25 Тамыз, 2010

Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі

2154 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
ДАМУ ТҰҒЫРЫ – ӨРКЕНИЕТТІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ Астананың халықаралық 10 жылдық ме­ре­кесі аталып өтілер тұста Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев “Бәріңіз де білесіздер, біз Астананы қазақстандық мемлекеттіліктің эталон қаласы ретінде әлемдегі ең үздік 30 қаланың қатарына қосу жөніндегі өршіл мақ­сатымызды кеңінен паш еттік. Сондық­тан біздің жас елордамыз қазақстандық брэндтің маңызды бөлігіне айналды”, деп атап көрсеткен болатын. Бұл өршіл мақ­сат­ты ойдағыдай орындау барысында жылдан-жылға атқарылатын жұмыс көлемі барған сайын ауқымданып, шын мағынасында стратегиялық сипат алып барады. Оған күні кеше аталып өткен елордамыздың 12 жыл­дық мүшел мерекесіне төрткүл дүниенің төрт бұрышынан арнай келген қонақтардың жүрек­жарды пікірлері, осы той аясында өткен әлем астаналарының ешқайсысында баламасы жоқ “Хан Шатыр” архитек­ту­ра­лық ансамблінің тұсаукесері айқын дәлел болады. Әлемдік мегаполюстерді ерекшеленді­ре­тін де, олардың қалыпты өмірі мен да­муында да шешуші рөл атқаратын озық технологиялық инфрақұрылымы екендігі даусыз. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қаланың ба­залық инфрақұрылымын барынша дамытуға үнемі басымдық беріп келе жатқандығы да сондықтан. Астанада атқарылып жатқан құ­рылыс ауқымы туралы айтудың өзі артық. Елі­мізде қолға алынған құрылыс жұмыс­тарының 40 пайызы елорданың үлесіне тие­сілі. Мәдени-әлеуметтік нысандарды айтпағанның өзінде, жыл сайын қаламызда миллион шаршы метрден астам тұрғын үй кешендері пайдалануға беріледі. Жаңа құрылыс нысандары қаланың бір ғана аумағында емес, барлық аймақтарында бір­дей бой көтеруде. Ендеше, қала инфра­құрылымын төрт құбыла бойынша тең да­мыту, ешбір үзіліссіз қаланы су, жылу және жарықпен жабдықтау, күннен-күнге өсіп бара жатқан көлік тасқынының тоқтаусыз қоз­ғалысын қамтамасыз ететін жол-көлік жүйесін қалыптастыру көлемді де келелі міндет. Астананың авторы – Елбасының тікелей басшылығымен бұл орайда атқа­рылған жұмыс ұшан-теңіз, белгіленген жоба одан да зор. Атап айтқанда, соңғы жылдары жылу-энергетика саласына республикалық бюджеттен бөлінген 14 млрд. трасферт қаржыға №1 және №2 жылу электр орталықтарын (ЖЭО) қайта жарақтандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Өткен жылы үшінші қосылымдағы жылу магистралінің, “Жаңа жол” подстансасының құрылыстары аяқталып, жұмыс істеп тұрған 110/10 кило­ваттық екі подстансалар қайта жарақ­тандырылды.  Қазіргі таңда қаланың барлық энергетикалық қуат көздері 1 340 Гкал/сағ. жылу, 340 МВт электр энер­гиясын өндіреді. Қаланың қарқынды өсу жағдайын ескере келіп, 2010-2012 жылдар аралығында жылу энергиясына деген сұраныс 1 925 Гкал/сағ., электр энер­гиясына деген сұраныс 543 МВт. болады деген болжам жасалынып отыр. Ал 2016 жылға таман тек электр энергиясына деген сұраныс 765 МВт-ға дейін өседі. Бүгінгі күні қаламызға 1 568 Гкал/сағ. жылу энергиясы қажет. Жылу энергиясына деген тапшылық 103 Гкал/сағ. болып отыр. Бұл алдағы уақытта жылу жүйесіне қосылатын жаңа нысандарды есептемегендегі жағдай. Сондықтан қазір қаланың энергетикалық активтерін қайта жарақтандыру және жаңғырту мақсатында үлкен жұмыстар қолға алынды. Тек өткен жылы ғана осы салада 73 млрд. теңгенің жұмыс көлемі игерілді. Үстіміздегі жылы №1 ЖЭО қайта жа­рақ­тандыру жұмыстары жалғастырылуда. Биыл №3 бу қазаны агрегаты толық жаңар­тылып, жылу беру жүйесін ауыстыру жұ­мысы аяқталады. Энергетикалық нысандағы қайта құру жұмыстары 2013 жылы толық іс жүзіне асырылады деп күтілуде. Сол кезде №1 ЖЭО-ның қуаты 385 Гкал/сағ.-тан 410 Гкал/сағ.-қа дейін артатын болады. №2 ЖЭО-да қуаты 420 Гкал/сағ. болатын су ысытатын қазандықтар құрылысы салынуда. Биыл қуаты 220 Гкал/сағ. болатын екі қазандық іске қосылады. Құрылысы енді ғана қолға алына бастаған №3 ЖЭО-ның жайына келетін болсақ, бұл нысанның Астана қаласы үшін страте­гия­лық маңызы бар екендігін атап көрсету керек. Аталмыш энергетикалық нысан елорданы энергетикалық қуат көздеріне деген тәуелділіктен құтқарады. Қала энергетикалық қуаты жағынан өзін-өзі толық қамтамасыз ететін ірі орталыққа айналады. Бұл дүние жүзіндегі ірі мегапо­листер мен астаналарға тән жетістік болып табылмақ. Стратегиялық маңыздағы бұл жоба бойынша №3 ЖЭО-ның қуаты сағатына 860 Гкал 1 сағ. жылу және 240 МВт электр энергиясын өндіруге негізделген. Бұл жобаның жалпы құны 147,45 млрд. теңге болып отыр. Алдын ала жасалған тех­ни­ка – экономикалық негіздемеге сәйкес бірінші кезекте орталықтың инженерлік жүйелерімен бірге су ысытатын бу қазан­дарының құрылысын салу, екінші кезекте энергоблоктардың құрылысын жүргізу жоспары жасалынды. Қазір құрылыстың алғашқы кезеңін жүргізуге байланысты дайындық жұмыстары қолға алынды. Сөйтіп, №1 ЖЭО-дағы қайта құру жұ­мыстары толық аяқталғаннан кейін және №2 ЖЭО-ның энергоблоктары іске қосылатын 2013 жылға таман жылу беретін орталық­тардың қуаты 2015 Гкал/сағ. болып, қазіргі межеден 675 Гкал өсімге қол жеткізіледі. №3 ЖЭО-ның бірінші кезегі толық іске қо­сылатын 2016 жылдарға таман қаламыздағы энергетикалық орталықтардың қуаты 2665 Гкал/сағ. деңгейіне жетпек. Бұл елорданың алдағы уақыттағы өсу деңгейіне байланысты сұраныстарды ескергеннің өзінде, қала өзін-өзі энергетикалық қуат көздерімен толық қамтамасыз ете алады деген сөз. Астананың энергетикалық кешені өндіру қуатын арттырумен қатар, сол энергетикалық қуатты тасымалдай алатын өткізу желілерін де құруы керек. Мәселен, қазір қаламыздың электр тасымалдау желілері барынша пайдаланған жағдайда 460 МВт-ға дейін ғана электр энергиясын өткізе алады. Сондықтан алдағы уақытта өткізу қабілеті 1200 МВт-ға тең келетін жаңа 220 кВт электр энергиясын тарату желілерін құру керек. Оның үстіне қаламыздың электр энергиясын тарату желілерінің ескіргендігі, тіпті көп ретте жарамсыз жағдайға жетіп отырғандығы да жасырын емес. Осыған байланысты соңғы жылдары жалпы ұзындығы 170 шақырым орамды қамтитын қуаты 220 кВт. Электр тарату желілері шеңберінің құрылысын салу жұмысы басталды. Осы электр желісін тарату аумағында 220/110/20 кВт. қуатындағы үш тірек подстансасын салу қажет. Биылғы жылы 6 подстансада қайта құру жүргізіліп, бір жаңа подстанса бой көтереді. Сонымен бірге жалпы ұзындығы 4,5 шақырым жылу жүйесі қайта жаңартылады. Айтылған бұл ірі жобалардың бәрі қаржылық жағынан толық қамтамасыз етілген. Қазір белгіленген жоспарға сәйкес жұмыс кесте бойынша жүргізілуде. Қанатын кең жайып, күннен-күнге қа­рыш­тап дамып бара жатқан елорданың  база­лық инфрақұрылымын қалыптастырудағы келелі де көкейкесті мәселенің бірі – қаланы жүйелі түрде үздіксіз сапалы сумен қамта­ма­сыз ету. Астана еліміздің жартылай шөлейт аймағында қоныс тепкен. Соған бай­ла­ныс­ты елорданы сумен қамтамасыз ету проб­лемасы өткір қойылып отыр. Осы көкейкесті проблеманы түбегейлі шешу мақса­тында 2007 жылдан бері жапондық несие көзі бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл кешенді жобаның жалпы құны 66,7 млрд. теңгені құрайды. Жоба бойынша су сорғыш және тазалау стансасы кеңейтіліп, 120 шақырым су құбыры мен 24,4 шақырым канализациялық коллекторлар тартылуы қажет. Тәулігіне 200 мың текше метр су сорып, тазалайтын жаңа стан­са құрылысы салынуы керек. Жоба жү­зеге асырыла бастаған үш жыл ішінде жалпы ұзындығы 110 шақырым су және кана­ли­зация құбыры салынып іске қосылды. Үсті­міздегі жылы қалған 20 шақырым құбыр жо­лы пайдалануға беріліп, жобада қарас­тырылған басқа да ірі нысандар іске қосылмақ. Сонымен бірге жапондық жоба суды пайдалану мөлшерін есепке алып отыру тәжірибесін енгізуге мүмкіндік берді. Биылғы жылы атқарылатын жұмыстарды қоса есеп­тегенде, жоба бойынша 1700 жалпы үйдің және 127 мың жеке пәтерлердің су есептегіш қондырғылары іске қосылады. Бұл су ысыра­бына тосқауыл қоятын өте тиімді тәжірибе екендігі қазірдің өзінде іс жүзінде дәлелденді. Оның тиімділігін жеке тұрғындар да сезе бастады. Су есептегіш қондырғылары бар пәтерлер төлемдерін 25-30 пайызға дейін төмендетті. Қаланы сумен қамтамасыз етуде тапшылық болмауы үшін Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан жіберілетін су көлемін арттыру мақсатындағы технологиялық шешімдер ойластыруда. Сондай-ақ жерасты суларын пайдаланудың мол қорын жасау үшін жаңа ұңғымалар жасалып, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жасалып жатқан осы кешенді шаралар болашақта елорданың судан ешқандай тапшылық көрмеуіне берік негіз қалайды. Ірі мегаполистің әлеуметтік-экономи­ка­лық тіршілігінің тиімді де іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жетілген жол-көлік инфрақұры­лымының болуы ауадай қажет. Ақиқатында жол-көлік инфрақұрылымы қала комму­никациясына нәр құятын тіршілік тамыры болып табылады. Жасыратыны жоқ, Астана қаласының жолдары көлік тасқынынан тұн­шығып тұр. Бүгінде күн сайын қала көше­леріне жан-жақтан келетін көліктерді қоса есептегенде 250 мыңнан астам автокөліктер шығады. Ал қала көшелерінің дені кешегі кеңес жүйесінің жобасы бойынша салынған әрі тар, әрі қолайсыз. Міне, осы жағдайды ескере келіп, соңғы жылдары Астана қала­сының жол-көлік инфрақұрылымын түбе­гейлі қайта құру мақсатындағы кешенді шаралар қолға алынды. Бұл шаралардың негізгі түпкі мақсаты – қала көшелеріндегі көлік кептелістерін жойып, қала аумағында кедергісіз көлік қатынастарын қамтамасыз ету болып табылады. Елорданың болашағы үшін айрықша маңызы бар бұл ауқымды шаралар негізінен үш кешенді бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Біріншіден, Сарайшық, Ақжол, №12, №14 және Бейсекова атындағы көшелер арқылы өтетін кіші көлік айналма жолының құрылысын салу болып табылады. Бұл айналма жол көлік тасқынын бөлшектеу арқылы қала магистралдарына түсетін ауыртпалықты азайтуға мүмкіндік береді. Өткен жылы осы жоба бойынша Бөгенбай батыр даңғылы бойымен Ақжол көшесіне дейін жалғасатын магистралға түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүргізілді. М-3 автокөлік көпірі пайдалануға берілді, екі үлкен жол айырығы іске қосылды. Екіншіден, қаланың көлік жолдарын дамыту стратегиясы бойынша Астанада жеңіл рельсті трамвай жолы желісінің құрылысын салу жоспарланған. Жалпы ұзындығы 61,1 шақырымды құрайтын жеңіл рельсті трамвай жолын салу төрт кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Бүгінде осы жобаны жүзеге асыру мақсатында Франция мемлекетінен жеңілдетілген несие алу шаралары ойластырылуда. Қазірдің өзінде, Франция бұл жобаның техника-экономикалық негіздемесін жасау үшін 570 мың евро бірінші кезектегі қаржыны аударды. Үшіншіден, қала көшелерін күрделі жөн­деуден өткізу және жаңа автокөлік жолдарын салу мақсатындағы кешенді стратегиялық шаралар одан әрі жүйелі жүргізілетін болады. Өткен жылы қаламызда 147 шақырым автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өткізілді және жаңа жолдар салынды. Биыл Астанада тағы 110 шақырым автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өткізіледі. Ұзындығы 20 шақырым жаңа автокөлік жолы салынып, пайдалануға берілмек. Көлік стратегиясының тиімділігі тек жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен ғана шектелмесе керек. Бұл ретте қала көшелерін­дегі қоғамдық көлік қатынасының және жо­лаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының да айрықша мәні бар екендігі белгілі. Осыған орай елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиім­ді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Әри­не, бұл орайда әлі де толық жақсы жетістікке қол жеткізілді деп айтуға ертерек. Дегенмен, қала әкімдігі қоғамдық көлік қатынасында түбегейлі бетбұрыс жасау мақсатында ауқымды міндеттерді белгілеп отыр. Бірінші кезекте қала көшелеріндегі қолайсыз шағын автобустарды мейлінше азайту міндеті күн тәртібіне қойылды. Қазірдің өзінде қала­мыздың негізгі бағыттарында қатынайтын шағын автобустар жүрісі тоқтатылды. Олар осы заманғы сұраныстарға толық жауап беретін кең де жаңа автабустармен алмас­ты­рылуда. Өткен жылы қала әкімдігі осы игі мақсат үшін 104 жаңа үлкен автобустар сатып алса, биылғы жылы қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатары тағы 135 үлкен жаңа автобустармен толықтырылады. Жүзеге асырылып жатқан осындай кешенді шаралар елорданың базалық инфрақұрылымын түбегейлі жаңартып, ХХІ ғасыр қаласына тән халықаралық стандарттар дәрежесінен көрінуге толық жағдай жасамақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

* * *

Өлең және өмір

ОТАН Туған жер, тамған жер кіндік қанымда, Арым да, малым да, садаға жаным да. Мен үшін жәннәтсің осынау әлемде. Отаным өзіңсің бағым да, барым да. Біздерге қалдырған бабамыз, Көрікті кең-байтақ даламыз, Бас иіп өзіңе – Отаным, Әрқашан күш-қуат аламыз. Заңғар тау шыңындай жоғары жігерім, Тәуелсіз ел болып жаңара түледің. Қазағым, елім деп, жерім деп қуана, Отаным, тек сен деп соғады жүрегім. Көңілді айтылар әндерім, Өзіңе тілегім бар менің. Сүйікті Отаным қарыштап, Дами бер, жасай бер, мәңгі елім. *  *  * Астанам еңселі, Аялар ел сені. Айтамын қуана, Мақтанып мен сені. Жарастың достарға, Жол аштың жастарға. Елімнің рухын, Көтердін аспанға. Бойында Есілдің, Көркейе көсілдің. Көп қарап тұрамын, Үстінде көпірдің. Ерекше басқадан, Сүйікті жас қалам. Жүрегім жанымда, Өзіңсің, Астанам. Еліме еркелеп, Шақырар кел, көр деп, Қаланың символы. Биіктен “Бәйтерек”. Жастардың жалғадың, Арманға арманын. Өзіңе, Астанам, Әнімді арнадым. Астана – жүрегім, Таусылмас тілегім. Көзімдей аялап, Өзіңді сүйемін. Достық күй шертеді, Жаныңды елтеді. Әлемі сияқты, Ғажайып ертегі. Қапан ҚУАНҒАН. Ақмола облысы.

* * *

СӘУЛЕТ ӨНЕРІНЕ ҰЛТТЫҚ СИПАТ СӘН БЕРСЕ...

Өркениетті демократиялық қо­ғам­ның объективтік қажеттілігінен туындайтын қазіргі өндірістің, ғылым мен техникалық прогрестің одан әрі дамуы құрылыс саласы мен өндірістегі көркемдік талғам мен сәулет өнерінің дамуына да жо­ғары талаптар қойып отыр. “Жақ­сы­дан үйрен, жаманнан жирен”, – деп халқымыз тегін айтпаған шы­ғар. Туралықтың туын жығып, жетпіс жыл іштей жылаған жұрттың өзі­не жараспайтын жаңалыққа жабысып, еліктеушілікке ерік беріп, “болашақты болдырамын”, – дегенге көпшіліктің қарны ашып жүргенін қоршаған ортадан, ақпарат құралдарынан білеміз. Батысқа қарап, батпаққа бел­шеден баттық, ештен кеш жақсы де­мекші, бір сәт шығысқа қарап шың­ға ұмтылуда, “жаманнан жире­ніп, жақсыдан үйренейік” – деген ұранды тастай отырып, елімізде патриоттық тәрбие беруде рухани бай­лығымызды жастайынан бала­ның жадына құюда кемшіліктердің бар екенін ортаға салып, өз ойым­мен бөлісуді жөн көрдім. Астананың төрінен орын алып, өзінің рухани байлығын көрсеткісі келген Қытай мемлекетінің “Пекин – Палас” ғимаратына қарап, тілін біл­месек те, халықтың құдіретті­лі­гі­не таң қаласың. Жан-жағыңа бір сәт көз тастасаң “Қазақ елі” екенін білдіретін ғимараттар тапшы. Оң жағалауда орналасқан кейбір тұрғын үй сырттарына са­лын­ған оюлар бояудың маңыз­ды­лығына мән берілмендіктен, көзге түспей көнеруде. Мемлекеттік ма­ңы­зы бар істі тиісті орындар алдында тарихқа үңіліп, ортаға салып, жұрт­тың пікірін алғаннан кейін жүзеге асырсақ, ойдағыдай болар ма еді?! Халқымыздың рухани байлығы ою-өрнекті өткеннің өнер саласы ретінде ғана емес, ол күнделікті тұр­мыс-тіршілігіміздің ажарын аша­тын рухани құндылық болғандық­тан, құрылыс саласында пайдалану­дың ерекшеліктерін іздестіру қажеттілігін туындатты. Мақсатым – болашақ ұрпақ­тарға, ұмыт болып бара жатқан рухани байлығымыз ою-өрнекті таныстырып қана қоймай, оны қолөнер, сурет, сәулет өнері және өндіріс салаларына ендіре отырып, осы өнерді қайта жаңғырту, оған жаңа мазмұн беріп, құрылыс саласында кеңінен қолдану. Ғажайып өнер саласы – ою-өрнекті құрылыста, сәулет өнерінде кеңінен қолданудың жолын іздес­тіруде төмендегідей бірқатар қарама-қайшылықтар кездесті: – арнайы құрылыс саласында ою-өрнектерді пайдалануға арнал­ған қазақ тіліндегі әдебиеттердің жоқтығы; – қазақ халқының ою-өрнек­тері­нің алыстан көз тартатын жаңа ғимараттарда, мектептерде, оқу залдарын безендірулерде өте аз қолданатындығы; – ою-өрнектерді жаңа техно­ло­гияның көмегімен құрылыс са­ласында қолданылуына жеткілікті деңгейде мән берілмеуі; Осыған байланысты болашақ­та: – өнертануға арналған әде­биет­тер­мен танысып, талдау жасау; – ою-өрнекті сәулет өнері мен өндірісте пайдалану ерекшелік­терін зерттеу; – ең бастысы қазақ халқы қолөнерінің көркем, өшпес дәстү­рін сақтап, оны келешек ұрпаққа үйретіп, басқаларға дәріптей білу; – ұлттық дүниетаным ерекше­лігін танытатын осы өнер саласын заман талабына сай жетілдіріп, көркем рухани қазына ретінде пайдалану мәселелеріне көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болмақ. Ойымды қорытындылай келе біріншіден, үй құрылыс салу үшін зауыттан арнайы шығарылып ғи­ма­раттар сыртын қаптап жатқан плит­калар мен шыныларға бояу­дың маңыздылығына мән бере оты­рып, ою-өрнекпен шығарса, оны келістіріп, әдемілеп қоя білсе, сырттан келген жұртқа айтқызбай-ақ, алыстан “Қазақ елі” деп қол бұл­ғағандай болар ма еді – деп, ойлаймын. Екіншіден, ұлттық киіз үй, домбыра, қобыз, неке сарайы “Сәукеле” сияқты ұлттық рухани бай­лығымыздың қасиетін айқын­дай­тын дүниелеріміздің пішінімен ғимараттар салынса “зажигалка”, “ведро-шелек”, “семь бочки” – деп аталып жүрген ғимараттардан несі кем деген ойлар келеді? Педагог ретінде, жеке тұлға ре­тін­де Архитектура институтында оқитын болашақ мамандарға және қала архитектурасымен айналыса­тын азаматтардың құлағына алтын сырға ретінде осы идеямды құлақ­қағыс еткім келеді. Құр сөзбен пат­риоттық тәрбие деп қақсай бер­геннен ұрпағымызды ұлтжанды азамат етіп тәрбиелей алмайты­ны­мыз ақиқат. Сондықтан қоршаған ортаны ұлттық негізде жасай алсақ, одан ұтарымыз көп болатынына сенімім мол. Гүлшат ШАЙДАХМЕТОВА, Астана қаласы №32 МГ-ның қазақ тілі мұғалімі.

* * *

Астана және астаналықтар

КЕШЕГІ – АҚМОЛА, БҮГІНГІ – АСТАНА

Мен бұдан 60 жылға тарта бұрын Астана (Ақмола) қаласы­ның Сталин атындағы №2 ер ба­лалар мектебінің оқушысы бол­дым. Осы гүлденген Астанамыз­дың байырғы тұрғынымын. Өмір­дің біразын көрген адам ретінде осы екі кезеңді салыстырып қара­сам, қаламыз керемет өзгеріске ұшырапты. Оқушы кезімде қаланың үй­ле­рінің басым көпшілігі саманнан салынған шатырсыз үйлер бола­тын. Ең әсем зәулім үй Абай мен Жеңіс көшесінің қиылысындағы үш қабатты темір жол басқарма­сының ғимараты еді. Қазіргі биік зәулім үйлердің арасында көрін­бей қалды. Сол ғимараттың жаны­нан 5-6 вагоны бар жолаушы та­си­тын (ол кезде ветка дейтін) ша­ғын поезд жүретін. Ол кезде ав­тобустар жоқтың қасы, осы ветка жалғыз жолаушылар таситын көлік болатын. Асфальт жолдар болған жоқ-ау деймін. Менің есім­де қалғаны М.Әуезов (бұрын­ғы Октябрь көшесі) тас төселген (булыжниктер) болатын. Оқу орын­дарынан 2-3 техникум, бір­неше кәсіптік-техникалық учи­ли­щелер мен мектептер ғана бар. Мәдени ошақтардан негізінен жа­байы (жазғы) кинотеатрлар бола­тын. Сауда орындарынан орта­лықта бір қатарлы темір есіктер бар дүкендер болды. Міне, бұдан 60 жыл бұрынғы Астана қаласын осылай көз алдыма елестетемін. Кейде айтамын, біздің қала­ның бағы бар. Олай дейтінім, қаламыз­дың бағы дана тұлға, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқа­сын­да, Отанымыз­дың астанасы бо­луы­мен жанды. Тарих үшін аз уақыттың ішінде қаламыз саяси орталық қана емес, мәдени, эко­номикалық, әлеуметтік жағынан қарыштап дамыған ірі мега­по­люс­ке айналды. Оны екі-үш мысал­мен дәлелдеуге болады. “Ду­ман” ойын-сауық кешенін алайық­шы. Дүниежүзіндегі мұхиттар мен теңіздерде өмір сүретін балықтар мен су хайуанаттарын ешқайда бармай осында көріп, терең та­ны­суға болады. Немесе екінші бөлі­мінде Африканың жунглиінде жүргеніңдей сезінесің. Жас ұрпақ­тың дүние танымын кеңейтуге көмегін тигізеді. Биыл іске қосылған “Қазақ­стан” орталық концерт залы да ерекше архитектурамен салынған. Концерт алаңы ортада, барлық жағынан жақсы көрінеді, керемет акустика. Отыратын орындар төрт деңгейде. Сахнаға шыққан әртісті анық көріп, жақсы тыңдауға барлық жағдай жасалған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мынадай сөзі бар: “Қарттарын ардақтай білген елдің босағасы берік, рухы үстем”. Соның айғағы ретінде Елбасының тапсырмасымен Есіл өзенінің жағасында, табиғаты әсем, эколо­гиялық таза жерден 400 адамға арналып қарттар мен мүгедектер үйі салынды. Жайлы тұруға бар­лық жағдай жасалған. Соғыс ар­дагерлері бір орындық бөлмелерде тұрады. Қарт жауынгерлер Н.А.Зю­ков, А.В.Павлова, А.А.По­до­пригора, О.И.Линниктер осын­дай қамқорлығы үшін Елбасына шексіз ризашылықтарын біл­діруде. Астананы арқа өңіріне көшіру арқылы тұңғыш Президентіміз үлкен саяси мәселені шешті. Бұған дейін бұл өңірде басқа ұлт өкілдері басым, қазақтардың үлес салмағы аз болатын. Мысалы ме­нің туған ауданым Ақкөлде біздің ұлттың құрамы 25-30 пайыз бо­латын, бүгінде үштен екі бөлігін құрайды. Жастардың республи­ка­лық дәрежедегі қызметтерге орна­ласуына мүмкіншілік туды. Тек қана менің үш балам министр­ліктерде, Президент әкімшілігінде қызмет атқарады. Осындай күрделі мәселені шешуде білгірлік, батылдық, көре­гендігімен ерекшеленген Елбасы­на қарт ұстаз, зейнеткер, қала тұрғыны ретінде зор алғысымды айта келіп, еліміздің келешегі үшін қажымай-талмай ұзақ жылдар еңбек ете беруін тілеймін. Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, еңбек ардагері. ________________________________ Бетті дайындаған “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.