02 Қыркүйек, 2010

Саяси беделіміздің биік тұғыры

510 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Біз биыл ТМД және Азия елдері ара­сында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етудеміз. Өздеріңіз білесіздер, таяуда еліміз­де осы беделді ұйымға мүше мемлекет бас­шы­ларының Саммиті өтеді. Бұл – біздің елі­міз үшін зор мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін айрықша ауқымды шара болмақ.

(Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының

бірлескен отырысында сөйленген сөзден).

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуін теледидардан тамашалап, “Егемен Қазақстан” газетінен оқып, тәнті болдым. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ондағы сөзі “Ұйымның за­ман талабына сай болуы аса ма­ңыз­ды” деп аталуының өзі төраға­лы­ғымыздың алдағы жарты жыл­дық­тағы жауапкершілігі де мол екендігін білдіреді. Осы кезеңде атқарылуға тиісті негізгі төрт мін­деттің табысты орындалатынына имандай сенеміз. Себебі, “бей­рес­ми” аталған бас қосудың өзіне 56 ел­дің министрлері, мемлекет қай­раткерлері, халықаралық беделді ұйымдардың басшылары қатысып, әлемді толғандырып отырған жай­лардың байыппен талқылануы қазақ­стандық сенімнің айрықша қуатын танытады. Қазақстанға тарих ұлан-ғайыр жауапкершілік жүктеді. Тәуел­сіз­ді­гін жариялағанына жиырма жыл да толмаған еліміз Орталық Азияда бірін­ші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметіне бөленді. Бұл пре­зи­денттік сара бағыттағы мемлекеттің бедел тұғырының биіктігін әйгілеп, баршамызды осы елдің азаматы екендігімізге мақтаныш сезімін қа­лыптастырады. Бедел – байыпты істермен өр­нектеледі. ЖаҺанды өзара түсініс­тік ахуалы жақындастырып, Шы­ғыс пен Батыстың бауырмал қауышуына негізделген игі дәс­түрлер сабақтастығы нығайғанын көрудеміз. Осыған байланысты Пре­зидент Н.Назарбаев “Біз еуро­палық қауіпсіздік ұғымы конти­нент­тік аядан әлдеқайда шығып тұ­ратыны туралы тезисті дәйекті­лік­пен және белсенді түрде ілгері­лет­тік. Соның нәтижесінде бүгінде ЕҚЫҰ қазірдің өзінде еуроатлан­ти­калық және еуроазиялық қауіпсіз­дік ұғымдарын нық пайдалануда” деген сөздерді ерекше екпін түсіре айтты. ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы “Корфу үдерісінің” консенсустық салаларының айқын­далуы, Созылмалы қақтығыстарды реттеу жөніндегі келіссөздер фор­мат­тарының дәйектелуі, ЕҚЫҰ-ның Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы тең төрағаларының оты­рысы бейресми кездесуге жал­ғас өткізілуі, Қырғызстандағы саяси дағдарыстың салдары мен ел бола­шағына қатысты терең талқылаулар төрағалықтың жұмысы қызу әрі екпінді жүріп жатқандығын айқын­дайды. Нұрсұл­тан Әбішұлы атап көрсеткеніндей, “Жоғары деңгей­дегі кездесу ЕҚЫҰ-ның осы за­манғы сынақтар мен қатерлерге бейімделуіне қуатты серпін беріп қана қоймайды, сонымен бірге Ұйымның өзінің беделін арттырып, оның еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасындағы рөлін күшейтеді”. Алматы кездесуі төрағалықтың тамаша табысын әйгіледі. ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы Саммиті Қа­зақстан төрағалығы тұсында, биыл­ғы жылдың 1-2 желтоқсаны күндері Астанада өтетін болды. Осы оқи­ғаға байланысты Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеме жасауы алдағы Саммиттің адамзат үшін айрықша маңызды екендігін айғақ­тайды. Елбасы: “Қабылданған ше­шім Қазақстан халқының Тәуел­сіздік жылдары ішінде қол жет­кізген табыстарына халықаралық қоғамдастықтың жоғары құрметінің белгісі болып табылады”, деп атап көрсетті. Сонымен қатар, мәлім­де­медегі Астана Саммиті стратегия­лық бағыттар мен ЕҚЫҰ дамуы­ның “Жол картасын” белгілеп бе­руді көздейді деген сөздер жүрекке жылылық ұялатады. Өйткені, өр­кендеу бағытымыздың құбылна­ма­лық картасы ретінде еліміздегі жарқын істерге серпін берген қадам халықаралық ұғым ретінде игілік төгетіні қуанышты. Мен тубер­ку­лезге қарсы республикалық оңалту орталығының директоры ретінде “Жол картасының” шарапаты мол екендігін бар дауыспен айта ала­мын. Елбасы баршамыздың алды­мыз­ға үлкен жауапкершілік қойып отыр. Мәлімдемеде былай деді: “Астана Саммиті Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық және де­мократиялық дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін бұрынғыдан бетер ны­ғайта түсетін болады. Ендігі жер­де оны дайындау мен ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз етудің маңызы зор”. Қарышты қадам үстіндегі ел азаматтары бұл міндетті де абырой­мен атқарып шығатыны күмәнсіз. Қайырлы ҚҰРМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері,  “Құрмет” орденінің иегері. Ақмола облысы, Бурабай ауданы. Ел абыройын асқақтатар шара Астанада керемет бір Саммит өткелі жатыр деп естігенде ой құшағына беріл­дім. Тәуелсіздік алғанға дейін біз кім едік? Кеңес Одағы деген атау­дың аясында жасырын тұратынбыз. Бұдан 19 жыл бұрын мыңдаған жылдар бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Келесі жылы бостандықтың 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қазағымның маңдайына біткен кемеңгер сая­сат­кер, ел бірлігі мен ынтымағы жо­лын­да аянбай еңбек етіп жүрген Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында бізді қазір бүкіл әлем танып отыр. ЕҚЫҰ-ға басшылық жасау, 11 жыл бойы өтпей келген Саммитті Астанада өт­кізу шын мәнінде зор мәртебе, үлкен құрмет. Ал Сам­мит үлкен істерге жол, әлем халық­тары аңсаған бейбітшілік пен ынтымаққа бастайтын абыройлы іс болса керек. Саммитті ел астана­сын­да өткізу Қазақстан деген мем­лекеттің абыройын асқақтата бер­мек. Неге дейсіздер ғой? Бұдан он шақты жыл бұрын Ақмола провин­циалды, көзге қораш шағын ғана қала болатын. Елбасының көре­ген­дігі нәтижесінде ел Астанасы атан­ды. Он жылда еліміздің жүрегі адам танымастай өзгерді. Ал Саммитке елуден астам мемлекеттен қонақ келеді. Арқаның төсіндегі асқақ­таған Астананы көргенде олардың біздің елге деген құрметі арта түсетіні сөзсіз. Ұлттық нақыштағы әсем ғимараттар, Есіл бойындағы сән түзеген әсем тұрғын үйлер, бас­қа да құрылыс алаңдары қай­таланбас дүниелер. Қысқасы, бас-аяғы он шақты жылда бүкіл әлем жұртшылығын таңғалдыратын ға­жайып қала дүниеге келді. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ерлігі мен өрлігі десек, артық айтқандық емес. Мамырбек ТҰРҒАНБАЕВ, дербес зейнеткер,  ардагер ұстаз. Өскемен. Ұлы жиын ұлы елдерде өтеді Тарихтың күнделікті күйбең тіршілік тізбесінен тұрмайтыны анық. Еліміз тарихының объек­тив­ті, субъективті себептермен кіріптар күйге түскен шақтары мен әлемдік дамуға әсер ете бастаған беделді ке­зеңдері баршамызға аян. Ғасыр­ларға созылған даму үдерісіміздің ең бір жарқын беттерін, әрине, ел болып,  егемендікке ие болған тәуелсіздік кезеңі құрайды. Орын алған оқиғалардың ауқы­мы мен ішкі мазмұнына қарап ба­ға­лағанда ғасырларға татитын Тәуелсіздік кезеңі жетістіктерге толы болса, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының үстіміздегі  жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі өте үлкен оқиға бол­ды. Төрағалық еткен осы уақыттар ішінде ел басшылығы Ұйым беделі арқасында пайда болған бірнеше қайшылықтардың бабын тауып, арнасына түсіре білді, яғни салиқалы ұйымға сай салмақты басшылық қырын танытты. Сондықтан Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың 2010 жылдың 1-2 желтоқ­санында осы аса ірі халықаралық ұйымның саммитін Астанада өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылда­ғандығы туралы мәлімдемесі түсіне білгенге шын қуанатын оқиға деп білеміз. Неге десеңіз, Қазақ елі ТМД елдері, Азия мемлекеттері, қала берді мұсылман және түркі әле­мі елдерінің ішінде бірінші бо­лып ЕҚЫҰ сияқты ықпалды ұйым­ға басшылық жасаса, араға он бір жыл салып Ұйымның қатысушы мемлекеттердің Саммитін Астанада өткізгелі отыр. Ұйымға мүше 56 және ЕҚЫҰ-ның әріптес 12 елінің мемлекет басшылары бас қосатын бұл ұлы жиынға еліміздің, Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төр­ағалық етуі халықаралық аренада абыройымызды бұрынғыдан да асқақтата түсері анық. Ендеше, бұл жетістікке неге қуанбасқа, неге мақ­таныш тұтпасқа? Өйткені, өз елімізде өзіміз кіріптар болған, өз төрімізге өзіміз шыға алмаған шақтарымыз ұмыт болатындай көп уақыт өте қойған  жоқ қой. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еліміздің экономикалық, әлеумет­тік, саяси-құқықтық дамуының әрбір баспалдағын Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлының ғылыми негіздел­ген теориялық тұжырымдарымен, сындарлы саясатымен және қажыр­лы саяси қызметімен қабысып жат­қан, біртұтас даму үдерісі деп атауға болады. Мемлекетіміздің ЕҚЫҰ сияқты ықпалды ұйымға төрағалық етуі туралы, Астана саммиті туралы батыл ұсыныстарға алпауыт мем­ле­кеттер басшыларының құлай келісе салмағандығы айтпаса да белгілі. Бұл келісім Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның көп жылдардан бергі қажырлы еңбегінің, әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бай­ла­нысты саяси қызметінің, жас мем­лекетті әлемге танытқан табан­ды­лығының, дұрыс жүргізілген дип­ломатиялық қатынастарының және халықаралық деңгейдегі жо­ғары жеке беделінің жеңісті жетіс­тігі. Қазақ халқының “төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала бол­са ауыздағы” кетеді деген ғ­а­жай­ып қағидатты ұстанған ауыз­бірлігі мен дарабоз даналығы. Қайрат НҰРМАНБЕТОВ,  М.Х. Дулати атындағы Тараз  мемлекеттік университеті заң институтының директоры. Жамбыл облысы. Тарих жылнамасына алтын әріппен жазылады Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың үстіміздегі жылдың 1-2 жел­тоқ­санында Астана қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына мүше мем­лекеттердің Саммитін өткізуге бай­ланысты мәлімдемесінде айтылған ой-пікірлер көкейге қонымды, көңі­лімізден шықты. Әлемде бей­біт­шілікті нығайтуға байланысты ұдайы тың бастамалар көтеріп келе жатқан Елбасының бұл мәлім­де­месінде Саммитте осындай өзекті мәселелердің талқыланатыны анық айтылған. Мәртебелі жиында ірге­дегі көршіміз Қырғызстандағы те­рең саяси дағдарысты, Ауған­стан­дағы жағдайды бейбіт реттеу және Арал проблемаларын шешуге ба­сымдылық берілуінің өзі Саммиттің мәні мен маңызын арттыра түсері сөзсіз. Бұл жиында есірткіге қарсы күрес мәселесі де талқыланатын бо­лады. Бұл қазіргі таңда адамзатты алаңдатып отырған мәселе екенін білеміз. Яғни, бұл Саммиттен күте­ріміз көп. “Астанада халықаралық өмірдегі ең басты саяси оқиғалардың бірін өткізу фактісі біздің еліміздің бе­де­лін көтеріп қана қоймайды. Астана Саммиті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демократия­лық дамуына серпін беріп, қазақ­стандықтардың бірлігі мен патрио­тизмін бұрынғыдан бетер нығайта түседі”, – деді Елбасы ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізу туралы ше­шімнің қабылдануына байла­нысты мәлімдемесінде. Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында өзінің ұлтаралық және конфессияаралық келісімге ұмтылу­шы­лық бастамасын баянды ету жо­лында тағы бір үлкен іс тындыруға бағыт ұстауда. Араға он бір жыл салып еліміздің бас қаласы Аста­нада Саммиттің өткізілетіні әрбір қа­зақстандықтың бойында мақ­та­ныш сезімін тудырып отырғаны шын­дық. Біз Елбасымыздың әлем­дік саяси аренадағы беделі мен то­ла­ғай табысына мақтанып қана қоймай, елдегі ынтымақ пен бірлік­тің, достық пен татулықтың ны­ғаюы­на әрқайсымыз өзіміздің хал-қадерімізше үлес қосуымыз керек. Елдің тарихи жылнамасына алтын әріппен жазылып қалатын мұндай маңызды оқиғалар күнде болып жатқан жоқ. Сондықтан бұл мақтаныш қана емес, тәуелсіз мем­лекетіміз үшін үлкен жауапкершілік те. Себебі, бұрын жақсы жағынан та­нылып келе жатқан Қазақстан­ның бұл қадамына Ұйымға мүше 56 ел ғана емес, дүние жүзінің барлық мемлекеттері көз тігіп, құлақ түріп отыр. Әлемдік өзекті мәселелерді шешуге бастамашыл болып келе жат­қан елімізден бұл бағытта қай­тарымды шаруалар күтетіні де рас. Көп ұлтты еліміздегі тыныштық пен бірліктің үлгісі ілгері күндерге деген сенімді нығайта түседі. Ал бұл төрткүл дүниеге төбе би болып отырған Қазақстанның беделіне деген құрмет сезіммен қарауға алғышарт жасайды. Еліміз тәуелсіздік алған жыл­дар­дағы оң нәтижелерді, тың та­быс­­тарды да Нұрсұлтан Әбішұлы есі­мі­мен тығыз байланыста қарай­ты­нымыз сондықтан. Оны күнде­лік­ті өмірімізде анық көріп отыр­мыз. “100 мектеп, 100 аурухана”, “Ауыз су”, “Балапан” бағдар­ла­ма­лары бой­ын­ша пайдалануға беріліп жат­қан әлеуметтік нысандар, қуаң­шы­лық­қа байланысты Үкіметтен бөлі­ніп жатқан қаржылар сондай кол­дау-көмектің бір парасы ғана. Мәр­төк ауданының тұрғындары да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесін кө­ріп келеді. Аудан орталығының тұр­ғындары көгілдір отынның игі­лі­гін көре бастады. Бұл кешегі Ке­ңес­тік кезеңде ұйықтасаң түске де кірмейтін игілік еді. Шәміл САРИНОВ,  Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы  бөлімінің бастығы. Ақтөбе облысы.