01 Қыркүйек, 2010

Арал. Арал. Аралым.

3334 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін

Журналист жолда жүргенде

Міне, пойыз да тоқтады. Арал. Қазақ әдебиетінің классигі, қарасөздің хас шебері Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы “Гүл қауызындағы аспан” атты кітап бар. 2004 жылы шыққан. Авторы – орыстың әйгілі әдебиетші-сыншысы Николай Анас­тасьев. Сіздің тілшіңіз Арал жаққа жүрер алдында теңіз теңбілдес туындыны қайта қараған. Кіріспе мақаланың соңғы жағы шамамен осылай аяқталады. Пойызды ай­тыңқырап келіп, Арал қаласына айрық­шалай екпін түсіреді. Арал қаласына “Алматы – Ақтөбе” пойы­зы түн ортасына таман жетеді екен. Әри­не, шаһарыңызды да, жарты ғасыр­дайын уақыт бұрынырақта буырқана шал­қыған шалқар теңізіңізді де Әбең әдіптеген дүние­лерсіз елестете алмайтыныңыз анық. Теңіз жоқ. Шаһар шетінде. Шуылы тұр. Құла­ғыңызда. “Ақ Жайық” аталатын айтулы жүрдегіңіздің көгілдір вагонынан түсе бере жүрегіңіз атқақтай жөнелер. Қа­ранар қалам­гердің “Қан мен терін”, сон­соң, әрине, “Соң­ғы парызын”, солардың әуенін сезінерсіз. “Шаршамасаңыз, түнгі шаһарды, Ара­лымызды аралатсақ, қалай қарайсыз?” – десті Көлбай мен Еркін мырзалар. Кө­кейіміздің төбесінен дөп түскендеріне ризамыз. “Алдымен осы вокзалдың өзінен бастайық, – деді Ерекең. – Бұл өзі байыр­ғы ғимарат қой”. Түпкір тұстағы бөлменің төрінде 1921 жылы жаппай ашаршылыққа ұшыраған Еділ бойы жұртына Арал балықшыларының бір тәулікте он төрт вагон балық жөнелткені, пролетариаттың ұлы көсемі Лениннің алғысы бейнеленіпті. Вокзалдан шыққаннан кейін Балықшылар алаңын байыптап, Ақ кеме ескерткішіне аңтарыла қарайсыз. Ақ кеме Ақтауыңыз­дың атақты мәрмәр тасынан мәністелген. Біресе қанатты балық секілді, біресе бағзыдағы Арал балықшыларының аруақ туы сияқты, біресе бүгінгі армандар айдынында желкен керген кеме мәнзелдес мағыналар іздегіңіз келеді-ай. Шаһарыңыздың түнгі жарығына талау­рай толықсыған ай мен шоқ-шоқ жұлдыз­дардың сүт сәулесі қосылған. Аралыңыздың Орталық алаңы ертегілерден елес беретін­дей. Тулаған балықты құшақтаған Балықшы ескерткіші. Барсакелместің бір белгісіндей Құлан ескерт­кіші. Ерекшелеу көрінеді. Әсіресе, түнде. Осыдан бес жыл бұрын екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстан оралмаған аралдық алты мың боздаққа арналып, аты-жөндері жазылып, “Тағзым” мемориалы жасалған екен. Биыл, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ке­шен қайта жаңғыртылыпты. Батыр ана­ларға және ауданның Құрметті азаматта­рына арналған аллеялар да үйлесімді. Түнгі Аралыңыз түрлі-түсті фильмдей әсерлітұғын. Ертеңіне ерте тұрғанбыз. Күндізгі қаланы кезіп жүріп, көңіліміз сәл-пәл пәсейгендей күй кешкенбіз. Қиқы-жиқылау үй-жайлар, ирелеңдеген икемсіз­деу бұрылыстар, құм-топырақты, тозыңқы көшелер көбірек көрінеді. Кезінде атышулы порт атанған атақты Аралдың ақтаңдақ­тан­ған, сор басқан тұстары тұзданып жатыпты. Әнекиіңіз, әуелгі пошымы мен порымынан түк қалмаған порт жағалауы­ның жайдақ қайраңында қарауытқан кемелердің қиран­дылары қалқаяды. “Адмирал Нахимов”, “Төлеген Тоқтаров”, тағысын-тағылар. Жалпы, Аралыңыздың аумағында жиырма жеті жерде үлкенді-кішілі сор басқан алаңдар ағараңдап, дауылды күндері тұзды шаң бора­тады екен. Соңғы жылдары сол сорларыңыз­дың саны біршама кеміпті. Бір сордың орнына Тәуел­сіздік алаңы салыныпты. Екін­ші сордың ор­­нында №262 мектеп-гимна­зия­ның ға­жайып ғимараты бой көтеріпті. Үшін­ші үлкен сордың Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттық сауықтыру кешеніне айнала бастағанына аралдықтар қатты қуанулы. Шынында да шаттанасыз. Спорттық сауық­­тыру кешенін көрсеңіз, сергектене серпілесіз. Кеудеңізді мақтаныш кернейді. Ара­лыңыздың келешегіне үміт артасыз. Сенесіз. Жалаңтөс баһадүрдің еңселі ескерткіші ру­хыңызды биіктете түседі. Испандық технология бойынша жабдық­талған жабық жүзу бассейнін, зау-зәулім залдарды, заманауи спорт құралдарын, жасанды көгал төселіп, жасылды-сарылы орындықтары текшелене тізбектеліп үлгерген кең көлемді футбол алаңын көр­генде ше, қалайша қуанбайсыз? Кереметтей кешеніңіз күз басында аралдықтар игілігіне беріліп, шаһарыңыздың көркін арттыра түспек. Қиялау тұстағы қияңқы сорды білдір­мей жіберген және бір бедерлі құрылы­сыңыз – №262 мектеп-гимназия ғимараты. Алтын ұяңыз былтырғы желтоқсанда пайдалануға беріліпті. Жаңа жобамен, озық үлгімен са­лын­ған. 1200 оқушыға арналған. Осы заманғы құралдармен қамтамасыз етілген. Жеті жүз орындық мәжіліс залын көрдік. Таң­ғалдық. Аудан мұғалімдерінің тамыз мәс­лихаты осында өтпекші. Мектеп-гимназия­ның директоры Бекболат Сәдуа­қасов пен оның оқу ісі жөніндегі орын­басары Сағынтай Құдайбергенов жарыса әңгімелейді. Мектеп ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойын­ша бірінші орын алыпты. Аудан көлемінде. Ал Арал ауданы бүкіл Қызылорда облысы бойынша алға шығыпты. Оқу орнының алдындағы бұрын соры қалың болған ой­паңда гүл жайқалады. Гүл орта­сында Әйтеке бидің мүсіні. Қайбір жылдары “Егемен Қазақстан” ескерткіштер туралы мәселе көтерген. “Бабалар жас болмаған ба?” деген мақала жариялаған. Шынында да барлық жерде дерлік Төле бидің, Қазыбек бидің, Әй­теке бидің, сондай-ақ Абай мен Жамбылдың, тағы басқалардың тек қартайған, шау тартқан шақтарындағы бейнелері қойылатыны рас қой. Жасырақ кездерін де ретінде, орнына қарай бедерлеуге неге болмайды? Газет сыны осы жәйтті меңзегентұғын. Мына мектеп-гимназияның алдындағы Әйтеке би бабамыздың мүсіні ерекше. Түр-тұлғасы әлдеқайда жасырақ. Бас киімі де, басқа киімі де бөлекше. Жас өскіндердің жігерін жанитындай тұлға. Мінекиіңіз, Тарас Шевченко атындағы ескі, ежелгі мектеп үйінің жанынан өтіп бара­­мыз. Мұнда кемеңгер суреткер Әбді­жәміл Нұрпейісов, кезінде республика Үкіметін басқарған Ұзақбай Қараманов, Балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржанов оқыпты. Тәуелсіздік алаңы айналасы атшаптырым сордың орнына орнапты. Биіктігі жиырма бір метр тұғырдың төбесінде атқа мініп, жорыққа шыққан сақ сарбазының бейнесі зораяды. Теңіздің қалдығындай қоймалжың көл­шік пен ағараңдаған тұзды соры кеберсіген кезеңнен сәл-пәл алыстау дөңесте осы заманғы әп-әдемі ғимарат тұрыпты. Бұл – “Атамекен” балық өнеркәсібі” ЖШС. “Атамекен-Холдинг” қаржылық-өнеркә­сіптік тобының қолдауымен салынған. 2009 жылғы қаңтар айында жұмысын бастапты. Барлық өндірістік цехтары, тоңазытқыш камералары, басқа да жасау-жабдықтары, тұрмыстық бөлмелері еуростандартқа сәйкес деп есептеледі. Өкінішке қарай, осы жап-жаңа жұтынып тұрған балық зауыты қаңтарылып қалыпты. Балықтың иісі бар. Өзі жоқ. 2010 жылдың алғашқы айларында бір тоқтап, бір жүріп дегендей, ілдәлдалап, 48 тоннадай ғана балық өнімдерін шыға­рыпты. “Зауыт толық қуатында жұмыс істегенде, 8 000 тонна балық шикізатын қабылдайды. Қазіргі жұмысшылар саны 40-тан асады, келешекте 150 адам еңбек етеді” деген сияқты сөздер сіздің тілшіңізге онша әсер етпеді. Жап-жаңа, жұтынған зауы­тыңыз неге тоқтап тұр? Деген сауал ең­сеңізді езеді екен. Білуімізше, Кіші Ара­лыңыздың кілдіреп, беті бері қараңқырай бастағанына біршама жылдар өтті. Көл­дерге һәм береке кіргелі біраз уақыт болды. Баяғыда теңіздің тебіреніп, толықсып тұрар замандарында 30 түрлі балық бар десетін. Құрғап, тартылып, таусылған тұсында сол отызыңыздан біреуі ғана қалыпты. Ал қазір 18 түрі қалпына қайта келген. Қалай айт­саңыз-дағы, балық баршылық. Аз ауланып жатқан жоқ. Бірақ, бір қызығы, қаншама қыруар балық жаңа зауытқа келмей, басқаша жолдармен басқаша жақтарға жылыстай жұтылып кететін көрінеді. Кімнен сұрасаң-дағы, күмілжиді. “Атамекен” балық өнеркәсібі” деп ата­латын жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігіңізде, яғни су жаңа зауытыңызда, балығыңыздың иісі бар да өзі жоқ цехтарда жүріп, біз бір жағдайды көз алдымызға келтірдік. 1987 жылдың жып-жылы күзі. Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында КСРО жазушыларының балалар әдебиеті жөніндегі Бүкілодақтық кеңесі ашылған. Өткізіп жатқан Өзбекстан еді. Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Эстониядан, Литва мен Латвиядан, бәр-бәрінен өкілдер бар. Баршамызды ұшаққа мінгізіп, Әмудария үстімен алып ұшқан. Арал теңізіне дейін. Қайран жойқын дарияңыздың канал-каналдарға тарамдала таралып, теңізге құяр сағасында таусылып тынатынын, қызылкүрең қан секілденген қоймалжың ғана бірдеңенің жылбысқылана жыбырлап жатқанын көргенде, жағамызды ұстағанбыз. Содан Мойнақ қаласына қонғанбыз. Осы біздің Арал аталатын шаһарымыз шамаластұғын. Теңізіңіз сексен километр алыстап кетіпті. Сексен жетінші жылыңыздың өзінде. Айнала-төңіректе алып-алып кемелердің қаңқалары қарауы­тады. Сонда ғой, қаламгерлер қауымын Мойнақтың бүкіл одаққа мәшһүр балық зауытына апарғаны. Ғажайып кәсіпорын екен. Жабдықтары да керемет екен. Он бес түрлі балық консервісін шығарып, бүкіл КСРО-ға, тіпті социализм елдеріне түгел тарататын болған екен. Біз барғанда тек бір ғана түрін шығаратынға айналып, бар беделінен айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалған екен. Сонда ғой, Балтық жағалауынан жеткен жирен шаш жазушы келіншектің солқылдап тұрып жылағаны. Сонда ғой, түркімен туысымыз­дың “түсінбей” таңырқап: “Не плащ, депщонка” деп орынсыздау, оспадарсыздау қалжыңдағаны. Сонда ғой, үштен екісі қаңырап, ауласында құм суырып құлазыған қайран зауытқа аянышпен қарағанымыз... Арал шаһарындағы су жаңа балық зауы­тына әлсін-әлсін алаңдай бұрылып, алыс­тап барамыз. Болашағы жарқын болғай да. Қаладағы және ауданның біраз бөлігін­дегі ауыз су мәселесінің мәністі шешілуін аралдықтар Елбасының есімімен тығыз байланыстырады. 2005 жылы Мемлекет басшысы Аралда болған. Жұртшылыққа аян ғой, Президентіміз Арал аймағын, Арал проблемасын үнемі назарда ұстап келеді. Осыдан жиырма жыл бұрын республи­ка­ның Жоғарғы Кеңесінде сөйлеген сөзінде: “Бүгінде біздер Арал теңізіне жақын жатқан орасан зор аймақты қамтыған ғаламдық экологиялық апатпен бетпе-бет келіп отырмыз. Арал теңізінің Қазақстан өңірінде тез арада тартылуының салдарынан Қызылорда және Ақтөбе облыстарының негізінен байырғы халқы тұратын оның жағалауындағы селолары, ауылдары мен балық аулайтын колхоздары орасан зор зиянға ұшырап отыр. Жыл өткен сайын бұл жерден өмірі мен тұрмысы теңізбен тығыз байланыста болған балықшылар мен басқа да кәсіп өкілдері көптеп кетіп жатыр... Арал өңірінде санитарлық режимнің толық бұзылуы салдарынан халықтың ішектің қауіпті жұқпалы ауруларымен, іш сүзегімен, вирусты гепатитпен ауруы көбейе түсті”, – деген болатын. Ал содан он бес жыл кейін, осыдан бес жыл бұрын Аралға келгенінде бүй деді: “Арал халқының тыныс-тіршілігі ұдайы мемлекет назарында. Сіздерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет тарапынан 1 млрд. 300 млн. теңге бөлініп, “Арал – Сарбұлақ” су құбырының 25 шақырымы жөнделіп, қала ішінің 69 шақырымдық су құбырлары қайта жаңғыртылды. Соның нәтижесінде сіздер бұрын-соңды болып көрмеген таза суға ие болдыңыздар. Құтты болсын!” “Ауыз су – ең басты мәселе. “Толағай – Сарбұлақ” су торабынан тартылған су Арал ауданындағы 75 мың тұрғынның қырық мыңға жуығын қамтып отыр. “Қызылорда облысының елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етудің 2007-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы” шеңберінде нақтылы істер атқарылып жатыр. Биыл аудандық бюджеттің өзінен 10927 мың теңге қаржы бөлдік. Бес ауыл­дың ауыз су жүйелері күрделі жөндеуден өткізіледі. Алдағы уақытта Қаратерең, Көнеқаратерең, Тастақ ауылдарын “Арал – Сарбұлақ” топтық су құбырына қосу, со­ны­мен қатар Райым, Бекбауыл, Құмбазар, Үкілісай, Қызылжар, Шөмішкөл, Ақшатау, Ескіұра елді мекендерін де топтық торапқа қарай икемдеу міндеті тұр”, – дейді аудан әкімі Нәжмәдин Мұсабаев. Қиындықтар жетіп-артылады. Озған салалар жоқ емес-ау, алайда тозған тұстар көбірек. Мәселен, 1818 шақырым болатын электр желілерінің бағаналары апатты жағдайға жеткен. Атанши, Мойнақ сияқты шағын ауылдар электр желілеріне қосылмаған. Сексеуіл, Жақсықылыш сынды ірі кенттер мен ауыл­дардағы, тіпті Арал қаласындағы электр желілері шұғыл жаңартуды қажет етеді. Аудан аумағы арқылы 211 километрлік республикалық дәрежедегі автокөлік жолы өтеді. Жергілікті маңыздағы жолдың ұзындығы 730 шақырымдай. Қазір Батыс Еуропа мен Батыс Қытай аралығындағы атақты халықаралық жол құрылысы қызу жүріп жатыр. Облыс аумағы арқылы “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” дәлізінің 811 километрі, ал Арал ауданы арқылы 213 километрі өтеді. Жалпы алғанда, бұл өңірдегі автокөлік жолдары жаман емес. Нешеме түрлі жол­дар­ды көріп жүрміз ғой. Міне, біз бірталай бел-белестерді, қырлауыттар мен құмды-жусанды жазықтарды, тулақ сүйреткендей тақырларды артқа тастап, Қамыстыбас көлдер жүйесінің жеріне іліккенбіз. Қа­мыстыбас жүйесін жеті-сегіз көл құрайды екен. Қаязды, Лайкөл, Бидайкөл, Жың­ғылды, Дауылды, Суықкөл, Жалаңаш... Бір замандарда осы Қамыстыбас өңірінен сонау Сырға дейін 200-дей көл болған деседі. Қазанғап ата мешіті тұсында мін­детті түрде тоқтайды. Жолаушылар. Білген дұғаларын оқып, Алладан медет тілейді. Біз-дағы сөйттік. Жол жақсара түскен. Жиырма төрт ауылдық округтің он жетісін өзара жалғап, жосылып жатқан жолыңыз 2007-2009 жылдары салынған. Қаратереңге дейін. Республикалық бюджет­тен. Жады­раң­қы тірліктерге куә болсаңыз, жайдарман күйге түсесіз. Жабығыңқы жақтарды байқасаңыз, жүрегіңіз жүдеп қалар. “Мына Лайкөл дейтін көлді тендер бойынша бағанағы балық зауыты иемденді. “Атамекенді” айтам. Келешекте сол мекеме тауарлы балық өндіріп, өңдеумен шындап айналыспақшы. Балықшыларға жатақ­ханалар салынып, жағдай жасалады”, – дейді Нәжмәдин мырзаңыз. Сөз жүзеге асып, мақсат орындалып жатса, кәнеки. Аудан әкімі әңгіменің майын тамызады. Жетес бидің, Нұртуған жыраудың аталы сөздері мен жырларын жатқа соғады. “Анау адырлардың арғы жағында Жетес би ауыл­дық округі құрылған. Жетес би аралы, Же­тес би жазығы, Жетес би талы бар. Үш бір­дей аймақтың үздік төбе биі атанған. Билердің сайыпкерлік сайыстарында садақ­тың сайгезіндей озып шығып отырған, – дейді Мұсабаев. – Ол округке таза су барды. Жол барды. Мектеп пен клуб салынған. Біразырақ бұрын теледидардан жан-жақты көрсетті”. Сол жақтан, сағым арасынан сағыныш­тай сарғайып Райым бекінісінің белгілері бұлаңытады. Украинаның ұлы кобзарі, ақыны һәм суретшісі Тарас Шевченко сурет салған жер ғой, баяғы. Қара жо­лыңыз­дың қос қапталында шоғыр-шоғыр түйелер қалып қойған. Енді дала кемелері сиреп, сиыр мен қой-ешкіңіз көбейе түскендей. Оңға қарата бұрылып, біразырақ жүрсеңіз, алдыңыздан Қосжар ауылдық округі шығады екен. Жүз елу орындық жаңа мектептің құрылысы қызу жүріп жатыр. Жұмыстағылардың бәрі кілең жас­тар. Күзде бітпекке тиіс мектептен кейін Қосжардағы балық питомнигіне соқтық. Мұнда да Аралдағы балық зауытындай тым-тырыс тыныштық орнап тұрыпты. Бес жыл бұрын Елбасы болыпты. Балық кластері жайында жан-жақты әңгіме қозғалыпты. Алла жазса, алдағы уақытта Көкарал бөгеті ойдағыдай бітсе, Кіші Арал теңізінің жартылай жансызданған жағалаулары жанданар. Ақсай, Тастүбек, Жалаңаш, Сарышығанақ, Берг шығанағы, Бөген мен Қаратерең қайта тірілер. Үшшоқы, Сегізсай, Сарыбасат, Шөмішкөл, Торанқұм, Қаратас, Егізек, Күлмес, Құмсай, Бұйырғандының берекелері кірер. Қамбаш көлі оң қапталымызда қалып барады. “Қамбаш – Аралдың мақтанышы. Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қол­дауымен Жасұлан каналына тоспа са­лынып, соның нәтижесінде су жылдағыдан көбірек жиналды. Енді көл жағалауы осы заманғы талапқа сай демалыс орнына айналмақ. Көп ұзамай-ақ жиырма жеті орындық қонақ үйінің іргетасы қаланбақ. Инфрақұрылым мәселесі шешілмек. Маусым айының аяғында анау жағажайда “Қызылорда облысында экологиялық туризмді дамыту мәселелері” деген тақы­рып­та семинар-кеңес өткізілді. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” күрежолы іске қосылғаннан кейін бұл бастаманың көк­жиегі қалай кеңейетінін сезіп отырған шы­ғарсыз? Ой-хой, Қамбаш көлінің мұзы қа­лың қатады. Қаңтардың басынан наурыз­дың ортасына дейін мұз үсті мерекеге айналады. Балық аулайтындар Қамбаштың мұзы бетінде қарақұрым болады”, – дейді  Нәжмәдин Мұсабаевыңыз. Сыр бойына таманырақ төмендеңкіреп келеміз. Нұртуған ақын туған жер. Нұрту­ған жырау жүрген жер. Аманөткел ауы­лында кесенесі, ескерткіш мүсіні, музейі бар. “Кәнеки, тілім, сөйлеші!” деп барып, көсіле жөнелер жырауыңыз ғой, баяғы. “Ергенде надандыққа ел тозады; Елеріп тек пайдаға қол созады”, дегенін жұртшылық жадынан шығарып жібереді-ау кейде. “Әттең-ай, ылғи да Ноғайлыны жырлап жаза беріппін. Сартбай батыр мен Жанғожа бабаны жазуға ғұмыр қысқалық қылды. Оларды кейінге сақтап ем. Солардан бастауым керек екен дә. Аруақтары назаланды ма, қайдам”, – деп қамығыпты деседі. Дүниеден өтерінде. Нұртуғанның көріпкелдігі де болғанын айтушылар аз емес. Ізденімпаз журналист ағамыз Өтеген Жаппархан жазғандай, Нұртуған жырау 1941-1945 жылдарғы соғыстың болатынын бақандай он бес жыл бұрын біліпті. Аманөткел ауылының жанында жайнап өскен саябақ желкілдейді. Алты гектардан астам алқапта. Терек пен жиде. Серік дей­тін бағбан талдырмаш терек пен жұпар ша­шар жидені күтіп-баптап, суарып жүріпті. Сортаң, құмшауыт жерде мұндай бақ өсірмектің бейнеті оңай емес. Аманөткелге Аққұлақ пен Ақшатау ауылдары қарайды. Өзі де өлең жазатын, “Мырзастан шықты шайырлар” атты кітап құрастырған Тәңір­берген Дәрменовтің айтуынша, демогра­фиялық жағдай жақсара бастапты. Соңғы төрт жарым жылда үш жүзге жуық сәби дүниеге келіпті. Округте 2621 адам тұрады. Олардың 10657 малы бар. Маусымдағы нақтылы есеп бойынша. “Арал теңізі” қоғамдық қоры ауылға “Жедел жәрдем”  автокөлігін беріпті. Емхана, үш фельд­шерлік-акушерлік пункт, үш мектеп, екі кітапхана, Мәдениет үйі жұмыс істеп тұрыпты. Халық театры бар. Жақында жазушы Қуаныш Жиенбайдың шығармасы желісімен “Ұры” деген дүниені сахнаға шы­ғарыпты. Серік Жаңабаев, Муат Ерә­лиев, Раиса Жалмағамбетова сияқты өнерлі жастар көп екен. Биыл аманөткелдіктер “Театр көктемі” атты облыстық байқауда озып шығыпты. Бөген ауылы беткейлеу бұйратта секілді сезілді. Құмның көкесі осында сияқты. Түйелер маңып барады. Бірқатары ауыл көшелерін кезіп жүріпті. Бұрындары Бөгеніңіз теңіз жағалауы саналған. Кейбір үйлердің шарбағын толқын шайып кетеді екен. Бөген балық зауытында біржарым мың адам жұмыс істеген. Білдіңіз бе?! Енді ол кәсіпорынның ізі білінбес. Сол жылдарда ВЛКСМ-нің 30 жылдығы атындағы орыс-қазақ мектебі атанған оқу орны 1991 жылы ақтаңгер ақын, жауһар жазушы Зейнолла Шүкіровтің есімін еншілеген. Зекең ағамыз, сұңғыла суреткер Сайлаубай Жұбатырұлы, жоғарыда аталған көрнекті прозашы Қуаныш Жиенбай, сондай-ақ ақын әрі журналист Толыбай Абы­лаев сынды інілеріміз – құмға қамал­ған Бөген ауылының талантты түлектері. Бұйра құмыңыздың бір шеті көктемдегі тілшеленген сүрі қар секілденіп, мектеп жанындағы Шүкіров ескерткішінің түбін басып жатыпты. Бұл өңірдегілер әбден үйреніп кеткен ғой. Бізге біртүрлі секілді. Бөгеніңізді бөктерлейтін жолмен жүріп, біраздан соң дарияңыздан өткенбіз. Ағлақ аталатын су тоспасына жеткенбіз. Ағлақ торабының сегментті үш қақпасынан бұрқыраған бұлғақты су атқылана ағып шығады екен-ай. Төменірекке қарасаңыз, басыңыз айналар. Құрылыс бітер болса, дарияңыздың деңгейі күрт көтерілер. Көлдер толысар. Теңізіңіз толығар. Арал және Қазалы аудандары үшін арзан электр энергиясы өндірілер. Ағлағыңыз Көкара­лыңыздан он үш метрдей биіктікте. Қаратерең ауылдық округінің әкімімін деп танысқан қараторы толық жігіт Құдабай Жиенбай екен. “Бауыржан Омаров дейтін қаламгер ініміздің ауылы емес пе?” – десек, басын изеп, жып-жылы жымияды. Ағлақ тоспасының тағдыры қиындау боп тұрыпты. Бес-алты жылдан бері бітер емес. Шалалық көп. Созбұйдалық жетіп-арты­лады. Тоспа бөгет тұрғызылған соң дарияның біраз жері ескі арнаға айналып, сусыз қалған. Тәртіп бойынша ескі арна толайым-тұтас топырақ­пен толтырылып, тегістелуі тиіс. Өйтпеген жағдайда бөгеттен су өтіп, бірте-бірте апатқа апаратыны аян. Өкінішке қарай, осы жұмыс та тым баяу атқарылуда. Төрт шлюзіңіздің үшеуі әлі бітпеген. Ауыл шаруашылығы министр­лігінен, Үкіметіміз тараптан өкілдер келген. Көрген. Біледі. Бәрі де. Бірақ баяғыда тендерде жеңіп алған Мәскеуіңіздің “Зарубежводстрой” фирмасына тістері батпайтын сияқты. Ешқайсысының. Себеп-сылтауларды саулатады. Уәдені заулатады. Мәскеуліктеріңіз. Мән-мәніс жағы жүдеңкі. Көп ұзамай-ақ Көкаралға іліндік. Көкарал. “Көкарал, міне, осы”, – деді аудан әкімі. Он үш километрді жүріп өттік. Оқта-текте темір көліктен түсіп, қайта-қайта қарап қоямыз-ай. Көкарал бөгеті осынау он үш шақырымға созылады ғой. Оқып та, естіп те жүрміз. Көзбен көрген, сезінген, түсініп-түйсіне түскен, әрине, басқаша. Тоспаның тоғыз қақпалы шлюзін де көрдік. Балтық теңізі деңгейімен есептелетін 42-белгіге тақап тұрған, толықсыған суды да көрдік. Қақпалардан аққан қаншама сумен бірге ақтарылып жатқан, миллиардтап саналар қайран қара шабақты көргенде ше, жылағаныңыз аз секілді. Еңірегіңіз келер. Анау бір жақтардан ақ шағалаларды аңға­расыз. Шабақ аулап, шулап ұшқан шаға­лаларыңыз мейлі ғой. Қарақұрым қарғалар мен құзғындарға қарап, кенет қатты қорқып кете­сіз. Қазекем: “Қаз қаң­қылдап, жазды шақырар; Қарға қарқылдап, қысты шақырар” деген. Қарғалар мен құзғындар бірігіп, бір бәлені шақырардай шо­шисыз. “Беті әрмен, бет­тері әрмен!” деп күбір­лейсіз. “Егемен Қазақстан” газетінің биылғы 7 тамыздағы нөмірінде Арал теңізінің жағасында кін­дігі кесілген, қалам қа­рымын айналайын Ара­лыңызға арнап келе жатқан, тебіренісі терең, филосо­фиясы ерен жа­зушыңыз Сайлаубай Жұ­батыр­ұлының “Үміт желкенін көтерген теңіз” атты ма­қаласы жария­ланды. “Мем­лекеттік мәселе” деген айдармен айшықтал­ған осынау ойтолғақ елді елең еткізді. Біз-дағы Көкарал бөге­тінің үстінде тұрып, Жұбатырұлының жазбасындағы жәйттерді ой сүзгімізден және бір мәрте өткіздік. Сайлаубай бауырымыз саралаған-ақ. Сараптаған-ақ. Жан қал­тамызда жүріп жұлма-жұл­масы шыққан газетіңіздің қиындысына қайта-қайта үңілеміз. “Сырдария ар­насының және Арал теңіз­інің солтүстігін сақтау”, яғни САРАТС жобасының жөн-жосығын қалай жілік­теп түсіндіреді десеңізші. Нәтижелері мен жемістерін қалай нақ-нақ дәлелдеп, дәйектейді десеңізші. “Солтүстік Арал айдынын сақтап қалу керек. Теңізді екіге бөлген Көкарал-Баян өткелегі осыған сұранып-ақ тұр. Сол жерде 2004 жылы Көкарал бөгетінің құрылысы басталды. 15 жылдай ұсынылып, халықтық құрылыс түрінде талай нұсқасы салынып, талай апаттарға душар болған идея мемлекеттік, өркениетті деңгейде қолға алынды. Ұзыны 13 шақырым, биіктігі Балтық жүйесімен 44 метрлік алып нысан 3 жылда бітті. 4-5 жылда толады деп жобаланған айдынның кенересін су бір ғана  қыста (!) шіреп шыға келді. Ең бастысы, осы бейнеттен күтілген зейнет шаш-етектен болды. Аралдың табиғаты жұмсарды, экология тәуірленді, елдің әлеуметтік, экономикалық әл-ауқаты түзелді, аралдықтар өзінің ата кәсібімен қауышып, барақат тапты. Болашақ мұнан да жарқын игіліктер ашқандай – жобадағы теңіздің екінші кезегі 46 м. болашағы одан да биік нұсқада белгіленген еді. Бірақ... Соңғы жылдары іс пен жоба басындағы жауапты адамдар сондай үмітті, аңсаулы бағыттан ауытқып, “Сарышығанақ” дегенді қаузап кетті”, – деп күйзеледі Жұбатырұлы. Бұдан әрі Сайлаубай “Сарышығанақ­тың” сонау КСРО-ның аумалы-төкпелі уағында, ақша құнсызданып, алып империя пышырай бастаған тұста өмірге келген амал екенін екшеген. “Сарышығанақ” дейтұғын идеяның шикілігін, жасандылығын дәлел­дейді. Құрғақ сөзбен емес. Нақты-нақты фактілермен. Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовтың биылғы көктемде батыл айтқан пікірі мынадай екен: “Сарышығанақ” идеясы ел-жерге тиімсіз нұсқа. Жобаның екінші кезеңіне бөлінген қомақты қаржыны төгіп-шашпай, келешекте Көкаралды көтеруге салу керек!” Өкінішке қарай, әлі де текетірес бәсеңсіген жоқ. “Сарышығанақ” идеясына иланушылар шегінер емес. Жұбатырұлы­ның  жанайқайы осы себептен туындап жатыр. “Көкаралда іргесі көтеріліп, игі нәтижесін берген сенімді негіз тұр. Ол бетке жол, электр желісі тартылып, жұмыс­шылар қыстағы салынған. Бөгеттің оңтүстік-батыс аймақтағы экономикалық, стратегиялық рөлі аса зор. Ал әлгі “Са­рышығанаққа” сондайлық қымбат ком­муникацияны тыңнан салу керек”, – десе де, жүре тыңдайтындар жетерлік. “Сыр­дың “ауыр” суымен тұщы көл жасаймын деу – экология мен тіршілікке қауіпті тәуекелге бару. Мұндай артық “бас аурудың” не керегі бар?! Және “Сарышығанаққа” бола Қамбаш сияқты реликті көлден арна қа­зып, оның табиғатын бұзу да мақұлдарлық іс емес. Таразының екі басындағы “Кіші Арал” – “Сарышығанақ” нұсқаларында осындай принципті кереғарлықтар бар”, – дегенін әдейі ғана елемейтіндер аз емес. Сіздің тілшіңіз Аралдан  Қызылордаға темір көлікпен оралған. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолының құрылысы қызғын жүріп жатыпты. Бес-алты сағаттың орнына жеті-сегіз сағат сапарладық. Айналмалар тіпті көп. Жетпіс пайызға жетіп қалады-ау. Облыс орталығында Жұбатырұлы Сайлау­бай мен Сәдібекұлы Айжарық ағамызға жолықпаққа асыққанбыз. Екеуі де теңіздің тумалары. Екеуі де өмір бойы теңіздің тағдырын толғап келеді. Мінекиіңіз, екеуі екі жағымызда отырыпты. Теңіз. Тек қана теңіз. Басқа тақырыпқа бармайды. Айжа­рық ағамыз: Білесің бе, біздің Қармыс жақ­тан қарағанда, сенің Бөгеніңнен берегірек сағымды биік көрінетін еді ғой?!” – дейді. Сайлаубай жымиып, көкесін қостай жөнелді. “Сол сағымды белесті біз де Сарықұмнан байқап, қайран қалатынбыз”, – деп қояды. “Айтқаным – айтқан, Балтық жүйесі бойынша Кіші Арал суының жиегі 50-53 метрлік деңгейге көтерілсе, Сарышығанақ­тан бес еседей үлкен теңіз пайда болады. Бұл балық аулауды 3-4 есе арттырады. Сарбұлақ су көзі қуаттанады. Экологиялық ахуал қазіргіден әлдеқайда жақсарады. Сіздің облысыңыздағы Көксарай су реттегіші мен Көкарал тоспасы өзара үйлесіп, кереметтей келісім табады. Сондықтан киелі Кіші Аралдың келешегіне кемелдікпен қараған абзал. Керек десеңіз, одан арғы жағын да ойға салып, САРАТС жобасының үшінші кезегіне қол арту артық болмас”, – дейді Сайлаубай Жұбатырұлы. Айжарық ағасы Сарықұм жақтағы сағымды шыңы шынға айналғандай шаттана түседі. Айтпақшы, біз Қызылордаңыз жаққа қайтпастан бұрын Арал ауданының тек теңіз тарабын, Сыр жағын ғана емес, Қыр жағын да біраз-біраз аралаған едік. Сыр мен Қыр аралығындағы Аралқұм атыра­бында болған­быз. Жақсықылыш кентін көргенбіз. Жақ­сықылыш жотасына таң­данғанбыз. Атағы жер жарған “Аралтұз­дың” қазіргі күйіне қа­ныққанбыз. Ауруханалар мен емханалардағы рефор­маның жағдайымен танысқанбыз. Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырының бойымен жүздеген шақырым жол жүріп, құм ішіндегі ұжмақтай “Арал” апатты қалпына кел­тіру тірек пунктінің” қалашығымен қауыш­қан­быз. Сексеуіл кентінің сипаттарын ұғын­баққа ұмтылғанбыз. Олар турасында алдағы уақытта, сәті түскенде, сыр шертіп берерміз. Мына бір жағдаятты ғана баян ете кете­лік. Арал сапары аяқталды-ау деп, Қызылор­даңыздан Шымкентіңізге қарай жүретін пойызға алған билетімізге үңіле бергенімізде, меншікті тілші Еркін Әбіл мырзаның қызмет телефонына қоңырау шалынды. Бір кісі бізді сұрапты. “Мен сізге жолыға алмай қалдым. Арал қаласынан хабарласып тұрмын. Аудандық мәсли­хат­тың депутатымын. Бір кездері бас дәрігер болғам. КСРО денсаулық сақтау ісінің, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігімін. Сондай атақтардың иесімін. Айтатын әңгімелерім көп еді, кездеспегеніме өкініш­тімін”, – деді өзін Мамай Бұйраев деп таныстырған кісі. “Айта беріңіз, айта беріңіз”, – дейді сіздің тілшіңіз. “Сіз де Арал ауданының әкімі Мұсабаевты мақтап жазуға келдіңіз ғой? Солай ма?” – дейді Мәкең. “Бізде мақтау мақсаты да, даттау мақсаты да жоқ. Аралды араладық, аңғар­ғанымызды жазыңқыраймыз”, – дейміз біз. “Аудан әкімі мақтана береді, көбі өтірік. Райым мен Аралдың құбыры мынау. Ақбай алқабының жері анау. Еті мен сүті де оңып тұрған жоқ. Шұбаты да”, – дейді Мәкең. “Шұбат шығаратын шағын зауытты көрдік, жаман емес сияқты”, – дейміз біз. “Не ағарған жоқ, не көгерген жоқ”, – дейді Мәкең. “Сексеуіл егілген жерлерді байқадық, бейіттердің айналасында да көшеттей бастапты. Бірақ көгерістің нашар екенін орынды сынап отырсыз”, – дейміз біз.  “Әйтеке бидің аты мен ескерткіштері шектен тыс көп қойылып кетті”, – дейді Мәкең. Бұл сынының да жөні бар секілді. “Вагон жөндеу зауыты мен балық зауытына бардыңыз ба?” – дейді Мәкең. “Бардық. Екеуі де тоқтаңқырап тұр”, – дейміз біз. Бұйраев басқа да бірталай жағдайларды тізбелеп жатыр. Ұзақ тыңдадық. Телефон­мен. Кейбір сын-ескертпелері орынды. Бәзбіреу­лері бұлыңғырлау сияқты. Біз үшін. “Мұса­баев мақтана береді. Мектеп­терді де өзі сал­дырып жатқандай етіп көрсетеді, солай жаздырады”, – дейді Мәкең. Біз бірер күннің ішінде талай-талай жаңа мектептерде болдық. Бірақ аудан әкімі ылғи да “Елбасымыздың қамқорлығы арқасында, жүз мектеп, жүз аурухана бағдарламасына байланысты, “Жол картасының”, облыстың жәрдемімен, ауданымыз қосымшалап”, – дегендей еді. Талай аудандарды, бірқатар облыстарды аралаймыз ғой. Кейбір әкімдер тым-тым мақтангершілікті жақсы көреді. Сын атаулыны қабылдай алмайды. Газеттер мен журналдарға жөнді-жөнсіз жақтатып, мақ­татып шығармақты шыр айналдыратын­дары да, қалың-қалың, том-том кітап жаз­дыра­тындар да табылады. Мамай Бұйраев меңзе­гендей, тіпті, тіпә-тіпә, кең-байтақ елімізде көптеп бой көтере бастаған білім ұяларының өзін өз ұпайларына қосқысы кеп тұратын әкімдер жоқ дей алмайсыз. Қысқасы, парасат биігінен көрініп, қарапайымдылық қалыптан аспауға, аса көп тасымауға тырысудың орнына “ұлы­лық” пен “қайраткерлік” сырқаттарына ұшы­­райтындар кездеседі. Оңтүстік Қа­зақстан облысында әкім болғанда Өмірзақ Шөкеев деген кісі: “Бізге қазіргі кезеңде “жасанды қайраткер” әкімдер емес, қара жұмысты қайыспай атқаратын бейнетқор әкімдер керек”, – деген еді. Өмір­зақ Естайұлының сол сөзіне ризаланғамыз. Сөзі мен ісінің үйлескеніне біраз-біраз куә болғамыз. Арал ауданының әкімі Нәжмәдин Мұ­сабаев – сайланған, сирек басшы­лардың бірі. Кезінде аудандық мәслихатыңыз сайлаған. Сайланғалы бергі тындырылған қыруар істер де, кейбір кемшіліктер де көрініп тұрыпты. Баспасөзде де, басқа сөзде де пікірлер жаман емес сияқты. Әңгіменің майын тамызатынын меңзедік. Жоғарыда. Жыраулар мен ақындарды жатқа айтады. Көп оқитыны аңғарылады. Бір күндей бірге жүрді ғой. Пәлендей “ұлы­лық” ауруына ұшырағанын байқамадық. Қайта қарапайым, “қара жұмысқа” қойып кеп-кеп кететін қатардағы бейнеткештер секілденді. Газеттер­ден бірер сұхбатын қарағанбыз. Біреуінде былай дейді: “Әрине, жүйкеңді жұқартатын, шаршататын әрекеттер болады. Мен досқа да, дұшпанға да түсіністікпен қараймын. Бүгінге дейін бір адамға қиянат жасаған жоқпын деп айта аламын”. Аудандық мәслихат депутаты, бұрынырақта денсаулық сақтау саласында басшылық қызмет атқарған Мамай Бұй­раевқа да түсіністікпен қарағанын қалай­мыз, әрине. Сындары шын болса, қоры­тынды шығармағы ләзім-дүр. Әрине, тү­сініскенге не жетер. Хадистерде нақақтан-нақақ ғайбаттау қатты айыпталады. Қазе­кем: “Жүйелі сөз жүйесін табады; Жүйесіз сөз иесін табады”, – дейді. Әкім болмақ тіпті де оңай емес. Әкімдік жүйеңіздің жарасымды жүлгелері де, жағымсыздау жықпылдары да жетіп-артылады. Бүгінде бүкіл қоғамыңыз­дың, заманыңыздың һәм адамыңыздың, тұтастай тыныс-тіршілі­гіңіздің ауыр жүктері түгелдей дерлік әкім­деріңіздің иығына артылған. Ауырт­палықтың бар-баршасы әкімдердің жүйкесіне түседі. Соған сәйкес абырой-атақ пен беделдің басымырағы да соларға тиесілі болатұғынын түсінбек керек. Қазір табиғат аса күрделі. Кезенейлі. Адамзат алмағайыптанған. Жасыратыны жоқ. Қызылорда облысына талай жыл жетекшілік жасаған, парасаты мол, пайым­дауы биік ағамыз Сейілбек Шаухамановтың жазбала­рын қиып алып, жинап жүруші ек. Тү-у тоқ­саныншы жылдардағы “Парасат” журна­лының бір нөмірінде адамзат пен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылып, апат нүктесіне тірелгенімізді талдай келе: “Шын­дығын айтқанда, табиғаттың жыл сайын қасаң тартқан, қатыгез мінезі оның өз тұрғын­дарына да әсер етіп отырған жоқ па деген ой туады”, – деп уайымдаған екен. Әрқайсымыз өзімізге баға беріңкіреп, үңіліңкіреп қарайық. Қасаңданып, қатыгезденіп бара жатқан жоқпыз ба, осы? Өзгелерді түсіністікпен ұғына білмекке ұмтылайықшы. Дегіміз келеді. Абайлайық, ағайын. Ана-табиғатымызға да, адамға да абзалдықпен, аяушылықпен қа­райық. Қолымыздан келгенінше. Баршамыз бабаларымыз аманат еткен бірлікке құл­шынып, айналайын Аралымыздың қамына жұмылайық. Кіші Аралды сақтағанымыз – кісілігіміз бен кішілігімізді сақтағанымызға саяр. Мархабат БАЙҒҰТ.