02 Қыркүйек, 2010

Егемен елдің ержүрек ақыны

1012 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар Асылы, арыстан елдің ақындары қай кезде де азуын айға білеп сөйлеген. Өйткені, ақын халықтың – тілі, заманның – үні. Соңғы он бес, жиырма жылдың беделінде өжет өлеңдер жазып, сардарлық мінез танытып, тарлан аш­қан талантты ақындарымыздың бірі – Рафаэль Ниязбек. Ол қай тақырыпқа қалам тартса да буыр­қанып, тұла бойы отқа оранып, өртеніп жазады. Те­рең­­нен тамыр тартып толғайды. Аз сөзбен көп ма­ғына білдіруге тырысады. Алтын арай ішінде гүл ырғалып, Дүр дүние барады сұлуланып. Тәуелсіз ел болғалы Қорқыныштан Көрген емес жапырақ діріл қағып. Ақынның осы жалғыз шумақ өлеңі талай сырды аңғартып тұрған жоқ па?! Кеңес дәуірінде желкесін күзетіп, әр қимылын қалт жібермей бағып, қатер төндірген қанды қылыштан құтылып, азат болған елде дүр дүние бұрынғыдан да сұлу көрініп, алтын арайдың ішінде гүл ырғатылып, жапырақ екеш жапырақ та қорқыныштан діріл қақпай самал желге тербетіліп, жайқалып өседі екен. Сонда деймін-ау, еркіндікке қолы жетіп, баянды ғұмыр кешіп жатқан адамдардың қуанышы қандай болғаны? Тағдыр тауқыметін тартып, зорлық-зомбылықты көп көріп, маңдайы сордан, көзі жастан құрғамаған қазақ үшін бұдан артық бақыт бар ма, бұ жалғанда?! Жоқшылықтың ішімде қасқыры ұлып, Жанарымда көрмеді жас тығылып. Тәуелсіз ел болғалы Кетілмеді Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып. Ақын бұл арада қасқыр боп ұлыған жоқшылық­тың келмеске кетіп, көздің жасы құрғап, тұлпардың тұяғы тасқа ұрылып кетілмегенін жырлау арқылы тәуелсіз еліміздің бүгінгі жарқын көрінісін бейнелеп отыр. Ажарын кетірмей ашып айтқанда, бүгінгі арай­лы таңда кім-кімнің де алдынан ақ күн туып, еңбек етіп, тірлік жасауына даңғыл жол ашылға­нын­да. Бұ­ның өзі, сайып келгенде, қазақ елінде демокра­тия­ның өрістеп, өркен жайып келе жатқанын көрсетеді. Жүйріктерін жаратып, таң асырып, Атады ылғи даламда таң асығып. Тәуелсіз ел болғалы Ата қазақ Күллі әлемге келеді бақ асырып. Әдетте кеудесі жоғары ақын ғана көтеріңкі көңілмен сөзін осылай сабақтайды. Тәуелсіздік жолында күресіп, азаттыққа қол жет­кізіп, Бейбітшіліктің бесігін тербетіп, баянды өмір сүру бір мұрат болса, сол тәуелсіздіктің тұғырын мәң­гі етіп берік қалап, биікте желбіреген Көк Бай­ра­ғын құлатпай қорғап, көздің қарашығындай сақ­тап, ұрпаққа аман жеткізу бір мұрат емес пе! Ол үшін не істеу қажет? Бұл сауалдың жауабын ақынның мына өлең жолдарынан іздеген жөн. Күңіреніп күй шерткен күрең күнде, Кісі қанша бақ қуған бұл өмірде. Болашақтың қамы үшін білсең егер, Жүріп жатыр сынақтар жүрегімде. Ақын жүрегінде жүріп жатқан бұл сынақтар тәуелсіздікке қолы жетіп, осыны қанағат тұтып, жай­барақат күн кешіп, жалпақ далада бейғам отырған қазақ елінің жүрегінде жүріп жатыр ма?.. Ноғайбай шешен: “Ақын құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады” деген. Ендеше ақын жүрегі қайшылыққа толы мына күрделі уақытта жұмыр жердің үстін бір қатерлі зауалдың кезіп жүргенін неге сезбесін. Елбасының “Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпеді” деген семсер сө­зін серт етіп ұстаған ақынның қайда жүрсе де, қара ор­ман қалың елдің ішінен егеулі найза ерлерді са­бы­­лып іздейтіні, міне, содан. Өйткені, ол дүниені шар­­лап жүрген бір қатердің барын сезеді – сезеді де: Қатер барын сездіріп бұл күндері, Соғады ылғи азынап қырдың желі. Сақтанбасаң бола ма қайран қазақ Көк желкеден қапыда тұр бүргелі, – деп шырылдайды. Содан кейін шарасыз кейіпте: “Ал жауыздық жалғасып жатпаса егер, Неге өшпейді киелі жер бетінен?” деп кескекті ойға батады. Оның кейде адам қолы жасаған қиянат, сұмдықтарды көргенде: Арманыма жете алмай дүрбелеңде, Қалам ба деп қорқамын бір белеңде. Құлагердің құлыны бәйге ала ма, Батыраштың тұқымы жүрген елде, – деп торы­ғатын сәттері де жоқ емес. Тәуелсіз мемлекетіміз бен егемен еліміздің сән-сал­танатын, халқымыздың баянды бақытын, бола­шаққа жол тартқан көрікті көшін жырлағанда Ра­фаэль ақын шұғыл жадырап, найзағайдай жарқыл­дап, ажарланып, түлеп сала береді. Маңайына баянды бақ таратып, Елдер қанша гүлденген ақ таңы атып. Ата қазақ азаттық алған еді, Дүниені өзіне жалт қаратып. Саумалымды біреулер іріткенде, Арынымды кім менің ірікті елде. Алтын тулы неге елге айналмаймын, Алты тулы алты алаш біріккенде. Қанатымды жайғанда өрге керіп, Туған елім жайғасқан төрге келіп. Ұшып бара жатады болашаққа, Жанарымда дүние дөңгеленіп. Найзағайлар ойнаса төбемде көп, Қажығанда жүгінем өлеңге кеп. Болашақтың көзіне үңілемін, Туған елді төрінен көрем бе деп. Қазақ жұрты қатал да қатыгез заманда көкірегін шер басып, көзі жастан құрғамай азап шегіп жүрген күннің өзінде де үмітпен өмір кешкен. Ертеңгі күнге де, одан арғы күнге де үмітпен қараған. Болашақтың өздеріне не дайындап жатқанын білмесе де оның тұңғиық сырына үмітпен үңілген. Ендеше қолына алғаш қалам ұстағалы елдік пен ерлікті талмай жырлап келе жатқан өжет ақын “дү­ниені өзіне жалт қаратып”, азаттыққа қол жеткізген туған халқын болашақтың төрінен көргісі келіп, тұңғиық сырына үмітпен үңілсе, оның несі айып?! Малынан – жанын, жанынан – арын биік санап, қырында сағым ойнаған сайын даласын жаттан қорғап, бүкіл өмірі ат үстінде өткен жауынгер елін болашақтың төрінен көрсем деп армандап жыр толғауы, сайып келгенде, бұның өзі оның шыбын жаны шырқырап, туған елінің жолына жүрегін төсеп жүргенін көрсетеді. Рафаэль ақын Тәуелсіз мемлекетіміздің Көк бай­рағ­ы биікте желбіреп, мәңгі-бақи салтанат құра бе­ретінін жан-тәнімен жіті сезіп: “Бостандықтың бо­тасы боздамайды, Қайғы-мұңның торына шырма­ты­лып” деп толғанады. “Туым неге құласын, мәңгі-бақи, Азаттықтың тұрса есіп ақ самалы” деп және тебіренеді. Содан соң: “Азаматы кеуделі болған елдің, Кеудесіне басынып жау шыға ма” деп өркештеніп тұрады да, іле сөзін қайта сабақтап: “Туған жерге тамыры кеткен елдің, Дауыл жұла алмайды жусанын да” деп, өршіл рух, өр кеуде қайсарлықты бойыңа сіңіріп жібереді. Әдетте Рафаэль Ниязбектің ақындығы сөз бол­ғанда Қадыр (Мырза Әли) ағаның ол жөнінде жазған мына бір ой толғамдары еске түспей тұрмайды. “Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншіде дәл түседі деген әңгіме бар... Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап ке­тіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара саба­ларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі – Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін.” ( Мырзалиев Қ. “Сөз сиқыры”. Ал­маты. “Жазушы”. 1982. 250 бет). Қадыр ағадан асырып сөз айту қиын шығар. Бірақ Рафаэль Ниязбектің таланты жыл өткен сайын то­лы­сып, жылдар жаныған сайын кемелденіп, өткір­ле­ніп, өркештене түскені ақиқат. Әйтпесе ол “Құла­гердің құлыны” сияқты көлемді өлеңдер мен поэма кітабын өртеніп, отқа оранып жаза алмас еді. Шынын айтқанда, кітап бүтіндей тамырында қан тулаған қуатты өлең­дерден құралған. Оқыған кісіні бей-жай қалдырмайды. Қалғыған көңілді дүр сілкіндіріп, қалың орманның үстінен дауыл жүріп өткендей адуынды күйге бөлейді. Осы орайда айта кеткен жөн. Жағымпаздық пен жалғандық, өтірік мақтау өріс алып, ақиқат алыстаған заманда өмір сүріп отырмыз. Рафаэльдің бүкіл шы­ғар­машылығын, бір сөзбен, “Рух қашып кеткен за­ман­да Рух шақыру дастаны” дер едім. Орыс-шешен соғысы басталған тұста бүкіл журналистер мен ақын-жазушылар әділ сөзін айтуға батылы жетпей бұғы­нып, үнсіз қалғанда, Рафаэльдің қалың жұрттың іші­нен жалғыз өзі жеке дара суырылып шығып, “Ше­шен­дер” деп аталатын үлкен дастан жазып, атойлап шығуы көзсіз ерлік болатын. Оның қабілеті, қарымы, буырқанған ақындық қуаты күшті болмаса Махамбеттің рухын толғап, оған 200 өлең арнап, тұтас бір кітап жазар ма еді. Бұл өзі тарихта болмаған оқиға. Гиннестің кітабына кіргізсе де артық болмас еді. Бірақ, амал не, ақынның бұл төтен ерлігін біліп жатқан жұрт бар ма бүгінде. Алайда, Рафаэльдің бұл кі­табына өлеңмен жазған алғы сөзімде: “Ақындық жет­кен жерлерге, Сендегі бізге батырлық жетпей жа­тыр-ау!” деп ақиқатын айтып, ағымнан жарыл­ғаным бар-ды. Расында солай. Оның өзге ақындарға қара­ғанда өзгеше бір қасиеті – жүректілігі. Жазықсыз жа­па шеккен жанға да, тағдыр-таланы талқыға түсіп, қа­сірет шеккен халыққа да болысып, намысын жыртып, шындықтың көзіне тура қарап, Ар атынан жасқанбай сөйлеп, жыр толғай білетіндігі. Оның сөз боп отырған мына кітабы да сол мен айтқан батыр­лық пен мәрттіктің жарқын көрінісі. Кітапқа енген өлеңдер жәй қызыл сөздің жиынтығы емес. Жүректің қанымен қайнап шыққан шыншыл, шынайы және көркем бейнелі, әрлі де нәрлі туындылар екендігінде ешбір шүбә жоқ. Қазіргі қазақ поэзиясының шырқау бір биігін көрсететін шымыр шығарма деп көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің осы “Құлагердің құлыны” деген өлеңдер мен поэма кітабын іркілмей батыл айтуға әбден болады. Сөз соңында Ақан серінің Құлагері мәреге жетпей жауыз қолдан мерт болып еді, ал құлыны қауіп-қатерге ұрынбай аламан бәйгеден озып келсе екен деп тілеймін. Иншалла, солай болғай. Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ, Халықаралық Жамбыл және  Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтардың лауреаты.