02 Қыркүйек, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Иығымызға уақыт артқан жүк жеңіл емес

557 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші сайланымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашып, жиналғандар алдында сөз сөйледі. Қайырлы таң, құрметті Парламент депутаттары! Ханымдар мен мырзалар! Қазақстан Республикасы Конститу­ция­сының 59-бабына сәйкес төртінші сайланымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашық деп жариялаймын. Құрметті Парламент депутаттары! Сіздерді Парламенттің кезекті сессия­сының ашылуымен құттықтаймын. Біз 30 тамыз күні мемлекеттік ұлық ме­ре­кеміз – Конституцияның 15 жылдық той­ын атап өттік. Конституция қабылдау арқылы Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жасампаз істерімен дүние жүзіне танымал әлеуетті елге айналды. Біздің ұстанған бағытымыздың дұрыс екенін уақыт өзі дәлелдеп берді. Біз биыл ТМД және Азия елдері ара­сында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етудеміз. Өздеріңіз білесіздер, таяуда еліміз­де осы беделді ұйымға мүше мемлекет бас­шы­ларының Саммиті өтеді. Бұл – біздің елі­міз үшін зор мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін айрықша ауқымды шара болмақ. Ел экономикасы қарқынды дамып, біз дағдарыстан кейінгі кезеңге батыл қадам бас­тық. Бұл ретте болашаққа бағытталған бірқатар іргелі бағдарламалар қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстанның индустрия­лық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы бекітілді. Елімізде “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкерлік секторды сауықтыру және бизнес бастамаларын қолдау, агро­өнер­кәсіп саласын қаржымен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Таяу он­жыл­дықты қамтитын еліміз дамуының Стра­тегиялық жоспарын жүзеге асыруға нақты кірістік. Сонымен қатар Беларусь және Ресей мемлекеттерімен бірге Кеден одағына мүше болып кірдік. Осы маңызды оқиғаға байланысты Парламент қысқа мерзім ішінде 35-тен астам келісімді заңдық тұрғыдан бекітті. Бұл еліміз үшін жасалып жатқан өте пайдалы шаралар. Кеден одағы аясында Біртұтас экономикалық кеңістік құру үшін құқықтық база құрылды. Міне, бұл мәселелерде Парламент кәсіби шеберлігін танытып, үлкен іске зор үлесін қосты. Бұл орайда, Парламент жоғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолында пәрменді жұмыс жасауда. Мызғымас мемлекеттігіміздің Бас бағдарына айналған Ата Заң аясында көптеген заңдар қабылдануда. Осы сайланымның депутаттары үш сессияның ішінде 340-тан аса заң қабылдағаны – мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заңдардың басым көпшілігі қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге арналған. Сонымен қатар Парламентте қабылдан­ған заңдар арқылы қаржы және салық жүйе­сін жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалды. Мен жемісті еңбектеріңіз үшін барша­ңыз­ға өз ризашылығымды білдіргім келеді. Парламенттің алдағы уақытта да абырой биігінен көрініп, ел үмітін ақтай беретініне кәміл сенемін. Өткен сессия бәрімізге оңай болған жоқ. Бізге қауырт жұмыс істеуге тура келді. Оның үстіне дағдарыстан өту кезеңінде көп шаралар қолға алынды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Осының барлығы біздің бірігіп істеген жұмысы­мыздың нәтижесі деп білемін. Халықтың біздің қызметімізге ризашылығы зор екені белгілі. Құрметті депутаттар! Үшінші сессияның қорытындылары заң шы­ғармашылық жұмыстың сапасы арта түс­ке­нін көрсетті. Барлығы 148 заң қабыл­дан­ды. Еліміздің құқықтық базасы құқық қор­ғау органдарын реформалауға, қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті кү­шей­туге бағытталған заңдармен нығай­тылды. Қаржылық және экономикалық қаты­нас­тар, бюджет және тариф саясаты, салық салу саласы туралы нормалар жетілдірілді. Энергия үнемдеу және су ресурстарын ұтымды пайдалануды ынталандыру үшін заңнамалық негіз құрылды. Жаңа заңна­маның үлкен блогы азаматтардың жекелеген санатын қолдауға және тұрғындарды кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталды. Парламент Қазақстан қол қойған 35-тен астам халықаралық құжаттарды ратифика­ция­лады. Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының құқықтық негізі қаланды. Үш елдің Біртұтас экономикалық кеңістігін құруға жол ашатын Кеден кодексі және басқа заңнамалық кесімдер қабылданды. Бар­лық үш ел интеграцияның келесі кезе­ңіне – Біртұтас экономикалық кеңістікке өту жөніндегі заңнамалық базаны құрумен белсене жұмыс істеуде. Мен Сенат пен Мәжілістің депутат­та­ры­на индустриялық бағдарламаны жүзеге асы­руға мүмкіндік берген біздің рыногымызды кеңейту жөніндегі осынау маңызды құжаттармен сындарлы жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Біз өндіретін тауарлардың үлкен рыногы болуы тиіс – біз мұны сіздермен бірге құрудамыз. Құрметті депутаттар! Дағдарысқа қарсы бағдарламаның және дер уақытында қабылданған заң­дар­дың арқасында экономика өсу траек­тория­сына шықты. Бірінші жартыжыл­дықтың қорытындылары бойынша ІЖӨ 8 пайыздан астамға өсті. Өнеркәсіп өндірісі 11 пайызға, ауылшаруашылық өндірісі 3 пайыздан астамға ұлғайды. Өңдеу өнер­кә­сібіндегі өсу 18,3 пайызды, тау-кен өн­дірісінде – 6,3 пайызды құрады. Мәшине жасау, химия және тамақ өнеркәсібі са­ласында оң серпін байқалады. Үстіміздегі жылы тұтынушы сұранысы ұлғайды. Бөлшек сауда көлемі 13,1 пайызға өсті. Шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері өнім шығаруды 6,1 пайызға ұл­ғайт­ты. Елдің халықаралық резервтері 53 мил­лиард доллардан асып түсті. Бұл үстіміз­дегі жылдың басындағыға қарағанда 5,7 миллиард долларға көп. Кәсіпкерлерге қуатты мемлекеттік қолдау көрсетілді. “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дар­ламасы бастау алды. Банктерге қазірдің өзінде кәсіпкерлерден жалпы құны 225 миллиард теңге жаңа бизнес-бастамаларға қолдау білдіруге 517 өтінім келіп түсті. Бізде банк жүйесі тұрақтанды­рыл­ған­дықтан, олардың, соның ішінде БТА-банк­тің қарыздарын қайта құрылымдау аяқталып келеді. Біздің банктер қазіргіге қарағанда әлдеқайда белсенді түрде биз­несті несиелейді деп үміттенеміз. Оның үстіне банктерде өтімділік құралдары бар. Осы жылы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға республикалық бюджеттен 220 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жыл­дағыға қарағанда екі есе көп. Үстіміздегі жылы көктемгі егіс және орақ жұмыс­та­ры­на ғана тоқсан алты миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы жылы құрғақ­шылықтан және ыстық ауа райынан Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыста­рын­да дәнді дақылдардың бір бөлігі зардап шекті. Сіздер білесіздер, мен өзім елдің негізгі астықты өңірлерінде болдым және қатты мазасызданатындай себеп жоқ деп санаймын. Елде астық жеткілікті, біздің нанымыз болады және өткен жылғы астық қорын ескергенде, экспорттық әлеует былтырғы жылғы деңгейінде сақталады. Біз нан мен ұнға тұрақты ішкі бағаны ұстанатын боламыз. Өткен кезеңде 45,5 мыңнан астам үлескерлердің проблемалары шешілді. 355 нысанның құрылысы аяқталды. Мен сон­дай-ақ Үкіметке арам ниетті үй салушы­лар ұрлаған қаражатты қайтару үдерісін тездетуді және бұл жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырдым. Бұл мәселені шешу мемлекеттің тікелей міндеті емес, бұл біздің ізгі ниетіміз екенін тағы да атап көрсетемін. Жаһандық дағдарыс жағдайында мем­лекет қазақcтандықтар алдындағы өзінің әлеу­меттік міндеттемелерін толық көлем­де орындады. 2008-2010 жылдары бюд­жет­тік ұйымдарда зейнетақы мен жалақы мөл­шері орта есеппен 62 пайызға арт­ты­рылды. Үстіміздегі жылы еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары қабылданды. Индустриялық-инновация­лық жедел даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Қазақстанның Ин­дустрияландыру картасы аясында жалпы инвестиция көлемі 381 миллиард теңге болатын 72 жаңа өндіріс іске қосылды. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін тағы 72 нысанды іске қосу жоспарланған. 25 мың­нан астам жұмыс орындары ашылатын болады. Қазақстанның халықаралық экономи­ка­лық кеңістікпен интеграциялану үдерісі сапалық жаңа деңгейге шықты. 1 қаңтардан бастап Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтың Кеден одағы қызмет істей бастады. Бүгінде бірыңғай кеден тарифі және тарифтік емес реттеудің ор­тақ шаралары қолданылуда. Ішкі шека­раларда тауарларды кедендік қаттау алып тасталды. Кеден одағы арқасында қазақ­стандық өндірісшілер үшін рынок әлеуеті 10 еседен астамға, 170 миллион дерлік адамға өсті. Бұл біздің экономиканы әртараптандыру үшін маңызды ынталандырғыш. Құрметті депутаттар, Үкімет мүшелері! Біз жаһандық дағдарыс толқынын ойдағыдай еңсердік. Бірақ бұл бізді жай­лан­дырмауға тиіс. Әлемдік экономика­дағы ахуал әрі-сәрі күйде қалып отыр. Толық мәнді қалпына келу әлі бола қой­ған жоқ. Бүгінде сарапшылар қауымдас­тығы дағдарыстың кезекті толқынының мүмкін екендігі туралы айтуда. Сондықтан да түрліше сценарийлерге әзір болу қажет. Шығындарды ұлғайтумен әуестенбей, мемлекеттік қаражатқа, әсіресе өңірлік деңгейде, мұқият болу керек. Парламент пен Үкіметке даму бағ­дарламасына бағытталған бюджеттік қара­жаттың ұтымды жұмсалуын бақылауға алу керек. Көптеген мәселелерді қаржылан­ды­руды ұлғайтпай-ақ шешуге болады. Мүмкін болған жерде мемлекеттік шы­ғын­дарды қысқарту керек. Бизнес-ахуал­ды жақсартып, мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту қажет. Осы сессияның барысында заң шы­ғармашылықтың басты міндеті – 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жос­па­рын құқықтық қамтамасыз ету. Заңна­малық жұмыстың мына бағыттарын белсенді ету қажет. Бірінші. Тексерілетін субъектілерге талаптарды бекітетін нормативтік құқық­тық кесімдерді қабылдау саласында мем­лекеттік органдардың рұқсат ету жүйесін жетілдіру, құзырлылығы туралы заң жобалары кейінге қалдырмастан қарауды талап етеді. Бизнеске әкімшілік салмақты азайтып, рұқсат ету ресімдерін, соның ішінде лицензиялауды, сертификаттау мен тіркеуді жеңілдету қажет. Банктер мен қаржы ұйымдарының қызметін тәуекел­дер­ді азайту бөлігінде реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн. Екінші. “Индустриялық саясат туралы” заң жобасын, “Ғылым туралы”, “Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы”, “Арнаулы экономикалық аймақтар туралы” заңдардың жаңа редакцияларын қарау керек. Шаруа (фермер) қожалықтарының қызметі туралы, электр энергетикасы са­ласында жұмыс істейтін ұйымдар туралы заңнамалық базаны жетілдіру қажет. Жобалық қаржыландыру және мем­лекет­тік-жеке әріптестік туралы заңды қа­былдаудың зор маңызы бар. Ол Жаңа қар­жылық бастаманы іске асыруға бағыт­талған. Сауда қызметін дамытуға бағыт­талған заң қабылдаған жөн. Мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті реттеу мен бақылаудың құқықтық база­сын жетілдіру қажет. Бұл заң жобалары­ның кейбіреулері қазірдің өзінде Пар­ла­ментке енгізілген. Үкіметке қалғандарын әзірлеуді жеделдетіп, оларды үстіміздегі жылдың аяғына дейін Мәжіліске енгізуді тапсырамын. Үшінші. Үкімет Жаңа халықаралық университеттің мәртебесі туралы заңның жобасын әзірледі және көп кешікпей сіздердің қарауларыңызға ұсынатын болады. Ол қазақстандық білім беру деңгейін көтеріп, инновациялық оқу бағдарламалары мен ғылыми жобаларды енгізуге тиіс. Парламентте мемлекеттік денсаулық сақтау кәсіпорындарын корпоративтік басқару элементтерін ендіру туралы заң жобасы жатыр. Оны қабылдау медици­на­лық мекемелердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтіп, пациенттер құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. “Халықтың көші-қоны туралы” және “Азаматтарды тұрғылықты жерлерінде тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңдардың жобаларын қабылдау керек. Төртінші. Сіздер білесіздер, екі апта бұрын мен құқық қорғау және сот жүйе­лерінің тиімділігін арттыру туралы Жар­лық шығарған болатынмын. Оның басты мақсаты – қылмыстық саясатты ізгілен­діру, криминалсыздандыру. Үкімет “Құ­қық қорғау қызметі туралы” және про­ку­ратура органдарының қызметін жетілдіру туралы заң жобаларын әзірлеуді аяқтап келеді. Олар таяу уақытта Парламентке енгізіледі. Ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысының құқықтық негізін күшейту қа­жет. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы әрекет жөніндегі заңнаманы қатаңдан­дырып, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізген жөн. Заңсыз жолмен алынған табыстарды жария етумен (тазартумен) және лаңкесшілдікті қаржыландырумен күрестің құқықтық нормаларын нығайту қажет. Тағы бір мәселе – қылмыстық жаза­лар­ды ізгілендіру. Зор қоғамдық қаупі жоқ қыл­мыстарды, әсіресе экономикалық са­ладағы қылмыстарды криминалсыздан­ды­руға бағытталған заң жобалары әзірленетін болады. Рейдерлікке сенімді құқықтық тосқауыл қойып, бизнесті тексеруші құрылымдардың қыспағынан заңнамалық тұрғыда құтқару қажет. Заң шығармашылықтың үлкен блогы қылмыстың алдын алумен, жазасын өтеген және әсіресе босатылатын адам­дардың әлеуметтік бейімделу және оңалту жүйелерін реформалаумен байланысты. Біз мұнымен әлі айналысқан жоқпыз. Басқа елдердің тәжірибелерін ескере отырып, бұл жұмыспен қажетінше айналысу керек. Бесінші. Зияткерлік меншік құ­қығы туралы біздің заңдарымызды халық­аралық стандарттарға сәйкес келтіру қа­жет. Азаматтар мен ұйымдардың құқықта­ры мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің маңызды құралы ретіндегі нотариат туралы заңнаманы жаңартқан жөн. Пар­ламентке сондай-ақ үстіміздегі жылдың бюджетіне өзгерістерді қабылдап, осы жылғы менің Жолдауымда қойылған міндеттерді ескере отырып қалыптас­тырылған 2011 жылға арналған елдің бюджетін бекіту керек болады. Құрметті депутаттар! Өздеріңіз білесіздер, 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ мемлекеттер басшыларының Саммиті болады. Астана Саммитінің жаһандық маңызы бар. Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға қатысушы елу бес елдің басшылары келеді. Біздің елімізге бүкіл әлемнің назары қадалатын болады! Мұндай деңгейдегі жаһандық форум­ды өткізу Қазақстанның әлемдегі беделін арттырып қана қоймайды. Ол елдің да­муына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін әлдеқайда нығайтады. Біз Саммитке әзірлік жөніндегі бар­лық мәселелерді шешетінімізге мен сенімдімін. Парламент те, Үкімет те, бар­лық мемлекеттік органдар да бұл жауап­кершілікті сезінуге тиіс. Біз оны жақсы деңгейде өткізуге тиіспіз. Біз бүкіл әлемге қонақжайлылығымызды, ашықтығымыз бен жауапкершілігімізді көрсететінімізге сенімдімін. Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті қазақстандықтар! 2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын атап өтетін болады. Екі онжылдық бұрын тұтас ғасырлар құшағына сыйғыза алмайтын сандаған нақты істер мен жеңістерді жинақтады. Алдағы мерейтой біздің Атажұрты­мыз­дың тағдыры қымбат адамдардың бәріне де қымбат. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу  тек қана ресми шаралар емес. Оны лайықты қарсы алу – әрбір қазақстандықтың патриоттық парызы! Миллиондаған азаматтар өзінің азамат­тық белсенділігін танытып, жаңа индустриялық Қазақстанды тұрғызуға қатысу үшін ұмтылуы, іспен айналысып, елдің дамуында өз орнын тапқаны маңызды. Депутаттар жергілікті орындарда бол­ғанда осы бағытты ілгерілетіп, қазақ­стан­дықтар арасында тиісті түсінік жұмыс­тарын жүргізеді деп үміттенемін. Осы жылдарда не істелгенін және әлі не істеу­ге тура келетінін айту керек. Бүгінде өмір мен тағдыр – осының бәрі әр адамның қолында. Өзіңді осынау әлемде таныта біліп, елдің өркендеуі, өз отбасыңның өркендеуі үшін бәрін де істеу керек. Таяудағы уақытта жаңа ірі өндірістер, жолдар, әлеуметтік нысандар қатарға қо­сылады. Үкімет, жергілікті билік орган­дары тілек етушілердің барлығын жұмыс­пен қамтамасыз етуге, әсіресе жастардың мамандық алуына көмектесуге тиіс. Шағын істер туралы да – әрбір қала мен ауылдың, әрбір көше мен ауланың абаттандырылуы туралы да ұмытуға бол­майды. Әрбір елді мекен тазарақ, әдемі­рек, жақсырақ жабдықталған, тұрмыс, жұмыс және демалыс үшін қолайлырақ болуы тиіс. Нақ осы тұрғыда біз бүкіл келесі 2011 жылды “Тәуелсіздіктің 20 жылы” ұраны­мен өткізуге тиіспіз. Нақ осында миллиондаған азаматтар­дың ел мерейтойына әзірлікке патриоттық қатысуы көрінуге тиіс. Біздің Қазақстан Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына лайықты қадам басуы үшін бізге әлі көп нәрсе істеуге тура келеді. Құрметті отандастарым! Бүгінгі айтылған ойлар біздің ұрпақтың заман талабына сай болуына жағдай жасауға бағытталған. Иығымызға уақыт артқан жүк жеңіл емес. Жұлдызымыз оңынан туып, еліміз өркениет жолындағы ұлы көштен қалмай келеді. Талай ұлттың осы дүбірлі додада шаң қауып, тарих сахнасынан шығып қалғанын баршаңыз білесіздер. Оны біз ұмытпауымыз керек. Біз жан-жақты дамыған, еркіндікті, бейбіт өмірді дәріптейтін, өзге елдер өнеге тұтып, санасатын іргелі мемлекет құруымыз қажет. Біз бұл абыройлы істі атқарып та жатырмыз. Ендеше, еліміздің қарыштап өркендеуі үшін үлкен жауапкершілікпен аянбай жұмыс істеуіміз қажет. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. Депутаттар лебізі Игі істер игілігін көрудеміз Сауырбай ЕСЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Елбасы өз сөзінде келесі жылы аталып өтілетін еліміздің жиырма жылдық мерей­той­ын қаперге сала келіп, жер-жерде халық­тың өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай­лар жасалуы керектігіне ерекше ден қойды. Бұған дейін “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қыруар шаруалар атқарылғаны белгілі. Алайда біз осымен тоқтап қалмауға тиіспіз. Жалпы, бүгінгі таңда Елбасының Үкімет алдына қойған тапсырмалары толығымен орындалып жатыр деп айтсақ та болады. Қазіргі кезде жер-жерде әлеуметтік нысан­дар бой көтеріп, қолданысқа берілуде. Рес­пуб­ликалық бюджеттен бөлінген трансферт­терді және облыстық бюджеттен қарасты­рыл­ған қаржыны тиімді үнемдеп, соған қо­сымша мектептер мен ауруханалар және ба­лабақшалар, яғни халыққа керекті әлеумет­тік мекемелер салынып жатқаны қуантады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында осындай көптеген игі істердің жүзеге асып жатқанына куә болудамыз. Ауылдарға жол салу мен су желілерін тартып, халықты сумен қамтамасыз ету және мәдениет үйлерін салу мәселелері өз шешімін табуда. Шағын кәсіпкерлікке — қолайлы жағдай Тасбай СИМАМБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев Парламенттің кезекті сессиясын ашар­дағы сөзінде шағын кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде олар өндіретін өнімдерді лицензиялауға арнайы тоқталып өтті. Бұл мәселе біраз жылдардан бері көтеріліп келе жатыр. Енді соны жеңілдету қажет. Өйткені, кейбір ведомстволар лицензия беру жұ­мыс­тарын орталыққа, яғни Астанаға қаратып алған. Сол себепті мыңдаған шақырым қа­шық­тықта орналасқан шағын кәсіп иелері ұзақ жол жүріп, қосымша қаржы шығындап, осында келуге мәжбүр болуда. Ал ол шаруа бір күнде біте қоймайды. Сондықтан лицен­зиялау мен стандарттау жұмыстарын жүзеге асыруды жергілікті жерлерге беру керек. Шынын айту керек, бұл мәселеде төре­шіл­дік пиғыл бар. Бір мысал келтірейін, жа­қында елдегі шағын бизнеспен айналысатын бір азаматпен әңгімелескенімде, ол бір құ­жат алу үшін облыс орталығына 12 рет бар­ғанын айтты. Мұндай мысалдар еліміздің кез келген аймағында кездеседі. Президент­тің осы мәселені жеңілдету туралы атап көрсеткені шағын кәсіп иелерінің ғана емес, барлығымыздың көңілімізден шығады деп ойлаймын. Бұл шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін аса қажет. Алдағы міндеттер ауқымы кең Ермұханбет Омаров, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Елбасы сессияны ашу барысында өткен жылдың қорытындысына ерекше тоқталды. Соның ішінде қаржы дағ­дары­­сы­нан жақсы шыққанымызды орынды атап өтті. Елдің осындай дағдарыстан аса қиын­дық­сыз шыққанына дұрыс заң­дарды қа­былдаудың арқасында, яғни Үкімет пен Парламенттің бірлесе жұмыс істегендігі баса айтылды. Қазақстан эконо­микасын дамы­ту­дағы Кеден одағының қызметі де назардан тыс қалған жоқ. Парламентте 35 келісімді ратификациялаудың арқасында Кеден одағы жұмыс жасап жатыр. Еліміздегі бюджет саласында жұмыс іс­тей­тін қызмет­кер­лердің жалақылары әлемдік қаржы дағдарысы қиындықтарына қарамай, екі жылдың ішінде 67 пайызға көбейгені мақтанарлық жәйт. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде алда әлі де көптеген мәселелерді ше­шу­дің тұрғандығын ескерте кетті. Әсіресе, Парламент алдында құқық қорғау орган­дары­ның реформасын жүзеге асыру мәселесі тұрғаны белгілі. Осыған байланысты біз жаңа жылға дейін біраз заңдарға өзгерістер ен­гізуіміз керек. Экономиканы одан әрі көтеру үшін бизнесті жүргізуді жеңілдетуді қол­ға мықтап алғанымыз жөн. Өткен жыл­дарда біраз заңдарымызға өзгерістер енгіз­генбіз, бірақ жеңілдету жайын әлі де оңай­лату қажет. Өйткені,  қадағалайтын, лицен­зия беретін орындар бизнеске әлі де тұсау болып тұр. Көші-қон мәселесі ретке келтіріледі Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Парламент Сенатының депутаты: – Парламенттің төртінші сессиясында Президент бірнеше келелі мәселелерге тоқталды. Соның бірі еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын заңна­малық тұрғыдан құқықтық қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет басшысы осы мәселе Парламенттің алда тұрған басты мақсаты екендігін атап көрсетті. Бұл біз үшін аса маңызды тапсырма деп есептеймін. Себебі, бұл еліміздің алдағы он жылға белгіленген стратегиялық дамуын құқықтық жағынан айқындап береді. Елбасы бұдан бөлек жеке кәсіпкерлікті дамыту, оның дамуына жағдай жасау жайына да тоқ­талды. Өйткені, “Нұр Отан” ХДП-ның ха­лықтық тұғырнамасында жеке кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аудару қажеттігі көр­се­тілген. Осыған байланысты Президент жеке кәсіпкерлікті тексеру, лицензиялау, тіркеу жұмыстарын жеңілдетуді қарастыруды қадап айтты. Үкімет аталған мәселелерге қатысты заңнамалар жобасын дайындаса, Парламент оларды жетілдіріп, қабылдауға әзір деп ойлаймын. Елбасы сондай-ақ ішкі және сыртқы көші-қонды реттеуге ерекше назар аударуға байланысты ұсыныстарын ортаға салды. Оны нақты бір мемлекеттік органға жүк­теу­ді, ол үшін заңнамалық құқықтық құжаттар­ды қалыптастыруды тапсырды. Бұлардың бар­лығы аса өзекті мәселелер болып табылады. Мақтанышымыз әрі жетістігіміз Камал БҰРХАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының кезекті Саммиті әлемнің назарында болады. Өйткені, 11 жыл өтпеген саммитті ұйымдастыру еліміз үшін үлкен мәртебе. Екінші жағынан, бұл оқиға біздер үшін мақтаныш әрі жетістігіміздің жарқын көрінісі. Елбасы өз сөзінде осы айтулы шараны ел болып, соның ішінде Үкіметі бар, Парламенті бар, күш біріктіріп өткізуге шақырды. Қазақ халқының, мемлекеттілі­гіміздің тарихындағы үлкен де ерекше оқиға барлығымызға жауапкершілік жүктейді. Қыс­қасы, Ұйымға мүше 55 ел басшылары­ның Қазақстанға, жас елордамыз – Аста­наға  жиналуы тәуелсіздігіне жиырма жыл енді толғалы отырған ел үшін дәуірлік оқиға. Сондықтан бұл еліміз тарихында алтын әріптермен жазылатын үлкен де жауапты шара болмақ. Мұның өзі еліміз беделінің, оның мүм­кіндігінің жоғары екендігін айғақтайды. Жалпы алғанда, әлеуетіміздің әлемнің 55 елінен келетін делегацияларды қабылдауға же­тетіндігін көрсетеді. Ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің осын­дай шешім қабылдауы да осы себепті болса керек. Бұл саммит Ұйымның алдағы он жыл­ға арналған жұмысын айқындап беретін ауқымды да маңызды шара болатыны күмәнсіз. Экспортқа жол ашатын оң қадамдар Ерболат МҰҚАЕВ, Парламент Сенатының депутаты: – Президент сессияны ашардағы сөзінде еліміздің биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында қол жеткізген көрсеткіштеріне тоқтала келіп, ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуға да тоқталып өтті. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы салаларына 220 миллиард теңге бөлінген, оның 96 миллиард теңгесі тек көктемгі және күзгі дала жұмыстарына беріліп отыр. Бұл мемлекеттің ауыл шаруашылығына ерекше басымдық беріп келе жатқанын көрсетеді. Елбасы сонымен қатар жыл басынан жұмыс істей бастаған Кеден одағының еліміздің экономикасы үшін қаншалықты пайдалы екенін атап өтті. Кеден одағына кіргеннен кейін біздің рыногымыз 10 есеге артқан. Мемлекет басшысы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясына, тауарларды сертификаттау мен стандарттауға да тоқталды. Өйткені, біздің өндірген тауарларымыздың көбінде сертификация жоқ. Ол тауарларды экспортқа шығару үшін қажет. Міне, депутаттар осы сессияда Президент алға қойған міндеттерге қатысты заңнамаларға баса көңіл бөлетін болады. Өсу қарқынымыз төмендемеуі тиіс Зейнолла АЛШЫНБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Елбасы атап көрсеткендей, алдағы сессия кезінде ең басты міндеттердің бірі ретінде біз, біріншіден, халықтың әлеуметтік жағдайына көңілді бұрынғыдай бөле бе­руі­міз қажет. Себебі, алдымыздағы жылы Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы той­ланады. Қазірдің өзінде біз көріп отыр­мыз, осы уақыт аралығының қаншалықты өсу жылдары болғандығын. Олай болса, осы өсу қарқынымызды төмендетпеуіміз керек. Соған сәйкес заңдарға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар да заман талабына жауап беруі тиіс деп білемін. Тағы бір айтулы оқиға, елімізде ЕҚЫҰ Сам­митінің өткізілуі. Әрине, мұндай ауқым­ды шара Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған. Сондықтан қазірдің өзінде дайын­дық жұмыстары барынша жақсы жүруге тиіс. Және де біз Қазақстанның жеткен, өскен биігін дүние жүзіне осы кезден көрсетуге тиіспіз. Жақсы бір айтылған мәселе, үлес­керлердің көптеген мәселелерінің уақтылы шешілуі. Осы тұрғыда  мемлекет 46 мың адамға өздерінің баспана мәселелерін шешудің көмегін жасап жатыр. Соның барлығы мемлекет тарапынан жасалып отырған көмек екендігін халқымыз түсінуі керек. Және осы мәселе төңірегіндегі қазіргі түйткілді мәселелерді жыл аяғына дейін қалдырмай шешуге тиістіміз. Қаржы бақылауды қажетсінеді Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Индустриялық-инновациялық жобалардың өзі ғана іске асырылып қоймай, маңайында көптеген қосалқы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша бизнеске мүм­кіншіліктер пайда болуда. Соларды дұрыс ұйымдастыра білу – уақыт талабы.  Осы ретте мемлекет пен халықтың өзі тарапынан жасалатын жұмыс­тар айқындалғаны жөн. Бұл жағдайда мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларға біздің тұрғындар да дайын болуы керек. Олар да өз көзқарастарын өзгертіп, “маған мемлекет әкеліп береді” деп емес, “менің де нендей үлесім тиеді” деген тұрғыда ойлағандары жөн. Мен қандай мамандық таңдауым керек, қандай салаға бет бұруым керек. Міне, мәселе осында. 2011 жыл Қазақстан тәуелсіздігін алғалы жиырма жыл толатын   үлкен мерейлі кезең болғалы тұр. Сондықтан Елбасы тарапынан Үкіметке, депутаттарға арнайы тапсырмалар берілді. Айтулы жылға ерекше дайындық болуы керек. Көңіл-күйіміз мерекелік болуы үшін барлығымыздың атсалысып, әр қаланың, әр ауылдың тазалығы мен көр­кеюі­не көп көңіл бөлінуі қажет. Атқаратын жұмыс көп. Әсіресе, экономикалық қылмыстарға көзқарасты өзгерту, ұсталған адамды түрмеге отырғызып қамау емес, оларды экономи­ка­лық жағынан дұрыс пайдалану мәселесі ойластыруды қажет етеді. Мемлекет пен бизнестің бірігіп, қызмет жасау керектігі айтылды. Бұл бағытта да оң жұмыс қажет.