек етеді. 1958 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетіне емтихан­дарын сәтті тапсырып, экономика факультетіне қабылданады. 1963 жылы “бухгалтерлік есеп” маман­дығы бойынша оқуын аяқтап, туған жері Торғай облысына жолдамамен барады. 1963-1969 жылдар аралығында Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шилі, Речной совхоздарында бас эко­номист болып қызмет атқара­ды. Сонау бір жылдары Қостанай облысында колхоздардың совхоз­дарға ауысуы жүріп жатқан. Аға буын өкілдерінің жадында болса, тың және тыңайған жерлердің игеріліп жатқан тұсы. Көптеген шағын колхоздардың негізінде 260-тан астам совхоз ашылды. Осы уақытта совхоз жұмысын жүргізу спецификасын білетін білікті мамандар тапшы болатын. Ғабдығапар Сағитұлы облыс­тың ауыл шаруашылығы саласын­да жоғары білімі бар 15 бас эконо­мистің қатарында болып, аудан совхоздары экономикасының аяғы­нан тұрып, қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты. Ол түрлі деңгейдегі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жиналыс­тарында сөз сөйлеп, газет бет­терін­де совхоз өндірісінің ерек­шелігін, оны жос­парлаудың негі­зін, шаруашы­лық есебін, еңбекақы төлеу жүйе­сін дұрыс жолға қоюды түсіндірді. Бұл оның сол кездің өзінде азаматтық белсенділігі жоғары жігіт екендігін көрсетсе керек. Ол өндірісте жұмыс істей жүріп ауыл шаруашылығы сала­сында еңбекақыны ұйымдастыру және жоспарлау, ішкі шаруашы­лық есепті енгізу барысында шешімін таппаған мәселелерді көтерді. Жаңа­шылдыққа деген қызығу­шылық, өмірдегі барды ұқсата отырып одан әрі жетілдіру, дамыта түсуге деген талпыныс оны Це­линоград қаласындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институты эконо­мика және ауыл шаруашы­лығын ұйымдастырудың Целин­ный филиалына жетелеп алып келді. 1969-1970 жылдары осы инс­титут­тың аға ғылыми қызмет­кері, артынша бөлім меңгерушісі болды. 1970 жылы Алматы қаласындағы осы институттың аспирантура­сы­ның күндізгі бөлі­міне түсіп, оны 1973 жылы сәтті аяқтап, “Астық өнімін дайын­дауды ұйымдастыру және оны жоспарлауды жетілдіру” деген тақырыпта кандидаттық диссер­тациясын қорғап шығады. Сол жылдары жас ғалымның зерттеу жұмысы өте өзекті болды, дис­сер­тацияның ұсынымы мен түйіні өндірісте пайдалануға енгізілді. Оның ірі ғалым-экономист және білім мен ғылымның талант­ты ұйымдастырушысы ретінде қалыптасуы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универси­тетіндегі еңбек қызметімен тікелей байланысты. Бұл университетке ол өзінің 20 жыл ғылыми-педагогтік өмірін арнады. 1973 жылдан 1993 жылға дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқара жүріп, универ­ситеттің ғылыми әлеуетінің өсуін қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсады, экономика кафедрасын құрушылардың бірі болды. 1973-1993 жылдар аралығында ол университетте аға оқытушылықтан бастап, доцент, кафедра меңгеру­шісі, декан, проректор қызмет­теріне дейін көтерілді. Ол қандай қызметте, қандай лауазымда отыр­масын оқу процесінің ұйымдас­ты­рылуына үлкен парасатпен, шы­ғар­машылықпен, ізденіспен қарады. Өзін кезінде қызметке қабыл­даған Евней Арыстанұлы ол тұста Қарағанды мемлекеттік универси­тетінің ректоры болатын. Энци­кло­педиялық білімі терең, үлкен ғалым, қазақ халқының мақтаны­шы болған аталмыш тұлға жас маман­дарды педагог әрі ғалым ретінде дайындауға әкелік қамқорлығын көрсете білген жан. Ғабдығапар Сағитұлы Кеңес Одағының әр түкпірінен жиналған экономика факультетінің жас ұжымына енген бірінші күннен бастап оқу процесіне белсене араласа бастады. Ол ҚарМУ-де ғылыми-әдістемелік және ұйым­дас­тырушылық қызметтерді ат­қаруда тынымсыз тер төкті. Сол кезде мамандардың жетіспеуші­лігінен оған бухгалтерлік есеп, шаруашылық қызметтерді сарап­тау, даму және бақылау, КСРО-дағы несие және ақша айналымы сияқты бірнеше пәндерді қатар жүргізуге тура келді. Профессор Ғ. Сейтқасымов оқу процесіне ситуациялық тапсыр­маларды шешуге бағытталған, соның нәтижесінде студенттердің шығармашылық ойлауын қалып­тастыратын оқытудың жаңа түрін енгізуге көп күш-жігерін сарп етті. Арада үш жыл өткен соң ол “Ақша айналымы және несие” кафедра­сын құрады. Енді барлығын басы­нан бастауға тура келеді, өйткені ол кафедрадағы жалғыз ғылым кандидаты болатын. Банк ісі бо­йын­ша мамандар, педагог кадрлар тапшы. Ғабдығапар Сағит­ұлының аянбай және жүйелі жұмыс істеуі­нің нәтижесінде өзі­нен түлеп ұшқан талантты түлектер кафедра­да қалып, ғылыми дәреже­лері бар жаңа адамдар келіп орта толды. ­Жас меңгеруші кафедраның калыптасуы үшін өзінің түлектері мен қызметкерлерін Алматы мен Мәскеу қалаларындағы жоғары оқу орындарының аспирантурасы­ның күндізгі бөлімінде оқуға жолдады. Осының нәтижесінде он жылдың ішінде Мәскеудің қаржы институтының аспирантурасында 3 оқытушы білім алып, кандидаттық диссертацияларын қорғаса, Мәс­кеу институтында 6 оқытушы, Алматы халық шаруашылығы институтында (қазіргі Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ) 4 оқытушы кандидаттық диссертацияларын қорғап шықты. Олардың ішінде А.В.Заяц, Н.К.Кучукова, З.Д.Ыс­қақова, А.А.Мусина, Н.К.Русеева, Н.Б.Рубенкова, И.А.Омарова, Д.М.Мажитов, Ж.М.Матаев, Р.Д.Акашев, Н.И.Парусимова, А.А.Ілиясов, К.Ж.Садуақасова және т.б. бар. Осы уақытта кафедра 90% ғылыми дәрежесі бар ҚарМУ-дің ең үздік кафедраларының біріне айналды, университет кафедра­лары­ның арасындағы байқауда бірнеше рет алдыңғы орынға шықты. Осы уақыт аралығында кафедра меңгерушісінің суреті бірнеше жыл Құрмет тақтасынан мәртебелі орын алды. Бұл уақыт кафедраның мыңдаған жас маман­дарды түлетіп ұшырған кезеңі, қазір олар республика­мыздың қар­жы-банк мекемелерін­де, олардың ішінде ірі коммер­циялық банк­тердің жетекшілері де бар, Қаржы министрлігі және мемле­кеттік кіріс және басқа да экономикалық ведомстволарда қызмет етсе, кейбіреулері белгілі ғалымдар, еліміздің мемлекеттік қай­раткер­лері. Ол қарапайым маманнан бастап бүгінде тәуелсіз Қазақ­станның экономикалық гүлденуіне үлестерін қосып жүрген ғалым экономистерді, қаржыгер­лерді, банкирлерді тәрбиелеп шығару жолында аянбай еңбек етіп келеді. Кез келген ғалым өзінің зерт­теу еңбегін әкімшілік және оқытушылық қызметпен сәтті байланыстыра алмайды. ҰҒА-ның академигі Ғабдығапар Сағитұлы Сейтқасымов ғылым мен қызметті қатар алып жүрген ерекше тұлға. Ол өзінің кәсіби қызметінен бастап ҚарМУ-дің проректоры лауазымына дейінгі еңбек жолында қазақстандық қаржыгер­лер мен банкирлер мектебінің негізін салушылардың алғашқы­лары­ның бірі болды. Оның жетек­шілігімен шәкірттері тек қаржы секторының ғылыми-әдістемелік мәселелерін зерттеп қана қойған жоқ, сонымен қатар ғылыми жобалардың іргетасын қалады. Бұл уақытта ол банк ісі бойынша ­оқулықтар мен оқу құралдарын жарыққа шығару ісінде белсенді жұмыстар атқарады. Осы жылдар ішінде кафедра мүшелері про­фессор Ғ. Сейтқасымовтың бас­қаруымен еңбекке деген керемет қабілеттерін көрсетті, соның арқасында кандидаттық және докторлық диссертацияларын қор­ғады, екінші жағынан ғылыми мақалалар жазды, нәтижесінде бұл мақалалар республикамыздағы жаңа экономикалық ойлаудың қалыптасуы үшін негіз болды. Ғабдығапар Сағитұлының жарыққа шыққан кітаптарын баршаға және жеке адамға арналған кітаптар деп қарауымызға тура келеді. Оның еңбектері – өзгеше айна, оған біз эконо­микалық шындықты тану үшін жүгінеміз. Бұған қазақ және орыс тілдерінде шыққан “Банк ісі” оқулығын жатқызуға болады. Кез келген заттың беріктігі уақыт өте келе білінеді, ал бұл кітаптың беріктігі уақытпен таразыға салынған, сондықтан бұл оқулық­ты республикамыздағы оқу орын­дарының экономикалық факуль­тетінде оқитын барлық студенттер кеңінен пайдаланады. Бүгінде ұйымның оқу про­цесінде сегіз кафедра қызмет ететін “Экономика және бизнес”, “Есеп және қаржы” деген екі факультет қазақ және орыс тіл­дерінде білім беруде. Бұл факуль­теттерде студенттер мен ма­гис­трант­­тардың білім алуы үшін қа­зір­гі кредиттік технология талап­тарына сай барлық жағдайлар жасалған. Университеттің өміріндегі ерекше оқиға ол университетке ғылым кандидаттары мен доктор­ларын дайындау үшін үш түрлі экономикалық мамандықтар бойынша қорғалатын “14.08.01 ОД” диссертациялық кеңесінің ашылуы болды. Осы аз уақыттың ішінде 6 адам қорғап үлгерді. Университет тарихындағы маңызды оқиғаның бірі оқу орнының “Университет жаршысы” ғылыми журналы мен “Ұлағат. News” деген газеттің жарық көруі. Бұдан басқа, университет ректоры оқу орнының жақын және алыс шет елдердегі оқу орындарымен байланыс орнатуына үлкен мән береді. Соңғы 10 жыл ішінде Орынбор мемлекеттік универси­теті­мен, Орал мемлекеттік эконо­микалық университетімен, Бейлор университетімен (АҚШ, Техас штаты), Грузия техникалық уни­верситетімен (Тбилиси), Еуропа жара­тылыстану ғылымдар акаде­миясымен (Германия, Ганно­вер), Борнтмут универси­тетінің менедж­менттік қызмет және бизнес мек­тебімен (Ұлыбритания), Лессинг атындағы шет тілдер академия­сымен (Германия, Ганновер) және басқа да ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің ұйымдары және жоғары оқу орындарымен ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасасты. Ғабдығапар Сағитұлын мен өз ісінің жоғары білікті маманы, ғалым-экономист, педагог, ұйымдастырушы және мақтаныш етуге тұратын әріптес ірі тұлға ретінде бағалаймын. Кенжеғали САҒАДИЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, академик.