25 Тамыз, 2010

83 жастағы соғыс ардагері сергелдең болып жүр

509 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысының арда­геріне теңестірілген тараздық ақсақал Әшім Иембердиев бү­гінде сергелдең болып жүр. Қария тұрғын үйін кеңейтіп алу үшін кезекке сонау 1989 жылы тұрыпты. Санап көрсек, содан бері 21 жылдың жүзі болыпты. Ұлы Жеңіс күні мерекесі де 21 рет тойланды. Әсіресе, биыл керемет болып өтті. Көптеген ардагерлер баспаналы болды. Бірақ біздің газетке шағым­да­нып келген ақсақалдың “бір жайлы баспанаға ие болсам” деген үміті осымен жиырма бір рет үзіліп отыр екен. Бірақ Әшім ата қайы­рым­ды қала басшыларынан әлі де күдер үзер емес. Бүгінде 83 жасқа келген ақсақал (1927 жылы туған) Жамбыл облы­сының Жамбыл ауданынан әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын 1943-1948 жылдары Ресей елі аумағында адал атқарыпты. Тіпті 1950 жылы әскерге қай­та шақырылып, содан 1953 жылға дейін Кеңес Одағы мен Ауған­стан шекарасындағы Термез қаласында қызмет еткен. Ақсақалға 1990 жылы беріл­ген куәлікке (сериясы 3-029223) “Предьявитель удостоверения имеет право на льготы и преи­му­щества, установленные зако­на­дательством для лиц, награж­денных орденами и медалями СССР за самоотверженный труд и безупречную войнскую службу в тылу в годы Великой Оте­чес­твенной войны 1941-1945г.” деп жазылып, қол қойылған. Бұған қоса сонау Кемер облысы, Ново­кузнецк қаласы архивінен алын­ған құжаты да бар. Онда: “Ием­бер­диев Ашим Указом Прези­диу­ма Верховного Совета СССР от 6 июня 1945 года за участие в годы войны награжден орденами и медалями СССР. За самоот­вер­женный и безупречную войнс­кую службу в тылу в году вели­кой отечественной войны 1941-1945 г.г. Удостоверение №016558. От имени Президиума Верхов­но­го Совета СССР удостоверение вручена. Основание: ф. 210 опись 1 дело 02 л. 9 порядковый номер 999. Се­кретарь исполкома по­д­пись К.И.Гоман.” деп жазылған. Жиырма бір жылдан бері (оның 18 жылы тәуелсіз ел ретінде бел­гілі) соғыс және еңбек ардагерлерін баспанамен қамтамасыз етуге тиісті Тараз қаласындағы меке­ме басшылары Әшім ақ­сақалдың осы құжатта­ры­на көз қырын салма­ған.  Көз қырын салма­ғаны бы­лай тұрсын, тіпті үйін ұлғайту кезегінен сызып тастапты. Әшім ақсақал жа­қында (17.06.2010 ж.) Жамбыл облыстық сотының кассациялық сот ал­қа­сының төрағасы А.Смайы­ловтан хат алды. Онда: “Жамбыл облыс­тық соты сіздің 10.06.2010 жылы жазылған арыздарыңызға төмендегі мән-жайды түсіндіреді. Аппеляц­ия­лық сот алқасының №2а-255/2010 санды 01.04.2010 жылғы қаулысымен Тараз қала­лық сотының 01.12.2009 жылғы шешімі өзгертілген. Тараз қала­лық тұрғын үй комиссиясының 26.09.2007 жылғы шешіміндегі А.Иембердиевті (Смайыловты) тұрғын үй алу кезегінің тізімінен алып тастаған бөлігі заңсыз деп танылып, А. Иембердиевтің (Смайылов) Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген азамат ретінде 25.04.1989 жылдан бастап тұрған үйін кеңейту кезегі қалпына келтірілді...” делінген. Ақсақал 1989 жылғы тұрғын үй кезегінің қалпына келтіріл­ге­ніне, өзін жылы қабылдап,  сергелдең болған себебін дұрыс түсінген Жамбыл облыстық сотының төрағасы Чиняевқа көп-көп рахмет айтуда. Ең бастысы, Әшім Иембер­диев­тің Ұлы Отан соғысы арда­гері­не теңестірілген азамат екені тоңмойын шенеунік­тер­ге сот шешімі арқылы мойындатылды. Кезек қайта қалпына келтірілді. Ал қария­ның баспаналы болу мүм­кін­дігін беретін ол кезек 1989 жыл­дан бері №1 орынға шығып та қойған шығар деп ойлаймыз. Демек, төрінен көрі жақын қарияны назалан­дыра бермей, көзі тірісінде қуанышқа кенелтуге толық мүмкіндік бар. Айтпақшы, “қарияны на­за­ландыра бермей” деген ауыр­лау сөзді бекерге жазып отыр­ған жоқпыз. Өйткені, оның облыс пен қала әкімдігі ғи­мараттарының бірінші қаба­тындағы есік күзетушілерден ары аса алмай, айқайласып, көз жасын сүртіп жүргеніне біздің де куә болғанымыз бар. Бұдан шығатын қорытын­ды, 83 жастағы соғыс ардагерінің басын­дағы сергелдеңнен облыс пен қала әкімдері хабарсыз сияқты. Бәрі төменде болып жатқан қитұрқылар ма дейсің. Ендеше, облыс әкімі Қ.Бозым­баев пен Тараз қаласының әкімі Е.Астаев қарияны көз жұмбай тұрып, жылы суы мен газы бар жайлы пәтермен тез арада қам­тамасыз етеді деп сенеміз. Халықты, оның ішінде қарияларды қуантқанға не жетсін. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Тараз. ---------------------------------- Суретте: ҰОС ардагеріне теңес­ті­рілген ардагер Әшім ИЕМБЕР­ДИЕВ.