27 Тамыз, 2010

Адамзаттың аждаһасы құрсауланған күн

428 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Астананың “Редиссон САС” қонақүйінде Ядролық сынаққа қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған халықаралық конференция болып өтті. Оның жұмысына БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, МАГАТЭ сияқты беделді халықаралық ұйымдар басшыларының, Қазақстандағы дипкорпустың өкілдері, тиісті министрліктер мен ведомстволар басшылары, БАҚ және т.б. қатысты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­­зар­баевтың ұсынысымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамызды БҰҰ былтырғы жылдың жел­тоқ­­сан айында “Жаппай қырып-жою қаруы­нан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күні” деп жа­рия­лаған еді. Кешегі конференция соны алғаш рет атап өтуге арналды. Онда бірінші болып Қазақстан Республикасы­ның Мем­лекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев сөйледі. Ол алды­мен Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың конференцияға қатысушыларға арнаған жолдауын оқып берді. Онда: “1991 жылдың 29 тамызында менің Жарлығым­мен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл – адамзат тарихындағы халықтың қалауымен жабылған ең алғашқы полигон. Ядролық сынақтардың зардаптарын өзінің басынан өткерген Қазақ­стан халқы бүкіл әлемдегі полигон­дардың жабылғанын қалайды. Біздің елімізде қырық жылда 490 ядролық жары­лыс жасалды, соның кесірінен бір жарым млн. адам зардап шекті және елі­міздің алып атырабына қасірет келді. Хал­қы­мыздың басынан кешкен осы зардап­тары – біздің әлемдік антиядролық қоз­ғалыс­қа көшбасшы болуымызға тарихи да, мораль­дық та құқық береді”, делінген. Одан әрі Президент ядролық қару­сыз әлем тура­лы идея­ны іске асыруда Вашингтонда бол­ған ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит­тің маңызды­лығын атап өте келіп, онда өзінің ядролық қаруды жаппай, вертикальді және горизон­тал­ьді бағытта таратпау туралы әмбебап шарт әзірлеуді, ядролық отынның халық­ара­лық банкін құруды, сондай-ақ ядролық қауіп­сіздік бойынша оқу орта­лығын ұйымдас­тыруды ұсынғанын еске салады. Жол­дауы­ның соңында Елбасы тұң­ғыш рет ата­лып отырған Жаппай қырып-жою қаруы­нан бас тартудың Бүкілдүние­жүзілік күнінде біз әлемді ядролық қауіптен құт­қаруға бағытталған халықаралық ынты­мақ­тастықтардың тереңдей түсуіне үміт­тіміз. Оған бізді болашақ ұрпақ алдын­дағы жауапкершілігіміз міндеттейді дейді. Президенттің қатысушыларға арнаған жолдауын жариялағаннан кейін Қанат Саудабаев өзінің құттықтау сөзін оқыды. Онда министр конференцияға қатысу­шыларға ыстық сәлем жолдай отырып, бұл күннің әлемдік қауіпсіздік үшін аса ма­ңызды екенін атап өтті. Алдымен полигон­ды жауып, артынан, 1991 жылы әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту арқылы Қазақстан өзінің бейбітшілік сүйгіш даму бағдарын танытты. Осы кезден бастап Қазақстан, Елбасының айтуынша, “бейбітшіліктің эпицентріне” айналды, дей келіп, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп тану туралы шартқа Семейде қол қойыл­ғандығының маңызын ауызға алды. Сон­дай-ақ ол Қазақстанның 29 тамыз күніне ерекше мәртебе беру туралы бастамасын қолдаған елдерге ризашылығын білдірді. Бүгінгі күні ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы (ЯСЖТШ) келісімге әлемнің 182 елі қосылып, оның 153-і келі­сім­нің күшіне енуіне байланысты мемлекет ішіндегі процедураларын жасап үлгерді, деді ол. Бірақ кейбір ықпалды елдердің ЯСЖТШ қол қоймай немесе оған ратифи­­ка­ция жасау­ға асықпай отырған­дығы кей­бір ресми ядролық мемлекет­тердің осын­дай қарулар­ды сынақтан өткізуіне, ал “та­бал­дырықта” тұрған елдер­дің зымырандық-ядролық бағдарлама­ларын одан әрі жалғастыра беруіне мүмкін­дік беріп отыр. Енді 29 тамыз Жаппай қырып-жою қаруы­нан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күні болып жария­ланды. Сон­дықтан, мен конферен­цияға қатысушы­лар­ды және та­рат­пау үдерісіне қатысушы барлық бел­сен­­ділерді осы күнді нақты әрекеттер­мен қарсы алуға шақырамын, деді Қ.Саудабаев. Одан әрі Қ.Саудабаев бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағының тұрғын­дарын оңалту, сол жер мен оның эколо­гиясын залалсыздандыру бағытында БҰҰ-ның атқарып отырған рөлін атап өтіп, Бас хатшы Пан Ги Мун мырзаның сәуір айында сол жерде болып, қасіретті өз көзі­мен көргеніне алғысын жеткізді. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен БҰҰ-ның Семей аймағын оңалту бағдарламаларына Жапо­ния, Нидерланды, Швейцария, Кана­да сияқты елдер мен Еурокомиссия, ЮСАИД, МАГАТЭ, БҰҰДБ сияқты халықаралық ұйымдардың белсене қатыс­қан­дығын атап өтіп, оларға ризашылығын білдірді. Соның ішінде Орталық Азия елдері үшін Халық­аралық оқу орталығын ұйымдастыруға көрсеткен жәрдемі үшін Норвегияға айрық­­ша алғысын айтты. Одан әрі конференция өзінің жұмысын БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның жолдауын тыңдаумен жалғыстырды. Оны Бас хатшының арнаулы өкілі М.Енча оқып берді. Жолдауда Пан Ги Мун әлемдегі барлық ядролық полигондарды жабудың мезгілі жеткенін, қазір тек олар туғызған проб­лемаларды шешумен айналысу қажет­тігін айтыпты. “Мен әлемдік қоғамдастық­қа Семей полигонының зардабын жақ­сылап зерттеуге шақырамын, сонда ядро­лық қарудың қаншалықты қасірет әкелетіні түсінікті болады. Біз бұл проблеманы шешуді келесі ұрпаққа қалдыруға тиіс емеспіз”, делінген Бас хатшы жолдауында. ЮНЕСКО-ның Бас директоры И.Бо­ко­ваның жолдауын ұйымның Орталық Азиядағы аймақтық өкілі С.Лазарев жеткізді. Онда Қазақстанның ядролық қарусыздану үдерісіндегі рөліне жоғары баға берілген. Қазақстанның осы ұйымдағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов те сөйлеп, БҰҰ-ны ядролық қарудан зардап шеккендерге көмек беретін халықаралық қор құруға шақырды. Оның айтуынша, бұл қордың негізін ядро­лық сынақтардың 20 жыл бойы тоқтатылуы­нан үнемделген қаражат құраса құба-құп болар еді. Сонымен қатар, конференцияда ЯСЖТШ ұйымы Дайындық комиссия­сының Атқарушы хатшысы Т.Тот, МАГАТЭ Бас директорының орынбасары В.Букарта және т.б. сөйледі. Жұмыс қоры­тындысы бойынша конференция әлемдік қоғамдас­тыққа үндеу қабылдады. Осыдан кейін “Семей өңірі: қалпына келтіруден дамуға” атты екінші пленарлық отырыс болды. Онда БҰҰ Бас хатшысы­ның көмекшісі, БҰҰ ДБ ай­мақтық директоры К.Удовички, Қазақ­станның Экономикалық даму және сауда министрі Ж.Айтжанова, “Қазатомөнер­кәсіп” ҰК пре­зи­денті В.Школьник, Жапо­ния, АҚШ, Ресей елдерінің Қазақстандағы елшілері және т.б. сөйлеп, аталған мәселе бо­йын­ша атқарылған жұмыстар туралы және оны жетілдіру бағытындағы ойларымен бөлісті. Жақсыбай САМРАТ.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20