Қазақстан халқының осыдан он бес жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын, бақ-байламын жүрек қалауымен орнықтырғаны елдік мақсаттағы толағай істің тоқтаусыз атқарылуына себеп болды десек, жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция барша жарқын қадамдардың қайнар бастауына айналып, қастерлі құндылықтың қағидаттары қымбат тұғырға балануда. Ал Қазақ елінің осынау қысқа мерзімде мызғымас мемлекеттілігін қалыптастырып, байтақ даланың байрағын нықтаған, тұтастық пен тәуелсіздіктің кепілі ретіндегі һәм өзара бірлік мен туыстық сезімін бекіткен Ата Заңы татулық пен тұрақтылықтың берік тұтқасы болғанын қашанда халқына қадап айтатын Елбасының осы бір мұраты, Қазақстан Конституциясы заң қарпінде өрнектелген жалпы ұлттық идея екенін мегзеген тұжырымы Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы құрметіне Тәуелсіздік сарайында өткен мерекелік шараның басты лейтмотиві іспетті еді. Ата Заңның айбынын асырар ажарлы кешті ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тамашалап, өнерпаздардың шеберлігіне қошеметпен ықылас гүлін тарту етті.
Қай бір мерекелік шараның болсын салиқалы, сындарлы сөзін сөйлейтін, қорғасындай салмақты ойын арқалайтын, көңілді көкорайға бөлеп, жүрекке ізгі от тастайтын әзіз аттар, белгілі есімдер болары хақ. Қазақ ұлттық музыка өнерінде мұндай талантты жандардың үнемі көл бетіндегі тостаған айдай толығып, молығып жатуы заңды жалғастық. Мемлекеттік мерекенің мән-мазмұнын ән мен күймен байытар олардың сол міндетке қалтқысыз мінсіздігі мен жан иітер иірімдеріне куә болғанда, адамның елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін мүлтіксіз өруде дәл ән мен күйдің сазына тең келетін басқа бір құдіреттің болуына күмән келтірер едіңіз. Ата Заңды жырлаған, Ұлы даланың қасиетін ұлықтаған мерекелік кештің алдыңғы сабында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрі, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының солистері, жекелеген танымал тұлғалардан Әлібек Дінішев сынды опера өнерінің жарық жұлдыздары тұрса, сахнадан тағы біраз жас өркеннің сәйгүліктің шабысындай шабытын көргенде, өнер көгінде жасындай жарқылдайтын жастар легі өсіп келе жатқанына қапысыз иландық.
Әуелі Сыдық Мұхамеджановтың “Отан-Анасын” орындап, іле-шала шабытпен Түркештің “Көңіл ашар” күйін жалғастырған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің күйшілері бір мезгілде демдерін іштеріне бірдей жұтып, саусақтарын бірдей сермеп, көшпелі дала халқының дарабоз екпінін қос ішекті домбыраның қоңыр үнімен қонымды айшықтауы айтарлықтай шықты. Дәстүрлі музыкаға негізделген бірінші бөлімде нақышты үндер үзілмей қатар өріле бергенде, қазақтың халық әндерінің бояуы қаныға түскен. Еліміздің әр өңірінде белгілі дәстүрлі ән мектептері қалыптасса, осы сарынды санаға шашаусыз тоқуда арулардан Бибігүл Сауытова, Перизат Тұрарова, Әйгерім Нартуеева мен Гүлсім Алшынова есімдері қазір ел-жұртқа әжептәуір таныс болып қалған. Қазақ би өнерінде Н. Тілендиевтің “Аққу биінің” алар орны қашанда биікте екенін білеміз. Хореографтар мұның соңғы уақытта неше алуан түрін әзірлесе, К.Байсейітова атындағы ҰОБТ-ның балет труппасы қатысуымен орындалған бұл үлгі өзгеше қырларымен сүйсінтеді.
“Туған ел” әні халықаралық конкурстардың лауреаты Нарұл Тойкенов пен Эмиль Сақауовтың үндескен әуенімен теңіздің толқынына қанатын тосқан шағаланың үніндей екі жақтан әсем құйыла берген. Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев іздері іркіліссіз жалғасарына сендірер мұндай сәттен тек ыстық әсер түйесіз. Конституциямен түйдей құрдас “Серпердің” бес өркені киелі домбыраны күйдестемен күмбірлетті. Соңынан Құрманғазы оркестрі қосыла жөнелгенде, ағыл-тегіл төгілген күй нөсерден даланың көңіл айнасы жарқырады.
Кештің бұрынғы мерекелік шаралардан бір ерекшелігі бар ма дейтін болсақ, әрине, бірінші кезекте өндірдей жас өнерпаздардың үлкен сахнаға шығуына көңіл бөлінгені қуантады. Бұл – бір. Ал екіншіден, өзге ұлт өкілдерінің қазақша әндерді тамылжыта шырқауы келешекте опера жанрында тың есімдердің жарқырап көрінуіне үміттендіреді.
Екінші бөлімде сахна төріне К.Байсейітова атындағы ҰОБТ-ның симфониялық оркестрі жайғасып, халықаралық конкурстардың лауреаты Алан Бөрібаевтың дирижерлік етуімен Т.Қажығалиевтің “Қыз қуу” шығармасы шабытты орындалды. Штраустың “Жарқанат” опереттасынан Адельдің шумақтары Халықаралық конкурстардың лауреаты, өзінің жастығына қарамастан, Милан опера мектебінен көп нәрсе үйреніп үлгерген, келешегінен мол үміт күттіретін Мария Мудряктың шырқауында шынайы қабылданды. Халықаралық конкурстардың лауреаттары Александр Сметанин, Олег Татамиров пен Евгений Чайниковтің қазақтың халық әндерінен ән шашуын, сол сияқты Клавдия Кропачева, Елена Ганжа, Ольга Лукашева салған қазақ әндерінің гүлдестесін тыңдаған көрермен ықыластана қол соқты. Қазақ әншілері итальянның, орыстың, басқа да халықтардың операларын орындаудан, тәубе, ешкімнен кем қалып жатқан жоқ, тіпті кей жағдайда олардың өздеріне жетеқабыл орындайтыны мойындалады, ал енді өзгені қазақша шырқатуда ісіміз кемшін соғып жатқаны тағы аян. Міне, осындай мөлдір бастаулар келешекте сол олқылықтың орнын толтырарына сенеміз. Бибігүл апамыз орындаған әндердің нәзік толқындарын көмекеймен жеткізу кез келгеннің қолынан келе бермесін әншілер өз өнерлері арқылы анық аңғартқандай.
“Жігіттер” тобы әскери киіммен А.Дүйсеновтің “Айбынды армиясын” жалынды үнмен жаңғыртты. Жанат Шыбықбаев, Ардақ Балажанова, Досымжан Таңатаров, Ахат Кенжебаев пен Әсел Мадекешова орындауында ел арасына кең тарай бастаған М.Қасымбеков пен Б.Тілеухановтың “Жан аға” әні тек Елбасына ғана арналып қоймай, елі мен жерін сүйетін арлы азаматтың бәрінің тұла бойын намыстың найзалы ұшымен түйрейтін нағыз патриоттық әнге айналып кеткені шындық.
Кеш соңында Олег Татамиров пен Бауыржан Әндержанов шырқауындағы Т.Қажығалиевтің “Қазақстан” әні қазақтың дархан даласындай көкке самғай жайылып, жүректерге шаттық күйін себелегеніне селкеу түсірмейміз.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.