Өмір атты осы бір сындарлы сапардың соқтықпалы соқпақтарынан сүрінбей өтіп, өзі үшін емес өзгенің мүддесі үшін ғұмыр кешіп, әрқашан тынымсыз тірлік пен мызғымас бірлікті ту етіп, адал еңбегімен елінің игілігін еселеген ерлерден еліміз қашанда кенде болып көрген емес. Солардың бірі – Астана қаласының іргесіндегі Оразақ ауылының тумасы Әкімжан Назаров. Көзден көлегейленсе де көңілден көмескілене қоймаған ана бір жылдары бұл өңірдің үлкен-кішісі ардақты азаматтың есімін ерекше құрметтеп, асқақтаған беделін айбар тұтатын еді. Сонымен көнекөз жұртқа етене мәлім, “ел ертеңінің иесімін” деп ерге қонған кейінгі толқынға таңсық Әкімжан Назаров кім еді?
Сонау 1920 жылы жиырмадан жаңа асқан шағында атқа қонып, туған ауылында тұңғыш жалшы-жақыбайладың артелін құрып, айналасы сегіз жылдың ішінде шағын артелді іргелі колхозға айналдырып, заман талабына сай сол колхозды кейіннен өңірдегі ең ірі кеңшарлардың біріне ұластырып, осы іргелі шаруашылықты қырық жыл бойы табан аудармай басқарған бірегей тұлғаның қай қырын алсаңыз да ұлағат етуге тұрарлық. Өткен ғасырдың аумалы-төкпелі замана белестерінде қатарластарынан оза шығып, үнемі жел өтінде, көш басында жүрген Әкімжан ағамыздың ел ішінде аңыз болып кеткен өнегелі бастамалары баршылық. Бүгін біз ардақты азаматтың сонау бір ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында Ұлы Жеңісті жақындату жолында атқарған ғибраты мол бірер ғана жанқиярлық өнегесін тілге тиек етпекпіз.
Ұлы Жеңістің 65 жылдық айтулы мерекесі аталып өткен биылғы жылы Әкімжан Назаровтың есімін атаусыз қалдырып, “бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін” деген бүкілхалықтық қозғалысқа қосқан оның ерен еңбегін ескерусіз қалдырсақ ұрпаққа сын! Ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен қиын-қыстау сол заманда ол жүзден астам шаңырағы бар “Қызыл ту” колхозының басқарма төрағасы болатын. “Соғыс” атты суық хабар жетісімен-ақ Әкімжан Назаров өз еркімен майданға аттануға ниет қылады. Бірақ облыс басшылары оның шаруашылық басқарудағы бай тәжірибесін ескеріп, “жасыңыз асып кетті” деген желеумен алдарқатып, арнайы броньмен алып қалып отырған.
Екінші майдан-тылдағы еңбекті ұйымдастыруға білікті басшы өзіне тән қажымас жігер, тың құлшыныспен кірісті. “Қызыл ту” колхозы сол жылдары мемлекетке тапсырылатын ауылшаруашылық өнімдерін еселей арттырды. Табиғатынан ізденіс пен іскерлікті ту еткен басқарма оны місе тұтпады. Жартылай шөлейт аймаққа орналасқан “Қызыл ту” колхозының алатын астығын қайткен күнде рекордтық дәрежеге жеткізуді жатса да, тұрса да ойлады. Ақыры суармалы егіс тәсіліне көшуге бел байлады. Арқада алғаш рет суармалы егіс алқабы соғыс жылдары осы “Қызыл ту” колхозында дүниеге келді.
Колхоздың сан салалы науқандық шаруаларына онсыз да жұмыс күші жетпей жатқанда, Әкімжан Назаров жаңа бастама көтеріп, шаруашылықта жүрген адамдардан тыс “екпінді бригада” атты колхозшылар тобын құрды. Оған сол кезде республикаға аты шыққан ақын Мәриям Жагорқызы, Түсіпбай Қарабұзауов, Егор Болтусов, Дүйсенбек Рахметов, Жағыпар Мәмбетов сияқты жасы асып кеткен ауыл қарттарын тартып, бригадаға 85 жастағы Толжан Тайжанов атты ақсақалды жетекші етіп бекітті. Қарттар бригадасы алғашқы қадамдарын топырағы құнарлы, бірақ суы тапшы Өріктің жонынан құдық қазудан бастады. Өмір тәжірибесі мол Толжан ақсақал су көзін дәл тауып, қарттар қадамы бірден сәтті болды. 40 метр тереңдіктен шыққан су шымырлай атқылады. Олар құдықты қолма-қол шегендеп, тереңнен атқылаған кәусар суды тәулік бойы көлікпен тартып, арықтарға ағызып тұрды. Құдық басынан суармалы егіс бригадасының дала қосы салынды. Мол судың арқасында мыңдаған гектар тың жерлер игеріліп, егіс алқабы еселенді. Суармалы жерге өнген өнім берекесі ел игілігін арттырды. Тіпті бақша салып, қыр еліне таңсық қауын-қарбыз, көкөністің неше түрін өсіре бастады.
1942 жылы Қазақстанның барлық колхозшылары “Қазақстан колхозшысы” атты танк колоннасын жасақтауға қаржы жинау қозғалысына жұмылды. Оған қоса Ақмола облысында “Ақмола Осоавиахимовшылары” атты танк колоннасы жасақталды. Бұл игі шараға да Әкімжан Назаров басқаратын колхозшылар ұжымы белсене араласты. Қазақстанға кеңінен танылған қарт журналист Жұмабай Орманбаев сол бір кезеңнің естелігін былай жазып кетіпті: “Әкімжан әдеті бойынша редакцияға кіре, бірден сөзге кірісті.
– Естіп жатырмыз Отанның танк жасау қорына 100 мың сом қаржы беріп жатқан патриоттар күннен-күнге көбейіп барады екен. 100 мың сомды өз меншігімнен мен де беремін. Облыстық партия комитетіне мені қазір апарыңыздар, сөзім-сөз! – деді.
Обкомда бұл хабарды Сағалбай Жанбаев жолдас қуана қарсы алды.
– Сен жүз мың сомды қайдан аласың? Колхоздың малын салып жібермеймісің? – деді брінші хатшы Әкімжанға қалжыңдап.
– Жүз мың сомға жететін ауқатым бар ғой, Сәке, – деді Әкімжан тайынбай.
– Онда дұрыс. Назаров жолдас колхозына осы түнде жүріп кетеді. Бұл бастама жөніндегі материал газеттің келесі санында жариялануы керек, – деді хатшы.
Мезгіл түн. Ат құлағы көрінбейтін түтеген боран. Әкімжанға ерген арнаулы тілші мен. Әкімжан үстіндегі қасқыр терісі тұлыпты маған жауып тастап, делбені өзі ұстап, шана үстінде түрегеп тұрған қалпы аттарды айдап келеді. Баратын жеріміз 70-80 шақырым, жол жоқ. Әупірімдеп, таң ата Оразаққа жеттік. Жатқамыз жоқ. Бірден колхоздың активін жинап, жағдайды түсіндірдік. Ақша төлейді деген колхозшылардың тізімі жасалды:
– Мен үш мың сом саламын, – деді Мәриям Жагорқызы.
– Менің құлынды биемді қосыңдар, – деді Досымбек отағасы.
Әкімжан басқарма мен оның зайыбы Балшаһар: бір ат, бір бұзаулы сиыр, алтын сағат, үш алтын жүзік, қос ауыз мылтық, күміс белбеу, құндыз жағалы күзен ішік, қасқыр ішік, түбіт шәлі, қалы кілем және 27 мың сом ақша қосты.
– Балаларым барлық бағалы заттарын атады ғой. Өзіме еншілеген үлкен кілем мен түлкі ішігімді, алтын білезігімді Жеңіс қорына мен де қосайын, – деді Әкімжанның қарт шешесі.
Есептей келгенде, колхозшылар 120 мың сом, Әкімжанның отбасы 110 мың сом қаржы беріп, барлығы қызылтулықтар танк жасау қорына 230 мың сом ақша аударды”.
Міне, үстіндегі соңғы ішігі мен қолындағы соңғы білезігіне дейін шешіп берген тылдағы қарапайым халық ерлігінің бір көрінісі осындай еді. Әкімжан басқарма болса, қамбадағы соңғы астығы мен қорадағы бір-екі тұяғына дейін қан майдандағы боздақтардың қажетіне жаратып отырған тылдағы елді қайтсем ашықтырмаймын, қорғаныс қорын қалай толықтырам деп, “жар құлағы жастыққа тимеді”. Сұрапыл соғыс ұзаған сайын ел іші жүдеулікке ұрынып, берекелі игілігінен айрыла бастады. Адам қолымен жасалған кешегі ақсирақ аштықтан кейін мол қор жинай алмай онсыз да тақұл-тұқыл күн кешіп отырған ауылды соғыс әбден титықтатты. Қит етсе “тыл да майдан” дегенді алға тартып, күн құрғатпай зікірлей келетін өкіметтің өкілдері елдің соңғы талғажауына дейін тақырлап бітті. 1943 жылдың қатал қысы күшіне енген сайын колхоздар қатты күйзеліске түсіп, ел іші аштықтың аз-ақ алдында тұрды. Үлкенді-кішілі 130-ға тарта көлі бар Қорғалжын өңірінде тұрып, қарамағындағы жұртын ашықтыру Әкімжан басқармаға кешірілмес күнә еді. Осыған байланысты ол тағы бір тың бастамаға бел буды.
Бұл ретте Әкімжан Назаровтың көңілінен шықпай қойған жер аяғы қияндағы Асаубалық көлі болатын. Оның Асаубалық аталуы да тегін емес. Аумағы аттылыға апталық жол болатын бұл айдын көлдің тайдай тулаған балығы мол. Айналасында қоныстанған ел жоқ. Жырақта жатқан осы Асаубалықтың байлығын игеріп, жағаға шығып жататын көп балығын кіремен тартып, жұрт игілігіне жарату Әкімжан басқарманың арманына айналды. Бірақ жапандағы елсіз көлден балық аулап, екі жүз шақырым қашықтықтан кіре тарту ойлауға ғана оңай. Оған колхоздың ат пен өгізден құралған күш көлігі жарамсыз. Оның үстіне “майдан да майдан, тыл да майдан” болып тұрған мұндай қиын кезеңде, жаз бен күзде колхоздың шаруасынан басқа мәселеге жоғары жақтағылар мойын да бұрғызбайды. “Халық жауының” қамытын кигізіп, жер аударып жіберулері де әбден мүмкін. Сондықтан Асаубалықтан балық аулап кіре тартудың қолайлы кезеңі – қыс. Ал кіре тартуға қолайлы көлік – түйе. Ойсыл қараның заты түгілі атын ұмытқан Ақмола өңірінен түйе табу – түске де кірмейтін қиял.
Басқарма қарттармен ұзақ кеңес құрып, ақыры аяқ жетер Жезқазған өңірінен түйе жинауға тоқтам жасады. Сексеннің сеңгірінен асқан Толжан қарт бастаған бір топ ақсақал күз бойы Жезқазған асып, жылқы мен сиырға айырбастап алған отыздан астам түйемен алғашқы қар түскенде Асаубалыққа аттанды. Қарттар бригадасы алты ай қысты мұз үстінде өткерді. Түйелі керуенмен тоң-тоң балық Ақмола мен Қарағандыға жөнелтілді. Әкімжан басқарма қарамағындағы елді аштықтан құтқарды. Қорғаныс қорына мыңдаған тонна балық жөнелтілді. Тіпті одан артылғаны “Военторг” арқылы азық-түлікке жарымай отырған жұртқа сатылды. Соғыс жылдары бірнеше қыс қатарынан мыңдаған тонна балық өндірген қарттар бригадасы қорғаныс қорына қомақты үлес қосты.
Екінші майдан – тылдағы Әкімжан Назаровтың өнегелі бастамалары елге кеңінен танылып, Мемлекеттік қорғаныс комитетіне де жетті. Көп кешікпей Әкімжан Назаровтың атына Сталиннің алғыс хаты келді. Жеңісті жақындату жолындағы бүкілхалықтық қозғалысқа қосқан ерен еңбек ерлігі үшін ол 1943 жылы желтоқсанда “Қызыл жұлдыз” орденімен, келесі жылы Ленин орденімен марапатталды.
Барлық саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын өркендету ісіне арнаған білікті басшы Әкімжан Назаров өзі құрған “Қызыл ту” (кейіннен “Красный флаг” кеңшары) колхозын 41 жыл басқарып, 1961 жылы зейнет демалысына шықты. Әкімжан басқарманың зейнеткерлікке шығуы Никита Хрущевтің Қазақстанда жылқы түлігін түгелдей жойып жіберуге бағытталған солақай саясаты дәуірлеген кезеңмен тұспа-тұс келді. “Шаш ал десе, бас алатын” жергілікті басшылар Хрущевтің аузынан шыққанын бірден қағып алып, “жылқы малының пайдасыздығын” жаппай жарыса дәлелдеп, дала сәні болған жануарларға жаудай тиді. Сахарада желдей жүйткіген төрт түліктің төресін түз тағысындай мылтықпен атып, қынадай қырды. Сойылған малдың етін тасып үлгере алмай қыс айларында станса басына тау-тау үйіп, жаз шыға бұзыла бастаған етті керосин құйып өртегендерін де Әкімжан басқарма көзімен көрді. Жазықсыз жануарларды құтқара алмай жаны ширықты.
“Қызыл ту” колхозында өз қолымен өсірген мыңнан астам жылқы бар еді. Айналасы екі айдың ішінде мыңға тарта мал пышаққа ілікті. Биліктен қол үзіп қалған Әкімжан Назаров қанша коммунист болса да мына сұмдыққа төзіп отыра алмады. Сөзі жететін барлық жерге барып, басшыларды райынан қайтарғысы келді. Ордендерін алға тартып, барлық беделін де салып бақты. Бірақ жоғары жақтың нұсқауымен ғана іс тындыратын жергілікті билік оның сөзін құлаққа да ілмеді. Амалы таусылған Әкімжан Назаров жасы келіп қалғанына қарамастан жазықсыз жануарларды қанды қасаптан құтқару үшін тағы бір тәуекелді іске бел байлады.
“Қызыл ту” колхозының қырғыннан аман қалған үш жүз жылқысын адам аяғы жете бермейтін Мыңжылқы аралына бір түнде айдап әкетті. Аудан басшыларының алдында беделін салып, ешқандай ақысыз-пұлсыз бағып беруді сылтауратып, аудандағы кейбір шаруашылықтардың жанашыр басшылары жасырып берген 400 жылқыны тағы қосып алып, Мыңжылқы аралына тықты. Төрт құбыласын түгел Теңіз көлі қоршаған, ішке кіретін жалғыз ғана тар аузы бар бұл аралдың аумағы 15-20 мың гектардай, оның бәрі тұнған көк майса шабындық. Сонау бір жылдары көшпелі халықтың мың жылқысы бақташысыз осы аралда қыстап қалған деседі. Келесі жылдың жазында ғана құлындары марқайған мол жылқыны аралдан шығарып алған көрінеді. Содан бұл арал Мыңжылқы атанған. Солақай саясаттың салдарынан жойылуға шақ қалған түлік төресіне жаны ашыған өзі сияқты бірнеше ақсақалдан жылқышылар қосынын құрып, Әкімжан Назаров үш жылдан астам Мыңжылқы аралын мекен етеді.
Хрущевтің солақай саясатының беті қайтқанша, Мыңжылқы аралынан шықпай қойған Әкімжан басқарманың сол бір көзсіз ерлігін көнекөз қарттар жыр қылып айтады. Ақыры 700 жылқыдан өскен екі мыңнан астам сәйгүлікті айдап келіп, аудан басшыларына табыстаған. Бұл малдан кейіннен бүкіл бір өңірдің жылқысы өрбіген.
Әкімжан Назаровтың ұлағатты өмір белестеріндегі Ұлы Жеңісті жақындату жолындағы жанқиярлық еңбектері мен түлік төресі қасиетті жылқы малын қанды қасаптан құтқару үшін жасаған адами ерлігі замандастарының аузында аңыз болып айтылып, бүгінге жетті. Ал енді осы айтулы тұлғаның ардақты есімін ұрпақ есінде қалдыру мақсатында не істелді? Әлі күнге дейін шыбық басы сындырылған жоқ. Ақмола облысының Оразақ ауылының азаматтары бірнеше рет мәселе көтеріп, ауылдарына Әкімжан Назаров есімін буруді сұрады. Өкінішке орай, одан ешбір нәтиже шығар емес. Ендеше, ел мүддесі сынға түскен шешуші сәттерде жүзден жүйрік шығып, өнегелі істерге ұйтқы болған Әкімжан Назаровтың ардақты есімін тұңғыш қазығын өзі қағып, іргетасын қалаған Оразақ ауылына беріп, ұрпақ ұлағатына айналдыру бүгінгі Ақмола облысы мен Целиноград ауданы басшыларының парызы. Өскелең буынды патриотизм мен елін, жерін қастерлеуге үндейтін Ә.Назаровтың өнегелі істерін, ардақты есімін жаңғырту жолындағы бұл игілікті бастамаға Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары да ұйтқы болады деген сенімдеміз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.