02 Қыркүйек, 2010

Ауыл мектебіне айрықша назар қажет

557 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ұлттық мектептің ұлы мұраты Ұлы ұстаз Әл-Фарабидің: “Ұс­таз... жаратылысынан айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген, аңғарған нәрселердің бәрін жа­дында жақсы сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақын­дарына да тым әділ... Жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көр­сетіп, қорқыныш пен жасқану де­генді білмейтін батыл да ержүрек болуы керек...” деген сөзі жас ұр­пақтың тәрбиесіне жауапты барлық адамның өмірлік қағидасына ай­налғанда ғана, мұғалім мен ұстаз мәртебесіне байланысты туын­дай­тын қазіргі кейбір түйінді мәселелер өздігінен тарқатылар еді. Бірақ әри­не, мұндай ғанибетті тұлғаға жету жолы кім-кімге де оңай соқпай­­тыны белгілі. Мектепке алғаш кіріп келе жатқан жас сәбидің бойында білім ошағына деген қандай жүрек толқырлық сезім болса, шәкіртті білім бұлағымен сусындататын әр мұғалім де киелі табалдырықтан аттарда дәл солай толғанбай болмайды. Мұғалім мен шәкірт қарым-қатынасындағы үйлесімділік, тарыдай сана мен ересек ақыл-ой иесі арасындағы осы тепе-теңдік берік орныққан жағдайда ғана білім кеңістігінен ізгілікті өрнектерді кезіктіресіз. Бұл ретте ауыл мектеп­теріндегі жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі басқа жерлерге қарағанда әлдеқайда көп міндет артатыны түсінікті. Соң­ғы жылдары ауыл мектептеріне на­зардың көбірек тігілуі осы ойымыз­ды барынша растай түседі. Бұл үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Ел Президентінің “100 мектеп, 100 аурухана” идеясының әсіресе, біз сияқты орталықтан шалғайда орна­ласқан ауыл мектептерінің жағдай­ын түзеуге тигізер ықпалы едәуір деп үміттенеміз. “Сұлубұлақ” елді мекенінде орналасқан “Қызыл таң” жалпы орта мектебінің тарихы 1948 жыл­дан бастау алады десек, әуелгіде сегізжылдық мектепке шақталып салынған екі қабатты ғимаратта 700-ден аса бала үш ауысымда білім алып келеді. Негізінен “Сұлубұлақ”, “Сырабад” елді мекенінің жеткін­шектері, сондай-ақ мектептің шал­ғай­лығына қарамастан “Күрішауыл” елді мекенінен жыл сайын 45-50 бала қатынап оқиды. Кеңес кезінде қыстың қыраулы күндері бес ша­қырымдай жерден жаяу-жалпылап, әзер қатынап оқыған ауыл бала­ларын біраз жылдардан бері арнайы көлік тасиды. Сынып кабинеттері жетіспейтіндіктен, төрт бастауыш сыныптың оқушылары мақта теруге көмекке келетіндер үшін салынған ескі жайда оқуға мәжбүр. Екі ғимараттың арасы бір шақырымдай жер. Мұндай қолайсыздық өз кезегінде білім сапасына зардабын тигізбей қоймайтыны тағы анық. “Айдалада ақ отау, ауыз-мұрны жоқ отау” демекші, ол бір жағынан бас­тауыш сынып мұғалімінің жұмысын қадағалап, баға беруде айтарлықтай қиындық туғызса, екінші жағынан, онда оқып жатқан сәбилердің де көңіл-күйіне әсер етпей тұрмай­ты­нын ескеру керек. Тұжырып айт­қанда, біздің ауыл балаларының да заманауи үлгіде салынған білім ошағында оқитын кезі әлдеқашан жетті деп айтуға толық негіз бар. Тағы бір айта кететін жәйт, мақталы ауыл мектептерінің бастан кешер қиындығы алабөтен. Жаз бойы егістік алқабында кетпен көтеріп, отбасылық ырыстың қамын күйттеген жасөспірімнің күз айла­рында сабақтан табылмау фактісі жиі қайталанады. Мақта жинау – ежелден мектеп оқушыларының иығын жауыр еткен мехнат. Жер­мен, малмен күнелткен жұрттың бар ойы тек “ақ ұлпаны” жерге қал­дырмай, мұқият жинап алуға тіре­леді. Кеңес уақытында оқушылар күзгі жиын-терімде бір-екі ай сабақтан босатылатын. Нарық зама­ны ол үрдісті мүлде өзгертті. Қоз­а­лық алқаптар – бүгінде жеке шаруа қожалықтарында. Бала бұрынғыдай мектептен заңды түрде босатыл­майды. Бірақ алқап жұмыстарын атқаратын басты тұлға әлі де жет­кіншектер болып саналатыны шындық. Даладағы жұмыс – еңбегі, ал мектептегі сабақ ермегі сияқты көрінетін жәйттер көңілге кірбің ұялатар еді. Осы жәйттің бәрі түптеп келгенде мұғалім еңбегінің нәтижесі ретінде алға тартылып жатады. Ауыл мектебін бітірген бала мен қалада оқыған жасөспірімнің арасында жер мен көктей айырма­шылық болатыны сондықтан. Қа­лалық ата-ана балаларын демалыс орындарына жіберіп, жеткіншектің жеке басының білімін ұштауға уа­қыты да, мүмкіндігі де жетіп жатса, ал ауыл баласы үшін үш айғы демалыс дегеніңіз демалыс емес, отбасылық қордың негізі қаланатын жауапты кезең болып саналады. Ата-анамен бірдей таң алагеуімнен алқапқа асығып бара жатуы – үйреншікті дағды. Бұл үшін сіз ата-ананы да, баланы да кінәлай алмайсыз. Мақтаны техникамен жинауға шаруа қожалығының бәрі­нің бірдей шамасы жете бермейтіні осындай қадамға амалсыз барғыза­тынын ескеру керек. Мұны кейбір бұқаралық ақпарат құралдары “жер­ден жеті қоян тапқандай” сынап-мінеп көрсететіні мәселенің арғы жағына терең бармаудың салдары деп ойлаймыз. Оған тек бір жақтан ғана қарау қате. Мақталы ауыл балаларының басындағы мұндай түйткілді “арба сынбастай, өгіз өлместей” тиімді шешудің амалын қарастыру керек. Бәлкім, біраз уа­қыт оқушыларды науқандық жұ­мыс­қа байланысты сабақтан босат­қан жөн шығар, әйтеуір екі ортада бала зардап шекпеуі тиіс, жеткін­шектің білімнен қол үзіп, еңбекке жегілгеніне мұғалім ғана жауапты болмаса деп ойлаймын. Осыдан келіп ҰБТ қорытындылары ойда­ғыдай нәтиже бермейтіні күрсінтеді. Мектептің өткен жылғы тест ба­рысында 76,15 балдық көрсеткішке тірелуі алдағы оқу жылында кезде­сетін кедергілерді алдын-ала осылай топшылап алуға итермелейді. ҰБТ туралы ойымызды әрмен қарай тағы да сабақтай түсетін болсақ, 9-шы сыныптан кейін оқушылар таңдаған мамандықтары бойынша екі ба­ғытқа бөлініп оқиды. Жаратылыс­тану бағытымен химия, биология, физика, математика, жағрафия пән­дері тереңдетіліп оқытылса, қоғам­дық бағытта оқушылар тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшін тілі пәндерінен егжей-тегжейлі дәріс алады. Мә­селен, 11-сыныпта жаратылыстану бағытындағы балалар Қазақстан та­рихын аптасына бір сағат, ал қо­ғамдық бағыттағылар аптасына екі сағат, Дүние жүзі тарихына да дәл соншалық сағат бөлінеді. Ал жара­тылыстану бағытында Дүние жүзі тарихы мүлде оқытылмайды десе де болғандай. Сол секілді керісінше ма­тематика пәні жаратылыстану ба­ғытын таңдаушылар үшін аптасына төрт сағат та, ал қоғамдық пәндер бойынша оқитындарға екі-ақ сағат өтіледі. Гәп мұндай айырмашы­лықта емес, ҰБТ кезінде кімнің қай бағыт бойынша білім алғанына мән берілмейтінінде. Мысалы, Қазақ­стан тарихы үстірттеу оқылып, Дүние жүзі тарихы мүлде өтілмейтін бағыттағы балаға да, оны тереңдеп оқыған үміткерге де қойы­лар талаптың бірдей болуы қисын­сыз. Бала өзі өтпеген пәннен сүрі­неді. Осы қаншалықты әділетті? Сон­дықтан келешекте осы екі ба­ғытт­ың ерекшеліктері ескерілсе екен дегіміз келеді. Математиканы ап­тасына төрт сағат оқыған бала мен екі сағат дәріс алған оқушының ара­сы жер мен көктей болып тұр­май ма? Екеуін теңестіре бағалаудан түптеп келгенде бала зардап шегеді. Өзім тарих пәнінің мұғалімі бол­ғандықтан, әрине, мені оқулық мә­селесіндегі кейбір үстірттіктер қатты мазалайды. Мұндағы көңіл аударатын жәйт – жаратылыстану бағытындағы балалар үшін жазыл­ған Қазақстан тарихы оқулығында тақырыптар то­лық қамтылмаған. Мәселен, 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық көтерілісті оқып біті­сімен бірден 1924 жылғы жаңа экономикалық саясатқа бір-ақ аттап шы­ғуға тура келеді. Осы екі аралық­тағы қан­шама тарихи оқиғалар қам­тылмай қа­лып қойған. Мұнымен “сусында­ған” бала ертең тестіде оқымаған сұрағына қалай жауап бермек? ҰБТ сұрақтары оқулық тақырыптарымен сәйкестендіріліп құрылмасы белгілі ғой. Еліміз тәуел­сіздікке қол жет­кіз­гелі бері өткен-кеткен тарихымызды түгендейтіндей әжептәуір уақыт өтті емес пе? Оқушы қолына толық­қан­ды тиюге тиіс бірден-бір оқулық болса, ол Қазақ­стан тарихы болуы керек емес пе? Бітіруші түлектеріміздің ішінен әлі-ақ елге белгілі, білікті мамандар шығарына еш күмәнім жоқ. Шалғайдағы ауыл мектебін оқып, бүгінде жер-жерде жемісті ең­бек етіп жүрген түрлі мамандық иелері жеткілікті. Олардың ара­сын­да ғылым докторлары, белгілі ком­позиторлар, өнер жұлдыздары, мәдениет пен әдебиет қайраткер­ле­рі, басқа да саланың танымал өкіл­дері бар екеніне жанымыз марқая­ды. Қазіргі таңда ұжымда 71 мұғалім жұмыс істесе, оның 98 пайызы жоғары білімді мамандар. Өткен 2009-2010 оқу жылында түрлі олим­пиадалар мен жарыстарда жүлде алған мұғалімдеріміздің еңбегін айта кету парызым. Физика пәнінің мұ­ғалімі Анар Әбдікәрімова облыстық олимпиададан үшінші орынды ие­леніп мерейленді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Тұрсынбекованың “Ежелгі дәуір әдебиетін оқыту” авторлық бағдар­ламасы озық жоба ретінде аудан көлеміндегі мектептерге таратыла­тын болды. Бейнелеу пәнінің мұға­лімі Әмина Адамбекованың оқыт­қан шәкірті Айдана Зәрухан облыс­тық жас суретшілер байқауында үшінші жүлдеге ие болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Әшімнің оқушысы Ұлбосын Әлмеш “Махамбет оқуы” аймақтық байқа­уы­на қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Гүлнәр Тұрсын­беко­ваның оқушысы Балғаным Орын­бек “Абай-Шәкәрім оқуы” аймақ­тық байқауын­да екінші жүлдені қанжы­ғасына байлап қайтса, Ділдәкүл Есенованың оқушысы Маржан Нариман физи­кадан аудандық олимпиадада жүлделі орынға қол жеткізді. 2008-2009 оқу жылында бес оқушы, ал биыл төрт оқушы білім грантын иеленді. Білім берудің шынайы мақсаты – адамға белгілі бір білімді жеткізу ғана емес, сондай-ақ оның рухани, адамгершілік тұрғыдағы санасын дамыту, өмірден өз орнын табуға көмектесіп, бойындағы табиғи дарыны мен қабілетін ашу болып табылады. Ілімге төте жол жоқ. Ол – қашанда ұзақ та инемен құдық қазғандай бейнетпен жететін биік. Әбу Насыр Әл-Фарабидің: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі” деген қағидасын көкейге тоқығанда, осы біз, мұғалімдер шынымен де ғұлама ұстаз айтқан өсиетті мықтап ескеріп жүрміз бе деген сауалдың басы қылтияды. Осы ойға оралған сайын ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе көтерген кезде әуелі қолға алынатын асқаралы міндет ұрпақ тәрбиесі екеніне көз жетеді. Әбілхас ТОҚСАНБАЕВ, «Қызыл таң» жалпы орта мектебінің директоры. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы.