01 Қыркүйек, 2010

Тәуелсіздікті толғаған туынды

881 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар Біздің жазушыларымыз “Жаңа заман жайлы туындылар неге тумай жатыр” деген сұхбат сұрағына ылғи “Оған уақыт керек, уақыт болғанда, жазушының уақыты емес, заманның біраз уақыты өтуі керек, сонда барып оны түсініп, саралап жазуға болады” деген сипатта жауап беріп жүр. Бұл дұрыс жа­уап емес, жалтарма жауап. Бір кезде Бейім­беттер алғашқы серіктестіктерді де, колхоз­дастыруды да, Күлтай болыс пен Раушан коммунистерді де, шаш ал десе, бас алатын ұр да жық солақай белсенділерді де дәл солай уақытында мақтап та, даттап та жазып, жа­рыққа шығарып жатпады ма. Ал жоғарыдағы жауапқа қарасақ, бүгінгі заман тарихқа ай­налған кезде ғана жазуға болатын секілді. Айтулы қаламгеріміз Сәбит Досанов бүгінгі заманның тарихқа айналғанын күтпей-ақ тәуелсіздік туралы “Намыс найзағайы” атты тұңғыш романды толғата туып жарыққа шығарыпты. Демек бұл – жаңа заман жайлы, бүгінгі замандастарымыз бен қазіргі кезеңнің кейіпкерлері туралы тың туынды. Жазушылар үшін өздері өмір сүріп жатқан кезеңдегі замандас бейнесін жасау күн тәртібінен түскен емес. Бірақ біздің қазақ жазушылары қазіргі заман тақырыбынан тайсақтап, көбіне тарихи тақырыптарға қалам тартатын. Себебі тарихи оқиғалардың куәсі жоқ, ойдан қиюластырып көсілтіп жаза беруге болады. Ал бүгінгі күн тақырыбын игеріп жазу – өмірді терең білуді, аса шеберлікті һәм кең ой-өрісті, батылдықты талап етеді. Сәбит Досанов сол биікті алуға тәуекел етіпті. Романның бірінші бөлімі “Ғасырдың ғажайып оқиғасы” деп аталады.Ол ғажайып оқиға – қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған, сол үшін күрескен – Тәуелсіздік! Бұл – жү­рекке ыстық сөз, қымбат сөз, сүйікті сөз! Ақын­дар оны жаппай жарыса жырлап ке­леміз. Сол тәуелсіздіктің арқасында бодандық тепкісінен жауыр болған арқамыз жазылды; Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, саяси жағынан өзге елдермен терезе теңестірдік; құмыққан-тұншыққан үніміз енді көмейіміз­ден еркін самғап шығатын болды; тәуелсіз жеке мемлекет, егемен ел болудың, соның аза­маты болудың қандай ғажайып бақыт еке­нін сезіндік. Жеке, тәуелсіз мемлекет болуды біз қазақтар мыңдаған жыл аңсаған шығар­мыз. Ендеше, ол ақындардың жүз жыл жыр­лауына, жазушылардың жүз роман жазуына жететін, татитын тақырып.Сол жүз романның ең біріншісін Сәбит Досанов жазып, ортаға олжа салып отыр. “Мен  адам жүрегінің бақылаушысымын” – депті  Стендаль өзі туралы. Қаламгердің талант қуаты адамның жан дүние иірімдерін қаншалықты жарқыратып аша алуымен бағаланады. Осы қатал талап тұрғысынан қа­рағанда да автор талантына тәнті боласыз. Бұған романдағы Талап, Тәрбие, Гүлнұр, Күрлеу, Кәмила, Жаңыл, Бақытгерей сынды сындарлы тұлғалардың жан әлемі жан-жақты бейнеленіп, жарқырай көрінуі дәлел. Қала мен дала өмірін жарыстыра суреттеп, адам­дардың қилы-қилы тағдырларын, аңыз бен ақиқатты қамшы өріміндей жымдастыра өріп, оқушының көз алдынан кетпейтін көркем образдар галереясын жасаған. Әр кейіпкердің тағдыры бір-біріне қаншалықты ұқсамаса, олардың іс-әрекеттері де бір-біріне сонша­лықты ұқсамайды.  Мәселен, аузын ашса жүрегі көрінетін ауыл мүғалімі Тұрсыновтың іс-әрекеттерінің көбі күлкілі, ал, соғыс бас­талған кезде аяқ астынан саңырау әрі мылқау бола қалған Нағымның қулығына құрық бой­ламайды. Биліктің биік баспалдағында жүрген бүгінгінің шенеунігі Арқатай Есенович, ми­нистр Бексұлтан Бұлғақбаев, Парламент Мә­жілісінің депутаты Зұлқарнай Есенжолович, олигарх Күрлеу Қапалбаев бейнелері арқылы бүгінгі күннің көріністері көркем бейнеленген. “Намыс найзағайы” романында оқушыны елең еткізер жаңалық, көркемдік тың ше­шімдер баршылық. Соның мықты бір дәлелі – Ақбас бүркіт. Ел өміріндегі елеулі оқиғалар Ақбас бүркіттің көзімен, қабылдауымен бе­ріледі, тіпті табиғат суреттері де. Бір ғана мы­сал: “Қызбел тауының Қыземшек деп ата­ла­тың арудың анарындай қос шыңының біріне келіп қонған Ақбас бүркіт көк жүзіне  көз тікті: күл түстес күлгін аспан. Ауру адамның бе­тіндей боп-боз ай. Өшуге айналған май­шам­ның әлсіз жарығындай өлеусіреген жұл­дыз­дар. Аттың тағасындай жарты айдың жа­ры­тымсыз сәулесі. Бесіктегі баланың уіліндей әлсіз үнмен сыңсыған әлжуаз жел... Осынау сұрғылт сурет, суық аспан Ақбас бүркіттің көңіліне көлеңке  түсірді. Ол енді бір сәт сол қанатқа мойын бұрды. Жел етегін желпімеген қыздың  жігіт қолы тимеген қос анарындай қос шыңның біріне көзі түскенде жан дүниесі көшкен елдің жұртындай құлазып сала берді.  Осы шыңның  басында жан серігі Көқдауыл отыруші еді-ау. Екеуінің  жұбы жазылмайтын. “Қайта оралып келмейтін сол бір қайран жайраң күндер-ай, – деп ойлады Ақбас бүркіт. – Сірә да естен кетер ме, сол бір бақытты күндер. Жан серігім Көкдауыл, екеуміз мына Ұлы Даланы бірге шарлап едік-ау. Не көрмеді мына қырағы екі көз. Біз осыдан екі жүз жыл бұрынғы көкорай шалғын жамылған, гүлден алқа тағынан Ұлы Даланың көз тоймайтын көркін де, оның азып-тозғанын да көрдік”. Ақбас бүркіт қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде бұрын-соңғы кездеспеген кесек образ. Ақбас бүркіттің айтары көп, бояуы қанық. Соғыс және еңбек ардагері, зейнеткер Әнуарбек  Төребековтің күрмеуі қатты күрделі  тағдыры оқушыға ой салатындай  оңды образ болып сомдалған.  Сондай кемел ойлы кесек кейіпкерлер  қатарында Тілеулес, Таңатар, Кен­жекей, Жұман, Қыдырәлі, Пүліш, т.б. бар. Иә, тәуелсіздік алып, егемен ел болып, төбеміз көкке жетті. Қуанышымызда шек жоқ. Және сол тәуелсіздікті қан төгіссіз, бей­біт жолмен алдық. Бір данышпан “Тәуелсіздік үшін күрес тәуелсіздік алғаннан кейін басталады” депті. Неткен керемет сөз! Осынау сөздің мағынасы теңіздей терең, мұхиттай тұңғиық. Әр адамға, әр азаматқа сабақ болатын, ой салатын сөз. Бұл – бас-басың билікке таласып, береке-бірліктеріңді кетірмеңдер; әрқайсың қарын қамын ойлап, байлық қуып кетпей, Құдай берген тәуелсіздікті сақтау үшін жан аямай күресіңдер деген сөз. Сол тәуелсіздікті алғанда жағдайымыз қандай еді? Соған дайын ба едік? Лайық болғанмен, дайын емес едік. Елін соншама ауыртпалықтар мен қиын­шы­лықтардан және өтпелі кезеңнің буырқан­ған асау өзенінен өткелін тауып, амалын тауып, аман өткізген қара нардай қайратты ерді бас кейіпкер етіп, оның образын шындық шеңберінде сомдай білген. Ол нар тұлға, әри­не, республика Президенті Нұрсұлтан Назар­баев.Содан да “Намыс найзағайында” Назар­баев образын көркем сөзбен сомдау орынды. Тарап кеткен бұрынғы одақтас республикалар басшыларының он бірінің басын қосып, бас-басының тілін тауып, ТМД құру жөнін­дегі келісім құжаттарына қол қойғызып, ри­за­ластыруы Президентіміздің сыртқы сая­сат­тағы алғашқы теңдесі жоқ тамаша жеңісі еді. Сөйтіп, іштен де, сырттан да төнген қауіп-қатерлердің алдын алды. Қарын орта, түлкі құрсақ боп жүрсек те, аспан ашық, күн бейбіт, ұйқы тыныш болғаны қандай бақыт еді дейсің. Осы тұста Бұқар жыраудың Абылайхан ауырып жатқанда көңілін сұрай барып: “Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай!” деп жыр айтқаны еске түседі. “Қайғысыз ішкен қара су” деген де сөз бар. Жазушы ғасырдың сол ғажайып оқиғасын жүзеге асырған бас кейіпкерінің одан кейін де асқан зор қажыр-қайратпен, мұқалмас-жасымас жігермен, Қазақстанның бүркітті көк байрағын әлем елдерінің аспанында желбірете жүріп, атқарған нәтижелі істерін, жемісті де сәтті саяси сапарларын көркем тілмен әсерлі суреттейді. Сол суреттеулер барысында Нұр­сұлтан Әбішұлының адамгершілік қасиеттері мен ішкі жан дүниесін қоса ашып, тебі­реністен туған ойларын оздырып отырады. 1993 жылдың желтоқсан айы, Президент ресми сапармен АҚШ-қа ұшып келеді. Әуе лайнері қанатының астында алып мұхит – Атлантика. Ол ой үстінде. “Ия, қандай қиын түйіндерді де келіссөз столында отырып, са­быр­мен, салмақты оймен шешкенге не жетсін, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Саясат – ақыл мен айла айқасқан сахна. Сол саясат сахнасында АҚШ күш көрсетуге бейім. ...Мұндай алып елмен арпалысып ұшпаққа шыға алмасымыз анық. Ақыл, айла қазақ секілді аз халыққа, әсіресе, керек. Біз қарудың күшіне емес, сөздің күшіне, ақыл-ойдың қуа­тына арқа сүйеуіміз керек. ...Алпауыт елге арқа тіреген Клинтон алпыс екі айлалы түлкі болса, мен тазы боп шалармын. Дос пейілін танытып бауырыма тартармын. Бірақ кіші­рейіп қолтығына кіре алмаспын. Өлсем де елімнің есесін жібермеспін. Ия, аруақ! Ия Сәт! Азаттықты аңсаған ата-бабамның рухы қолдай гөр! Желбіреп барған туымыз желкілдеп қайтқай!...” Сол сапарда Елбасымыздың дәл солай ойлағанына еш шүбә келтіре алмайсыз. Жазушы бейне ішіне кіріп шыққандай, шынайы түрде шырайын шығарып жеткізеді. Елорданың Алматыдан Сарыарқаның сары даласындағы Ақмолаға көшіріліп, қысқа уақытта сәулетті Астананың бой көтеріп, әлемді тамсандыруы да әлемнің ғажайып оқиғасы. Романда Астана эпопеясының бас кейіпкері һәм бас архитекторы Н.Назарбаев­тың ерен ерлігі суреттеледі. Романдағы орталық кейіпкер – Ерасыл Жақсыбеков қазақ ұлтының зиялы қауы­мы­ның білікті өкілі, белгілі жазушы, өз ортасына да, республика басшыларына да сыйлы да айтулы азамат. Жазушы Сәбит жазушы Ера­сылдың образын жан-жақты ашып, әсіресе оның қоғам өміріндегі азаматтық белсен­ділігін, адамгершілік асыл қасиеттерін, кісіге жақсылық жасап жүретін сергектігін ізгі де игі істер үстінде суреттеп бейнелейді. Ерасылдың мерейтойын өткізген аудан мен облыс бас­шылары жазушыға темір тұлпар сыйламақшы болады. Ерасыл одан бас тартып, оның орнына Жайна, Әбжан есімді ерлі-зайыпты қос мүгедекке шетелдік коляска алғызып және облыс орталығынан ыстық суы бар жай­лы үш бөлмелі пәтер беруді сұрап, сол өті­нішін орындатады. Бұл Сәбиттің өз басынан өткен оқиға, оны кейіпкерінің бейнесін сомдауға орынды пайдаланған. Романда одан да басқа Ерасылдың жетімдер мен жесірлерге, қаражаттан қысылғандарға жасаған жомарт­тық жақсылығы баян етілетін беттер шығарманың шырайлы да жарқын жолдарына жатады. Романда жастар Талап пен Тәрбиенің, Күр­леу мен Сандуғаштың ғашықтық-құш­тар­лық хикаялары, кездесу кештері тамаша-тартымды суреттеледі. Жалпы Сәбиттің осы романында қыз бен жігіттің, ер мен әйелдің сұхбаттары, қауышқан сәттерінің суреттелуі оқырманды ынтықтырып, еліктіріп отырады. Сәбит – диалог құрудың майталман шебері. Шығарманың шырайын шығаратын – шұрайлы тіл мен кейіпкерлердің диалог-тіл­десулері. Кейбір жазушылардың кейіпкерлері арасындағы тілдесулерді оқып отырып өз тіліңді тістейсің. Оны жазып та, айтып та жүр­міз. Сәбит диалогтерінде жасандылық жоқ, ер-әйел, қыз-жігіт тілдесулері жара­сым­ды, жанға жұғымды, көңілге қонымды, сәнді де мәнді сөздермен өрнектеледі. Қысқасы, Сәбит Досановтың осынау романы мазмұнына көркемдігі сай, мақсатына мағынасы сай аса құнды көркем туынды. Қара  қылды қақ жарған әділдікті алға тар­та отырып,  айтар сөзіміздің түйіні: Мем­ле­­кеттік сыйлыққа ұсынылып отырған “На­мыс найзағайы” романы аңдатпада айтыл­ған­дай, “тәуелсіздік жылдарындағы басты оқи­ғалар суреттеліп, азаттық алған қазақ елінің қиындықтарды еңсерген қымбат кезеңінің көркем панорамасын жасауымен” құнды. Халқымыздың рухани өркендеуінің шынайы көрінісі аса шеберлікпен, талғампаз талантпен көркем суреттелген  бұл тұлғалы туынды - есімі мен еңбегі шет елдерге де әйгілі Сәбит Досановтың ғана емес, қазіргі қазақ әдебиетінің де ірі көркемдік жетістігі. Ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қо­сылған асыл қазына деп бағалауға тұрарлық, кестелі сөйлемдерден түзілген,оқырман құ­мартып қызыға оқитын “Намыс найзағайы” атты роман аса мәртебелі Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әдебиет сыншысы.